Әлемдегі төртінші үлкен музейге келуші адамдардың басым бөлігін түрлі елдің туристері құрайды. Музей қонақтары жалпы әлем тарихы мен өнерінен бөлек, өз еліне тиесілі де мұра не жәдігер іздейтіні анық. Сондықтан да, бұл музейде кез-келген адамға қызық болатын құнды тарихи экспонаттар көрмеге қойылған. Мысалы, бұл америкалық музейде қазақ батырларының жарақтары да сақталған.

Эльдорадо – табылмаған аңыз қала

Үндістанға барар жолды батыстан табуға тырысқан италиялық Христофор Колумб Американы ашқалы бері, мұнда алтын іздеп келген саяхатшылар көп болды. Әсіресе, Оңтүстік Америка құрлығына Испания королінің бұйрығымен бірқатар конкистадорлар (исп. conquistador – жаулап алушы) келген.


Қазіргі Перу аумағынан табылған алтын әшекейлер / Фото іnformburo.kz

Конкистадорлар жергілікті америкалық тайпалармен байланысып, алтын табудың жолдарын қарастырады. Ал XVI ғасырдың басында Оңтүстік Америкада алтынға толы империя бар екендігі жайлы түрлі ақпараттар Еуропаны кезеді. Қала Эльдорадо (исп. el dorado – алтын) деп аталды.

Аңыз қаланы іздеуге оннан астам арнайы экспедиция ұйымдастырылғанымен, алтын қала мекені мен ондағы байлық көлемін анықтай мүмкін болмайды. Іздеу жұмыстары XIX ғасырға дейін жалғасқан екен.


Перудің Батан Гранд деп аталатын жерінен табылған әшекей бұйымдар / Фото іnformburo.kz


Колумбия мен Эквадор шекарасында табылған алтын бетперде. Шамамен б.з.д. 100-жылдары жасалған / Фото іnformburo.kz

Бүгінде Метрополитен өнер музейіндегі алтын жәдігерлерге қарап отырып, Эльдорадо жайлы қауесеттің бекерден бекер шықпағанын білеміз. Расында, Оңтүстік Америкадағы маялар, инктер және ацтектер сынды жергілікті өркениеттердің тарихи ошақтарынан алтын бұйымдар өте көп табылған.

Мысалы, төмендегі алтын бетперде мен түрлі бұйымдар қазіргі Колумбияның Иотоко деген жерінен табылған. Дерекке сүйенсек, бұл Оңтүстік Американы Уаиу (wayuu) өркениетіне тиесілі болған екен.

Оқи отырыңыз: "Model T"-ден Мустангқа дейін: Генри Форд жетістігінің сыры. Фоторепортаж


Перу астанасы Лима қаласынан алыс емес аймақта ақсүйектер жерленген жерден табылған алтын бұйымдар / Фото іnformburo.kz


Жартылай адам, жартылай қолтырауын бейнесі Панаманың Чирики провинциясында табылған. Жәдігер шамамен XVI-XVII ғасырға тиесілі / Фото іnformburo.kz

Тарихи деректерден Оңтүстік және орталық Америкадағы империялар еуропалықтарға қарсы шықпауға, оларға бағынуға тырысқанын білеміз. Мұны ғалымдар олардың діни сенімімен байланыстырады.


Колумбияның Калима провинциясынан табылған әшекей / Фото іnformburo.kz

Мысалы, қазіргі Мексика астанасы Мехико орнында болған Теночтитлан қаласы испандарға солай берілген. Қала ацтектер империясының орталық әрі жалғыз қаласы болған. Бұл біздің заманымызға дейінгі гректер мекеніндегі қала мемлекет, яғни полис құрылымына ұқсас келеді.

Сонымен, Теночтитлан қаласын Эрнан Кортес есімді испан конкистадоры небәрі 180 әскердің көмегімен басып алған. Қаланы өртке орап, бар байлықты Испанияға алып кеткен.


Басы жарқанат, денесі адам кейпіндегі жауынгерлер мүсіні Панама елінің Пурита провинциясынан табылған. Жәдігер шамамен XII-XVI ғасырларға тиесілі / Фото іnformburo.kz


Бразилияның батыс бөлігігінен табылған күміс ыдыстар / Фото іnformburo.kz

Музейдегі Латын Америкасы елдерінің тарихына арналған залда инктер өркениетінен сыр шертетін жәдігерлер де бар. Оңтүстік Америкадағы ең үлкен өркениет инктерде болды. Олар қазіргі Перу, Колумбия және Венесуэла елдерінің аумағын алып жатты.

XVI ғасырдың басында алтын табу қиынға соққан кезде конкистадорлар күміс игеруге көшеді. Күміс кен орындары қазіргі Боливия елінің Керро Рико дейтін тау бөктерінен табылады.


Мексиканың Веракруз штатында табылған мүсін. Адам денесін зерттеу мақсатында пайдаланған / Фото іnformburo.kz

1500-1650 жылдар арасында Испан империясы Оңтүстік және орталық Америкадан 181 тонна алтын мен 16 мың тонна күміс алып кеткен.


VII-X ғасырдарда ацтектер жасаған мүсіндер. Мексиканың Веракрус штатынан табылған / Фото іnformburo.kz

Еуропалықтардың келуімен жергілікті америкалықтардың өркениетіне қауіп төнгені рас. Бірақ оларды түбегейлі жойып жібермеді. Қазіргі күнге дейін Амазон өзенінің бойында жергілікті америкалықтардың тайпалары өмір сүреді. Олардың тілі мен мәдениеті де сақталған.

Оқи отырыңыз: Трамп исламофобиясы. Америкада мұсылман болу қаншалықты қауіпті?


Ацтектер арасында танымал доп ойынын ойнаушы. Доп қатты материалдан жасалғандықтан, ойыншылар басына дулыға іспеттес арнайы бас киім киген / Фото іnformburo.kz

Африка – ең көне өркениеттер құрлығы

Африкада ең көне адам қаңқасы табылып, ең алғашқы өркениет өрбігені белгілі. Бірақ біз, яғни қарапайым адамдар Мысыр өркениеті мен "епті адамнан" басқа Африка жайлы не білеміз? Ақтарып көрелік.


Мали еліндегі Догон өркениетіне тиесілі мүсіндер адамдарды жерлеу рәсімдерінде пайдаланылған / Фото іnformburo.kz

Метрополитен музейінде Африка өркениеттеріне тиесілі 11 мыңға жуық тарихи жәдігер бар екен. Олардың ең көнесі біздің заманымыздан бұрынғы 3000-жылға тұра келеді. Африка залындағы ең жиі кездесетін артефакттар қатарына әртүрлі мақсатта қолданылған бетперделер мен адам мүсіндері кіреді.


Отырған әйелдер мүсіні Бамана өркениетіне жатады. Африканың Мали елінен табылған / Фото іnformburo.kz


Сырнай салушы бейнесі Нигериядағы Эдо өркениетіне тиесілі / Фото іnformburo.kz

Сондай-ақ, мұнда ерте және орта ғасырларда қолданылған түрлі қару-жарақтар мен ыдыс-аяқтар бар. Тарихи жәдігерлер Африка құрлығының әр түкпірінен жиналған. Мысалы, көрмеде Кванда мәдениетінің үлгісі ретінде қанжар қойылса, Сенуфо өркениетінен маска қойылған.

Одан бөлек, Мосси, Бамана, Конго, Догон, Эдо, Эзра, Иоруба және Фанг сынды өркениеттердің жәдігерлерін тамашалай аласыз.


Нигерияның оңтүстігіндегі тайпалардың дәстүрлі рәсімдеріне қолданған бас киімдері мен өзге де бұйымдар / Фото іnformburo.kz


Камерун елінің батыс бөлігіндегі Бансо өркениетіне тиесілі рәсімдік бұйымдар. Олар үйдің ішкі интерьеріне де қолданылған / Фото іnformburo.kz

Жауынгердің соғысқа дайындығы мен соғыс барысындағы ерлігін суреттейтін мүсіндер де бар. Зулулар Африка тайпалары арасындағы ең ержүректері болған. Олар еуропалықтардың отаршылдық саясатына Африка елдерінің тәуелсіздік алғандарына шейін күресіп келген.


XVI-XVII ғасырларда Нигерияда құрылған Бенин патшалығының көсемі мен оның әскерлері / Фото іnformburo.kz

Мысыр – ең көне өркениет

Ғаламшарымыздың кейбір бөліктерінде адам баласы алғашқы қауымдық құрылысы кезеңінде өмір сүріп жатқан кезде Мысырда ғылым жолға қойылып, 150 метрлік пирамидалар салынып жатқан еді. Мұның өзі бұл өркениеттің ең ежелгі екенін дәлелдейді.

Оқи отырыңыз: Motown, GM Renaissance және Belle Isle Park. Детройтта туристер баруға тиіс 7 жер


Метрополитен өнер музейіндегі Мысыр залы / Фото іnformburo.kz

Мысыр әлемдегі барлық ежелгі өркениеттер сынды өзеннің бойынан бастау алады. Айта кетсек, Таяу Шығыстағы Вавилонның көркеюіне Евфрат пен Тигр, Үндістандағы Ашот патшалығының қалыптасуына Ганг пен Инд өзендері негіз болғанындай, Мысыр өркениеті Ніл өзеніне тікелей байланысты болған.


Көне Мысыр мифологиясындағы сиыр құдайы. Шамамен б.з.д. XV-XIV ғасырларда жасалған / Фото іnformburo.kz


Көне Мысырдағы XII династия билеушісі Аменехет I дәуірі кезінде сарай алдында сусын ұсынатын әйел мүсіні / Фото іnformburo.kz

Мысыр – Метрополитендегі екі ең үлкен залдың бірі. Мұнда Мысырды зерттеген еуропалық ғалымдардың көптеген жәдігерлері бар. Мысалы, жалпы ашық көрмелерден сол заманғы мысырлықтардың табынған құдайларының мүсіндері мен Мысыр патшаларының бұйымдарын көре аласыз.

Сондай-ақ, көрмеде Мысыр қорғандарының қабырғаларына қашалып жазылған фрескалар бар. Одан қалса, папирус ағашына жазылған көне иероглифтерді де көру мүмкіндігін ала аласыз.


Көне Мысырдағы XIV династия перғауыны Тутмос III дәуіріндегі сарайдағы ақсүйек әйелдер бейнесі / Фото іnformburo.kz


Көне Мысыр билеушісі Аменехет III перғауынының табыты алдына қойылған сфинкстер / Фото іnformburo.kz


Б.з.д. XV-XIV ғасырдағы Көне Мысыр хронологиясын түсіндіретін папирус ағашына жазылған иероглифтер / Фото іnformburo.kz

Музейге келушілердің басым бөлігіне қызық көрінген бір экспонат біздің де назарымыздан тыс қалмады. Бұл ауқатты мысырлықтың жастай өмірден өткен баласының табыты. Өкінішке орай, табытта нақты кімнің жатқаны белгісіз. Оның үлкендігі мен сыртқы әрлеулеріне мән берсек, беделді отбасынан екені көрінеді.


Көне Мысырдың XII династия кезеңіне жататын табыт / Фото іnformburo.kz


Жерлеу рәсіміне қатысқан ақсүйек әйелдің сырт көрінісі. Мүсін XVIII династияға жатады / Фото іnformburo.kz

Көне грек өркениеті

Көне грек өркениеті Эллада атты елдің құрылуынан бастау алады. Бұл қазіргі гректердің ертеректегі атауы. Эллада билеушілері грек аралдарын біріктіре алған. Ал одан кейінгі дәуірде полистер, яғни қала-мемлекеттер пайда болды.

Оқи отырыңыз: Көлік өндірісінің астанасы тоқырауға жақын. Детройт бұрынғы қалпына орала ма?


Метрополитен өнер музейіндегі Көне грек залы / Фото іnformburo.kz


Гректердің қоладан жасалған әскери қару-жарақтары. Шамамен б.з.д. IV ғасырға жатады / Фото іnformburo.kz

Метрополитен музейінде көне грек сарбаздарының қару-жарақтарын тамашалай аласыз. Әсіресе, Спарта қаласының жауынгер сарбаздарына тән жарақтар қатарынан көрмеге қойылған.

Көне жәдігерлер арасында ежелгі Троя соғысының негізгі қаһармандары Ахилл мен Гектордың жекпе-жегі бейнеленген көзе де бар.


Троя соғысының батырлары Ахилл мен Гектордың жекпе-жегі бейнеленген көзе / Фото іnformburo.kz


Гректердің қару-жарағын дайындауға көбіне қола пайдаланылған / Фото іnformburo.kz

Ғылымның түрлі салаларға бөлініп, дамуы да грек аралдарынан бастау алғаны белгілі. Осы өркениеттің өкілдері арасынан аты әлемге танымал философтар да, ағартушы оқытушылар да, жазушылар да, суырып салма ақындар да шыққан. Демократиялық қоғамның негіздері де гректердің Афины қаласынан бастау алды.


Белгісіз грек қолбасшысының бас мүсіні. Жәдігер шамамен б.з.д. IV ғасырдың ортасына жатады / Фото іnformburo.kz

Қазіргі Грекияның солтүстік беткейіндегі Олимп тауы бөктерінде біздің заманымызға дейінгі уақытта халықаралық деңгейде спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ол бізге Олимпиада ойындары атымен белгілі.


Көзеде Грекияның Олимпия тауы бөктерінде ұйымдастырылған алғашқы спорттық ойындар бейнеленген / Фото іnformburo.kz


Көне грек мифологиясындағы Махаббат құдайы Афродитаның мүсіні / Фото іnformburo.kz

Ежелгі Үндістан

Үндістан фольклорында үш негізгі лиро-эпостық дастан бар. Олар Рамаяна, Махабхарата және Кама Сутра. Бірі мен екіншісі үнділердің жасы мен кәрісіне бірдей патриоттық сезім мен ұлттық құндылықтарды зерделесе, үшіншісі тек кәмелетке толған азаматтарға арналған махаббат дастаны еді.

Метрополитен өнер музейінде әр дастаннан үзінді көрсететін мүсін не сызбаны көре аласыз. Мысалы, төмендегі мүсін Кама Сутра дастанынан эпизод ретінде келтірілген.


Үндістанның Хаджурахо қалашығынан табылған қабырғадағы мүсін / Фото іnformburo.kz

Кез-келген ежелгі өркениетте адамдар көп құдайға сенген. Үндістанда түрлі түсіндіруге келмейтін жағдайлар мен құбылыстардың құдайы болды. Мысалы, әлем жаратушысы Брахма, оның жердегі елшісі Вишну, тіршілікті жоюшы Шива сынды құдайлары болды.

Тарихи деректерге сүйенсек, индуизмде 33 миллион құдай бар. Бұл политеизмнің ең ауқымды көрінісі деуге болады.


Көне үнді мифологиясындағы бас құдай Вишну өзінің тоғыз баласының бірімен / Фото іnformburo.kz


Билеп жатқан Шива құдайының мүсіні. Көне үндістердің Хола дәуіріне жатады / Фото іnformburo.kz

Рамаяна дастаны арқылы танылған жартылай құдай Хануманның да мүсіндері көрерменге жол тартқан. Ол үнді мифологиясында әділетсіздікке қарсы тұруға үндейтін патриотизмнің символына айналған.

Оқи отырыңыз: Ниагараға саяхат. АҚШ пен Канаданың шекарасындағы табиғат ғажайыбы


Жел құдайы Ваюдың ұлы, әрі маймылдар патшалығының құдайы Хануман/ Фото іnformburo.kz


Ганеша – индуизмдегі піл кейпіндегі құдай. Ол ақыл мен тапқырлық құдайы болған / Фото іnformburo.kz

Үндістан аумағында адам баласының тіршілігі шамамен 250 мың жыл бұрын басталған. Бірақ Үндістанның политеистік көзқарастардың қалыптасуы мен өркениеттің бастау алуы осыдан 4 миллион жыл бұрынғы кезеңге бекітіледі.


Рамаяна дастанындағы Рама (Рамачандра) мен Варанның жекпе-жегі бейнеленген төсеніш / Фото іnformburo.kz


Үндістанның астанасы Нью Делиден солтүстікке қарай 80 шақырым жерде орналасқан көне индуистік ғибадатханадағы Вишну құдайының мүсіні / Фото іnformburo.kz

Үндістан халқының бір бөлігі индуизм құдайларына, тағы бір бөлігі исламға сенетін кезеңде бұл алып елде буддизм өкілдерін де кездестіруге болғаны анық. Бұл көп жылдардан бері келе жатқан діни даму үрдісі. Сондықтан да, Үндістанның аумағынан табылған будда мүсіндері америкалық музейде экспонатқа айналған.


Үндістанның солтүстігінен табылған ең алғашқы будда мүсіндерінің бірі. Жәдігер шамамен VII ғасырға жатады / Фото іnformburo.kz

Азиядағы Будда

Буддизм Азияда қалыптасып, өріс алған дін. Оның өкілдері оңтүстік-шығыс Азия елдерінде көп екені анық. Аталмыш діннің Азияда өкілдері айтарлықтай көп екенін түрлі елдерде табылған будда мүсіндерінен-ақ біле аламыз.

Метрополитен музейінде түрлі уақытта түрлі елде табылған будда мүсіндерін тамашалай аласыз. Мұнда будданың өзі түрлі кейіпте бейнеленген жайы бар.


Метрополитен өнер музейінің Азия залы / Фото іnformburo.kz


Қабырғаға салынған ең үлкен будда фрескасы "Медицинадағы Будда" деп аталады. Ол Қытайдың Юань династиясы кезінде салынған / Фото іnformburo.kz

Будда дінінің өкілдері Қазақстан аумағына да жеткенін білеміз. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында екі жер асты будда дінінің ғибадатханасы табылған. Археологиялық зерттеулер нәтижесі дәл сондай құдайға сыйыну орталықтары Алматы облысында да бар екенін көрсетті.


Пәкістанда табылған буддистік рәсімде қолданылатын құрылғы. Ең жоғарғы жерінде свастика белгісі бар / Фото іnformburo.kz


Сақшы арыстан бейнесі Камбоджада табылған. Кхмер стилінде дайындалған / Фото іnformburo.kz

Азия мәдениеті жан-жақты әрі оның өкілі көп. Сондықтан мұнда діннен бөлек, түрлі нанымға сенетіндер де бар болғаны анық. Индуизмнің үгіт-насихаты Үндістан аумағынан тысқары жүргізілгеніне төмендегі мына суреттерден сенімді бола аласыз. Индуизм дініндегі құдайлардың басқаша көріністе мүсінделуін көре аламыз.

Оның сыртқы пішіні сол елдегі халықтың дінге сенімі бойынша дайындалғаны белгілі. Кейбір мүсіндердің бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы бар.


Тастан қашалып жасалған Ганеша мүсіні. Индонезия аумағынан табылған / Фото іnformburo.kz


Непалда табылған Вайрачария сыйынушысының тәжі / Фото іnformburo.kz

Азия елдерінде табылған діни экспонаттардың бізге қызық көрінген тағы біреуі төмендегі суреттегі тақтайша болды. Бұл тақтайша грек мәдениеті мен буддизмнің қатар, араласып дамығанын дәйектейді. Тақтайшада, өздеріңіз көргендей, әйгілі Геракл есімді грек батырының алып жануармен жекпе -жекке шығу сәті бейнеленген.


Пәкістанда табылған Гераклдың арыстанмен жекпе-жегі бейнеленген тақтайша / Фото іnformburo.kz


Пәкістанда табылған Будда мүсіні. Қоладан жасалған ескерткіш шамамен I-II ғасырға тиесілі / Фото іnformburo.kz

Буддизм оңтүстік-шығыс Азия елдерінің азаматтары арасында бүгінде де үлкен рөл ойнайды. бұл дінге сенетіндер саны да көп екені белгілі. Діннің қоғамдағы алар орнын будда мүсіндерінің санымен түсіндіре аламыз. Азия елдерінде табылған тарихи мүсіндер мен қолданыстағы будда ескерткіштерінің саны көп екенін ескерсек, халықтың бұл дінге байланысы да берік деп түсінеміз.


Қытайда табылған Будда мүсіні. Жәдігер шамамен VII-IX ғасырларға жатады (Тан династиясы) / Фото іnformburo.kz

Әсіресе, Тайланд, Лаос, Шри Ланка, Бутан, Мьянма сынды елдерде буддаға халықтың айтарлықтай басым бөлігі сенеді. Бұл елдерде оны ұлықтап, тағы да үлкен мүсіндер дайындалып жатқаны бар.