Детройт туристер көп келетін америкалық қалалар қатарында болмаса да, мұнда көруге тұрарлық жер көп. Мұнда келетін туристер саны да жыл сайын артып келеді екен. Мысалы, 2015 жылы олардың саны 15,9 миллионға жетсе, 2017 жылы қаңыраған зауыттар мен детройттықтардың танымал хотдогын жеуге 19 млн турист келіпті. Ал бұл саланың жыл сайынғы табысы 6 млрд долларға жеткен.
Қазір қаланың экономикасы туристерге өте тәуелді. Себебі Детройт халқының 15 пайызы туризм секторында қызмет етеді.
Іnformburo.kz тілшісі арнайы сіздер үшін Детройттағы танымал туристік орталықтар тізімін жасады. Бұл қалаға жолыңыз түссе, төмендегі деректер бойынша туристік орындарға барыңыз.
Belle Isle Park
Үйлену тойына әдемі киінген жұптарды көргіңіз келсе, Детройттың оңтүстік шығыс бөлігіндегі Бел аралына барыңыз. Бел Детройт құрамына кіреді және Канадамен шекаралас аймақта орналасқан.
Арал туристер мен қала тұрғындарына демалыс паркі ретінде құрылған. Белде ешқандай резиденттік не кеңсе ғимараттары жоқ. Мұнда туристер круиз кемелерінде саяхаттап, ботаникалық орталықты аралай алады.
Одан бөлек, аралда теңіз музейі, аквариум және сирек кездесетін жануар мен құс бар табиғи бақ орналасқан. Өкінішке орай, музей мен аквариум туристерге қызмет көрсетпейді. Ал табиғи бақ пен ботаникалық орталыққа кіру тегін.
Ботаникалық орталық 1902 жылы ашылған. Оның ішінде бромелия, орхидея және кактустың көптеген түрлері өседі. Сондай-ақ, орталықта тропикалық ағаштар өсетін зал да бар.
Motown
Детройттықтар музыкамен өмір сүреді. Ал оңтүстіктен көшкен афро-америкалықтар джаз, R&B және басқа да музыкалық жанрларды алып келді. Motown сол құбылыстың жемісі.
Motown сөзі "motor" және "town" деген ағылшын сөздерінің жиынтығы. Ол "мотор қаласы" деп аударылады. Оның негізін салушы Берри Горди музыкаға бала кезінен қызыққан. Бірақ музыкалық білімі болмаған екен.
Музыка сүйер қауымға Motown 1960 жылдардағы поп, R&B және соул әншілерінің қайнар көзі ретінде белгілі. Аталмыш музыкалық студияда Стиви Уондер, Майкл Джексон, Марвин Гайе, Смоки Робинсон, Диана Росс сынды 50-ге жуық өнер адамдары өз әндерін жазып, альбомдарын шығарған.
Motown студиясында жазылған музыка көбіне афро-америкалықтар арасында танымал. Себебі туындыларда шіркеудегі ән орындау стилінің гармониясы болды. Motown лейбелінің негізін салушы Берри Горди де афро-америкалық және ол жексенбі сайын шіркеуге барып тұрған.
Детройт өнер институты
Бұл өнер институты 2013 жылға дейін қала әкімдігі қарамағында болған. Детройт муниципалитеті өзін банкрот жариялаған кезде, сатуға жарайтын барлық нысандарды саудаға қоюды шешеді. Олардың қатарында өнер институты да бар еді.
Институтта 65 мың түрлі тарихи экспонат пен сурет және сәулет туындылары бар. Олар аукционға шығарылғанда, қала әкімдігі 5 миллиард долларға дейін кіріс алған болар еді.
Өнер институтының жинағының жаппай сатылуына қарапайым тұрғындар мен түрлі ұйымдар қарсы болды. Оны қала әкімшілігінен ажырату үшін арнайы қор құрылады. Америкалықтар қорға мүмкіндігінше қаржы жіберіп, аз күнде 800 миллион доллар жинайды.
Бұл қаржы қала әкімшілігіне беріліп, Детройт өнер институты бөлек коммерциялық емес ұйым ретінде қайта құрылады. Қазіргі таңда институт өзін-өзі қамтамасыз етеді.
Институтта көне заманғы Эллада, Мысыр, Месопотамия, Үндістан тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Сонымен қатар, барокко, импрессионизм, кубизм және қазірге заманауи өнер өкілдерінің туындыларын тамашалай аласыз. Олардың қатарында Винсент ван Гог, Эдуард Мане, Марк Ротко, Пабло Пикассо, Огюст Ренуар сынды суретшілер бар.
Өнер институтындағы ең танымал залдардың бірі белгілі мексикалық суретші Диего Ривераның қабырғаға салынған суреттері. Оны сурет өнерінде мурал деп атайды. Ривера коммунистік идеологияны жақтаушы болған. Сол себепті де институт қабырғасындағы муралдың басты кейіпкерлері Детройттағы қарапайым жұмысшылар болды.
Генри Форд музей кешені
Генри Форд таныстыруды қажет етпейтін америкалық көлік өндірісінің жеңімпазы екені белгілі. Ол көлік құрастыруды дамытып, қарапайым халыққа қолжетімді автомобиль жасап қана қоймай, оның мәдени әрі тарихи байлығын сақтауға үлкен үлес қосқан.
Генри Форд музей кешенінде сіз көлік құрастыру тарихына үңіліп, Америка тарихының әр кезеңіндегі инновациялық жаңалық жәдігерлерін тамашалай аласыз. Сондай-ақ, Форд және өзге де америкалық концерндер құрастырған көліктердің раритеті көрмеге қойылған. Олардың қатарында америкалық президенттер мінген көліктер де бар.
Ал инновациялық музей жанында аспан астындағы көрме де бар. Ол Гринфилд вилладж (Greenfield Village) деп аталады. Мұнда Америкада құрастырылған ең алғашқы көлікке мініп, сол күйінде сақталған тарихи маңызы бар ғимараттарды тамашалай аласыз. Олардың қатарында белгілі өнертапқыш Томас Эдисонның зертханасы, Авраам Линкольнның жұмыс істеген сот үйі, белгілі сазгер Стивен Фостердің мемориалы және басқа да ескі ғимараттар бар. Форд бұл үйлерді басқа штаттардан көшіріп алып келген.
Генри Форд музейіне кіру үшін $22 төлейсіз. Ал Гринфилд вилладж аймағына кіру билеті $16 тұрады.
Coney Island Detroit
Егер Детройтқа жолыңыз түссе, міндетті түрде Кони Айленд хотдогының дәмін татып көріңіз. Ол, әсіресе, мичигандықтар арасында өте танымал фастфуд түрі.
Расында қаланың қай жеріне барсаңыз да, Coney Island деп аталған ресторандарға көзіңіз түседі. Мұндағы ең танымал әрі көпжылдық абыройы бар хотдог ресторандарының бірі Детройт даунтаунына жақын жердегі Лафайет даңғылының бойында орналасқан. Ол Лафайет Кони Айленд деп аталады. Оның қасындағы American Coney Island рестораны да туристер арасында белгілі.
Мұнда хотдогтан бөлек, америкалықтардың классикалық бургерлері мен грек салаттарының түр-түріне тапсырыс бере аласыз. Ал негізгі сусын ретінде көбіне газды сусындар ұсынылады.
Джо Луис мемориалы
Бокс суйер қауымға Джо Луис есімі таныс екені анық. Ол ауыр салмақтағы әлем чемпионы титулын көп жылдар бойы өзінде сақтай алған. Ол Алабама штатында туған болса да, Детройт атынан рингке шыққан.
Джо Луистың бокстан бөлек, қалаға жасаған игілікті істері көп. Сондықтан оның құрметіне қаланың орталық бөлігінде монумент орнатылған.
Джо Луисті құл болған афро-америкалықтардың жетістікке жетудегі талабының үлігісі деуге болады. Ол Детройтқа америкалық арманын жүзеге асыру мақсатында көшіп келген. Әкесімен бірге Форд зауыттарының бірінде жұмыс істеп, әуесқой боксқа қызыға бастайды. Күнделікті жаттығуы мен талабының арқасында аз уақытта әлем чемпионы атана алды.
Джо Луис америкалық Ring журналының рейтингі бойынша төрт рет "Жыл боксшысы" атанған. Ал 2003 жылы бокс тарихындағы ең үздік панчер құрметіне ие болды.
GM Renaissance орталығы
АҚШ-қа бармағандар Американы зәулім ғимараттармен елестетеді. Расында, мұнда биік үйлер көбіне үлкен қалалардың орталық бөліктерінде ғана шоғырланады. Мысалы, Дженерал Моторс компаниясының Детройттың даунтаунындағы штабпәтері қаладағы ең биік ғимарат болып саналады. Ол Ренессанс деп аталады.
Ренессанс кешенінде туристерге арнайы тур ұйымдастырылады. Олар ғимараттың биік нүктесінен қаланы тамашалай алады. Сонымен қатар, демалыссыз жыл бойы GM World автошоуының есіктері туристерге ашық. Көрмеде компания шығарған көлік түрлерінің көре аласыз.
Ренессанс кешеніне 7 биік ғимарат кіреді. Мұнда көлік концернінің кеңсесінен бөлек, қонақ үй, сауда үйлері мен ресторандар бар. Одан бөлек, кешеннің бір бөлігі банктер мен брокерлерге жалға беріледі.
Ренессанс кешені 1977 жылы салынған. Ол сол жылдан бері Детройттағы ең биік ғимарат ретінде тіркелген. Дженерал Моторс компаниясы кешенді 2015 жылы қайта жөндеуден өткізіп, атауын The GMRENCEN деп өзгертті.