Түркістаннан сәл ұзаған соң кедір-бұдыр жол басталды. Жүргізуші жылдамдықты 30-40-қа бір-ақ түсірді. Ал жолдың жайын білетін жигули жүргізушілері жанымыздан ызғытып өтеді. Шаң-топырақтан ешнәрсе көрінбей қалады. Жолай кезіккен төрт-бес адамнан сұрастырып жүріп, Қызылшаруа ауылына бір жарым-екі сағат дегенде әрең табан тіредік. Үйлер бір-бірінен алшақ, тарыдай шашырап, әр жерде орналасыпты.

Бұл ауылда Перизат Ысқақованың үйін іздеп келеміз. Айналаның бәрі адам бойынан биік тораңғы. Біз келе жатқан топырақ жол бірнеше бағытқа қарай бөлінді. Күн батып, қас қарайғанда кері қайтсақ, жолды таба алмай, адасып қалармыз деп, бір тораңғыға жеңіл киімімізді байлап кеттік.

Оқи отырыңыз: Киікотының қасиеті. Диханкөл қымызының құпиясы неде?

Біз барғанда Перизат апай отбасымен сиыр, бұзау мен ешкілерін суғарып, қайта өріске айдағалы жатыр екен. Айдалада орналасқан оқшау үй.


Қызылшаруа ауылында үйлер бір-бірінен өте алшақ орналасқан / Фото авторы Әйгерім Бегімбет

Бұл үйде Перизат апай, күйеуі, бір ұлы, келіні және немересімен тұрады. Ал екі ұлы Ресейге жұмыс істеуге кеткен. Перизат апай әңгімесін әріден бастады.

"Қамыс орып күнелттік"

1996 жылы егіз босандым. Сол жылы Қызылшаруа ауылына көшіп келдік. Шешемнің үйі үш ешкі, сіңлім үш ешкі атап берді. Өзектің жағасы болғандықтан, қамыс көп екен. Күйеуім екеуміз қолымызға орақ алып, қамыс орып, сата бастадық.

Оқи отырыңыз: Оңтүстіктегі Оңтүстік. Алпыс отбасылы ауылдың тұрмысы қалай?


"Бет-аузыңды тұмшалап алмасаң, шаңнан демалу қиындайды", – дейді Перизат апай / Фото авторы Әйгерім Бегімбет)

Басқа жұмыс жоқ. Ал күн көріп, өмір сүру керек. Қамыс сатып, тапқан ақшамызға екі баспақ сатып алдық. Осылайша басы құралған ақшаға тек мал сатып ала бердік. Қазір елудей сиырымыз, жүз қырықтай ешкіміз бар.

23 жылдан бері отбасымызбен қамыс сатамыз. Биыл жасыл қамыстың бір бумасы – 80 теңге, ал сары қамыстың бір бумасы – 150 теңге. Бір күнде 100 бума қамыс орамын. 400-500 бума қамыс бір рейс болады. Оны күйеуім, балам үшеуміз жабылып, екі күнде орып тастаймыз. Сатып алушылар өздері жүк көлігіне тиеп алып кетеді. Әрі 40 мың теңге төлейді.

Оқи отырыңыз: Жұмыссыздық жайлаған Ащысайдың ендігі үміті Қытай инвесторларында


Перизат бір күнде 100 бума қамыс орады / Фото авторы Әйгерім Бегімбет)

Ауылда көп адам қамыс орып, күнелтіп жүр. Қамыс тегін. Тұрғындар айналаның қамыстан ашылғанына қуанады, қйткені ауыл шибөрі, қасқырдан тыныш болады. Қамыстың көзін құрту үшін өртеп жіберетіндер де бар. Олардан аман қалып жатса, қамысты қыста да ора береміз. Негізі, сары қамысқа сұраныс көп. Себебі, жасыл қамысты үйдің төбесіне төсеген соң, сөлі кетеді. Оның ішіндегі құрттар кейін ағашты кеміре бастайды.

Оқи отырыңыз: Күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген жігіт


Бір бума жасыл қамыс – 80 теңге / Фото авторы Әйгерім Бегімбет

"Телефонмен тілдесу үшін қырға шығамыз"

Шешем он баланы дүниеге әкелген батыр ана еді. Мен сегіз-тоғызыншы сынып оқып жүргенде ағаларым үйленіп, бөлек шықты. Үйде мен, сіңлім және екі інім қалдық. Әкем "осы қызымның күші көп, комбайн, трактор айдайды" деп, мені үнемі отын шабуға ертіп алатын. "Мынау ұлдың жұмысы", "мынау қыздың жұмысы" деп бөлмедік. Мал да бақтық, кілем де тоқыдық. Әлі сол бейнеттен көз ашпай келеміз.

Оқи отырыңыз: Отырарда қазақ ғалымы Spirulina өсіріп жатыр


"Азық-түлік пен ауызсуды Түркістаннан тасимыз", – дейді кейіпкеріміз / Фото авторы Әйгерім Бегімбет

Ауылда дүкен жоқ. Азық-түлікті қаладан әкеліп, қамданып аламыз. Ішетін суымызды да Түркістаннан тасимыз. Көлігі жоқтар, су тасып әкеле алмайтындар, амал жоқ, құдықтың ащы суын тұтынады. Малымыз ауырып қалса, өзіміз емдей береміз. Көрші ауылдардан мал дәрігерінің келуі де қиын. Сосын өзім ине егуді үйреніп алдым. Ауылда байланыс мүлдем ұстамайды. Үйдің жанында кішкентай қыр бар. Алыстағы туған-туыспен тілдесу үшін сол жерге шығамыз.


Ауылда байланыс ұстайтын жалғыз жер – осы қыр / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

"Қасқыр атқан соң қол-аяғым дірілдеп жүрді"

Қасқырды "бөжек" дейміз. "Атын атасаң, малыңа тиеді" деген ырым бар. Соңғы жылдары жан-жағымызда бөжек көбейіп, малға тыныштық бермейді. Есіктің алдында байлаулы тұрған үш сиыр, екі бұзау, бірнеше ешкімізді жайратып кетті. Ауылдың ер адамдары қолдарына мылтық алып, бірнеше рет ізіне де түсті. Аңшыларға да ақысын беріп, бірнеше жерге қақпан құрғыздық. Алайда, азулылар құтылып кете беретін.

Оқи отырыңыз: Қасқыр торыған ауыл. Қасқыр туралы ырым-танымдар


Отбасының арманы – құжат мәселесі реттеп, жаңа үй салу / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

Бірде мал бағып жүрген едім, алдымнан үш бөжек шықты. Таяқ тастам жерде тұрған, қараусыз қалған үйдің шатырына қалай шығып кеткенімді білмеймін. Темір-терсек алып, айқайлап, айналып, даңғырлата бастадым. Олар мені көріп, іркіліп тұрып қалды да, қалың қамыстың ішіне еніп кетті. Содан соң мал жайғанда қолыма мылтық алып жүретін болдым.


Сиыр, бұзау ауырып қалса, Перизат апайдың өзі ине салып, емдей береді / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

Ішімнен "енді кездессең, атамын, аямаймын" деп жүрген едім. Ақпанның қара суық бір күнінде үш итім ырылдасып тұра қалды. Қарасам, бір қасқырды қоршап алған екен. Оқ тиген болуы керек, бір аяғын сылтып басады. Иттің бірі шегініп, кері бұрылған сәтте он метрдей жерде тұрып, бірінші бытырамен, екінші оқпен аттым. Оғым мүлт кетпепті, қасқырды үйге сүйреп келдім. Уақыт күндізгі үштің кезі болса, содан кеш батып, қас қарайғанша қол-аяғым дірілдеп жүрді.


Ешкі сүті талай ауруға ем / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

"Құжатымыздың жоқтығы көп іске қолбайлау боп тұр"

8-де таңғы асымызды ішіп болған соң сәске түске дейін қамыс орамыз. Келінім түскі ас дайындап қояды. Тамақтанып алған соң малды суғарамыз. Сосын тынығып, ұйықтап аламын. Бестерде тағы шығып, кеш батқанша тағы қамыс орамыз. Жаз күндері кешкі онға дейін жұмыс істейміз.

Оқи отырыңыз: Кәсіп ашқыңыз келсе... Шағын несиеге қалай қол жеткізуге болады?


Қамыс бууға жіп осылай, арнайы дайындалады / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

Күн суынған соң айналамызда қасқыр, шибөрілер көбейеді. Малдың соңынан бір адам жүрмесе болмайды. Күнделікті күйбең тірлік кейде шаршатады. Бірақ ауырмай-сырқамай, ел қатарлы өмір сүріп жүргеніме бақыттымын. Шипажайға барып көрмеппін. Концерттерге де бара бермейміз.


"Тәп-тәтті немерем бар, отбасым аман, бақыттымын", – дейді Перизат / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

Балаларды өсірейік деп бас алмай қамыс ордық, мал бақтық. Бұдан өзге ауылда жұмыс та жоқ. Сол үшін екі ұлым шекара асып, Ресейге жұмыс істеуге кетті. Ай сайын 300-350 мың теңге жіберіп тұрады. Бар арманым – жер мен үйдің құжаттарын жөндеу болып тұр. Сол үшін шырылдап ашпайтын есігім жоқ. Жергілікті әкімдіктегілер түрлі құрғақ уәдемен шығарып салады. Үй де сала алмай отырмыз. Осы ұлдарыма баспана тұрғызып берсем деген арманым бар.


Жигулиді тізгіндеген Перизат апай / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

Ұлдарым тоғызыншы сыныптан кейін оқуды жалғастыра алмай қалды. Өз ауылымызда мектеп болмады, көрші ауылдағы интернат та жабылып қалды. Көзін ашқалы бері көргендері мал болған соң ба, сиыр баққанды жақсы көреді. Еңбекқор, кез келген істің көзін таба алады. "Атамекеннің" курсын оқып, сертификат та алды. Бір ұлым "субсидия алып, асыл тұқымды сиыр алайық" десе, екіншісі қыш құятын аппарат алып, шағын кәсіппен айналысуды ұсынады. Мал басын көбейтіп, іс бастауға "Атамекеннен" қаражат алайық десек, құжаттардың жоқтығы қолбайлау болып тұр.


Мал басын көбейтіп, субсидия алуға құжаттың жоқтығы қолбайлау / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

Бір жылдары "осы жерді су алады екен" деген сыбыс желдей есіп, біз үдере қашып едік. Кейін келсек, құжаттарымызға дейін тонап кетіпті. Ауылдағы адамдардың біразының құжат мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. Өзіміз үй салып, ары қарай да осы жерде тіршілік ете береміз. Тек құжатымызды жөндеп алсақ болды. Қаншама жылдан бері әр есікті бір қағып, үмітімізді үзбей келе жатырмыз.


"Ауылдан көшіп кетпейміз, үмітіміз де үзілмейді", – дейді Перизат / Фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет