Тікелей эфир

Киікотының қасиеті. Диханкөл қымызының құпиясы неде?

Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет
Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет
Оңтүстікте қымыз десе, бірінші "Диханкөлдің қымызы" ойға оралады. Бал татитын ұлттық сусын еліміздің тұрғындарынан бөлек, шетелдіктерге де танылып үлгерген.

Түркістан облысындағы Төлеби ауданына қарасты Диханкөл ауылы – Өгемтау, Қаржантау, Қазығұрт таулары баурайында орын тепкен. Көз тоймас табиғатымен кез келген жанды баурайтын, көрікті мекен, әдемі ауыл.

Осы ауылдың тұрғыны Жұпар Құлсейітованың күйеуі – марқұм Сайлау аға 40 жылдай "Шымкент – Диханкөл" бағытындағы автобустың жүргізушісі болыпты. 1970 жылдары-ақ таңертең жас келіншегі Жұпарды қымыз құйылған ыдыстарымен бірге Шымкенттегі "Қырғыз базардың" маңына тастап кететін. Қала адамдары кезек күтіп, оның қымызын талап алатын. Осылайша, бүгінде аты дүркіреп тұрған "Диханкөл қымызы" деген брендтің негізін сонау кеңес заманында Жұпар апа қалаған еді.

Бүгінде ұл-қыздары ата кәсіпті жалғап, қымыз шаруашылығымен айналысады. Осы ауылдағы 300-ден астам отбасын асырап отырған берекелі кәсіп. Әр үйде кемінде 4-5 бие бар. Әр үй Шымкентке күнделікті 40-50 литр қымыз жібереді. Өздерінің алатын тұрақты тұтынушылары бар.


Жұпар Құлсейітова

Жұпар Құлсейітова / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


"Қымыз баптай білу де өнер. Оның өзіндік әдістері бар, – дейді Жұпар апа. – Алдымен күбіні ыстық сумен тазалап жуып аламыз. Сосын киікотымен ыстаймыз. Ол үшін шөпті тұтатып, күбінің ішіне түтін толтыру керек. Сосын жаңа сауылған сүтті сәл суытып, күбіге құйып, бетін біраз уақытқа жауып қоямыз. Себебі, киікотының хош иісі сүтке сіңуі керек, сонда дәмін өзгертеді. Киікоты күбідегі микробтарды жойып ғана қоймайды, қымызға ерекше дәм береді. Күбі ыстайтын киікоты кемі бір жыл көлеңкеде кептірілуі тиіс. Осы кәсіп көп отбасының аяққа тұруына көмектесті. Ауыл адамдары маңдай тер, адал еңбекпен тұрмыстарын түзеп алды", – дейді Жұпар апа.

Қазірде ол күбісі мен киікотын келіндеріне тапсырған. Үйінде 8 бие ұстайды екен. Оларды күніне әр екі сағат сайын 7-8 рет сауады. Күн сайын 50-60 литр қымызды Шымкентке жібереді.

Оқи отырыңыз: Кентаудағы отбасылық балалар үйі. Жұмашевтар әулетінің жақсылығы


Жұпар апаның отбасы

Жұпар апаның отбасы / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


"Біздің ауылдың қымызына қысы-жазы сұраныс көп. Алыс-жақын аймақтан арнайы іздеп келетіндер де бар. Англия, Дания, Голландия, Польша сияқты елдерден келген туристер қымыз ішіп қана қоймай, бие сауу мен қымыздың қалай дайындалатынын тамашалайды. Оларға бәрі таңсық. Сондай-ақ, біз ауылға жаңа түскен келіннің бие сауу қабілетін тексереміз. Сауа алмаса, үйретеміз", – дейді Жұпар апаның келіні Салтанат күліп.


Байланған биелер

Байланған биелер / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


Өйткені ауылдың қыз-қыз қайнаған тіршілігі қымызбен байланысты. Әрбір үй ата кәсібіне адал. Сұранысқа байланысты құнан (екi-үш күндiк), тай (бiр күндiк), дөнен (үш-төрт күндiк) және бестi (төрт-бес күндiк) қымыз түрлерiн дайындап береді.

Диханкөлдегі мектеп жасындағы балаларға дейін қымыз сауып, ат үстінен түспейді. Жолай кездескен Дастан да інісі екеуі жайылымда жүрген биесін сауып, саумалын үйлеріне алып қайтып бара жатыр екен.

Оқи отырыңыз: Қамыс – табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?


Дастан достарымен бірге

Дастан достарымен бірге / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


"Сабақтан кейінгі бос уақытымызда ата-анамызға көмектесеміз. Жылқыларымыз бар. Үйде адам болмай қалса, биені өзім сауа беремін. Өзім қатарлас достарым да бие сауа алады. Қазір інім Шахназар екеуміз үйге 2 жарым литр саумал алып қайтып бара жатырмыз. Пони, Торқасқа деген жылқыларым бар", – дейді Дастан.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары