Тікелей эфир

Оңтүстіктегі Оңтүстік. Алпыс отбасылы ауылдың тұрмысы қалай?

Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет
Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет
Оңтүстік ауылы Шымкенттен бар-жоғы 40-50 шақырымда жатқан, табиғаты ерекше ауыл. Десе де, бұл алақандай ауылда 60-тан астам отбасы ғана тұрады.

Ауылда бастауыш мектеп қана бар. Жұмыс орны аз болғандықтан, ауылда жастарға екі қолға бір күрек табу қиын. Ал ауыл тұрғындарының өздері не дейді? Журналист Әйгерім Бегімбет Оңтүстік аулына сапарында тұрғындардың әңгімесін тыңдап қайтқан болатын.

Кәмила Шыныбекова: "30 жылдан бері тандырға нан жабамыз"


Кәмила Шыныбекова

Кәмила Шыныбекова / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


"Осы ауылға келін болып түскеніме 30 жыл болды. Міне, содан бері тандырға нан жабамын. Дүкеннің нанының құнары жоқ. Ауыл адамдарының бәрі нан жабады. Жаз бойы тезек жасаймыз, жинаймыз. Соған нан пісіреміз. Ауылда табиғи газ үй-үйге әлі кірген жоқ. Сондықтан, қысы-жазы от жағамыз".

Момыш Мәмбетбаев: "Су болса, басқалардың да бау-бақша егуіне септігім тиер еді"


Момыш Мәмбетбаев

Момыш Мәмбетбаев / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


"Бұл ауылда лайықты жұмыс болмады. Сосын 2004 жылы жүктерімді жинап, ел астанасына кеттім. Ол жақта көлігіммен зат, базарда жеміс-жидек пен көкөніс тасыдым. Солай ауылда табан астымызда төгіліп жатқан алманың қадірін Астанаға барып білдім. Бағасы шарықтап тұрды. Бірақ, біраз уақыттан кейін денсаулығыма байланысты қайта кері қайтуға тура келді. Сосын ауылға келіп, бос жатқан жерімізге алма мен алмұрт ектім. Басымдықты алмұртқа бердім. Өйткені, алмұрт ағашы жылда жеміс береді. Ал алма бір жыл салып, бір жыл демалады. Сосын алмұрт алмаға қарағанда нығыз болады. Салмағы ауыр және құрттай бермейді. Өкініштісі сол, Сайрамсудың ең басында отырсақ та, өзімізге су жетпей қалады. Егер ауылға су келсе, бос жүрген адамдардың бау-бақша ісімен айналысуына септігімді тигізер едім".

Оқи отырыңыз: Бізде кəсіпкерлерді қолдау теледидардан көргенде ғана тамаша. Өскенбаевтар қонақ бөлмесін тігін цехына айналдырып отыр

Әмір Шыныбеков: "Ауылдың жағдайы мүшкіл"


Әмір Шыныбеков

Әмір Шыныбеков / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


"Әкем соғысқа қатысқан еді. Қартайған ата-анама қарайлап, басқа бауырларымды оқысын деп, жоғары білім ала алмадым. Колхоздағы жұмыстарды істедім. Сөйтіп, осы туып-өскен ауылымызда тұрақтап қалдым. Шыны керек, ауылдың қазіргі жағдайы мүшкіл. Жоғары оқу орындарын бітіргендерге жұмыс жоқ. Ұрлық көп. Бәрі ағайын болған соң, малыңды кім ұрлағанын білсең де, үстінен шағым жаза алмайсың. Ауылдан Шымкентке ешқандай арнайы газель, автобус жүрмейді. Тұрғындар тас жолға шығып, жол бойынан көлікті күтеді. Жолақысы – 600 теңге. Поштамыз жоқ болғандықтан газет-журнал да келмейді".

Жомарт Қамбаров: "Кәсіппен айналысуға қолдау керек"


Жомарт Қамбаров

Жомарт Қамбаров / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


"Былтыр жеріме түрлі көкөніс еккенмін. Бірақ су болмаған соң қурап кетті. Шығынға баттым. Ал биыл арнайы шлакоблок құятын аппаратты біреуден сұрап алдым. Енді осындай шлакоблок құйып, сатып жатырмын. Қазір әр данасын 75-80 теңгеден сатып жатырмын. Кейде алушының жағдайына қарап, танитын болған соң, 65 теңгеден де бере саламын. Жалғыз өзім айналысып жатқандықтан, көп құйып үлгермеймін. Оның үстіне оған жер де жоқ. Содан да "5000 қыш керек деп келетіндер мендегі 500 ғана қышты алмай кетеді. Осы ісімді кеңейтуге қолдау керек. Бос жүрген адамдардың бәрі бір іспен айналысқысы келеді. Егін егейін десе, су жоқ, мал бағайын десе, жайылымдық жер жоқ. Қарашаңырақ болған соң, ауылдағы үйді тастап кете де алмайсың".

Оқи отырыңыз: Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл

Бақытгүл Сыдықова: "Жаңа кітапхана салынса екен"


Бақытгүл Сыдықова

Бақытгүл Сыдықова / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет


"1998 жылы осы ауылға келін болып түстім. Үш ұл-қызым бар. Ал бұл кітапханада 20 жылдан бері жұмыс істеймін. Кітапхананың 300-дей оқырманы бар. Үнемі жаңа кітаптармен толығып тұрады. Аудандық, облыстық, республикалық газеттер келеді. Түрлі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Кітапхана орналасқан бұл ғимарат 1985 жылы салынған. Күрделі жөндеу көрмегендіктен құлағалы тұр. Қыста да салқын болады. Жаңа кітапхана салынса екен деп тілеймін".


Ауылдық кітапхана

Ауылдық кітапхана / Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет



Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары