Тікелей эфир

Жұмыссыздық жайлаған Ащысайдың ендігі үміті Қытай инвесторларында

Фотосурет автордікі
Фотосурет автордікі
Ащысайдың аты дүркіреп, Кеңес Одағы елдерін полиметалл кенімен қамтыды. Сол кезде18 мыңнан астам халық тұрған ауылдың қазіргі халі көңіл құлазытарлықтай.

Шымкенттен Кентауға екі сағатта жеттік. Ары қарай 60 шақырым жердегі ауыл мен Кентаудың арасын жол қылып, нәпақасын тауып жүрген жүргізушінің көлігіне отырдық. Жол қысқарсын деп, Ащысай жайлы сыр суыртпақтадық. Аты-жөні – Әділбек Тәжібаев екен.

Оқи отырыңыз: Жастар жұмыстан қашпайды. Көбі жалақыны азсынады


Жастарға жұмыс табылса, жақсы болар еді, – дейді Әділбек Тәжібаев

Жастарға жұмыс табылса, жақсы болар еді, – дейді Әділбек Тәжібаев / Фотосурет автордікі


"Вахталық әдіспен жұмыс істейміз"

– Осы ауылда туып-өстім, – деп бастады әңгімесін Әділбек аға. – 1996 жылға дейін шахтада жұмыс істедім. Сонда оқыс жағдайға тап болдым. 22 метр биіктіктен құладым. Денсаулығыма зақым келді. Сосын мүгедектік бойынша зейнеткерлікке шықтым. Қазір ауылда жұмыс жоқ. Әрқайсымыз әр жақтан несібемізді теріп жүрміз. Мен Жезқазған қаласы жақта вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Ауылға келгенде ара-арасында осылай Кентау мен Ащысайдың екі ортасында адам тасимын.

Оқи отырыңыз: Өз жерінде өгей баланың күйін кешу немесе "жаман үйдің" балалары


 Бүгінде Ащысайда екі мыңнан сәл астам адам тұрады

Бүгінде Ащысайда екі мыңнан сәл астам адам тұрады / Фотосурет автордікі


– Бір адамға жол ақысы – 600 теңге. Жолымыз жақсы. Екі ұлым бар. Бірі Кентауда, бірі Шымкентте жұмыс істейді. Ал әйелім екеуміз ауылдамыз. Басқа ешқайда көшкіміз келмейді. Қартайған шақта ауылда тұрған дұрыс ғой, ауасы таза, тыныш. Біздерді қойшы, жастарға жұмыс табылса, жақсы болар еді, – дейді Әділбек аға.

"Ащысайдағы зауытты қытайлар сатып алып жатыр"

Мұнда түсті металлургия саласында ірі өндіріс орыны болған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданға қажетті тоғыз оқтың жетеуі осында шығарылған. Соғыс аяқталған соң да одақ көлеміндегі қорғасынның 74,5%-ын Ащысайдың жұмысшылары өндірген екен.

Оқи отырыңыз: Азық-түлік бағасын бақылайтын сайт іске қосылады


Қытайлықтар сатып алған зауыт – осы

Қытайлықтар сатып алған зауыт – осы / Фотосурет автордікі


Тұтқынға түскен жапондар соғыстан кейін осы ауылда жұмысқа тартылған. Олар салған көп қабатты үйлер ескірсе де, тұр. Әлі күнге дейін іргесі де сөгілмеген.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Ащысайдың берекесі қашады. Алдымен шахта өртенеді. Одан кейін зауыттардың жұмысы тоқтай бастайды. Кейін жекеменшікке өтіп, бояу мен әк тастарын шығарады. Бірақ жұмысы оңалмапты.

Бүгінде Қытай инвесторларымен екі жақты меморандумға қол қойылған. Олар зауытты сатып алып, кен өндіруді қайта жолға қоймақшы. Ащысайда енді мыс пен қорғасын шығарылатын болды.

Оқи отырыңыз: Жұмыс жасайтын жастарға жалға берілетін пəтердің ақысы Президент тапсырмасынан кейін айына 12 мың теңге болады


Ауыл халқының бар үміті – осы зауытта

Ауыл халқының бар үміті – осы зауытта / Фотосурет автордікі


200 адамды жұмысқа алады деп ащысайлықтар қуанып отыр

– Қытайлықтардың зауытты сатып алып жатқаны рас. Қазір зауыттың ғимараты, құрал-жабдықтары екінші деңгейлі банктерде кепілде тұр. Соларды кепілден шығару ісімен айналысып жатыр. Осы жылдың қараша-жетоқсан айында іске қосылуы мүмкін. 200 адам жұмысқа тартылады. Бұрынғы зауыттың шамамен 4,5 миллион тонна қалдығы жатыр. 15-20 жылға қайта өңдеуге жетеді. Ауылымызда 687 үй бар. Олардың 336-сында ғана тұрғындар тұрады. Қалғаны бос, – дейді ауыл әкімі Қайрат Қабылбеков.


Ащысайдың бүгінгі кейпі

Ащысайдың бүгінгі кейпі / Фотосурет автордікі


Зауыт қайта іске қосылса, көшіп келеді деген үміт бар. Ауыл адамдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы-ақ келеді. Бірақ иелігіндегі үй-жайлары төмен бағаланады, кепілге қоюға жарамсыз. 600-700 мыңнан көп ала алмайды. Сол жағы қиын.


Мәдениет үйіне барсаңыз, Ленин ескерткіші қарсы алады

Мәдениет үйіне барсаңыз, Ленин ескерткіші қарсы алады / Фотосурет автордікі


– Ауыл адамдары еңбекқор, үкіметтің бағдарламасына қатысуға ынтасы зор. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп-ақ жатырмыз, – дейді Ащысай ауылының әкімі.


Ауыл халқы Лениннің ескерткішін бұзуға қарсы екен

Ауыл халқы Лениннің ескерткішін бұзуға қарсы / Фотосурет автордікі


"Бес қабатты үйде екі отбасы тұрамыз"

Ауыл ішіне ендік. Қаңырап тұрған көпқабатты үйлер, қираған үйінділер мұнда бір кездері қыз-қыз қайнаған тіршіліктің белгісін айғақтайтындай. Тоқырауға тап келгенде тұрғындар үй-жайларын тастап, 1992-98 жылдары жаппай көшіп кеткен.


Бес қабатты үй қаңырап бос тұр

Бес қабатты үй қаңырап бос тұр / Фотосурет автордікі


Мысалы, бес қабатты үйде екі ғана отбасы тұрады. Соның бірі – Владимир Тищенко:

– Қаңырап тұрған мына 50-ден астам пәтері бар үйде екі ғана отбасы тұрамыз. Әйелім Алматыда. Бұл үйлерден бұрын көшіп кеткендер еденіне дейін алып кеткен. Қабырғалар ғана қалқиып тұр. Ауылда жұмыс көзі жоқ, – дейді.


Басқа жаққа көшкім келмейді, – дейді Владимир Тищенко

Басқа жаққа көшкім келмейді, – дейді Владимир Тищенко / Фотосурет автордікі


– Түркістанға барып, табылғанын істеп, ақша тауып қайтамын. Қалаға көшкім келмейді. Мен онда кімге керекпін? Жасым болса алпысты алқымдап қалды. Жыл соңына қарай зауыт іске қосылады деп жатыр. Қуанып отырмыз. Ауылға қан жүгіреді. Сыртқа көшіп кеткендер оралар еді, – дейді Владимир Тищенко.


1992-98 жылдары ауылдан халық жаппай көше бастаған

1992-98 жылдары ауылдан халық жаппай көше бастаған / Фотосурет автордікі


"Дәріхана ашылса екен..."

Ауылда дәріхана атымен жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаса, Кентауға қарай жүгіреді. Ауыл халқын жұмыссыздықтан кейін мазалайтын басты мәселе – осы. Нажибат Бакиеваның екі баласы мүгедек. Солардың жәрдемақысымен күнелтеді. Кейде темір-терсек теріп келеді. Аптасына 10 мыңдай табыс табуға болады дейді. Бұдан бөлек есігінің алдында он шақты ешкісі мен тауығы бар.


Кейде темір-терсек теріп, ақша табамын, – дейді Нажибат Бакиева

Кейде темір-терсек теріп, ақша табамын, – дейді Нажибат Бакиева / Фотосурет автордікі


– Жасым елу төртте. Мен түгілі жастарға жұмыстың жоқтығы ауыр тиіп тұр. Кейде ауыл адамдары "үйімді жинап бер, киімді жуып бер" деп келеді. Барамын. Ұят тірлік емес ғой. Темір жинап, өткіземіз. Бір келісін 45 теңгеден қабылдайды. "Екі баласына мүгедектік жәрдемақысын алады, осыған не керек?" деп ойлайтын шығар. Ауру баланы бағу оңай емес. Дәрі-дәрмегінен, ас-суынан артылмайды, – дейді ол.


Ауылда бір жақсысы мал ұрлығы болмайды, – дейді ол

Ауылда бір жақсысы мал ұрлығы болмайды, – дейді ол / Фотосурет автордікі


–Туыстарым Шешенстанға көшіп кел деп шақырады. Мен онда екі-үш күнен артық тұра алмаймын. Ата-анам осы ауылда жерленді. Мен де осында өлемін. Ауылда ұрлық жоқ. Тыныш. Ұйымшыл. Екі қолға бір күрек табылмайтыны ғана қинайды. Сосын дәріхана ашылса екен, – дейді Нажибат Бакиева.


Ащысайдың балалары

Ащысайдың балалары / Фотосурет автордікі


"30 мың теңгемен күн көреміз"

Ауылда әкімдік, екі мектеп, емхана, балабақша, Мәдениет үйі, наубайхана және спортзал бар. Өзге жұмыс көзі болмаған соң, ер азаматтардың басым бөлігі вахталық әдіспен әр жақта жұмыс істейді.


Ұлы екеуі малға су ішетін астау іздеп жүр

Ниязбек ұлы екеуі малға су ішетін астау боларлық темір іздеп жүр / Фотосурет автордікі


Ниязбек Тоқтаровты ұлымен қираған үйдің орнын қазып жүрген жерінен жолықтырдық. Ол осы ауылдағы мектептің бірінде қарауыл боп істейді екен. Қолға алатын жалақысы – 30 мың теңге. Сонымен отбасын асырап жүр.

– Әйелім жұмыссыз. Төрт баламыз бар. Қарауылдық болса да жұмыстың табылғанына қуанасың. Әйтпесе басқа жұмыс жоқ. Ертерек қамданғандар ауылдан көшіп кетті. Біз кете алмадық. Әке-шешемізге қарау керек болды. Олар өмірден озды. Қарашаңыраққа ие боп қалдық, – дейді ол.


30 мың теңгемен отбасымды асырап жүрмін, – дейді Ниязбек Тоқтаров

30 мың теңгемен отбасымды асырап жүрмін, – дейді Ниязбек Тоқтаров / Фотосурет автордікі


– Балалар өсіп келеді. Өмір осылай өте береді екен ғой. Үйінді арасынан ұлымыз екеуміз малға астауға жарар темір, цемент іздеп жүрміз. Ауызсу төменгі ауылға алты сағатқа, жоғарғы ауылға алты сағатқа беріледі. Сол кезде ыдыстарды толтырып аламыз. Малмен айналысуға жайылымдық жер жоқ, егінмен айналысуға су жоқ, – деп қынжылысын жасырмады.

"Наубайхананы алып қалдым"

Ауылда кәсібін дөңгелетіп отырған, жоқ-жітікке үнемі қол ұшын созатын кәсіпкерлер де бар. Оның бірі – Әділхан Тәкібаев. Үш жыл бұрын үш миллион теңге несиеге 25 бас сиыр сатып алыпты. Таудың ішінде қыс ұзаққа созылатындықтан, жазық далада орын тепкен Ойық ауылында бағып жатыр. Бұдан бөлек кәсіпкердің Ашысайда екі дүкені мен наубайханасы бар.


Тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созуды басты парызы санайтын Әділхан Тәкібаев

Әділхан Тәкібаев тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созуды басты парызы санайды / Фотосурет автордікі


– Ата-анам шахтада істеді. Үйде 4 қыз, 4 ұлмыз. Ұлдың кенжесі болғандықтан қарашаңырақта қалуға тура келді. Ата-анам менен басқаларының бәрін жоғары оқу орнында оқытты. Мені жібергісі келмеді. Қалаға кетсе, ауылға қайтып оралмай қояды деп ойлаған шығар. Кентауда шопырлықты оқыдым, – дейді.


Ауылдан көшіп кеткендер мешіт салып, көпір жөндеп көмектесіп тұрады /

Ауылдан көшіп кеткендер мешіт салып, көпірлерін жөндеп беріп, көмектесіп тұрады / / Фотосурет автордікі


– Екі-үш жыл шопыр болып жұмыс істедім. Сосын ауылға келдім. Кентаудағы нан зауытының филиалы бар еді. Сонда ауыстым. 1993 жылдан бастап ауыл тоқырауға ұшырай бастады. 1996 жылы халық түгелдей көшіп кетті. Халық азайған соң, сұраныс та болмай, наубайхана жабылатын болды. Алып қалудың қарекетін жасадым. Қазір күніне 300-дей нан мен тәтті тоқаш пісіреміз. Бес адам жұмыс істейді, – дейді Әділбек аға.

Мектепте оқитын төрт оқушыға күнделікті ыстық тамақ беруді, ал тұрмысы төмен екі отбасына нан таратуды мойнына алған. Одан бөлек те демеушілік жасайтын кездері көп. Тек айқайлап, дабыра қылып айтқысы келмейді.


Әділхан Тәкібаев екі дүкенінде де ішімдік сатпайды екен

Әділхан Тәкібаевтің екі дүкенінде де ішімдік сатылмайды екен / Фотосурет автордікі


"Ұлтым кәріс болғанымен, өзім – қазақпын"

Ауылда қазақтардан бөлек, шешен, орыс, кәріс, татар ұлты тұрады. Тату-тәтті. Артем Кимнің жасы 20-да. Ұлты кәріс болғанымен қазақшаға судай. Кентауда білім алып, ауылға қайта оралып, жақында "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасыпты.


Қазақшаға судай Артем Ким

Қазақшаға судай Артем Ким / Фотосурет автордікі


– Кішкентайымнан қазақ балаларының арасында асық ойнап, доп қуып өстім. Қазақша жақсы сөйлеймін. Кәрісше екі ауыз сөздің басын құрай алмаймын. Ауылдан жұмыс жоқ деп бәріміз кете берсек, кім қалады? Оның үстіне анам мен әпкем бар. Оларға қарайласуым керек. Қалаға көшу, сонда тұру әзірге ойымда жоқ. Бағыма қазақ қызы бұйырып жатса, үйленемін. Мұсылманмын, – деп қояды.


Ащысайлықтар өздері атап кеткен Бауыржан Момышұлы шыңы

Ащысайлықтардың өздері Бауыржан Момышұлы шыңы деп атап кеткен шың / Фотосурет автордікі


– Ауылды бір-бірімізді жақсы танимыз. Бір-бірімізден көмегімізді аямаймыз. Мысалы, бір үйдің жері аударылмай жатса, отын жарып, көмір тасу керек болса жабылып істеп тастаймыз. Мәдениет үйінде бильярд, стол теннисі бар. Кейде соны ойнаймыз, – дейді Артем.

Туған жердің топырағы мен қара шаңырақты қимайтын ащысайлықтар "қытайлықтар зауытты іске қосса" ауыл өмірі қайта жанданады деген сеніммен күтіп отыр.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары