Екі миллионнан астам халқы бар Алматыда экологиялық ахуал төмен. Экобелсенділердің ауаның ластануы денсаулыққа қауіп төндіретінін айтып, дабыл қаққанына бірнеше жыл. Айтуларынша, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтар өкпе ауруын тудырып, қатерлі ісікке шалдығатындардың санын арттыруда. Қара түтін мен улы газға тұншыққан шаһардағы экологиялық проблеманы шешу жолы қандай? Жылына 2,5 млн тонна көмір жағып, табиғатқа орасан зиянын тигізіп отырған 2-ЖЭО-н газға көшіру неге қиын? Informburo.kz тілшісі осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеді.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

Ауаға жылына 122 мың тонна зиянды қалдықтар таралады

Алматы халқы жылдан-жылға артып келеді. Тиісінше, көлік саны да көбеюде. Қазір қалада 600 мыңнан астам темір тұлпар ресми тіркелген болса, 300 мыңға жуық көлік күн сайын қала аумағына кіріп-шығады. Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша зерттеу жасаған "ЭкоСервис-С" ЖШС мәліметінше, қала ауасын ластауда ең үлкен үлеске ие дәл осы автокөліктер. Олар атмосфера құрамындағы зиянды заттардың 65 пайызын таратады.


Ауаға таралатын зиянды заттардың үлес салмағы / ЭкоСервис-С инфографикасы

Одан кейінгі орынға 2-ЖЭО (26 пайыз) ие. Қаланың төрттен бірінен астам бөлігін жылумен қамтамасыз ететін цех бір жылда 2,5 млн тонна Екібастұз көмірін жағады. Қай жақтың көмірі екенін ерекшелеп айтып отырғанымыздың себебі – Екібастұз көмірі күлінің көптігімен ерекшеленеді.

Оқи отырыңыз: «Алматы-2050»: алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?

Ал өнеркәсіп нысандары мен газға қосылмаған жер үйлердің үлес салмағы үшінші орында. Қалада 3 мыңнан астам жер үй иелері көмір жағу арқылы үйлерін жылытады. Жеке үйлер көп салынған Алатау ауданы Алматыдағы ауасы ең лас аудандардың көшін бастап тұр.

Ауаның ластану деңгейі туралы ақпарат ашық емес

EXIMAR форсайт-агенттігі жүргізген зерттеулердің нәтижесі "ЭкоСервис-С" ЖШС мәліметтерімен сәйкеспейді. Агенттік зерттеуі бойынша Алматы ауасын ластайтын зиянды заттардың 80 пайызы көмір жағып отырған үш жылу станциясына тиесілі. Ал көліктердің үлесі тек 20 пайызды құраған. Осыны ескерген экобелсенділер әкімдік шынайы статистиканы жасырып, ақпаратты бұрмалап отыр деп, 3 ақпан күні петиция жариялады. Белсенділер ашық хаттарында билікті ауаның ластануын қаладағы басты проблема деп тануға шақырды. Сондай-ақ, қаланың 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында қамтылған экологиялық жағдайды жақсартуға қатысты шаралар жалған деректерге сүйенген деп сынады.


Ластанған ауа өлімге әкелетін қауіпті аурулар тудырады / Сурет almatyurbanair facebook парақшасынан алынды

Белсенділер ауаның ластануына қатысты "Қазгидромет" РМК тарататын мәліметтердің де шынайылығына күмән келтірді. Қазақстанда атмосфераның ластану индексі туралы есеп бес ластаушы заттар бойынша жарияланады. Олар:

  • күкірт диоксиді;
  • көміртегі оксиді;
  • азот диоксиді;
  • фенол;
  • формальдегид.

Оқи отырыңыз: Қатерлі ісіктен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі

Бұл бестікке РМ10 және РМ2,5 қалқыма бөлшектері кірмейді. Аталмыш ауа ластағыштар көбінесе машинаның резеңке дөңгелектері, асфальт, көмір, күйенің уақ бөліктерінен түзіледі және денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Ол өте майда болғандықтан, тыныс жолдары, өкпе арқылы қанға дейін түседі. Салдарынан адамдар қауіпті аурумен сырқаттануы мүмкін. Сондықтан, экобелсенділер қаланың қай аумағында РМ10 және РМ2,5 мөлшері көбейіп тұрғанынан халықты хабардар ету қажет екенін айтады.

"Қазіргі уақытта ластанудың қауіпті деңгейі туралы халықты хабардар ету жүйесі жоқ. Ауа сапасы туралы ақпарат көпшілікке күнделікті қолжетімді болуы тиіс. Көптеген елдерде ауа сапасы туралы мәлімет ауа райы туралы ақпаратпен бірге беріледі. РМ2,5 концентрациясының жоғары деңгейлерінде халыққа смс хабарламалар жіберілуі тиіс. Мысалы, Лондонда тұрғындарға ауаның сапасы мен денсаулығына қатысты хабарлама телефондарына жіберіледі. Соған қарап адамдар демалыстарын жоспарлайды. Егер зиянды қалдық мөлшері көп болса, бронх демікпесі барлар сыртқа шықпай, үйде отырады", – деді экобелсенді Әсия Тулесова.

Ластанған ауа ерте өлімге әкеледі

Эколог-зерттеуші Айымгүл Керімрайдың сөзінше, ластану көздерін анықтау үшін мониторинг жүргізуде экология саласындағы үздік әдістерді пайдалану қажет.

"Алматыда жасалатын мониторингтің ағымдағы жүйелері ластанған ауаның жаппай шоғырлануын ғана өлшейді. Алдағы уақытта біз РМ2,5 бөлшектерін сынамаға алып, олардың химиялық құрамын талдауды жоспарлап отырмыз. Бұл ұсақ бөлшектерді зерттеу өте маңызды. Себебі, олар өкпеге терең түседі, қанға еніп, ағзаға кері әсер етеді. PM2,5 бөлшектерінің тәуліктік шекті дозасы өкпенің қатерлі ісігі, тыныс жолдары аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, инсульт және басқа аурулардан мезгілсіз қайтыс болу қаупін арттырады. Ластанған ауа ең бірінші кезекте балалар мен қарт адамдар үшін өте қауіпті. Біз бұл бөлшектерді жинап, арнайы құралдар арқылы зерттейміз. Яғни, РМ2,5-ті ауаға ең көп мөлшерде көліктер, жекеменшік үйлер немесе 2-ЖЭО-ның қайсысы таратып отырғанын анықтаймыз. Ол үшін бізге ғылыми-химиялық зертхана қажет. Әзірге Қазақстанда мұндай зерттеуді ешкім жасамады", – деді Айымгүл Керімрай.

Алматы әлемдегі ең ластанған қалалардың тізімінде


Әлем қалаларының ластану деңгейі / ЭкоСервис-С инфографикасы

Алматы әлемдегі экологиясы ең қауіпті жүз қаланың қатарында. Бір қала тұрғынына шаққанда абаттандырылған көгалдандыру көлемі 8,2 м² болуы шарт. Бірақ, бұл көрсеткіш бойынша да мегаполис бірқатар қалалардан айтарлықтай артта қалып отыр. Бүгінде алып шаһарда 2,5 миллионнан астам ағаш болса, соның 54 мыңы апатты жағдайда және ауруға шалдыққан. Табиғат жанашырлары жасыл желектерді отағанды дереу тоқтатпаса, ауада қалқып жүрген зиянды заттармен күресу екіталай екенін айтады. Өйткені, ағаштар көмір қышқыл газын бойына сіңіріп, орнына оттегін бөледі.

"Кеңес Одағы кезінде Алматының экологиялық ахуалына зерттеу жүргізілді. Сол зерттеу қорытындысында қала халқының санын 700 мыңнан асырмауға кеңес берілді. Өйткені, Алматы сеймикалық қауіпті аймақта орналасқан. Егер жойқын жер сілкінісі бола қалса, ғимараттар қирап, мыңдаған адам шығыны болары сөзсіз. Бірақ мұны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Қазір халық саны 2 миллионнан асады, қала бұдан әрі өсе береді. Биік ғимараттар салынып, құрылыс үшін қаншама ағаш кесіліп жатыр. Қазір зиянды қалдықтарды жұтып, бізді сақтап тұрған осы ағаштар", – деді эколог Мэлс Елеусізов.

Қаладағы биік ғимараттар ауаның дұрыс айналуына кедергі келтіреді

Экобелсенділер Алматының экологиялық проблемасына қарқынды құрылысты да қосу қажет екенін айтады. Олар бұдан былай қала аумағына ғимарат салуды түбегейлі тоқтатуды ұсынды. Әсіресе, көпқабатты нысандарға шектеу қойып, тау бөктеріне үй салуға рұқсат бермеу қажет. Сарапшылардың сөзінше, құрылысшылар нысан үшін көптеген ағашты отағаны өз алдына, салынған биік ғимараттардан желдену көрсеткіші төмендейді. Соның салдарынан ауаны ластаушы заттар атмосфераның беткі қабатында жиналады. Бұл адам денсаулығына өте зиян.

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Алматы түгел жарықтандырылады. Қаланы тағы қандай өзгеріс күтіп тұр?

"Мәселені екі жақты қарау керек. Біз де көпқабатты үйлер салуға құлшынып тұрған жоқпыз. Бірақ, қалада бос жер жоқ. Ал, пәтер кезегінде тұрған адамдар саны өте көп. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету үшін амалсыз көпқабатты үйлер саламыз. Бұл қажеттілік. Одан кейін әркімнің конституциялық құқығы бар. Біз өзінің жері бар азаматтарға "құрылыс жүргізбе" деп тыйым салып, құқығын шектей алмаймыз. Мысалы, ескі үйлерді бұзып, орнына жаңасын саларда осындай проблемаға тап боламыз. Тұрғындардың барлығы бір ауыздан көшуге келісім бермейді, біз оларды қуып шыға алмаймыз ғой?" – деді қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.

2-ЖЭО-н газға көшіруді жедел қолға алу керек

2017 жылдың қыркүйек айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы әкімдігіне "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-мен бірлесіп 2-ЖЭО-н 2020 жылға дейін газға көшіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Алайда бұл тапсырма әлі күнге дейін орындалмай, созылып келе жатыр. "Алматылықтардың тынысын тарылтып, ауасын бүлдіріп жатқан 2-ЖЭО" деген тұжырымға келген табиғат жанашырлары оны дереу газға көшіруді талап етуде. Себебі, мекеме ауаға зиянды қалдықтарды көп бөлетін сапасыз көмір жағады. Алайда станцияларға иелік ететін компания өкілдері бұл пікірмен келіспейді.

"Біз 2009 жылдан бері 2-ЖЭО жұмысын жетілдіруге 30 млрд теңгеге жуық қаржы салдық. Содан бері зиянды шығарылымдарды 24 пайызға төмендеттік. 2016 жылы өзіміздің есебіміз бойынша, электр станциясынан атмосфераға тарап жатқан қалдықтар 11 пайызды құрады. Ал қазіргі қала әкімдігінің статистикасы бойынша 27 пайыз. Көмірді Екібастұздан алып келеміз, бірақ жаққан отынымыздан шыққан күл-қождың 99,5 пайызын сыртқа шығармай, өзімізде көмеміз. Демек, ауаға 0,5 пайыз қалдық таратып отырмыз. Олар NOX, SOX және күкірт бөлшекті қалдықтар", – деді "Самұрық-Энерго" АҚ өндіріс және активтерді басқарушы директоры Серік Түтебаев.

Оқи отырыңыз: Көмір лоббиі тұрғанда, Қазақстан жасыл экономикаға ауыса алмайды

Ол Алматының әуе бассейнінің ластану көрсеткішіне іргелес жатқан елді мекендерден келетін түтін мен қалдықтарды да қоса есептеу қажет екенін айтады. Оның сөзінше, қала үстіндегі қара түтін солтүстік жақтан келеді. Ал 2-ЖЭО құбырларынан шыққан түтін көбінесе қалаға қарай емес, батыс бағытта будақтайды. Ол сөзіне дәлел ретінде төмендегі суретті ұсынды.


Сурет Алматы тауының оңтүстік жағынан түсірілген / Суретті "Самұрық-Энерго" АҚ ұсынды

"Біздің станция жазда да, қыста да бірдей жұмыс істейді. Бірақ, неге жазда қалада қара түтін аз? Өйткені, жекеменшік сектордағы тұрғын үйлер пеш жақпайды. Сондықтан, қаланы тек 2-ЖЭО тұншықтырып отыр деу қисынға келмейді. Жел қалаға қайдан соғады? Қаскелең жақтан, яғни батыстан еседі. Ол жақтағы тұрғындардың көбісі газға қосылмаған, үйлері мен моншаларын жылыту үшін пеш жағады. Сол сияқты Талғар жақта да қаншама халық тұрады. Қалада бізге тиесіліден бөлек 84 қазандық бар. Осының барлығын зерттеу керек", – деді Серік Түтебаев.

Оқи отырыңыз: Астанаға газ тарту тағы кешігетін болды. Көмір алуға қамдана беріңіз

"Самұрық-Энерго" АҚ қазір 2-ЖЭО-н газға көшіру немесе сүзгі орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мекеме былтыр күзде электр станциясының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға тапсырыс берген. Құжатты "Қазэнергокәсіптік ҒЖЗІ институты" АҚ әзірлеп жатыр. Оның алдын ала нұсқасы сәуір айында жұртшылықтың талқылауына шығарылады.

2-ЖЭО-н газға көшіру 2029 жылға дейін созылады. Оны жаңғыртудың төрт нұсқасы қарастырылуда

"Самұрық-Энерго" АҚ өкілдерінің айтуынша, 2-ЖЭО-н жаңғырту бойынша техникалық-экономикалық негіздеменің алғашқы нұсқасы талқыдан өткесін, 2021 жылы бекітілмек. Бұдан кейін құрылысқа қандай техника қолданылып, қанша қаражат жұмсалатыны туралы құжат мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Әрмен қарай қаржының бөліну көздері қарастырылады. Сәйкесінше, құрылыс 2029 жылға дейін созылуы мүмкін. Әзірге жылу станцияларын жаңғыртудың келесі нұсқалары қарастырылып отыр:

  • қолданыстағы қазандықтарды газға ауыстыру, алдын ала құны – 25-30 млрд теңге;
  • қазіргі қазандықтарды қайта жаңартып, заманауи газ тазарту жабдығын орнату (түтін газдарын тазарту) – 99 млрд теңге;
  • газтурбиналық қондырғы базасында жаңа станция салу – 205 млрд теңге;
  • бу-газ қондырғысының базасында су жылытатын қазандықтарды орнатумен жаңа ЖЭО салу – 560 млрд теңге.

Оқи отырыңыз: Алматыда электр энергиясы 4,6 пайызға қымбаттады. Қалада коммуналдық төлемдер құны қандай?

Дегенмен, сала мамандары станция газға көшірілген жағдайда жылудың да, электр энергиясының да құны екі есе қымбаттайтынын алға тартты. Себебі, көгілдір отынның бағасы көмірге қарағанда жоғары.

"Әрине, ол халықтың қалтасына ауыр болары сөзсіз. Енді қарастырылып жатқан нұсқалардың тиімдісін таңдауымыз керек және құрылысқа қаржы қайдан бөлінетінін ескеру керек. Мемлекеттің қаржысына жасала ма, әлде тариф есебінен салына ма, оны ешкім білмейді. Оның барлығы жобада қамтылады, сондықтан ұзақ уақытты қажет етеді", – деді Серік Түтебаев.

Жоба құнының қымбаттығына және қазандықтарды газға ауыстырған жағдайда тарифтердің көтерілетініне қарамастан, қала әкімдігі бұл жұмысты аяқсыз қалдырмауға бекініп отыр. 19 ақпанда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 2-ЖЭО-н газға ауыстыру тұрғындардың денсаулығы үшін маңызды екенін атап өтті.

"2-ЖЭО-н газға ауыстыру жұмысына кірістік. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Оны наурыз-сәуір айларында тұрғындармен талқылаймыз және бірігіп шешім шығаратын боламыз. Мамандар газға өту – тарифтердің өсуіне және субсидиялау қажет болатынын ескертті. Егер қажет болса, тұрғындарға салмақ түсірмеу үшін бюджеттен қаржы бөлеміз. Адамдардың денсаулығы маңыздырақ", – деді Сағынтаев.

Оқи отырыңыз: "Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы". Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінен репортаж

2021 жылы қоғамдық көліктер мен коммуналдық техникалар түгел газға көшіріледі

Көлік саны көп қалада 2-ЖЭО-н газға ауыстыру проблеманы түбегейлі шешпейтіні анық. Қара түтінді азайтып, экологиялық ахуалды сәл де болса жақсарту үшін Алматы әкімдігі 2021 жылдан бастап тек газбен жүретін және электрлік автобустарды сатып алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, коммуналдық техникалар да газға көшірілмек.

"Қазір 10 шағын автобус сатып алуға тапсырыс жүргізілуде. Оларды жолдарда ауа ластайтын автомобильдерді анықтауға қажетті барлық құралдармен жабдықтаймыз. Экологияға зиян тигізген көліктерді бірден айып тұрағына жөнелтеміз. Ол көлік дүкенге азық-түлік немесе құрылыс материалдарын апара жатыр ма, әлде адам тасып жүр ме – маңызды емес. Жолаушылары түсіріліп, бағыттан шығарылады. Діттеген жеріне уақытында жетпегені үшін тапсырыс берушіге көлік иелері өздері жауапты болады. Біздің мақсат – экологияны сақтау", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Оқи отырыңыз: Жер үйлерге улы газ дабылдатқыштары орнатылуы тиіс. Ол өрттен қорғануға көмектеседі. Құрылғыны қалай таңдау керек?

Бүгінде қала аумағында 3000 үй газға қосылмаған екен. Оларды көгілдір отынға қосу үшін әкімдік Халық банкі арқылы 0 пайызбен несие береді. Қазіргі уақытта қарызды үлестіру мерзімі анықталып жатыр. Халықтың әлеуметтік осал топтарын аудан әкімдіктері кәскіпкерлердің көмегімен газға өтеусіз негізде қосатын болды. Бұл туралы қала басшысы Бақытжан Сағынтаев тұрғындармен кездесуінде тағы бір мәрте айтып өтті:

"Пайызсыз несие адамдарға газға қосылуға қаражат алуға мүмкіндік береді. Өсімпұлсыз несиені 1 жылға рәсімдеуге болады".

Сонымен қатар, отын сапасына бақылау жүргізе отырып, басқа қаладан автокөліктердің кіруіне шектеу қою көзделуде.

Енді Алматының орталығына ақылы келу, айдың жұп және тақ күндері көліктердің қалаға тиісті нөмірлермен кіруі сияқты шараларды қабылдау қарастырылмақ. Ал ауаны ластайтын көліктерді арнайы жабдықталған шағын автобустар анықтайды.

"Ауаға мониторинг жасау керек. Көліктерді барлық тұрғындар техникалық бақылаудан өткізбейді, ақысын төлеп, жалған құжат жасатады. Бұл істі қатаң бақылау керек. Көліктерге қалаға кіруге шектеу қою мәселесі дұрыс емес. Олар Алматыға ақша тауып, отбасын асырауға келеді. Қала билігі сырттан келетін жүргізушілердің көліктерін қаланың шетіне тастағанын қаласа, қоғамдық көлікті дамыту керек. Іргелес елді мекендерге де дұрыс қатынайтын автобустар жіберсе, адамдар ақшасын үнемдеу мақсатында өздері-ақ қоғамдық көлікпен жүруге құлшынады", – деді экобелсенді Әсия Тулесова.

Жуырда Алматыда экологиялық ахуалды бақылау бойынша Air Vision тәуелсіз экологиялық қоры құрылды. Кәсіпкерлердің көмегінмен құрылған қор қаладағы зиянды қалдықтарға химиялық анализ жасамақ. Соның негізінде улы бөлшектердің неден бөлініп жатқаны нақты анықталмақ. Аталмыш қор жанынан құрамында сарапшылар мен экобелсенділері бар жұмыс тобы құрылды. Мамандар бұдан былай ауаның ластану деңгейін азайту үшін барлық бағыт бойынша кешенді жұмыс атқарады.