Тікелей эфир

Астанаға газ тарту тағы кешігетін болды. Көмір алуға қамдана беріңіз...

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
2019 жылы көмірдің тоннасы 12-14 мың теңге аралығында сатылады. Тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға көмір сатып алуға әлеуметтік көмек беріледі.

Жылыту маусымына дейін әлі екі-үш ай уақыт болса да, елімізде көмір бағасына байланысты жыр басталып кетті.

Көмір қымбаттамайды

– Бүгінде қалада көмір сататын жеті ірі компаниямен бағаны көтермеу туралы меморандумға қол қойдық. 12 мыңнан 14 мыңға дейін баға тағайындалды.

Суық кезде кезекке тұрып, бүрсеңдемей қазірден қыстың қамына кірісіңіздер, – дейді қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.


Сол жағында Қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов

Сол жағында Қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов / Фото informburo.kz


Басқарма басшысының айтуынша, былтыр қыста қалада 420 мың тонна көмір сатылған. "Орта есеппен бір отбасы 8-10 тонна көмір жағады" деді о, яғни бір отбасы көмірді әкімдік белгілеген орыннан алатын болса, бір қыста ол орта есеппен 120-140 мың теңге жұмсайды. Оған жүк көлігінің әкеліп бергені үшін алатын ақысын қосамыз. Кем дегенде 150 мың теңге кетеді.

20 мың теңгені мемлекет береді

Елордалық тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға көмір сатып алуға 8 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2525 теңге) 20 200 теңге көлемінде әлеуметтік көмек беріледі.

Оны кімдер алады?

Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жеке санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек ең төменгі төрт күнкөріс деңгейінен (ең төменгі күнккөріс деңгейі – 29 698 теңге) аспайтын табысы бар отбасыларға беріледі.

Көмек пешпен жылытылатын жер үйлерде тұратын мүгедектерге, мүгедек бала асырап отырған ата-аналар, зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға көрсетіледі.

Басқа жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының бюджетінен көмірді алуға қаржы бөлінбейді. Аталған сомаға көмірді жеткізіп беру қызметі кіреді.

Өтемақы жылыту маусымында бір рет қана беріледі.

Көмекті алу үшін:

Мұқтаж жандар әкімдікке өтінішпен қоса келесі құжаттарды ұсынуы тиіс:

  1. Барлық отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттары;
  2. Мекенжай анықтамасы;
  3. Жылжымайтын мүлігінің жоқтығы туралы анықтама;
  4. Банктің 20 сандық есеп нөмірі;
  5. Отбасының кірістері туралы мәлімет.

Барлық сұрақ бойынша 55-68-22, 55-68-34, 55-68-45, 55-68-40 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.

Тендер дауынан елордаға газ тарту кеш басталады

Ербол Төлеуовтың айтуынша, елордаға газ тарту мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатысушылардың дау-дамайына байланысты тоқтап тұр.

Астананы газдандыру бойынша, үш кезеңге бөлінген үлкен жоба бар." Қазір бірінші кезең бойынша белсенді жұмыс жасап жатырмыз"дейді басқарма басшысы.


Жобаның үш кезеңі үш түспен көрсетілген

Жобаның үш кезеңі үш түспен көрсетілген / Фото Энергетика министірлігі ұсынған слайдтан алынды


– Бірінші кезеңде іске қосатын тоғыз кешен бар. "ҚазМұнайГаз" Қызылордадан Нұр-Сұлтанға дейін 1061 км газ құбырын тартады. Біз қаланы газдандырумен айналысамыз, яғни қала ішінде газ тарату желілерін жүргіземіз, – деді ол.

Магистральды газ құбыры қазір Шахтинскіге дейін тартылды

Энергетика министірлігінің мәліметінше, бүгінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласы маңында трубаларды дәнекерлеп жатыр. Ұзындығы 749 шақырымға жеткен. Жоспардағы 70,5 пайызы. Орта есеппен айтар болсақ, күніне 7-8 шақырым құбыр дәнекерленеді.


Жобаға 2400 адам және 800 арнайы техника жұмылдырылған

Жобаға 2400 адам және 800 арнайы техника жұмылдырылған / Фото ktgo.kz сайтынан скриншот жасалды


Энергетика министірлігінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек:

– "Сарыарқа" магистральды газ құбыры арқылы 171 елді мекенді біртіндеп газбен қамту көзделген. Құрылыс бес жерде қатар жүріп жатыр. 2019 жылдың аяғында аяқталып, газ құбыры пайдалануға беріледі деп қарастырып отырмыз, – деді.


Күніне 7-8 шақырым құбыр дәнекерленеді

Күніне 7-8 шақырым құбыр дәнекерленеді / Карта upr.akmo.gov.kz сайтынан алынды


"Сот қарастырып жатыр"

Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп, содан бері мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп келеді. Бұл дегеніміз не?

– Бір-бірімен дауласып, кешенді комиссияның қорытындыларымен келіспейтін әлеуетті жеткізушілер бар. Сол себепті олар сотқа беріп, оны сот сатысы қарастыруда. Ол жерде де қарау рәсімінің мерзімі болады. Бір ай көлемінде газ бөліп тарату жүйесін салуды бастаймыз деп ойлаймын, – деді Ербол Төлеуов.

Дау қаңтарда басталған

–Тендерге қатысатын 11 жеткізушінің әрбірінің өз пікірі бар. Бұл дау 28 қаңтардан әлі күнге дейін жалғасып келеді, – дейді Ербол Төлеуов.


Бірінші кезең 2019-2021 жылдар аралығында аяқталуы тиіс.

– Жыл соңында "Көктал-1", "Көктал-2" аумағында газ болады деген ойдамын. Бірақ, кестеден қалып қойдық, – деді Төлеуов.

Айта кетейік, "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. Магистраль алдымен Нұр-Сұлтанға, одан кейін Көкшетауға, ары қарай Петропавлға тартылады.

Нұр-Сұлтанда газды алдымен жылу электр стансаларына тарту жоспарланған.

Астана жылу маусымына дайын

– Құрылған тиісті штаб бекітілген бағдарлама бойынша жұмыс атқарып жатыр. Қалада ЖЭО-1, ЖЭО-2 кешендерінде кестеге сай қазандықтарды жөндеуден өткізу секілді тиісті жұмыстар жүргізуде. "Астана энергия" мекемесі 77% дайын, – дейді Ербол Төлеуов.

Айтуынша, Жылу электр орталықтарын көмірмен, отынмен қамтамасыз ету мәселесі бар. Бүгінде 310 мың тонна көмір екі ЖЭО-ға дайындалды. Ол 20 күндік нормативтік қорымыз және 10 мың тонна мазутты жанармай дайындалған. Осы ЖЭО-дан шыққан жылуды "Астана-Теплотранзит" тасымалдайды.

– Бүгінде бекітілген режимдік караға сәйткес жұмыстар атқарылып отыр. Бұл – 55% дайындық, – деді Төлеуов. – Электр қуатын шығаратын "Астана АЭК" қысқы маусымға 72% дайын.

Әлеуметтік нысандар 90 пайыз дайын

30 шақырым кабель жүйесі ауыстырылған, 23 бөлуші станциялар дайын.

– Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 2512 тұрғын үйдің дайындығы 87 пайыз. Әлеуметтік нысандар бойынша білім, денсаулық сақтау, мәдениет ғимараттары 90% дайын, – деді ол.

Көмірмен қамту мәселесі бойынша қалалық әкімдік, i-Көмек, 109 қызметі арқылы халыққа тиісті мәлімет беріп, түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізеді.

Серіктестер жаңалықтары