Тікелей эфир

Көмір лоббиі тұрғанда, Қазақстан жасыл экономикаға ауыса алмайды

Фото auagroup.kz сайтынан алынды
Фото auagroup.kz сайтынан алынды
Елордада "Жасыл энергия – жаңа экономика" деген ұранмен Астана экономикалық Х форум өтті. Сол жасыл экономика Қазақстанға қашан келеді?

Жыл сайынғы дәстүр бойынша шетелдік сарапшылар мен Қазақстанның үкіметі, ұлттық компаниялары, инвестицияға шамасы жететін кәсіпкерлері бас қосты. "Болашақ жасыл экономикада" деген оймен тарасты.

Ал, Қазақстан осы жасыл энергияға, жасыл экономикаға қашан көшеді? Қалай көшеді? Көше ала ма? Сарапшыларға осы сұрақтарды қойдық.

Төрт қаланың халқы немен тыныс алып жүр?

2016 жылы Қазгидромет Қазақстанда ауасы өте лас төрт қаланы анықтады. Олар – Талдықорған, Түркістан, Алматы, Астана қалалары.

Талдықорған қаласының ауасы 99 пайызға РМ10-ның бөлшектерімен және күкірт сутегімен ластанып жатыр екен.

РМ10-ның бөлшектері дегеніміз – қазба байлықтарды және отынның өзге де түрлерін (көмір, мұнай – авт.) жаққанда бөлінетін зиянды қалдықтар.


«Қазгидромет» орталығының 2016 жылдың қаңтарындағы мәліметтері

«Қазгидромет» орталығының 2016 жылдың қаңтарындағы мәліметтері / igraphic.kz сайтынан алынды


Ал Астананың ауасы жылу электрстансасының отыны көмір мен мазутты жағудан ластанады. Астананың ауасындағы күкірт диоксидінің үлесі 74 пайыздан асқан.

Гигиеналық норма талаптарына сүйенсек, Қазақстан Республикасы қалалары мен елді мекендері ауасындағы азот диоксидінің жоғарғы мөлшері екіге тең болуы керек екен.

Алматыдағы екінші жылу электр стансасы (ЖЭС-2 - авт.) көмір жағып отырғандықтан, қаланың ауасында азот диоксидінің көлемі рұқсат етілген мөлшерден 9 есеге көбейіп кеткен.

Осы ЖЭС-2 бір қыста орташа есеппен 2 млн 200 мың тонна көмір жағады. Одан бөлінетін зиянды қалдық ең алдымен адамның тыныс жолдарына кері әсерін тигізеді. Алматы балалардың өкпе ауруы бойынша неге бірінші орында тұрғанын осыдан-ақ түсінуге болады.

Қол қусырып, қарап отырсақ, Қытайдың кебін киеміз

Ауаның ластығынан зар илеп, жапа шегіп отырған ел – Қытай. 2017 жылдың қаңтарында Қытайдың 24 қаласын, соның ішінде астанасы Бейжіңді де қою түтін басып, ел билігі бұны қауіптің шегі деп атаған болатын.

Бейжіңнің өзіндегі ауаның ластығынан күнде шүберек маска тағып жүру – тұрғындар үшін қалыпты жағдайға айналған. Алматы сияқты, Бейжің де тау етегінде орналасқандықтан, жел соғып, ауа бассейінін тазалайды дегенге ешкім сенбейді.

Қытай билігі өндіріс ошақтарын қаптатқандықтан, осындай апатты жағдайға душар болды. Қол қусырып, әрекетсіз отыра берсек, Алматының да, ірі өндірісі бар өзге қалалардың да халқы түтіннің кесірінен денсаулықтарын құрта береді.


Бейжің, 2015 жыл

Бейжің. 2015 жыл / 4tololo.ru сайтынан алынды


Қытай енді бұл апаттан қалай құтылудың жолын іздеп жатыр. Ресми дерек бойынша, 2013 жылы Қытайда 360 мыңнан астам адам түтінге тұншығып, уланып өлген.

Саясаттанушы, Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Саясат Нұрбек:

Қытайдың ең бірінші проблемасы – қоршаған ортаны қорғау, лас ауаны тазарту. Бұл бағытта Қытайдың үлкен жоспарлары бар. Бүкіл ірі зауыттар мен фабрикаларды шетелге шығарып жатыр. Алдағы бес-он жыл ішінде жасыл қаржыландыру, жасыл экономика саласында көшбасшы болады деп ойлаймын.

Қазақстанда көмір лоббиі күшті

Қазақстанның экономикасы мұнайға байлаулы. Дегенмен соңғы жылдары ауыл шаруашылық секторы мен транзиттік әлеуетке басымдық беріліп жатыр.

Осы екі бағыт елімізді мұнай шикізатына тәуелділіктің қылбұрауынан құтқара ала ма?

Бұл сұрағымызға жауап берген Мұхтар Тайжан Қазақстан жасыл экономиканы Алматы облысынан бастау керек дейді.

"Түбі осылай болады. Бірақ, бұл процесс тез жүзеге асуы үшін саяси ниет керек. Өзіңіз білетіндей, мен қазір жаңа салық кодексінің жұмыс тобына қатысып жүрмін. Қазір көмір қазып, мұнай алатын, жалпы, жерасты байлықтарымен айналысатын компанияларға салық салуда көп жеңілдік жасалады. Мен оған қарсы шығып отырмын.

Алдыңғы күні Николай Радостовец (Қазақстанның тау-кен өндірушілері мен тау-металлургия кәсіпорындары» қауымдастығының атқарушы директоры – авт.) деген мырза келді де көмір қазатындарға салық салуда жеңілдік сұрады. Біз керісінше көмірді жағудан кетуіміз керек.

Мысалы, Алматыдағы ЖЭС-2 бүгінге дейін көмір жағып, ауаны ластап отыр. Неге? Өйткені, бізде көмір лоббиі өте күшті. Бізге тек қана бос сөз емес, нақты әрекет керек. Жасыл экономиканың бірінші қадамын Алматы облысынан бастау керек".

Қыс келсе, көк түтін Астананы да тұмшалап алатын болған

Соңғы кезде Алматыны ғана емес, астаналықтарды да лас ауа алаңдата бастады. Жазықтағы қаланы құтқарып тұрған жел ғана. Себебі, өткен қыста апта бойы жел соқпаған кезде Астана көк түтінге көміліп қалды.

Қалаға табиғи газ тарту мәселесінің қаншалықты өзекті екені бірден байқалды. Астана экономикалық форумына қатысып, журналистердің сұрағына жауап берген елорда әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, бұл мәселе әлі шешілген жоқ.

Астанаға табиғи газ тарту туралы шешім жақын арада шығады

"Бірақ, Астанаға табиғи газ тарту мәселесін шешуге таядық. Экономикалық, логистикалық сұрақтардың көбі шешілді деуге болады.

Жақын арада Астанаға газ тартыла ма, жоқ па, нақты шешім шығады. Маусым-шілде айларында әлі де кеңесеміз", – деді форум аясында Әсет Исекешев.

Алдымен қаржы, артынан – жасыл экономика

Ал, саясаттанушы Саясат Нұрбектің пікірінше, жасыл экономикаға көшу үшін ең алдымен бұл салаға қаржы құйып, оның пайда әкелетін сала екеніне жұрттың көзін жеткізу керек.

"Қазір дүние жүзінде энергетиканың ішкі табиғаты, құрылымы, қаржыландыру тетіктері ауысып жатыр. Әсіресе, Еуропа елдерінде, АҚШ-та үлкен революция жүріп жатыр деуге болады.

Ең соңғы жаңалыққа тоқталсақ, Данияда 2015 жылы баламалы қуат көздері өндірген электр энергиясын ішкі тұтыну 130 пайыздан асып кеткен. 100 пайызын өзі игерсе, қалған 30 пайызын сатып отыр. Дания – суық климатты аймақта орналасқан мемлекет, Скандивания елдеріне жақын. Бірақ, жел мен теңіздің қуатын ұтымды пайдаланып отыр.

2015 жылғы Париж келісімшартына қол қойған 192 ел бес жыл ішінде осы салаға 7,2 трлн доллар инвестиция құюға келісті. АҚШ-та ең көп жұмыс орындарын беретін осы баламалы энергия саласы. Энергетика министрінің мәліметіне сүйенсек, соңғы бір жылда АҚШ жасыл экономикада жарты миллионнан астам жаңа жұмыс орнын ашқан".

Жасыл экономиканың дамуын тежеп отырған тағы бір фактор бар

– Қазақстанда ол – қазіргі энергия көздерінің арзандығы, – дейді Саясат Нұрбек.


Саясат Нұрбек: "Жасыл экономика үшін жасыл қаржыландыруға тетігі керек"

Саясат Нұрбек: "Жасыл экономика үшін жасыл қаржыландыру тетігі керек" / Сурет Саясат Нұрбектің жеке архивінен алынды


"Жалпы, осы саланың айналымындағы қаржы – жасыл қаржыландыру деп аталады. Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамытуға кедергі болып отырған бірден бір фактор – қазіргі энергия көздерінің арзандығы.

Павлодарда (Екібастұз кен орны) өте арзан көмір өндіріліп жатыр. Көмірден алынған энергияның бағасы әлемдік бағамен салыстырсақ арзан, 10 центтен аспайды. Сондықтан, бұл саланы дамыту үшін ең алдымен қаржыландырудың жасыл нарығын дамыту керек", – дейді Саясат Нұрбек.

Сарапшының сөзін тарқатсақ. Қазір Қазақстанда көмірдің бір тоннасы 9000-12 000 теңге аралығында сатылады. Бүгінгі валюта курсымен, шамамен 37 доллар (1 доллар – 319 теңге).

Ал, әлемдік нарықта бір тонна көмірдің орташа бағасы 2016 жылдың қаңтарында 308 долларға (шамамен 98 000 теңге) жеткен. Қытай көмір қазуды азайтқан соң, отынның бұл түрі АҚШ пен Еуропада 178 (56 000 теңгеге) долларға дейін арзандап отыр. Бірақ, қалай арзандаса да, әлемдік нарықтағы көмірдің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда, 5-7 есеге қымбат.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары