Бүгін Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында Ұлттық экономика минстрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы бойынша департаментінің басшысы Болат Самбетовтің қатысуымен брифинг өтті. Ол электр энергиясы құнының не себепті қымбаттағанын және коммуналдық тарифтерде қандай өзгерістер барын түсіндірді.
Электр энергиясының қымбаттауына жарық жеткізушілердің бағаны өсіруі себеп
Өткен жылдың соңында "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС бағаны көтеру туралы өтініш жасаған. Нәтижесінде, тариф 4,6 пайыз қымбаттап, тұтынушылар әр киловатт электр энергиясы үшін 17 теңге 12 тиын төлейді. Жарықтың қымбаттауына электр қуатын жеткізетін компаниялардың қызмет құнын көтеруі себеп болған. Мәселен:
- "Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС электр қуатымен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтеріне тарифтерді 30 пайызға;
- "KEGOC"АҚ желілері бойынша электр энергиясын тасымалдауға бағаны 12 пайызға;
- "ҚТЖ "ҰК" АҚ қызметтерін 2 пайызға;
- "АЖК" АҚ қызметіне бағаны 6 пайызға, қуатты реттеу қызметіне 5 пайызға, электр энергиясын теңгеруге ("KEGOC "АҚ) 11 пайызға көтерген.
Оқи отырыңыз: Су мен кәріз қызметақысын төлемеген алматылықтардың мүлкі тәркіленеді
Суық су бағасы 4 пайызға төмендеді
Алматыда су мен кәріз қызметінің тарифтері 2014 жылдан бері көтерілмеген. 2019 жылы "Алматы Су" МКК табиғи монополияларды реттеу агенттігіне 2020-2024 жылдарға арналған шекті тариф деңгейін бекітуге өтініш білдіріп, бағаны көтермек болған. Алайда, департамент талдау жасап, бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғаларға жүктемені көбейтіп, есесіне халықтың суға төлемін 4 пайызға төмендеткен. Алматылықтар бұдан былай бір текше метр су үшін 42 теңге 86 тиын төлейді. Ал, кәріз қызметінің құны бұрынғыдай 23 теңге 12 тиын қалпында өзгеріссіз қалды. Департамент өкілінің айтуынша, алдағы бес жылда бұл тарифтер өзгермейді.
"Алматыдағы осы қызметтердің тарифтері Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда ең төменгі мәндерге ие. Бұл тарифтер алдағы 5 жылға бекітілгендіктен, 2024 жылға дейін өзгермейді. "Алматы су" МКК жұмысшыларының жалақысын көтеру үшін құзмет құнын көтеру туралы өтінішін біз қарастырдық. Бірақ, жұмысшылардың жалақысын әр жыл сайын инфляция мөлшерінен көбейтіп отырамыз. Тариф 5 жылға бекітілді. Тиісінше, алғашқы жылы жалақы 4 пайызға, одан кейінгі жылдары 3 пайызға көтерілетін болады. Қазір мекемедегі жұмысшылардың орташа жалақысы – 118 мың теңге", – деді Болат Самбетов.
Оқи отырыңыз: Коммуналдық төлемдерден қалай ақша үнемдеуге болады? 12 пайдалы кеңес
Жылу құны өзгеріссіз қалды
Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында инвестициялық бағдарламаларды қайта қарап, қаланың жылу энергетикалық секторы субъектілерінің 2019 жылға арналған тарифтік сметасының шығындары төмендетілген болатын. Оның ішінде:
- "Алматы электр станциялары" АҚ – 804 млн теңге;
- "Алматытеплокоммунэнерго" ЖШС –119 млн теңге;
- "Алматы жылу жүйелері" ЖШС – 500 млн теңге.
Нәтижесінде, жылумен жабдықтау қызметі бойынша тариф 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап халық үшін 18 пайызға төмендеді. Ал биылдан бастап тұрғындар үшін жылу тарифі 3 пайызға өседі деп жоспарланған болатын. Бірақ жылу бағасы бұрынғыша 3 365 теңге көлемінде сақталып қалды.
"Тұтынушылардың жалпы үйлік жылу энергиясын есептеу құралдарымен (ЖЭЕҚ) жабдықталуы 94 пайызға дейін артты, яғни ЖЭЕҚ жоқ тұтынушылар осы құралдарды орнату арқылы, "ЖЭЕҚ бар тұтынушылар" санаты бойынша төлеуге көшті. Себебі, "ЖЭЕҚ бар тұтынушылар" санаты бойынша тариф 36 пайызға төмен. Бұл фактор жылумен жабдықтаушы ұйым үшін уәкілетті органға сараланған тарифтер деңгейін қайта қарау үшін жүгінуге Заңды негіз болып табылады. Алайда, Алматы әкімдігі мен департамент бастамасы бойынша барлық тұтынушыларға жылуды біркелкі бағада бөлуде көзделген барлық жүктеме бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдарға бағытталды", – деді Болат Самбетов.
Оқи отырыңыз: "Видеоесеп беруге міндетті емеспіз!": "Алматы су" жұмысшылары заңсыз талаптарға қарсы
Көгілдір отын бағасында өзгеріс бар
2018 жылы уәкілетті орган инвестициялық бағдарлама мен тарифтік сметада ескерілген тұтынушылардан алынған қаражаттың пайдаланылмауына байланысты "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ үшін газды тасымалдауға арналған тарифті 6009 теңгеден 5604 теңгеге дейін төмендетумен өтемдік тариф енгізілді. Яғни, 485 млн теңге мөлшерінде тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтару жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ газ тасымалдау тарифін 1,6 пайызға төмендеткен. Тұрғындар әр текше метр газ үшін 29 теңге 44 тиын төлейді. Бұл бұрынғы бағадан 20 тиынға арзан.
"Алдағы 3 жылға арналған инвестициялық бағдарлама қайта қаралып, шығындар 5 млрд теңгеге төмендеді. 2018 жыл ішінде тарифтер 3 есеге төмендеп, жалпы қорытынды төмендеу 16 пайызды құрады", – деді Болат Самбетов.
Суық су (1 м3 үшін) – 42 теңге 86 тиын;
Кәріз қызметі (1 м3 үшін) – 23 теңге 12 тиын;
Жылу (1 Гкал үшін) – 3 365 теңге;
Газ (1 м3 үшін) – 26 теңге 5 тиын;
Электр энергиясы (1 кВт үшін) – 17 теңге 12 тиын.
Коммуналдық қызметтердің құны әдетте 5 жылға бекітіледі. Дегенмен, Болат Самбетов №2 ЖЭО күрделі жөндеуге ұшыраса, тарифтер өзгеруі мүмкін екенін жасырмады. Оның айтуынша, Алматының жылу қазандықтары түгелдей газға ауысқанда бағаның көтерілуі күтіледі.