Informburo.kz медиатренер, сарапшы Асхат Еркімбайдың Жетісу телеарнасына берген сұхбатында айтқан өзекті ойларын ұсынып отыр.

Асхат Еркімбаймедиатренер, сарапшы. Сүлеймен Демирел университетінің аға оқытушысы. Мультимедиа, жаңа медиа, дата журналистика бойынша дәрістер жүргізеді. Орталық Азиядағы медиасауат және дата журналистика тақырыптарында зерттеулер жасайды. "Жаңа медиа: монологтан дилогқа" деген кітабы жарық көрген.

Адамға адам деп қараудан алыстап барамыз

Біз өмірімізді жеңілдетіп, жақсарту үшін технологияны көптеп шығара бастадық. Қазір шаңсорғыштар, ыдысжуғыштар, роботтар бар. Роботқа жасанды зерде енгіздік. Яғни, белгілі бір деңгейде шешім қабылдай алу функциясын сала бастадық. Бірте-бірте роботтар да жер бетіндегі артық нәрсе адам екенін ұға бастайды. Өйткені, бүкіл нәрсені бүлдіретін, сындыратын, қирататын, қателесетін – адам. Робот қателеспейді, ол мінсіз. Бір күні робот: "адамдардан құтылайық, бүкіл проблеманы жасап жатқан адамдар" деуі мүмкін.

Менің ойымша, қателіктің төркіні – адамға адам деп қараудан алыстап барамыз. Біз адамға бір мамандық иесі, бір ұлттың өкілі, бір тілдің иесі ретінде қарай бастадық та, адамның құқығын қарастырмайтын болып кеттік. Мысалы, әйелдер. Әйелдің негізгі болмысы – адам. Біз әйел құқығы десек те, ол адам құқығы, бала құқығы десек те, ол да адам құқығы.

Оқи отырыңыз: "Батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады". Зейнеп Ахметованың өзекті ойлары

Адамзат өз құқығын даулауды білмейді

Интернетте қиындықтар бар. Ол болуы тиіс. Өйткені, біздің сұранысымыз күн сайын артып барады, тиісінше технология да бізді қуып жетсе екен дейміз. Қиындық қанағаттың бізге қаншалықты қажет екенін білмеуімізде. Соның салдарынан интернет арқылы қызмет көрсететін корпорацияларға тәуелділігіміз артып барады. Бәріміз Facebook, Google компанияларына жұмыс істейміз. Ең бергісі Ресейдің Mail.ru компаниясына жұмыс істейміз. Мысалы Apple компаниясының телефонын, құлаққабын аламыз. Одан кейін бүкіл деректеріңізді Apple серверінде сақтаймыз. Сонда түптеп келгенде белгілі бір корпорациялар сізге иелік етеді. Бұл қателікті түзету үшін адамзат не істемей жатыр? Жауап: адамзат өзінің құқығын дауламай жатыр.

Біз өз құқығымызды талап етуде әлсізбіз. Конституцияны білуіміз мүмкін, бірақ, адам ретінде жүрген, тұрған жерде өз құқығымызды бірінші орынға қоймаймыз. Ал интернетке, виртуалды дүниеге көшкенде біздің цифрлық құқығымызды талап ету мүлде кенжелеп қалды. Бұл өте үлкен қауіп.

Біздің жеке бас деректеріміз біреудің қолында. Біз оны білмейміз және оның соңына да түсе алмаймыз. Ол деректер қай компьютерде тұр, ол компьютердің алдында кім отыр, ол адам қаншалықты сауатты адам? Сервер жанып кетсе, мен туралы мәлімет ағып кетсе, кім жауап береді? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Оның зардабын біздің немере, шөберелеріміз көруі мүмкін. Өйткені, қазір біз өз деректерімізге ие бола алмай отырмыз, ал олардың заманы туғанда олар аталарының қандай сайтқа кіріп, қандай фотоға лайк басқанына дейін көретін болады. Олардың алдында біз үшін ақталу өте қиынға соғады. Оның алдын алу үшін цифрлық заң мен сауаттылық керек. Мысалы, президент болған кезінде Барак Обаманың алдынан осы мәселелер шыға берген. Оның кішкентай кездегі фотолары жарияланды. Технологияның дамуы ашқарақтығымыздың салдарынан бізге үлкен проблемалар әкеле бастады.

Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

Қиындық адамның дамуына жол ашады

Меніңше, проблема әлі де көбейеді. Қазір одан қорқып, үркудің қажеті жоқ. Құдайға шүкір, біздің елде интернетке тыйым мен шектеу жоқ. Кейбір елдер интернетті ауаға етңейді. Яғни, кез келген адамның интернетке хақысы бар деп есептейді. Ол дұрыс. Адамдардың алдында тұрған қауіп – көп ақапарат ішінен майдан қал суырғандай керегін тауып беретін қабілеттің болмауы. Бұған дейін ақпарат белгілі бір топтың, белгілі бір институттардың қолында болды.

Мәселен, біз мектепке, кітапханаға не үшін бардық? Өйткені, ақпарат тек сол жерде болды. Кітапханада ғана кітап болды. Мектепте бізге қажетті мәлімет ағай мен апайдың басында болды. Қазір мұғалім де, кітапхана да қажет емес. Қазір ақпарат барлық жерде бар. Интернеттің ақпаратты шашып жіберуінен адамзаттың өте көп ақпарат ішінен өзіне қажеттісін игере алмауы қиын болып отыр. Оның алдын алу үшін қосымша дағды керек. Бұған дейін бізде 4 дағды болды. Олар:

  • оқу;
  • жазу;
  • санау;
  • сызу.

Қазір оған цифрлы дағды, сыни ойлау, медиа сала дағдысы қосылды. Яғни, дағдылар көбейіп кетті. Біз осы дағдыларды үйрете бастасақ, болашақта өмір сүретін адамдарға игеру оңай болады. Бірақ, олар одан үлкен қиындыққа тап келеді. Виртуалды роботтар, жасанды зеорде, эмоциялар, психологиялық қиындықтарға ұшырауы мүмкін.

Виртуалды әлемде көп болғаннан кейін адамның ішкі көңіл-күйі тұншыға бастайды, яғни адам адамды ұмыта бастайды. Мысалы, қазір заңгерлер мына мәселеге бас қатырып жатыр. Бала интернетте ойын ойнаған кезде кез келген кейіпке енуі мүмкін. Мысалы, екі бала ересек адамның бейнесін таңдап, қан-жоса болып төбелесуі мүмкін. Бірақ, арғы жағындағы бала шын өмірдегідей, үлкен кісіден таяқ жегендей соққы алады. Түптеп келгенде, оған ешкім тиіскен жоқ, ол бейнені өзі таңдады.

Жалпы, қиындық деген нәрсе бұдан да жақсы бола білу үшін беріледі. Егер біз қиындыққа ұшырамасақ, біз өзіміздің қандай екенімізді білмейміз де, әрі қарай өспеуіміз мүмкін. Ми: "Қауіп-қатерге басыңды тікпе, ешқайда барма, осы жайлы жерде отыр" дейді. Миымыздың жетегінде кетсек, дамымаймыз. Өзіміз тудырған қиындық болса да, ол бізге әрі қарай өсуге, өз күшімізді сынауға көмектеседі. Мысал – пандемия. Қаншама адам қайтыс болуы мүмкін дегеннен қорықсақ та, біз одан сабақ алдық. Адамзат ол вирустық, биологиялық нәрселерге дайын болуы қажет екенін түсіндік.

Оқи отырыңыз: Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қорғаймыз

Мемлекет интернетті уысынан шығармай тұр

Қазақстанда интернетті беріп отырған – Қазақтелеком, яғни мемлекет. Ақша төлесең, саған интернет берді, ақшаң болмаса, сенде интернет жоқ. Провайдер бір ғана мекеме. Сондықтан, Қазақстанда интернетті уысында ұстап отырған – Қазақстан мемлекеті, үкіметі, жеке бір орган. Одан кейін "лайк бассаң да, сайт ашсаң да, ол үшін жауап бересің, өйткені сен медиасың" деген заң шығарып қойған. Мұндай заң көп елде жоқ.

"Интернетті қолданушы адам – медиа адам" деген анықтама бар. Яғни, сіз электронды пошта қолдансаңыз, сіз ақпарат таратушысыз, сіз оған жауап бересіз. Біз Қазақстанда интернет қолданушы ретінде өте үрейлі, қорқынышты кезеңдеміз. Себебі, кез келген жағдайда, сіз пошта арқылы жазған хатыңызды 5 не 10 жылдан кейін мынау мемлекетке қайшы деуі әбден мүмкін. Бізде азаматтық қоғам белсенді болмағандықтан, ол заң қабылданды. Мемлекеттің интернетті өз уысында ұстауға тырысуы түсінікті. Себебі, геосаяси жағдай бар, интернетті түсіну өте қиын. Бұл заң қабылданып жатқанда әлемде небір толқулар болып жатты. Оның түп төркіні интернет, әлеуметтік желіде екен деген сөздер болды. Бәлкім, соның алдын алу үшін осылай жасау қажет болған шығар.

Менің ойымша, бұл қате нәрсе. Қазақстанда біз интернетті тауар ретінде қабылдамағандықтан, біз жаңа нәрсе өндіруші емес, тұтынушы ретінде қалып отырмыз. Егер бізге белгілі бір деңгейде еркіндік берілген болса, өзіміздің Facebook, Google, іздеу жүйеміз болар ма еді?! Біз Ресейдің Mail.ru-ына кіріптар болмас па едік...

Біз қазір Қытайдың baidu-ына қызыға қараймыз. Ал олар өзінің нарығын өте қатты қорғап ұстап отыр. Тіпті, әлемдік корпорациялармен санасады. Біз болсақ, өзге елдің жасаған өніміне, Google, Facebook, Telegram-ына кіріптармыз. Егер еркіндік берілсе, онда интернетте әртүрлі өнімдер, тауарлар пайда болып, бәлкім біз оны басқа біреуге сатар ма едік, бәлкім ол қызметті басқа ел көрер ма еді деген ой мені ойландырады.

Келесі мәселе, – "ашық үкімет" деген нәрсе. Бұл – өте тамаша бастама, егер мемлекетің ашық болмаса, сырттағылар саған күмәнмен қарайды. Ашық үкіметтің концепциясы, мәліметтерді ашық жариялау, open data деген ұғымдар бар. Яғни, даталарды ашық қою. Орталық Азия елдері бойынша Қазақстанда 3 500-ден аса ашық деректер базасы бар. Қазақстанның ғана емес, дүниенің кез-келген адамына беріліп қойған. Үш тілде жұмыс істеп тұр.

Дүниенің қай шетінде болса да, ашық даталар порталына кіріп, датаны алып, оны сұрыптап, зерттеп өз мақсатына пайдаланса болады. Мысалы, мен ата-ана ретінде баламды мектепке бергім келді делік. Қай мектеп жақсы екенін білу үшін ашық даталар порталынан мәліметтерді алып, өзім саралап, мен тұратын ауданда қай мектеп жақсы екенін қарап, шешім қабылдай аламын. Ашық даталар порталы сол үшін керек. Жақсы бастама.

Оқи отырыңыз: VPN-ді қалай таңдау керек, оны пайдалану қауіпті ме?

Өзге елдердің датасына тұншығып жатырмыз

Ал енді сол ашық даталар порталын жүктеп отырған кімдер? Өкінішке қарай, Қазақстанда бір де бір мемлекеттік органда датамен жұмыс істейтін бөлек мекемелер жоқ. Өйткені, бізде датамен жұмыс істейтін мамандарды даярлау жұмысы жолға қойылмаған. Сонымен қатар, бізде дата туралы түсініктің өзі әлі қалыптасқан жоқ. Сондықтан, біз жеке басымызға қатысты датаға немқұрайды қарап жүрміз. ЭЦҚ кілті әрбір флешкада жүреді, оның паролі 1-ден 6-ға дейін екенін бәрі біледі, көшеден біреу тауып алса, оның атынан ауруханаға тіркеле алады, несие алуы да мүмкін.

Яғни, жеке басымызға қатысты датаның маңызды екенін түсінгенде ғана сұраныс болады. Маман даярлау керек, тиісінше әр мекемеде датамен жұмыс істейтін бөлімшелер болуы керек. Олай болмаса, біз өзге елдің датасына тұншығып қаламыз, өзге елдің мамандарына кіріптар боламыз.

Датаны процессорда сақтаймыз, ал оны кім жасады? Ол процессорге сырттан кіріп кету мүмкіндігі Microsoft-та бар ма? Процессордың ішіндегі чиптарды кім жасады, кодты кім жазды? Ол кодтарды бұзып тастамай ма? Оған келісім бар ма? Алдында отырған маман біле ме ол нәрсені?

Бізде хакерлер бар. Негізі қазақстандық хакерлер өте мықты. Дүниежүзілік хакерлер жарысынан Қазақстаның қыз-жігітері үнемі бірінші орын алады.

Хакерлер екіге бөлінеді: ақ және қара. Мен ақ хакерлермен кездестім. Олардың ерекшелігі, олар сенің сайтыңның осал тұстарын көрсетіп, оны жөндеп бере алады. Ақ хакерлер осы электронды үкімет жүйе сайтының осал жерін тауып көрсеткен. "Егер біз сол кезде бір ғана түймені бассақ, порталдағы барлық нәрсе өшіп қалар еді" дейді олар.

Яғни, сотталғандар жүйесі, көлік жүргізетіндер базасы, несие алған, алмағандар базасы, бәрін бірден өшіру мүмкіндігі бар. Яғни, өкінішке орай мемлекет сайт жасауға тапсырыс бергенде немқұрайлық, жауапсыздық, қалай болса солай жасаған. Сапалы маманға жолықпады, ақша дұрыс бөлінбеді, қалай болса солай қабылдай салды. Нәтижесінде, күллі мемлекеттің маңызды порталдың өте қатты осал тұсы пайда болды.

Мен бұрын біздің аға буын өкілге ренжитінмін. Менің мамандануым қазақ тіліне байланысты болды ғой, біз оқушы, студент кезде қазақша сөйлейік қазақ тілі дамысын деген нәрсе болды. Сонда аға буын бұл мәселені шеше алмай кетті, оны бізге қалдыра салды. Мен қазір өзімнен кейін бұл проблеманы қалдырғым келмейді. Олар ертең бізге не үшін бізді дүниеге әкелдіңдер дейді. жер, экология, цифрлық проблема бар, Осындай проблемаларды үйіп төгіп сендер немен ойландыңдар, біз шешеді дедіңдер ме? Бізге жағдай жасамадыңдар, десе, не деп жауап бересің? Қартайғанда әртүрлі әлеуметтік желілерді пайдаланғанымыз үшін ұялмаймыз ба?! Соныдқтан, шама келсе барлық проблемаларды қазір шешіп кетейік. Оларға қалдыруды ойламау керек. Оларда біз түсінбейтін, біз білмейтін өз қиындықтары болады. Сондықтан мен бізден кейінгі буын шешетін шығар дегенді ойлағым да келмейді. Олардың жұмысын азайту шүшін қазір мен жұмыс істеуім керек. Әр қазақ өзінің датасын, өзінің интернеттегі ізін білу керек. Әрқайсымыз интернетте цифрлы ізімізді қалдырып жатырмыз.

Оқи отырыңыз: Интернет алаяқтарынан қалай сақтануға болады? Маман кеңесі

Дата дегеніміз не?

Дата дегеніміз жеке бас мәліметтері, яғни туға күніңіз, айыңыз, жылыңыздан бастап, сіз туралы есептеуге көнетін барлық мәлімет. Мәселен, сіз қазір сауда жасадыңыз, таксиге отырдыңыз, Facebook-те кімге лайк бастыңыз, қанша пікір қалдырдыңыз, Youtube-ке кірдіңіз, кофе сатып алдыңыз, Kaspi Gold арқылы ақша аудардыңыз – бұның барлығы дата. Бәрі жиналып жатыр. Бірақ біз бұған қазір ие емеспіз. Менің цифрлы ізіме басқа біреулер ие болып отыр. Кез келген банкте біз туралы мәлімет бар. Олар өшпейді, ондай процедура жоқ. Яғни, мен туралы мәліметті менің рұқсатымыз қолданбаңдар деп айтуға, менің хақым жоқ болып тұр. Бұдан қорқыныштысы ауруға қатысты деректер. Мысалы, мен ата-бабам қандай ауырғандығы үшін мен жауап бере алмаймын. Бірақ олар бір аурумен ауырған шығар. Бірақ олар дата менімен де байланысты болуы мүмкін. Ол даталар көшіп жүріп бір дәрігердің қолында кетуі мүмкін. Ертең сол даталармен мені бопсалауы мүмкін. Осындайда, мен алдын ала қандай шара жасауым керек?

Сергек камералары да бір компанияның иелігінде тұр. Ол сіздің бүкіл датаңызды, қанша машина жүргізгеніңізді, айыппұл төлей аласыз ба барлық мәліметті жинап жатыр. Ол сізді өзіңізден гөрі жақсырақ таниды. Бұл жеке адамға қатысты. Ал мемлекетке қатысты, емханаға, мектепке, Қазақстандағы ұйымдарға, Қазақстан еліне қатысты қаншама дата бар. Ол қай жақта, оған кім ие болып отыр? Ол мәселелер бір жүйеге, ретке келе алмай жатыр.

Оқи отырыңыз: Банк шотындағы қаржыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?

Дата журналистика

Дата журналистика: Дата және журналистика. Журналистика маңыздырақ. Датаның көмегімен оқиғалар баяндаймыз. Ерекшелігі, біз датаны қолдана отырып, цифрларды қолдана отырып, соның негізінде оқиғаны айтып береміз.артықшылығы, дата ол сан. Санда не иә болады, не жоқ болады. Оқиғаны сол дата негізінде баяндау, ол дата журналистика. Дата журналист болу үшін статистикалық дағды болу керек. Өйткені статистиканың өзінің ережелері бар, ол өз алдында бір сала. Датаны түсіну үшін программистің дағдысы болу керек. Яғни датаны мен қалай аламын, оны менің машинам түсінетін форматқа қалай көшіріп алам. Тиісінше, журналистік дағдыңыз болу керек, яғни оқығанды көре білу, оқырманға жеткізе білу. Сосын датаны визуализациялау. Бізде дата журналистиканы көбі қате түсінеді. Оны көбі инфрографика деп ойлайлы.Инфорграуфика ол дата журналистика емес.

Дата журналистика Қазақстанда екі оқу орнында оқытыла бастады. Сулеймен Демирел Университетінде мен төртінші жыл сабақ беріп жатырмын, студенттерім бар. Парадокс, олар жұмыс істейтін жер жоқ. Себебі, ешбір жерде, бір де бір редакцияда дата журналистика бөлімі деген жоқ. Бізде маман тапшылығы бар. Оны кім оқытады? Мен өзім шет елден оқып келдім. Журналистикада тәжірибем болғаннан кейін аздап бейімдей алдым. Енді мамандар даярлау деген проблема алға шығады.

\Қазір дата журналистикадан гөрі, биг датамен жұмыс істеу деген алға кетіп барады. Өйткені коммерциялық компаниялардың сұранысы күшіті. Мысалы, банктер биг датамен жұмыс істей алатын адамдарды жұмысқа тез алып жатыр. Өйткені олар қазір бұрынғыдай емес, бір ғана телефонда отырып, неисе алатынын немесе алмайтынын бірден біле алады. Оның арғы жағында датамен жұмыс істей алатын адам отыр. Банктер оны бірден түсінді. Яндекстен такси шақырсаңыз да, датамен жұмыс істейтіндердің үлкен еңбегі жатыр. Коммерциялық құрылымдар бірден түсініп алып кетіп жатыр.

Ал мемлекеттік құрылымдар да қалыспау керек. Өйткені мемлекеттік маңызы бар, шешімдер де дұрыс қабылдану керек. Егер біз қай ауылда, қанша кабинет, қанша оқушы бар екенін білсек, біз қанша ноутбук жіберетінімізді, қанша антена орнататынымызды алдын ала білер едік. Бізде ол нәрсе жинақталмағандықтан, бізде ондай мамандар болмағандықтан, ол нәрсе шамамыз келгенше жүзеге асып жатыр.

Оқи отырыңыз: Интернеттің саясилануы неге әкелмек?

Медианы өндіру емес, тұтыну жағынан ғана үздікпіз

Қазақстан интернет қолдану көрсеткіші бойынша, дүниежүзіндегі үздік елдер қатарында. Бірақ, біз жаңа медиа технология өндіруші үздік елдер қатарында емес, тек тұтынушы үздік елдер қатарындамыз. Қазақстан медиа сауаттылық бойынша, Орталық Азия елдерінде салыстырмалы түрде біз сауаттырақпыз. Бірақ, тікүшаұпен у шашады екен деген хабарлама келсе, сауатты елдің азаматы бұл ақпаратты кім жібергенін тексеремін дер еді. Мың адамға сауалнама жасадық, біздікілер ештеңе істемейміз дейді. Ол қауіп, немқұрайлы болуға болмайды. Әрекет жасау керек. Белгілі бір деңгейде немқұрайлық бар сияқты. Бірақ, қиындық тек онда емес.

Өткен жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ашық түрде Facebook Қазақстандағы тұрғындардың жаңа технологияларды меңгеру деңгейі қандай деген ашық жазба жариялады. Сандар өте қорқынышты. Қазақстанда халықтың 20 пайызға жуығы ғана технологияны өзінің қажетті мақсатына қолдана алады. Мемлекет барынша интернет, 4G таратып, ноутбук беріп жатыр. Бірақ, соны меңгере алатын адамдардың сауат деңгейі бізге қажет деңгейде емес.

Бәріміздің "ЭЦҚ-ны қалай ашады, Kundelik.kz-ке қалай кіреді, жаңа телефонға логин мен пароль орнатып берші" дейтін туысымыз бар. Тіпті, сол үшін ақша төлеуге дайын. Ол күлкілі нәрсе, өйткені ол кез келген адамның қолынан келуі керек. Өзіне пошта аша алмай отырған адам қалай мемлекеттің цифрлану саясатына атсалысып, оның кем-кетігін айта алады. Меніңше, ноутбук сыйламас бұрын сол ақшаға мұғалімдерін үйретейік. Біз қазір баланың қолына қару ұстатып отырмыз. Оның қару екенін мұғалімдері де білмейді. Алдымен біз оны түсіндірейік, үйретейік, сосын барып берсек дұрыс болады. Өйткені біз қиындықтың үстіне қиындық жамағалы отырмыз.

Балаларға ZOOM-да отыр дейміз. Бірақ естуімше, оның паролін таратып жібергендіктен балалар зумда отырғанда порно видео көрсетіліп кеткен. Өйткені, ешкім мұғалімге де, ата-анаға да парольді таратпау керек екенін ескерткен жоқ. Оқушылар неше түрлі нәрсені көріп отырғанда оны тоқтату үшін қандай түймені басу керек екенін ағайлар мен апайлар білмейді. Бұл бергі жағы, бұдан да сорақысы болып жатыр. Ақтөбе оқушы қызды өзге елден келген бір әйел Mail.ru арқылы алдап-арбап, өз еркегінің қойнына салып берген. Ол оқушы қыз жасы нешеде екенін, мекенжайын, мысықты жақсы көретінін жазған. Әйел Mail.ru-да қыз бала болып тіркеліп, мен сенің досыңмын, бүгін үйде қонатын ешкім жоқ еді, менімен бірге қоншы деп көндірген. Осылайша, қыз жоғалып кетті. Кейін қыз өлі күйде табылды. Денесі кесілген, тілім-тілім шыққан. Бұл да сол сауатсыздықтың салдары. Қазақстанда мемлекет деңгейінде адамдардың сауатын көтермесек, бұдан сорақысын көреміз. Қауіп содан.


Қателік - Асхат Еркімбай. Әр қазақ интернеттегі ізін білу керек!