Тіпті бес-алты жыл бұрын оған берген жауабына қарай адамның жас немесе үлкен буынға жататынын оңай аңғаруға мүмкін болатын. Қазір жағдай өзгерген.
Өзінің қысқа ғұмырында Интернет бірнеше кезеңнен өтіп үлгерді. Ғылыми орталардың өзара деректермен алмасу амалынан бастап, қарапайым адамдардың виртуалды байланысуы, көңіл көтеру мен ойындарға қол жеткізу құралына дейін.
Ал соңғы уақытта мобильдік сандық құрылғылардың кең тарауымен Интернет жеке-дара ақпарат көздерінің шоғырына айналған: әркім өзі қалаған жазба не бейне материалды тұтастай қоғамның назарына ұсына алады, маңызды санаған оқиғаға байланысты өз ойын ортаға салу мүмкіндігі бар. Дәстүрлі баспасөз аталғандай артықшылықты ұсына алмай біртіндеп ұпайларын жоғалтып барады.
Ол түсінікті де. Себебі баспасөз болсын, теледидар болсын, негізінде бизнес болғандықтан оның талаптарына көнуге мәжбүр. БАҚ қожайындарының көпшілік жағдайда мемлекетке иә болмаса мемлекетке тәуелді орталарға бағынышты екені белгілі. Әдетте онысы хабар таратуға рұқсат беру, қалт кетсе жауапқа тарту, мемлекеттік тапсырысқа ілігу, басқа да әкімшілік және қаржылық тетіктер арқылы жүзеге асады.
Сондықтан дәстүрлі БАҚ өкілдері шындықты емес, басшылыққа ұнамды жаңалықтарды таратуға жол береді. Осылайша жүре-бара ақпараттан көрі, үгіт-насихат құралына айналып отырады. Интернетте бұндай шектеулер жоқтың қасы.
Нәтижесінде, айталық, өткен жылы АҚШ-та телеарналарға сенім білдерген азаматтардың саны рекордты 21 пайызға дейін құлдыраған. Ұқсас көрсеткіштер Канада, Еуропа Одағында, Жапонияда байқалады. Рас, ескі сарынмен бұл елдерде медиа саласына миллиардтаған сома әлі де жұмсалып жатыр.
Алайда, ара салмақтың жылдам өзгеріп келе жатқанын жергілікті атқа мінерлер де мойындаған. Мәселен, Америкадағы соңғы президенттік сайлауда Доналд Трамп баспасөзге емес, Facebook пен Twitter сынды әлеуметтік желілерге басымдық бергенінің арқасында жеңіске жетті деуге болады. Ақпараттық тұрғыда Интернет жалпығаламдық феноменді құрады.
Ақпарат кімнің қолында болса, билік те соның иелігінде болады деген қағидатқа сәйкес аталған феноменнің сөз бостандығы жаншылған елдерде ерекше саяси сипаты болды. Осылайша әу баста адамдардың танысуына, күнделікті тәжірибе аламасуына, тұрмыстық мәселелерге арналған желілер қоғамдық пікір қалыптастырушы маңызды тетікке айналды.
Қазақстанның ерекшеліктері
Алдымен статистикаға көз жүгіртіп өтсек.
2018 жылғы деректер бойынша Интернетті қолданушылардың саны бізде 80 пайызға немесе 14,5 миллион адамға жеткен. Олардың ішінде ең белсенді топта 25-34 және 35-44 жас аралығындағы азаматтар (сәйкесінше 30 бен 20 пайыз).
Бұл дегеніміз қол жетімділік пен бағасы тұрғысынан дәстүрлі баспасөздің монополиядан біржолата айрылғаны өз алдына, ашық бәсекелестік алаңында Интернетке төтеп бере алмауын меңзейді. Көптеген басылымдардың жабылғаны не қағаз нұсқадан бас тартып, сайтқа ден қоюы – осы үрдістің анық дәлелі. Бүгінде жекелеген тұлғалардың жеке парақшалары мен Интернет-арналары тұтастай газеттердің аудиториясынан асып отырған жағдайлары жиі кездеседі.
Енді әлеуметтік желілерге үңілсек, оларға тіркелгендердің саны Қазақстан бойынша Facebook-те 2,5 миллион, "В контакте" желісінде 2 миллион, Instagram-да 1,5 миллиондға жеткен.
Интернетке қатысты жоғарыда келтірілген ғаламдық сипат Қазақстанға да тән. Оның ішінде, бәлкім, ең маңызды тұсы – ақпараттың бұл көзі әдеттегі мемлекет ұсынған ойын ережелеріне бой ұсынбайтыны. Басқаша айтқанда, күні кеше ақпарат тарату құзырлы мекемелерден рұхсат алған, жеткілікті қаражаты бар, тиісті шектеулердің шеңберінен шыға алмайтын ұжымдардың ғана артықшылығы еді.
Бүгінде жағдай танымастай өзгерген: смартфоны бар әрбір азамат өз алдына бұқаралық ақпарат құралына айнала алады. Бұндай жағдайда тіркелген 3-4 мың дәстүрлі БАҚ-ын жұдырықта ұстау қолдан келсе, 14,5 миллионға ешкімнің шамасы келмейтіні анық.
Енді жекелеген блогерлерді баспасөзбен теңестіру, түрлі желеулермен жауапқа тарту иә болмаса Facebook, Youtube секілді көздерді уақытша бұғаттау мәселені шеше алмайтыны түсінікті. Тиісті мүмкіндіктері Қазақстаннан анағұрлым зор Ресей үкіметі өткен жылы Telegram желісіне шүйлігіп, одан өзі жапа шеккендігі, не кезінде Түркия билігі Facebook-тың үнін өшірмек болып, ақырында басы бәлеге қалғаны аталған шаралардың қауқарсыздығын айғақтап отыр.
Осыдан келіп кей лауазым иелері Интернетті ұнатпайды, тіпті одан қаймығып қауіп санайтындары табылып жатады. Путин секілді азын-аулақ саясаткерлер бұны тыңшылық жасау мен елді іштей арандату үшін Батыстың әдейі ойлап тапқан құралы дегенді алға тартады.
Рас, былықтарға ұрынған елдерде әлеуметтік желілер қоғамдық наразылықты өршітуі ықтимал. "Араб көктемі" оқиғалары кезінде, мәселен, Интернет берген мүмкіндектердің арқасында адамдар өзара емін-еркін ақпарат алмасып, озбыр саясатқа қарсы шықты. Бұның арты көтеріліске ұласты. Бірқатар шолушылар бұл толқуларды Facebook пен Twitter революциясы деп атауға дейін барды.
Десе де, мәселе ақпарат алудың Интернет ұсынған балама көздерінде ме екен? Әрине, жоқ.
Мәселе елдің титығына жеткен әділсіздік пен жемқорлықта, кедейшілік пен жұмыссыздықта, теңсіздік пен демократияның тапталуында. Олай болса, қауіптің шығу тегін суыт хабарды әкелген жаушыдан емес, қысылтаяң жағдайға әкелген себептерден көру керек.
Тиісінше жамандықты болдырмаудың жолы – Интернетті қыспаққа алу емес, ол мүмкін де емес, қайта онымен санасуда, оның мүмкіндіктерін пайдалана отырып жіберген қателіктерді дер кезінде түзетуде жатыр. Айналып келгенде осындай қарапайым дүниелерді елемей келген Мубарак, Қаддафи мен басқалардың түбіне Интернет пен оның тетіктері емес, Интернетті білмегені жетті.
Жастар және Интернет
Әрбір қоғамның қозғаушы күші – жастар. Ал бүгінгі жастардың таңдауы Интернет екені айтпаса да түсінікті. Рас, бұл үрдістің ақпаратпен алмасу, тәжірибе жинау, білімін арттыру, өзіне лайық ортаға ену сияқты тамаша мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ қоғамдық мәселелерге келгенде ғаламтор – жастардың сана-сезімінің шыңдалуына, саяси сауатының ашылуына мұрындық.
Оның үстіне жастар тоталитарлық жүйеде өсіп жетілген үлкен буын сияқты теледидардан не айтылса, соған көз жұмып сене бермейді. Балама ақпарат болғаннан кейін сыни көзқарасты ұстануға, әр нәрсені иә құбылысты таразылап барып қана бағалауға бейім.
Ендеше қазіргі қазақ жастарының ой-өрісі қандай бағытта дамып келеді? Оларды қандай құндылықтар мен өмірлік үлгілер баурайды?
Бұл сұрақтарға мардымды жауап табу үшін қайтадан Интернеттегі үрдістерге үңілу керек. Бір жағынан жастардың саясатқа көбірек мән бөле бастауын жағымды құбылыс деп қабылдау керек. Себебі көкірегі ояу қоғамның азаматтық белсенділігі артады, мазалаған түйткілдерді еңсеруде қабілеті күшейі түседі.
Бірақ, Интернет – реттеуге келе бермейтін, сан қилы пікірлер мен мүддерлер тоғысқан кеңістік болғандықтан, қоғамдық пікір жасампаз ойлармен қатар теріс ағымдардың жетегінде кетуі ықтимал. Әсіресе бұл ұлттық идеологиясы әлсіз, сыртқы күштерге тәуелді елдерге қауіпті болып табылады.
Әлдекім жүре-бара аталмыш кеңістік өздігінен реттеліп түбінде дұрыс жолға түсер деуі мүмкін. Дұрыс та шығар, еркін ойлардың додасы болса.
Алайда, ықпал ете алатын күштер Интернеттен шошып, оны бұғаттаса, енді бірі ескі сарынмен дәстүрлі ақпарат құралдарына басымдық берсе, өз алдына қоғамдық наразылықты тудырушы келеңсіздіктер жабық қазан қалпында сақталса, қараусыз кеңістік көрінгеннің жетегінде, арамза ойлардың соңында кетпесіне кім кепіл?
Анығы сол, ұнасын-ұнамасын, Интернет – бүгінгі заманғы қоғамның құраушы бөлігі. Бірақ, ол –дүлей күш емес, Адамзаттың қажеттіліктерінен туындаған құрал ғана. Тиісінше ақпараттық һәм саяси маңызы күннен-күнге артып келе жатқан осы ғылыми жетістіктің мүмкіндіктерін кәдеге асыру не оның құрбанына айналу адамдардың, жалпылама айтқанда мемлекеттердің өз қолында.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.