Тікелей эфир

Банк шотындағы қаржыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Бейтаныс адамға төлем картасының CVV кодын ешбір жағдайда беруге болмайды.

Соңғы кездері банк қызметкері ретінде хабарласып, елдің қалтасын қағып жүрген алаяқтар көбейді. Олар өз құрбандарының сеніміне кіріп, банк картасындағы қаржысын қолды қылудың бірқатар тәсілін тапқан. Қайсын қолданса да, бірінші кезекте картаның мәліметтерін біліп алуға әрекет етеді. Олардан сақтану үшін не білу керек? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі пайдалы кеңеспен бөлісті.

№1. Алаяқтар карта деректерін қалай ала алады?

  1. Олар сіздің электрондық поштаңызға банктің атынан хат жолдап, төлем картада көрсетілген деректерді, яғни картаның иесі, қолдану мерзімі және қорғаныс кодын көрсетуді талап етуі мүмкін. Әдетте, олар картаның деректерін сұратқан кезде сіздің төлем картаңыз арқылы күдікті операция жасалғанын сылтауратады. Әрі интернет-банкингіңізді бұзуға жол бермеу мақсатында, қорғанысты күшейту және басқа себептерді келтіріп өз талаптарын негіздеулері мүмкін. Алаяқтар мұндай хаттарды жолдай отырып, поштаның атауында сізге қызмет көрсететін банктің домендік атын қолданады. Егер сіздің электрондық поштаңызға төлем картаңыздың деректерін көрсету арқылы нысанды толтыру немесе өзге де конфиденциалды ақпаратты ұсыну өтінішімен хат келіп түссе, ешбір жағдайда мұндай хатқа жауап бермеңіз.
  2. Алаяқтар, көп жағдайда, өз құрбандарына телефон соғады. Әдетте, олар өздерін банк қызметшісі ретінде таныстырып, сіздің шотыңызға хакерлік шабуылдар жасалады деп қорқытады. Осылайша, сіздің төлем картаңыздың деректерін жария етуді талап етеді.

Еске сақтаңыз: банктер ешқашан төлем картаның деректерін электрондық пошта бойынша немесе телефон соғу арқылы сұратпайды. Себебі мұндай ақпарат банк құпиясы туралы заңмен қорғалатын мәліметтер санатына жатады.

№2. Егер карта жоғалса не деректері қолды болса, не істеу керек?

Төлем картасы жоғалған немесе ұрланған кезде картаны ұстаушыға, ең алдымен, эмитент банктің байланыс телефон нөмірін жазып алу немесе еске сақтау ұсынылады. Бұл нөмір төлем картасының келесі бетінде көрсетілген.

  • Төлем картасы жоғалған, ұрланған, банк шотынан ақшаның алынғаны немесе төлемнің рұқсатсыз жасалғаны байқалған кезде жоғарыда көрсетілген нөмір бойынша дереу қоңырау шалу керек және төлем картасын бұғаттау қажет. Бұл ретте осы операцияны жасау үшін төлем картасын шығаруға өтініш берген кезде көрсетілген код сөзін есте сақтау қажет екендігін атап өткен жөн;
  • Қаржы алаяқтарына алданып қалған, телефон немесе электрондық пошта бойынша жеке деректерін берген адамдар өзінің банкіне жедел тәртіпте картаны бұғаттауға және қайта шығаруға өтініш беруі тиіс;
  • Әр банктің ерекшелігін білу маңызды. Банктердің бірінде қаражат ұрланғаннан кейін мобильді қосымшаның көмегімен картаны бірден бұғаттауға болса, басқа банкте call-орталығына қоңырау шалып, картаны бұғаттауға өтініш беру керек.

Еске сақтаңыз: Картаңыздан қаражат ұрланған жағдайда дереу құқық қорғау органдарын хабардар ету қажет.

№3. Адамдар алаяқ арбауына қалайша оңай түседі?

Қазақстанда онлайн-төлемдер нарығы тез қарқынмен дамуда. Сәйкесінше, интернеттегі алаяқтар да жиі кездесетін болған. Олар пайдаланушылардың мұқиятсыздығын немесе киберқауіпсіздік қағидалары саласындағы білімінің жеткіліксіздігін пайдаланып, оңай алдайды.

Төлем картасынан немесе электрондық әмияннан кейіннен ақша ұрлау үшін жеке деректерді ұрлап алу, төлем картасын ұрлау/жоғалту, жалған төлем карталарын жасау, сондай-ақ төлем карталарының магниттік жолақтарынан/чипінен ақпарат алу үшін пайдаланылатын скиммингтік құрылғылар арқылы алаяқтық және т.б. сияқты факторлар бар.

Қазақстандық эмитенттердің карталарын пайдалана отырып жасалған алаяқтық транзакциялардың басым көпшілігі шетелде жасалатынын атап өту қажет.

Оқи отырыңыз: Интернет алаяқтарынан қалай сақтануға болады? Маман кеңесі

№4. Қаржы алаяғынан қалай қорғану керек?

Парольдерді ұрлау және құпия ақпаратты жинау үшін алаяқтар спамды хабарламалар немесе жалған сайттарды пайдаланады. Сондықтан, ең бастысы қауіпсіздік талаптарын естен шығармау қажет:

  • төлем картасының деректерін күмәнді сайттарда жарияламау немесе көрсетпеу;
  • виртуалды карта арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлемеу;
  • интернетті пайдаланған кезде қырағылық таныту;
  • бейтаныс адамдарға ешбір жағдайда төлем картасының CVV-кодын (төлем карточканың артқы жағындағы үш таңбалы нөмір) бермеу;
  • кез-келген төлем қызметтерінен алынған парольдерді немесе SMS-хабарламамен келген құпиясөзді ешімге, тіпті "банк қызметкерімін" деп хабарласқан тұлғаларға да айтпаңыз.

Өзіңіздің банктік шотыңыздың немесе электрондық әмияныңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төлемдерді тексерілмеген интернет-дүкендерде және әлеуметтік желілердегі топтарда жасамауға кеңес береміз. Ешбір жағдайда құпия деректерді үшінші тұлғаларға телефон немесе пошта арқылы хабарламауды ұсынамыз. Өз банктік шотыңызда/электрондық әмияныңызда жүргізілетін операциялар туралы e-mail- және sms-хабарламаларды міндетті түрде қосуды ұсынамыз.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ресейде 42 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр

№5. Банктер өздерінің төлем жүйесін қалай қорғайды?

Қазақстандық банктер төлем карталарын пайдалана отырып, алаяқтық тәуекелін төмендету үшін тұрақты және жүйелі негізде әртүрлі іс-шаралар өткізеді. Олардың арасында:

  1. қате енгізілген PIN-кодтың шектеулі санынан кейін картаны бұғаттау;
  2. банктік шот бойынша шығыс операцияларының лимитін белгілеу;
  3. карта ұстаушыларды банктік шот бойынша қаражаттың қозғалысы туралы SMS-хабарландыру қызметіне қосу;
  4. клиенттерге сайттарда ақпарат орналастыру, буклеттер тарату және т.б. арқылы алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері туралы ақпарат беру;
  5. банкоматтарға бейнебақылау жүйелерін және басқаларын орнату.

Эмитент-банктер де картамен жасалатын операциялардың мониторингін жүргізеді және күдікті транзакциялар анықталған жағдайда, тиісті шаралар қабылданады.

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру ресурсынан 5 кеңес:
  1. Сіз жасаған немесе жасамаған операцияларды бақылау үшін мобильді банкті пайдаланыңыз;
  2. Өзіңізбен бірге алып жүретін және күнделікті шығындар үшін пайдаланатын картада ірі ақша сомасын сақтамаңыз;
  3. Егер сізге банк қызметкері ретінде әлдекім қоңырау шалса, онда ешқандай жағдайда оған өз деректеріңізді жария етпеңіз;
  4. Поштаңызға "банк қызметкерінен" келіп түскен хаттарға жауап бермеңіз;
  5. Ұялы телефоныңызды қадағалаңыз, онда сақталған ақпарат алаяқтар үшін ерекше құнды.

Материал FinGramota халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру ресурсының мәліметтері негізінде дайындалды.

Серіктестер жаңалықтары