Тікелей эфир

VPN-ді қалай таңдау керек, оны пайдалану қауіпті ме?

Дина Ли арнайы informburo.kz үшін
Дина Ли арнайы informburo.kz үшін
VPN-сервисті таңдағанда нені басшылыққа алу керек және бұл ресурсты қалай заңды пайдалану керектігін іnformburo.kz зерттеп көрді.

Қазақстанда соңғы уақыттары интернеттің дұрыс жұмыс істемей жатқаны туралы көп айтылып жүр. Алайда елімізде интернеттің "бұғатталғаны" туралы ресми ақпарат жоқ. Заң бойынша желі мен байланыс құралдарын табиғи, техногендік немесе әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде уақытша тоқтату мүмкін саналады. Бұл Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің құзыретінде.

"Бұл күндері Бас прокуратураға мұндай мәселемен ешкім жүгінген жоқ" деп мәлімдеді қазақстандықтардың 12 маусымда интернеттің бұғатталуына қатысты шағым білдіргеннен кейін Орталық коммуникациялар комитетінде өткен брифингте Нұрпейісов.

Осы орайда мамырда БҰҰ-ның терроризммен күрес кезінде адамдардың құқығын қорғау ісі бойынша арнайы баяндамашысы Фионнула Ни Аолэйн Қазақстандағы интернеттің "кең ауқымды бұғатталуына" алаңдаушылық білдірген еді.

Ресми түрде аталмаса да, қазақстандықтардың желіге кіре алмай отырған жағдайы жиі болып тұр. Мұндай жағдайда қайтпек керек, VPN-бағдарламаны қалай таңдау керек, VPN-мен басқа бағдарламалардың арасында қандай айырмашылық бар, бұл сервисті пайдалану қауіпсіз бе, осы сұрақтарға жауап іздеп көреміз. Әрине, әңгіме Республика аумағындағы тыйым салынбаған, экстремистік сипаты жоқ ақпаратқа қолжетімділік туралы ғана болмақ.

VPN-сервис дегеніміз не?

VPN – virtual private network (виртуалды жеке желі). Ол желіні пайдаланушыға кіре алмай қалған контентке кіруге, IP-мекен-жайын ауыстыруға, интернетте жасырын отыруға, сондай-ақ хакерлердің шабуылынан жеке мәліметтерін қорғауға мүмкіндік береді. VPN-сервис интернет бұғатталғанда оған кедергісіз кіруге жол ашады.

Іздеу жүйесінде әдетте бірінші болып тізімде бұған дейін бұғатталған VPN-бағдарламалар кетеді. Сондықтан сарапшылар Google жүйесі көрсеткен бірінші сілтемені таңдамай, төменде тұрған бағдарламаларды тексеруге кеңес береді.

Смартфонға VPN-сервисті сатып алу үшін Appstore-ға (iPhone) немесе Play market-ке (Android) кіру керек. Смартфондарға арналған VPN-сервистің десктоптарға (дербес компьютер) арналған VPN-сервистен айырмашылығы Android пен Play Market-тегі барлық бағдарламалардың лицензиясы барлығында және вирустың жоқтығына тексерілгендігінде.

VPN-ді қалай таңдау керек?

Төмендегі критерийлерге баса назар аудару керек:

  • Қосылу типіне L2TP VPN таңдауға кеңес беріледі. Ол көптеген операциялық жүйелерге орнатылған. Сенімді әрі тез кіреді. Негізі қосылу типі туралы VPN сайттарындағы сипаттамаларда жазылған. Қосылудың басқа қалған типтері қауіптілігі көп және қолдануда онша оңай емес. Сонымен қатар сервистің қосымша OpenVPN-құрамасы болғаны дұрыс. Бұл қауіпсіздікпен каналдың ашылуын күшейтеді.
  • Логқа назар аударыңз. VPN-сервер мұны жүргізгенде жасырыну мүмкін емес болады. Лог дегеніміз – әрбір клиентті бөлек-бөлек анықтауға көмектесе алатын кез-келген жазба. VPN-сервисті ұсынатын компанияның веб-сайтын мұқият зерттеу керек. Егер компанияның заңды мекен-жайы болса, онда лог жүргізілуі мүмкін. Өйткені барлық тіркелгенкомпаниялар логтарды жүргізуге және өз клиенттерінің қызметін бақылауға міндетті. Сондай-ақ "Қызметті пайдалану туралы келісім"-ге назар аудару қажет. Кейде компанияның сайтында лог жүргізілмейтіні туралы жазылуы мүмкін. Алайда келісім логты сақтауды қарастыруы ғажап емес.
  • Егер сіз өзіңіздің жасырын түрде отырғаныңызға алаңдасаңыз, сізге арналғаны – ең жақсысы кеңсесі жоқ VPN-сервис. Егер кеңсесі болса, онда келіп, ресми сұраным жолдауға болатын орын бар. Яғни компанияның тіркелгені немесе кеңсесі бар екені VPN-сервисінің жасырын еместігін көрсетеді.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как правильно выбрать VPN и опасно ли им пользоваться?

VPN таңдағанда нені ескеру керек?

Өзіңіздің операциялық жүйеңіздің VPN-сервиске кіре алатынына көз жеткізу керек. Мәселен, Windows, Mac OS, Linux, iOS, Android пен Windows Phone VPN-желілерге кіре алады. Кез-келген VPN-сервисте қандай операциялық жүйемен кіруге болатыны турады ақпарат болады.

Ақылы және ақысыз VPN-сервистер бар. Тегіндерінде интернет-трафигінің жылдамдығы төмендігі, желіден жиі ажыратылу, жұмыс уақытына шектеу қою, хакерлік және вирустық шабуылдарға ұшырау сынды кедергілер жиі кездеседі. Сонымен қатар олардың сапалы түрлері де бар, бұл ретте кез келген жағдайда сервистердің қайсысының болмасын әрбір компонентте ақсайтын тұсы барын ескеру керек. Тегін VPN-ге тән бағы бір минус: жүгенсіз компаниялардың желіні қолданушылардың жеке мәліметтерін сату қаупі басымырақ.

VPN қауіпсіз бе?

VPN-ді қолдану төмендегідей қауіп-қатерлерге әкелуі мүмкін:

  • Бірде бір VPN-сервис пайдаланушыны 100 пайыздық қауіпсіздікпен қамтамасыз ете алмайды. Кейбір сервистерді алаяқтар жеке мәліметтерді жинауға пайдаланып, банк шоттарынан ақша ұрлануға немесе басқа да кибер-қылмыстарға әкеп соғуы мүмкін. Тіпті Google Play немесе AppStore ұсынған кейбір сервистердің өзі қауіпті болуы ықтимал.
  • Кейбір сервистерде жүктеу кезінде телефон мен компьютерге орнатылатын шпиондық бағдарламалары бар. Осындай бағдарламалар пайдаланушының жеке мәліметтерін ұрлауға (құпия сөздерін, банк карталарын, жеке жазбаларын және т.б.) лайықталып жасалған.
  • Пайдаланушының мәліметтері жарнама берушілерге сатылуы мүмкін, бұл кейін жарнама жолдай беретіндердің мазаңызды алуына әкеледі.
  • Ақылы VPN-сервисті сатып ала отырып, сіз өзіңізге қатысты мәліметтердің қауіпсіздігіне көзіңіз жетпеуі мүмкін. Желіде ресми деп көрсетілетін фейк сервистер көп. Сондықтан, сатып алмас бұрын, алатын өнімді мұқият зерделеген жөн. Сізге қызмет ұсынатын компанияның байланыс нөмірлері бар-жоқтығына да назар аударыңыз.

VPN-ді қолдану заңды ма?

Қазақстанда VPN-сервистерді қолдануға заңнамамен тыйым салынбаған.

"Қазіргі таңда елімізде VPN қызметіне тыйым салынбаған. Бұл мәселені менің ойымша қоғам ауыр қабылдайды. VPN-каналдарды жабу біздің таңдаған жолымыз емес", деді "Курсив" басылымына берген сұхбатында Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Р.Әбдіхалықов.

2018 жылы наурызда Қазақстанда сот шешімімен IPVanish аталатын ақылы VPN-сервис бұғатталды. Сол кезде Ақпарат және байланыс министрі Д.Абаев "оның елімізде заңсыз материалдарды таратпау үшін байланыс операторларының техникалық мүмкіндіктерін тексеріп шығуға пайдаланылғанын" айтып ақталды.

"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңның 2 бабының 3 тармағына сәйкес, Мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизмді немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды, сондай-ақ қатыгездікті, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға тыйым салынады.

VPN мен туралы ақпарат таратуы мүмкін бе?

Шетелдік VPN-сервис сұранымдары бойынша Қазақстанның мемлекеттік органдарына ақпарат беруге міндетті емес. VPN-сервис пен мемлекеттік органның немесе Қазақстанның билігі мен VPN-сервис тіркелген елдің билігі арасында қандай ма ынтымақтастық болса оған да таңқалмаңыз. Президент немесе Үкімет тараптармен болмаса компаниялармен халықаралық келісімдерге отыруы мүмкін. IT-технологиялар саласында елімізде әзірге мұндай тәжірибе жоқ.

VPN-ді кім, не үшін бұғаттайды?

VPN-сервистерді как Netflix, Hulu, Amazon, BBC секілді танымал платформалар бұғаттайды. Мәселен IP-мекен-жайымен VPN-ді бұғаттауға болады. Ірі ресурстар мақсатты жарнама жасау үшін және елге байланысты контентті сүзгіден өткізу үшін оларды аңдиды. Осы себептен VPN-провайдерлердің IP-мекен-жайлары бұғатталады.

Ресейде "Ақпарат, ақпараттық технологиялар мен ақпараттарды қорғау туралы" заң VPN-сервистердің иелерінің міндеттемелерін айқындап берген. Оның ішінде, олар ел аумағында тыйым салынған ресурстарға кіруге қолжетімділікті шектеуі керек. 2019 жылы наурызда Ресей билігі ондаған VPN-сервистен Telegram мессенджеріне кіруге мүмкіндік бермеуді талап етті. Кейбір сервистер қара тізімге енді. Ресей билігі маусымда тағы 9 ірі сервисті бұғаттады.

VPN-мен күрес тиімді емес: провайдерге бұғаттаудан айналып өту үшін IP-мекен-жайын ауыстыру жеткілікті. Анонимайзерлер мен VPN қызметтердің көптігі сонша, барлық ресурстарды бұғаттау мүмкін емес. Сонымен қатар, жалға алынған шетелдік сайтта жеке VPN ашуға болады. Бұл жақын уақытта келешегі бар бағыт болуы әбден мүмкін.

VPN-нің баламасы бар ма?

Интернетті бұғаттаудан айналып өтудің тағы екі тәсілі бар. Бұл анонимайзерлер мен прокси-серверлер.

Анонимайзер – пайдаланушының IP-мекен-жайын жасыра отырып, жекелеген бұғатталған ресурсты ашатын сайт. Анонимайзердің мекен-жай жазатын тұсына қажетті ресурсқа өтетін сілтемені жазу жеткілікті, одан соң оған кіре бересіз. Көбіне анонимайзерлер қарапайым тапсырмаларды орындауға, оның ішінде бұғатталған ресурстарға кіру үшін қолданылады. Алайда оның айтарлықтай минусы да бар: құпиялыққа кепілдемесі жоқ және компьютер не смартфонға вирус жұқтыру қаупі жоғары. Яғни анонимайзер VPN-нан гөрі қолдануға барынша қауіпті саналады.

Прокси-сервер – IP-мекен-жайларын жасыратын пайдалушыларға желіні қолданушылар мен мақсатты серверлер арасында делдалдық қызметті атқарады. Прокси-сервер. Құрылымы бойынша VPN-ге қатты ұқсайды. Алайда, оның VPN-нен басты айырмашылығы, прокси-сервер пайдаланушының трафигін шифрламайды. Сондықтан барлық хабарламалар ашық қалады. Дұрыс құралдар мен білігін пайдалана отырып, хакерлер хабарламаларды аңди алады. Сондай-ақ прокси-серверлер қысқа уақыт тұрақты жұмыс істейді. Бұл оның тиімсіздігін көрсетеді.

Интернетті бұғаттаудың техникалық құралдары мен әдістері бір орында тұрмайды. VPN-сервистер дамыған сайын ресуртарды бұғаттау технологиялары да жақсара түсетіні хақ.

Мақаланы дайындауда көмектескені үшін жобалар мен IT-шешімдерді басқарушы Татьяна Кудрявцеваға және IT-маманы Константин Горожанкинге алғыс білдіреміз.

Авторы Данияр Айсаров.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары