Шілдеде Қазақстанда көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" деп аталатын жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында баспана сатып алуға несие бар болғаны жылдық 2%-бен беріледі. Бағдарлама операторы – Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі.
Сарапшылардың бірі бағдарламаны сәтті жоба десе, кейбірі тиімділігіне күдікпен қарап отыр. Informburo.kz үміткерлерге қандай талаптар қойылатыны, жеңілдікпен несие алуға ниеттілерге қандай құжат жинау керектігі және қарызды қанша жыл төлеу қажеттігі туралы зерттеп көрді.

№1. Жылдық 2 пайыз жеңілдетілген несиемен кім үй ала алады?

Тек қана төмендегі санаттағы әкімдікте кезекте тұрғандар:
  • Көпбалалы отбасылар;
  • Толық емес отбасылар;
  • Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазір кезекте 496 015 адам тұр. Оның ішінде төмендегілер жеңілдікпен берілетін ипотекамен үй ала алады:
  • Көпбалалы отбасылар – 31 725;
  • Толық емес отбасылар – 106 149;
  • Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар – 19 281.
"Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша жылына 6 мың жеңілдетілген несие беру жоспары бар.
– Қазір банктің алдында үлкен маңызды жауапкершілік тұр – көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасыларды біреудің суық жалдамалы пәтерінен өз баспаналарына көшіруге көмектесу. Бағдарламаны 8 жыл жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оған 400 млрд теңге керек. Қазірге дейін 2019, 2020, 2021 жылдарға 50 млрд теңгеден барлығы 150 млрд теңге бекітілді, – деді банктің қоғамдық кеңесінің отырысында Л.Ибрагимова.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

№2. Отбасының табысы қандай болуы керек?

Қағидаға сәйкес "Бақытты отбасы" бағдарламағасымен үй алатын отбасындағы бір адамның соңғы 6 айдағы ай сайынғы табысы 42 500 теңгеден аспауы керек, яғни, отбасында 6 адам болса, жалпы табысы 255 000 теңгеден көп болмауы керек.
Балалардың жәрдемақысы отбасының кіріс көзіне есептелмейді, зейнетақылар тек отбасының басқа да еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістері болса есепке алынады.
Егер әлеуетті қарыз алушының басқа банктерде қарыздары болса, бұл оның төлемге қабілеттілігінің бағасына әсер етуі мүмкін. Ол отбасының әрбір ересек мүшесіне 5 АЕК көлемінде шығынға жинақталып есептеледі және басқа несиелер бойынша ай сайынғы қарыз төлемімен есептеледі.
Мәселен, 6 млн тұратын пәтердің ай сайынғы төлемі – 31 600 теңге. Ал, отбасының басқа банктен алған несиесі болса және ол бойынша ай сайын 20 000 теңгеден төлейді делік. Төлем қабілеттілгін растау үшін кем дегенде 76 850 тенге = 31 600 (жеңілдетілген несие бойынша ай сайынғы төлем) теңге табысы болуы керек + 20 000 (басқа несие бойынша ай сайынғы төлемге) + 12 625 (әрбір ересек адамға – анасына 5 АЕК) + 12 625 (екінші ересек адамға – әкесіне 5 АЕК) .
8 жылдан кейін несие бойынша пайыздық мөлшерлеме төмендейді. Мәселен, 9 млн тұратын пәтерге алғашқы 8 жылда ай сайын – 47 400 теңгеден, қалған 11 жылда айына – 31 760 теңгеден төлеу керек болады.

Қарыз сомасы

15 млн

12 млн

9 млн

6 млн

Қажетті табыс

2 ересек адамды есептегенде

104 250

88 450

72 650

56 850

1 ересек адамды есептегенде

91 625

75 825

60 025

44 225

Алғашқы 8 жылдағы төлем

79 000

63 200

47 400

31 600

Қалған 11 жылдағы төлем

57 482

44 621

31 760

18 896

– Бағдарламаны жасағанда біз жеңілдетілген несие бойынша төлемді қазіргі жалға алатын пәтер сомасымен теңестіруді міндет қылдық. Бұл бағдарламаға қатысуға сеп болады. Бұдан бөлек, халықтың ипотеканың баяғы белгіленген сомасын төлеп шаршайтын психологиялық ахуалын да ескердік. Содан кейін бағдарлама барысында 8 жылдан кейін төлемді азайтуды қарастырдық, – дейді Л.Ибрагимова.

Оқи отырыңыз: "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен" ипотека: баспана сатып алу үшін қанша қаражат жинау керек?

№3. Жеңілдікпен несие алу үшін қайда жүгіну керек?

Ол үшін жеңілдігі бар санаттағы отбасылар жергілікті әкімдікте кезекте тұруы тиіс. Бағдарламаға қатысушыларға төмендегі талаптар қойылады:
  • ҚР азаматы болуы тиіс;
  • Өтініш берген кезде өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің меншігінде баспана болмауы керек;
  • Отбасының әр мүшесіне шаққанда соңғы алты айда айлық табысы 42 500 теңгеден аспауы тиіс;
  • Отбасы статусын растайтын тұрғын үй басқармасының жолдамасын алу;
  • Неке бұзылғаннан кезден бастап 3 жыл мерзім өтуі керек (толық емес отбасыларға өтірік ажырасу жағдайларын болғызбау үшін);
  • Еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түскен отбасының жиынтықталған табысының болуы;
  • Төлем қабілеттілігін растау.
"Ең маңызды кезең – бұл қатысушылардың несиеге өтінім беру үшін жергілікті әкімдіктің жолдамасымен келу керектігін айту керек. Бұл құжат бағдарламаға қатысушының оған қатысу үшін қажетті санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғанын растайды, – дейді Л.Ибрагимова.
Банкке төмендегі құжаттарды әкелу керек:
  • Әкімдіктен жолдама;
  • Жеке куәлік – өзінің және жолдасының (жұбайының);
  • Неке туралы куәлік, неке бұзғаны туралы құжат, қайтыс болғаны туралы анықтама;
  • Балалардың туу туралы куәліктері;
  • Мекен-жай анықтамасы;
  • Несие тарихы туралы есеп;
  • Соңғы 6 және/немесе 12 айдағы табысы туралы жұмыс беруші берген анықтама, кәсіпкерлік қызметінен соғы екі жылдықтағы табысы туралы декларация;
  • Соңғы 6 немесе 12 айдағы зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме (өзіне және жұбайы/жолдасына).
Төлем қабілеттілігін есептегеннен кейін бағдарлама қатысушысына берілетін қарыз сомасын көрсетумен несие берілетіні туралы хабарлама беріледі.
Қатысушыға үй іздеуге 3 ай мерзім береді. Одан кейін жылжымайтын мүлікті бағалау жұмыстарын жүргізу керек және оны құжаттардың көшірмесімен банкке тапсыру қажет.

Оқи отырыңыз: Ипотека төлеушілер үшін салық жеңілдігі қандай?

№4. Жылдық 2 пайыз несиемен қандай пәтер сатып алуға болады?

Пәтерді бастапқы (соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың несиелік баспанасын да), сонымен бірге екінші нарықтан да сатып алуға болады. Бұған қоса жер үй де сатып алуға мүмкіндік бар.
Сатып алатын үй "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің" кепілдік талаптарына сәйкес келуі керек:
  • Мүліктің пайдалануға берілген мерзімі 50 жылдан аспау тиіс;
  • Бетон, кірпіш, тастан қаланған үйдің пайдалану мерзімі 60 жылдан аспауы тиіс;
  • Саман тастан/өңделмеген кірпіштен салынған үйдің пайдаланылған мерзімі 25 жылдан аспауы тиіс;
  • Ағаштан (діңгек, шеген, бөрене) тұрғызылған үйдің пайдаланылған мерзімі 30 жылдан аспауы тиіс.
Маңызды жағдай – үйді сатып алуға несиені басқа қаладан ала алмайсыз. Жеңілдетілген қарыз кезекте тұрғандарға есепке тұрған жерінде беріледі.. Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтауда бағдарламамен алынатын баспана құны 15 миллионнан, қалған өңірлерде 10 миллионнан аспауы керек. Несие 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі
Жеңілдетілген несиені алу үшін салымшының шотында тұрғын үй бағасының 10 пайызы болуы тиіс. Бағдарламаға қатысушылар жергілікті әкімдіктерден 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификатын ала алады.
– Егер отбасы 1 млн теңгенің сертификатын алса, оған 15 млн теңгенің үйін алу үшін тағы да бастапқы жарнаға 500 мың табу керек болады. Егр олар тұрғын үй сертификатымен 8 млн теңгенің үйін тауып алса, оның бастапқы жарнасы 10 пайыз емес, 12 пайыз болады, – деп түсіндірді Л.Ибрагимова.

№5. Қандай жағдайда өтінімді мақұлдаудан бас тартуы мүмкін?

Төлем қабілеттілігін тексеру мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды. Төмендегі жағдайларда банк жеңілдікен несие беруден бас тартуы мүмкін:
  • Мұқтаж ретінде тұрғын үй кезегіне тұрғаны туралы әкімдіктің анықтамасы болмаса;
  • Таңдалған пәтер банктің кепілдік талаптарына сәйкес келмесе;
  • Бастапқы жарна болмаса (пәтер бағасының 10 пайызы);
  • Төленбеген несиесі болса немесе несие тарихы онша емес болса;
  • Төлем қабілеттілігі расталмаса және/немесе кепілзаты болмаса;
  • Меншігінде басқа баспанасы болса;
  • Толық емес отбасылар үшін неке бұзылған мерзім 3 жылға жетпесе;
  • Әрбір отбасы мүшесіне шаққанда отбасының кірісі 42 500 теңгеден асатын болса.

Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?

№6. Қандай отбасыларға бастапқы жарна сертификаты беріледі?

Мұндай санатқа жататын азаматтардың тізімін мәслихат бекітеді.
Тұрғын үй сертификатын тек бастапқы нарықтағы пәтерді сатып алуға береді.
Барлық құжаттар жинақталғаннан кейін, олардың бекітілген санат тізіміне сәйкестігі расталғаннан кейін әлеуетті қарыз алушылар сертификат үшін жергілікті әкімдікке жүгіне алады.
Әкімдіктер жергілікті бюджеттің мүмкіндігін есепке алып, қарыз алушылардың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға көмектесетін 1 млн теңгенің сертификаттарын береді.

Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға айына 6,5 мың теңгенің үйлері беріле бастайды. Заңға қол қою ғана қалды

№7. Несиені рәсімдеу тәртіптері қандай?

"Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен" жеңілдетілген несиені рәсімдеу процедурасы 9 қадамнан тұрады:
  1. Әкімдіктен жолдама алу;
  2. Төлемқабілеттілігін растау үшін банкке құжаттарды тапсыру;
  3. Бағдарламаға қатысу мүмкіндігін алу, пәтер табу (іздеуге 3 ай беріледі);
  4. Тұрғын үй құжаттарын банкке қарауға тапсыру, пәтерді немесе үйді сатып алуды банктің мақұлдағаны туралы хабарламаны күту;
  5. Тұрғын үй сертификатын алу үшін әкімдікке жүгіну;
  6. Банктің шотына бастапқы жарнаны салу;
  7. Сатып алу-сату келісім-шартына қол қою;
  8. Кепілдеме келісім-шартын жасау және Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тіркеуден өту;
  9. Қарызды алып, пәтерді сатушымен есеп айырысу.

Оқи отырыңыз: Көпбалалы отбасыларға 1 мамырдан бастап пәтер беріле бастайды. Оны қалай алуға болады?

№8. Несиелер қайтарылмаса не болады?

Л.Ибрагимованың айтуынша, бағдарламаға ең төменгі жалақы алатын болса да жұмыс істейтіндер және кереғар көңіл күймен емес, өзінің баспана жағдайын жақсартуға қандай да бір әрекет жасауға талпынғандар қатыстырылады.
– Мен мұндай адамдарға сенемін. Олар – біз секілді қоғамның сыйлы мүшелері. Тек қана олардың өмірлерінде әлеуметтік баспалдақтар аз болған, басқа да жағдайлардың әсері болуы мүмкін. Мұндай азаматтардың ие болған бірінші баспанасы олардың қоғамға кірпіш боп қалануына мүмкіндік береді, – деді банк басшысы.
Авторы Жадыра Жұлмұхаметова, Наталья Батрақова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.