Тікелей эфир

Көп балалы отбасыларға айына 6,5 мың теңгенің үйлері беріле бастайды. Заңға қол қою ғана қалды

Сурет factum.kz сайтынан алынды
Сурет factum.kz сайтынан алынды
Қазір кезекте тұрған 31 725 көп балалы отбасы үшін енді жеке баспана кезегі жасалады. Оларға биылдан бастап шаршы метрі 115 теңгелік арендалық үй беріледі.

Аналардың жан айқайы билікке жеткен тәрізді

Атаулы әлеуметтік көмек дауы мен баспана мәселесін айтып, бірнеше қалада бас көтерген көп балалы отбасылардың өтініші жерде қалған жоқ.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бір топ депутаттың бастамасымен дайындалған жаңа заң қаралды. Онда көп балалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқынсыз тездетіп, жеке кезекпен арендалық үй беру көзделген.

Бірден айтайық, сатып алу құқығынсыз арендалық үй дегеніміз – ешқашан сіздің меншігіңізге өтпейтін, бірақ, балаларыңыз неше жасқа толса да, өзіңіз үй сатып алғанша тұра беретін баспана.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Заңның мазмұнын рет-ретімен түсіндірсек

Құрметті көп балалы отбасылар мен батыр аналар және жастар!

Атаулы әлеуметтік көмек мәселесіндегідей алып-қашпа әңгімелерге жол бермеу үшін бұл материалымызда сіздерге Мәжілісте қойылған маңызды сұрақтардың жауабы мен оқылған заңды толық түсіндіріп отырмыз. Бұл – сатып алу құқығынсыз арендалық үй беруді ғана көздейтін заң, яғни, кезекте тұрған жеріңіз (ауыл, аудан, қала әкімдігі – авт.) осы заң қабылданғаннан кейін басқа кезекке ауыстырып, отбасыңызға бір шаршы метрінің бір айлық бағасы 115 теңге тұратын арендалық үй беруге міндетті.

Кез келген мекемеге барғанда осы материалды негізге ала отырып, талаптарыңыз бен сұрақтарыңызды қоя аласыздар.

Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға үй беріле бастады. Жалдамалы үйлер мен 2% несиені алу үшін қойылатын талаптар

Көп балалы отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаражат бөлінетін болды. Осының арқасында жылына кемінде алты мың пәтер тапсырылады.

Заң қашан күшіне енеді?

Бұқаралық ақпарат құралдарынан осы заң туралы оқи сала, әкімдік табалдырығын тоздыруға асықпаңыздар. Өйткені, құжат қазір дайындалып жатыр. Ананың баласына пісіретін тәтті тамағымен салыстырсақ, қазір сіз қазанға тамақтың майын құйып, етін енді салдыңыз деуге болады. Піскенін күту керек.

Заңды Мәжіліс депутаттары толықтай қолдап, Сенатқа жіберді. Заң Сенатта қаралып, қабылданған соң, Президентке жіберіледі. Президент қол қойған соң барып, ол ресми жарияланған күнінен бастап, күшіне енеді. Міне, сол күннен бастап арендалық үй алу қамына кіріссеңіз болады.

Оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. 2019 жылы жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?

Сонымен, Заң не дейді?

Заңның толық атын жаттап та жазып та алыңыздар. Парламент Мәжілісінің бүгінгі отырысында қаралған заң "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. Заңды депутат Шавхат Өтемісов таныстырды.


Депутат Шавхат Өтемісов

Депутат Шавхат Өтемісов / Сурет мәжілістің ресми сайтынан алынды


– ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының XVIII сьезі мен "Жастар жылының" ашылу рәсімінде көп балалы отбасы мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырма берген болатын.

Сіздерге ұсынып отырған парламент депутаттарының бір тобының бастамасымен әзірленген заң жобасы аталған тапсырманы іске асырудың және жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешудің заңнамалық негізін қалыптастыруға бағытталған, – деді Шавхат Өтемісов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, тұрғын үй кезегі және әлеуметтік көмектер туралы

Заң мына актілерге түзетулер енгізуді көздейді:

  1. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға;
  2. "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" заңға;
  3. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" заңына.

Заң көп балалы отбасылар мен жастарға қандай мүмкіндік бермек?

  • Бірінші. Көп балалы отбасы ұғымын"Неке, ерлі зайыптылық және отбасы туралы" кодексіне сәйкес келтіру. Бұл заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды.
  • Екінші. Сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үй ұғымын енгізу. Бұл – табысы төмен халықтың әлеуметтік осал тұсына арналған сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді.
  • Үшінші. Алтын алқа, Күміс алқа алқаларымен наградталған немесе Батыр ана, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі ана даңқы атағын алған көп балалы аналар және көп балалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу. Қазіргі уақытта кезекте тұрған көп балалы отбасылардың саны – 31 725.
  • Төртінші. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің шегінде сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үйді және оның көлемін айқындау. Бұл норма көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге қаражатты тікелей және мақсатты жұмсауға негіз береді.
  • Бесінші. "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында 2019-2025 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін кемінде бір мың үйді жылда салу жоспарда.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?

Жалға үй алғандар айына неше теңге пәтерақы төлейді?

Бұл сұраққа Индустрия және инфрақұрылымдық дамудың бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жауап берді.

"Сатып алу құқығынсыз берілген арендалық үйде көп балалы отбасылардың мүшелері ғана, яғни, әке-шешесі мен балалар ғана тіркеуде тұрып, өмір сүруі тиіс. Басқа туысқандары, бөтен адамдар тұра алмайды. Балалары 18 жасқа толып кетіп, олар көп балалы отбасы статусынан айырылса да, олардан ешкім үйді тартып алмайды.

Бұл – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үй болғандықтан, өздері жеке үй алғанша тұра береді. Ал, бағасы – Қазақстан бойынша шаршы метрі 115 теңге, яғни, 60 шаршы метр үй алса, айына 6500 теңге шамасындағы ақысын төлейді. Ауыл мен қала екенін ескергенде, 115 теңге азаюы мүмкін. Жылына алты мың отбасыға биылдан бастап осы бағада арендалық үйді бере бастаймыз".

Жылына 2% ипотека қашан беріле бастайды?

Депутат Бақытбек Смағұл "Көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту үшін Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй қарызын берудің жеңілдік тетігін әзірлеуді де тапсырды. Осыған байланысты жылдық екі пайызбен баспана қарызын алудың қандай шарты көзделген? Сонымен көпбалалы отбасылар үшін жеңілдікті тұрғын үй қарызын беру қашан басталады" деп сұрады Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшылығынан.


2% несие толық емес, табысы аз көп балалы отбасыларға беріледі

2% несие толық емес, табысы аз көп балалы отбасыларға беріледі / Сурет ашық дереккөздерден


Бұл сұраққа "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова жауап берді.

– Қазір бұл мәселе экономикалық сараптамадан өтіп жатыр. Содан кейін қайтадан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығына енгіземіз. Ұлттық экономика министрлігі мақұлдағаннан кейін, барлық тиісті құжаттарды рәсімдейміз.

Екі пайыздық несиеге баспана алу үшін әкімдікте тізімде тұрғандар арасынан көпбалалы аналарға және де мүгедек балалары бар отбасыларға Тұрғын үй қүрылыс жинақ банкіне жолдама береді. Бұл жолдама оларға біздің банктен несие алу мүмкіндігін береді. Біздің ойымызша, мамыр айының аяғына таман несие беруді бастаймыз.

Осындай жеңіл ипотека мамырдан бастап берілетініне күмәнмен қараған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин "Осы жылдың мамыры ма?" деп қайыра сұрады.

– Ия, осы жылғы мамырдың аяғына таман, – деп нақтылады Жұбаниязова.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеңіл ипотека толық емес, мүмкіндігі шектеулі балалары бар, табысы аз көп балалы отбасыларға берілсін деген.

Ауылдағы көп балалы отбасылар үшін типтік үйлердің жобасы дайын

Заң Қазақстандағы көп балалы, яғни, ауылдағы да, қаладағы да көп балалы отбасыларды қамтуға бағытталған, яғни, ауыл адамдары үшін де жалға үй беріледі.

– Ауылды жерлерде салынатын үйлердің типтік жобаларын жасап қойдық, әкімшіліктерге бердік. Сол себептен өздері таңдап алады. Ауылдарда жер үйлер салынады, – деді Өскенбаев.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары