Тікелей эфир

Көпбалалы отбасыларға 1 мамырдан бастап пәтер беріле бастайды. Оны қалай алуға болады?

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығынан алынды
ҚР Үкіметінің баспасөз орталығынан алынды
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы көпбалалы отбасыларға берілетін баспананың тәртібі енгізілді. 2 пайыздық несиемен үйді алу үшін қандай талаптар бар?

Бүгін премьер-министр Асқар Мамин бес өңірде тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны төмендегенін айтты. Олар:

  • Астана қаласы – 35,2 пайыз,
  • Павлодар – 52,3 пайыз;
  • ШҚО – 47 пайыз;
  • БҚО – 40,6 пайыз;
  • Ақмола облысы – 5,2 пайыз.

Павлодар облысында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша үй алу 40 пайызға азайған. Неге?

Премьер-министр Асқар Мамин Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтан сол өңірде "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша үй алу неліктен азайғанын сұрады. Ол ауа-райының қолайсыздығына байланысты, боранның жиі болғанымен түсіндіруге тырысты. Наурыз айынан бастап ауа-райы жылынып, құрылыс қайтадан қолға алына бастапты.


2018 жылы тұрғын үй құрылысына 1,2 трлн теңге инвестиция салынған

2018 жылы тұрғын үй құрылысына 1,2 трлн теңге инвестиция салынған / primeminister.kz сайтынан алынды


1 мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға пәтер беріле бастайды

Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек әдеттегідей бір ай ішінде көпбалалы отбасыларға үй бере бастайтынын айтты. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдарды аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар Түркістан қаласында жүріп жатқан құрылыс туралы Өмірзақ Естайұлымен ақылдасқанын жеткізді.

Инвестициялар және даму министрі Роман Склярдың сөзі бойынша сәуір айында көпбалалы отбасыларға берілетін пәтердің бюджеті нақты шешіледі. Жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. Яғни, 7 жылда 350 млрд теңгеге 40 мыңнан астам пәтер беріледі.

28,1 мың көпбалалы отбасы пәтер алғысы келеді. Сол үшін әкімдікте кезекте тұр

Қазіргі таңда Республика бойынша 280 мыңға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасы кезекте тұр. Олардың ішінде 61 мың жетім, 104,2 мың толық емес, 28,1 мың көпбалалы отбасы бар. Сонда 28,1 мың көпбалалы отбасыға пәтерді қалай беру керектігін жан-жақты шешіп жатыр. Оның 4832-і Түркістан облысында тұрады. Барлығына 5 жыл ішінде пәтер беріледі.

Көпбалалы отбасыларға берілетін баспанаға әр өңірге лимит бекітіліпті. Оның сомасы аймақтағы әкімдіктерде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың санына байланысты. Мәселен, СҚО 342 отбасыға 700 млн теңге беріледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы 2 пайыздық ипотека: көпбалалы отбасының табысы 56-100 мың болуы тиіс

Атаулы әлеуметтік көмекті алатындарға бірінші деңгейлі үйлер ғана қарастырылады

Көп балалы отбасыларға пәтер берілу үшін 50 млрд теңге бөлінеді. Оның 25 млрд теңгесі дайын пәтерлерді сатып алуға жұмсалса, қалғаны салынатын құрылыс жобаларына жаратылады. Астана қаласы үшін 5 млрд теңге бөлініп отыр. Инвестициялар және даму министрі Роман Склярдың айтуынша, пәтерлердің қайда салынатынын қала әкімдігі шешеді.

– Көпбалалы отбасылардың жағдайын жан-жақты зерттедік. Оларға пәтер берілу үшін жыл сайын 100 млрд теңге бөлінеді. Атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылар жалдамалы тұрғын үйде тұра алады. Олар осындай үйде тұрған уақытта пәтер салына бастайды. Өйткені, олардың отбасылық табысы өте аз. Міне, соларға бірінші деңгейлі пәтер беріледі, – деді "Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.


Көпбалалы отбасыларға баспана кезегі бөлек болады

Ләззат Ибрагимова көпбалалы отбасыларға баспана кезегі бөлек болатынын айтты/ ҚР Үкіметінің баспасөз орталығынан алынды


Оқи отырыңыз:

Көпбалалы аналарға 21 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті сонымен кімдер алады?

Отбасындағы жан басына шаққандағы табыс 42 мың 500 теңге болуы керек

– Банк ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға емес, төлем қабілеті бар көпбалалы отбасылардың пәтер мәселесін қарастырады. Мысалы, отбасында төрт баласы, әке-шешесі бар делік. Ата-анасының табысы 96 мың теңге болса, біздің бағдарламадан өтеді. Егер жалақысы өте жоғары болса, қатыса алмайды. Оларға 2 пайыздық несиемен тұрғын үй беріледі.

Ең бірінші салатын салымы – 10 пайыз. Мұндай қаржысы жоқ отбасыларға әкімдіктер алғаш рет тұрғын-үй сертификатын береді. Сол құжатты алып келсе ғана, олардың мәселесін қарастырамыз, – деді ол.

Ал Инвестициялар және даму министрі Роман Скляр Астана қаласында 100 тұрғын-үй сертификаты берілгенін айта кетті. 2019 жылы екі мың астаналық 1 млн теңгеден сертификат ала алады. Сомасына келер болсақ, Роман Скляр барлығы әр өңірдің бюджетіне байланысты екенін шегелеп тұрып, қайталап түсіндірді. Біреуі бір сертификатқа 500 мың теңге берсе, енді бірі 1 млн теңге ұсына алады. 2 пайыздық несие көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасыларға арналған.


аыа

"Жеті жыл ішінде 40 мың көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі", – деді Роман Скляр / ҚР Үкіметінің баспасөз орталығынан алынды


Он жыл ішінде 42 мың теңгеден төлесе, одан кейін он жылда 27 мың теңгеден төлейтін болады

– Қазір олар пәтерлерді, времянкаларды жалдап отыр. Ай сайын төлеп отырған ақшаларын ескере отырып, осындай шешім қабылдадық. Біздің бағдарламаға бірінші, екінші деңгейлі тұрғын үйлерді ала алады. Мейлі қала, ауыл, елдімекеннен болсын. Мысалы, Астана қаласының маңындағы Қосшы, Қараөткел (Ильинка), Жібек жолы (Александровка), Талапкерден де үй алуларына болады, – деді "Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы.

"Өзге біреудің үйін жалдап отырғанша, өз үйіңде тұрған жақсы емес пе?"

"Көпбалалы отбасыларға екі бөлмелі пәтер аздық етпей ме?" деген informburo.kz тілшісінің сұрағына Ләззат Ибрагимова ең бастысы баспаналы болу жағы ескерілетінін айтты.

– Барлығы бес, алты бөлмелі пәтерді алады деп уәде бере алмаймыз. Пәтер саны отбасының кірісіне байланысты. Оған шектеу жоқ. Бірақ, өзіңнің кішкентай болса да лашығың болғаны жақсы емес пе? – деді ол.

Үйдің бағасы 8,4 млн теңгеден жоғары болмайды

– Әкімдіктер пәтер берілуі керек жобаларды жинақтап жатыр. Орташа айтқанда – 60 шаршы метр. Бір адамға заңнамаға сәйкес 15 шаршы метр болуы керек. Сатып алынатын, салынатын үйлердің бағасы – 8,4 млн теңгеден жоғары болмауы керек, – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төраға орынбасары Бақытжан Қашақов.


"Жеті жыл ішінде 40 мың көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі", - деді Роман Скляр

"Осы жылға берілетін 6 мың пәтердің жобаларын нақтылап жатырмыз", – дейді Бақытжан Қошақов/ ҚР Үкіметінің баспасөз орталығынан алынды


"Тәуелсіз бағалаушысыз үй бермейміз"

– Көпбалалы отбасылар пәтерді өздері таңдайды. Сабаннан соғылған үй болмауы керек. Міндетті түрде тапқан үйлерін тәуелсіз бағалаушыларға бағалатулары керек. Көпбалалы отбасыларға несие арқылы баспана алу үшін ешқандай кепілдік қажет емес, – деп нық айтты Ләззат Ибрагимова.

Үйі жоқтың көңілінде алтын сарай жүретіні анық. Аяғың сыртқа шығып жатса да, өз лашығыңның болғаны қандай жақсы! Жиренше шешен айтпақшы, "Қайран менің өз үйім – кең сарайдай боз үйім" дейтін күнге жете берейік! Әрбір қазақ баспаналы болсын!

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары