Осыдан 32 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогі жарылды. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз отан алдындағы борыштарын атқарды. Алайда АЭС сепкен ажал уынан құтыла алмады.
Апат зардабын жоюға нақты қанша қазақстандықтың қатысқаны әлі белгісіз
ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінде Чернобыль апатына арналған "Чернобыльдің тірі қалқаны" атты уақыттық көрме ашылды. Оны ашқан Чернобыль ардагері, "Өлі қаланың тірі куәгерлері" т.б. бірнеше кітаптың авторы Марат Жүніс-Бек:
– Апатты залалсыздандыру жұмысына қатысқан 276 әскери бөлімнің бірі – Орта Азиядан жалғыз барған Қазақстандық 27 химиялық қорғау полкі еді.
Тағы бір ескерерлік жағдай, олардың құрамында запастағы әскерилердің, азаматтық саладағы мамандар мен бірге әйелдер мен студенттердің де болғаны туралы дерек бар. Оған басқа ел аумағында әскери міндетін өтеген отандастарымызды қоссақ – апатты залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың ұзын саны 40 мыңға жетуі мүмкін, – дейді.
Бұл туралы Чернобыль ардагері, медицина қызметінің полковнигі, зейнеткер Көпбаев Жақсымбет Бегзатұлы ағамыз:
"Ресей ақпарат құралдарында жазылғандай, апатты залалсыздандыруға 1986-1992 жылдарда қатысқан адамдардың саны 600 мыңнан асқан екен. Олардың ішінде ресми тізімде 31 743 қазақстандық тіркелген".
Ал Чернобыль ардагері Талғат Сүйінбай өз естелігінде "Алматы қаласының әскери комиссариатынан сол кезде 17 600 адам Чернобыль апатының зардаптарын жоюға жіберілген" деп жазыпты.
Қазақстандықтардың басым көбі қазіргі Астанадан аттанған
Талғат Сүйінбай ағамыз сол жылдары Аршалыдағы Вячеславка су қоймасы маңына орналасқан №20040 әскери бөлімнің химиялық қорғаныс әскерінде жауынгерлік қызыметін өтеген. Әскери бөлім алдыңғы лекпен апат өңіріне жіберіліпті.
Үш эшалон жеке-жеке Астанадан, Аршалыдан (бұрынғы Вишневка), Бабатай (Астанадан 20 шақырым) ауылынан жөнетілген.
Бұл туралы, КСРО Қарулы Күштерінің бас штабының 1986 жылы 9 мамырдағы №4/263 бұйрығында жазылған. Оған Химиялық қорғаныс әскерлері полкінің командирі полковник С.Лутфуллаев пен Штаб бастығы Н.Андреев қол қойған.
Орындалмаған құпия бұйрық
КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов қол қойған №045 құпия бұйрықта "...залалсыздандыру жұмыстарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген, екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұмысқа тартылу мерзімі үш айдан аспасын" деп жазылған.
Алайда, апатты залалсыздандыруға жастары жиырмаға толмаған әскерге шақырылғандар да тартылған. Тіптен, екі жыл қатарынан сонда әскери қызметін өтегендер де болыпты.
Мысалы, Ержан Амангелдіұлы 1969 жылы Шығыс Қазақстанда туылған. 1988 жылы Аягөз аудандық Әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. Сол жылы 24 маусымнан бастап апатты аймақтағы Хойники ауданындағы Бавчино селосына орналасқан КСРО Ішкі істер минстрлігінің №3031 әскери бөлімінде 1990 жылдың 11 сәуіріне дейін қызмет еткен.
Әдетте, сарбаздарды екі жылдық мерзімінен бұрын – 730 күннен кем уақытта әскери қызметтен босатпайтын. Ал Ержанды 73 күн ерте жіберген.
Апат туралы Кеңес Одағы құпия ұстады
26 сәуірдегі апатты тек екі күннен кейін ғана "Правда" газеті қатардағы жағдай ретінде көрсетіп, екі-ақ адамның өлгенін жазған-ды. Шын мәнінде бірінші күні-ақ мыңдаған адам қаза болған.
Апат ошағы Киевтен 157 шақырым қашықтықта еді. Соған қарамастан мұнда 1 мамыр мерекесі де аталып өтіпті. Тек келесі күннен бастап апатты аймақтан халықты көшіруді бастаған. Алайда, алдын-ала дайындықтың жоқтығынан, психологиялық көмек көрсетілмегендіктен апатты аймақтарды қамтыған Киевтен миллионнан астам тұрғын өз беттерімен қашып, көшкен.
Тек араға екі аптадан артық уақыт салып, 14 мамырда ғана КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Михаил Горбачев Орталық теледидар арқылы апаттың болғанын ресми жариялады.
Еуропа елдері халықты қорғау шараларын бірінші бастады
Ал бұл кезде Еуропа елдері 30 сәуірден бастап өз халқын қорғау шараларын қолға алған екен.
Мысалы, Австрия үкіметі балаларды бақылаусыз далаға шығаруға шектеме қойған. Швеция Кеңестік елдерден келетін тамақ өнімдерін қабылдауды тоқтатып, ашық су көздерін пайдалануды шектепті. АҚШ студенттері де елдеріне оралыпты.
Украина мен Белоруссияда халықты апаттан құтқару жұмыстары тек 15 мамырда ғана қолға алған. Киевте 15 мамырда оқушыларға демалыс жарияланған.
Өрт кезіндегі шығын
Ядролық реактордың от жалыны 300 метрге дейін көтерілген. Жарылыс кезінде салмағы бір тоннаға жететін темір жабулар мен бетондар аспанға ұшып, атом отынына жалғанған 1661 арна ашық қалған. Одан шыққан атом отыны ауамен араласып, желмен бірге айналаға тараған. Жарылыс кезінде жұмыста 4500 адам болыпты.
Аталған 4 блоктағы өртті өшіруге сегіз күн кеткен. Апаттың алғашқы күні 80 адам қаза болып, зардабынан 2 мыңнан астам адам ауруханада көз жұмған.
Қанша адам зардап шекті немесе мерт болды?
30 шақырымдық апат аймағында 125 мыңға жуық адам болды. Апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небәрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болды. Улы сауле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тараған.
Жалпы, радиоактивті отынның тозаңы 160 мың шақырым аумақты жайылып, 17 миллион халықты улаған. Апатты аймаққа КСРО-ның 11 облысы кірген.
1995 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы есебі бойынша 9 миллион адам зардап шеккен. Оның 4 миллионы –14 жасқа толмаған балалар. Бүгінгі таңда апат зардабынан қаза тапқандардың саны 320 мыңнан асты.
Радиацияның құрамы мен қуаты туралы
Аталған атом отындағы радиоактивті элемент құрамында адам ағзасында рак ауруын тудыратын цезий 143, иод 131 химиялық түзілімдері болған.
Химиялық қорғаныс әскері болған Талғат Сүйінбай ағамыз бұл туралы: " Йод 131-дің жартылай ыдырауы 8 күнге созылады. Сол аралықта желмен ұшқан радиациялық элементтер жолындағы күллі орманды күйдіріп үлгеріпті. Күйген орман Польшаға дейін созылған. Цезий 134-тің жартылай ыдырауы екі жылға созылады. Адамға ажал себетін де – осы" деп жазыпты. Талғат ағамыздың Бейсен Жәркенов, Сағынтай Сұлтанов қатарлы саптастары да осы элементтің зиянынан көз жұмды.
Ал, цезий 137 элементі 17 мен 30 жылдың аралығында жартылай ғана ыдырайды. Стронций 90 болса 28 жыл бойы зиянды сәулесін шашып жатады.
"Аға лейтенаттар – Юрий Дмитриев, Ескендір Есенов деген ғылым кандидаттарымен бірге 159 тәулік әскери қызметте бірге болдық" деп жазады Талғат ағамыз. Қазір Талғат ағамыздан басқасы бақилық болған.
Құпия қастандық
КСРО Гидрометеорология орталығының бас директоры Юрий Израэль "Чернобыль аймағында әскерге берілген дозиметрлердің көрсеткіші төмендетіп қойылған еді..." деп мойындапты 1991 жылы "Известия" газетіне берген сұхбатында. Міне, бұл – беті ашылған құпия қастандық.
Кәріс жігіттің көмегі
Ал Талғат ағамыз қазақ бауырларына көмектескен Виталий Хан атты ақтөбелік кәріс жігіт туралы айтып берді. Мединституттан соң білімін Ленинградта жалғастырып, кейін апат зардабын жоюға тартылған Виталий Хан – Чернобыль маңындағы Кеңес әскерлерінің бас радиологі болған. Өз жерлестеріне – қазақстандықтарға қатты көмектесіп тұрыпты.
– Станса маңында әр сарбаз 10 бэрлік доза алуға болады деген бұйрық болды. Бэр – рентген сәулесінің биологиялық эквиваленті деген сөз. Мәселен, сіз ауруханада мөлшермен 20*30 см көлеміндегі сәуле аласыз. Ол бэрмен өлшенеді. Ал атом-электр стансасының маңы, жері мен суы, ауасындағы радиацияның мөлшері рентгенмен өлшенеді. Яғни сол мөлшерде радиациялық доза алған адам полкке қайтарылады. Әйтпесе, жоғарыда келтірілген Юрий Израэльдің айтқаны – анау.
– Бір күні Хан шақырып алып: "Жауынгерлеріңе сенімді болсаң айт. Әйтпесе, өзің ғана білуге тистісің! Мен сенің солдаттарың дозаны мөлшерінен асырып, көбейтіп жаздырып отырамын" дейді. Міне, соның арқасында аман оралдық.
Әр жылы 26 сәуірде Виталий Хан мырзаны да еске аламыз, – дейді Талғат ағамыз.
Армия генаралы Сағадат Нұрмағамбетов жалғыз ұлын Чернобыльге жіберген
Бұл туралы Марат Жүніс-Бек ағамыз айтып берді. Ол кезде Сағадат ағамыз – Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары. 1986 жылы арнайы Чернобыль апат аймағына барып, жауынгерлерден хал сұрап, апат жағдайымен танысқан екен. Кейін өзінің жалғыз ұлы Талғат Нұрмағамбетовті Чернобыльге аттандырыпты.
Арнайы топта бірге болған 14 адамнан қазір екі адам ғана тірі. Біріншісі – ҚР Қарулы Күштерінің медицина қызыметінің генарал-майоры Талғат Сағадатұлы Нұрмағамбетов, екіншісі – Ресейдің Симферополь қаласында тұратын медицина қызметінің полковнигі Олег Иванович Стеблий.
– Жоқ. Олай етуге арым бармады. Мен бала кезімде жетімдікті, жоқтықты көріп өстім. Бірақ Отан-анаға деген сүйіспеншілігім ерте қалыптасты. Шен тағып, шекпен киген күннен бастап өзімді кез келген уақытта кез келген тапсырманы орындауға дайындадым. Әке ретінде жақсы көргенім рас. Бірақ, ұлымды туған елімнің нағыз патриоты болуға тәрбиеледім. Сондықтан апатты аймаққа елдің балаларын жіберіп жатқанда, өз баламды алып қалуды жөн көрмедім. Жалғыз ұлы туралы сұрағыма: "Офицер Отан сарбазы деген жоғары атаққа лайықты болуы керек емес пе" деп Сағадат Нұрмағамбетов жауап берген еді, – деп Марат Жүніс-Бек еске алады.
Көзге көрінбес жау: 20 секундтық өлім қаупі
Марат Жүніс-Бек ағамыздың айтуынша, апат зардабын жоюшылар көзге көрінбейтін жаумен жағаласқан. Бір мезгілде ауаға тарап үлгерген 140 тонна улы затты заласыздандыру оңай емес.
Зардапты жоюшылардың әр күнгі жұмысы – жарылған 4 блоктағы реактор басында тек 20 секунд қана, "ыстық нүктеде" 20 минут жұмыс жасаулары керек, апат нүктесіне 15-30 шақырымдық аймақтағылар үшін – 2 сағаттан, ал басқалар үшін 4 сағаттан аспауы керек деп бекітіліпті.
Залалсыздандыруға қатысушылар 25 рентген сәуле алыпты
Бұл туралы Чернобыль ардагері Талғат Сүйінбай өз естелігінде:
– Біз баруға дайындалып жатқанда, тозақ отынан құтылғандар қайтуға дайындалып жатыпты. Әрқайсысы 25 рентгеннен сәуле алған. Бұл – соғыс жағдайындағы мөлшер. Ал 50 рентген адам сүйегінің майын қуратып жібереді...
Олар бізге апатты реактордың аймағындағы 3 секундта 1000 рентген беретін нүктелердің құпия картасын аманаттады. Әлі ұмытпаймын, ол нүктелердің лақап аты "Лена", "Сәния", "Катя", "Маша" болып жалғасып кете беретін. Әріптестеріміздің айтуынша "Ленадан" қатты сақтану керек. Сызбаларды мұқият қарап алып, жадымызда сақтаған соң, картаны өртеп жібердік. Артымызға жансыздар мен арнаулы қызмет мүшелері түсті, – деп жазады.
Қазақстандық әскери бөлім 1989 жылы қайтарылды
1986 жылы басталған залалсыздандыру жұмысын Украина тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жалғастырды. Электрдің жетіспеушілігіне байланысты жұмысты бірден тоқтатқан жоқ.
Марат Жүніс-Бек ағамыздың айтуынша апатты залалсыздандыруға барған №20040 әскери бөлім КСРО Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен 1989 жылы Қазақстандағы Теміртауға қайта көшіп келді. 1990 жылы әскери бөлім таратылды.
Алайда, аталған әскери бөлім туралы құжаттар әлі табылмай отыр.
1991 жылы Чернобыльде тағы да өрт болды
1986 жылғы апаттан кейін де Чернобыльдегі атом-электр стансасы жұмысын тоқтатқан жоқ. Сол жылы стансаның 1, 2 блоктары жұмыс істеп тұрды. 1987 жылы 3 блок іске қосылды.Тек 4 блокті толық бекітуге күш салды.
1991 жылы 2 блокта өрт болып, сөндірілген. 1996 жылдан бастап 3 блок қана жұмыс істеп тұрды.
АЭС-да жұмыс істейтіндер үш рет киім алмастырады
Марат Жүніс-Бектің айтуына қарағанда Чернобыль АЭС-ында істейтіндер мен ішкі зона аймағындағы қызметкерлер ішкі зонаға кіргенше үш рет көлік пен киімдерін алмастырып отырған екен. Олар АЭС-тен кемі 50 шақырым алыста тұрған. Таңертең 30 шақырымдық зона ішіне кіретін жерде бір рет киім алмастырады және басқа көлікке ауысады. Зона ішінде тағы бір рет арнайы киім алмастырып, қорғаныс шараларымен қамтылады. Көлікті тағы алмастырады. Соңғы реакторда істейтіндер үшін тәртіп тіптен қатаң болған.
Ішке кіріп шыққанда қатаң түрде киім алмастырады және киген не пайдаланған заттарды тастайды немесе қайталай тазалаудан өткізеді екен.
Іште көбінесе автоматты басқарылатын техникалар пайдаланылған, сыртқа ешқашан шығарылмаған. Жалпы әр күнгі барыс өте үлкен дайындықты қажет еткен.
Чернобыльдегі АЭС ақыры жабылды
2000 жылы 5 маусымда Украина президенті Леонид Кучма Чернобыль Атом Электр Стансасының ресми жабылғанын жариялады. Алайда тоқтатылған реакторлар мен ядролық отындарды бір жайлы ету үшін өте үлкен қаржы мен күш керек екені белгілі.
Чернобыльде де өмір бар
Қазір Чернобыль апатты алаңында түрлі аң көп. Туристер де көптеп барады.
Мұнда әлі балаларын таза аймаққа жіберіп, өздер кетпей қалған қарттар тұрады. Олардың өз өмірі мен шаруашылықтары да бар.
Аз қалған чернобыльдіктерді Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірген
Аталған 32 мыңнан астам қазақстандықтан қазіргі таңда Алматыда үш жүзге жуық, ал жалпы есептегенде небәрі 4,5 мың адам тірі екен. Жер басып жүргендердің де басым бөлігі – түрлі дәрежедегі мүгедектер.
Қазір, Чернобыль ардагерлері де Ұлы отан соғысы ардагерлерімен қатар жеңілдіктерге ие болып, жәрдемақылар алады.
Тіптен, Қазақстанның әр облысында Чернобыль апаты құрбандарына ескерткіш қойылды.
Атом энергетикасының қауіпсіздігі әлемді алаңдатып отыр
Бүгінгі таңда атом энергиясын пайдаланатын елдер көбейіп келеді. Мысалы, Францияда электр энергиясының 80 пайызға жуығы атом энергиясынан алынады.
Сондай-ақ қазірге дейін әлемде 439 атом-электр стансасы бар екен. Жалпы 13 рет үлкен жарылыс болыпты: Англияда – 1, КСРО-да – 1, АҚШ-та – 8, Жапонияда – 1, Швецарияда – 1 рет.
Жарылыстан кейін халық қаланы тастап кетті. Онда неше жүз мыңдаған техникалар мен мыңдаған шақырым алқап бос қалды.
Жалпы жер шары үшін, адамзат баласы үшін ядролық қару қаупі әлі сейілген жоқ. Оны тоқтату үшін де түрлі саяси дипломатиялық шаралар жүріп жатыр. Қазақстан – жойқын атом қаруының зардабын ең көп шеккен және одан өз еркімен бас тартқан ел.
Семей полигонындағы 456 жарылыс – Чернобыльдегідей 119 апатқа тең
Ядролық радиацияның зардабын басынан өткізген және әлі де өткізіп келе жатқан қазақ халқы чернобыльдіктерді жақсы түсінді.
Әлемдегі ең үлкен атом бомбасын сынаған, ядролық сынақ алаңы болған Семейде 456 рет жарылыс болды. Оның қуаты Чернобыльдегідей 119 апатпен тең екен. Алайда, адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізген зияны туралы әлемдік қауымдастық әлі ештеңе білмейді.
Жапониядағы Хиросима мен Нагасакиге тасталған АҚШ-тың атом бомбасынан 90 есе қуатты деп танылған Чернобыль туралы айтқанда Семей мен Аралды, Ақтау мен Сарышаған полигондарын да еске алу керек.