Әрі пайдалы, әрі сәнді ғимарат іздеген жанға "Австрияның астанасы Венаға бар" деп кеңес берер едік. Дунай жағасындағы қалада осы екі қасиетті қатар әйгілеп тұрған ғажайып ғимарат тұр. Қабырғалары өрнекке толы. Алтын түстес күмбезі мен одан төмен тағы алтын түстес сақинасы алыстан мен-мұндалайды. Сыртқы сипаты көркемөнер мұражайына лайық ғимаратты бәлкім, телевизия орталығы шығар дегенбіз. Сөйтсек, бұл – ...қоқыс жағып, одан жылу мен қуат алатын зауыт екен. Біз зауытпен танысып қайтқанбыз.
Қақпасынан соң екі электронды таразы қойылған. Әр автомашина әкелген қоқыс есеп-қисапқа алынады. Осы тұста "қоқыс" ұғымының өзіне шағын анықтама қажет. Венада Еуропаның басқа қалалары сияқты тұрғындар қоқысты жеке-жеке сұрыптап тастайды. Демек, бөлек жәшіктерге түскен мөлдір және түсті шыны, пластик, қағаз бен металл қайта өңдеуге кетеді. Азық-түлік қалдығы – мал азығы мен биоотын шикізаты. Сонда мына зауыттың бар "азығы" – басқа қалдықтар.
Олар да аз емес. Ескі киім-кешек, аяқ киім, сынған ойыншық, тозған төсек-орын, жиһаз. Кейде мұнда мекемелерден, жеке тұрғындардан контейнермен әлі де кәдеге жарауы мүмкін жиһаздар түседі. Оларды бірден жағып жібермей, алдымен аукционға қояды екен. Ондай аукцион айдың белгілі бір күні өткізіледі.
Сонымен зауытқа келіп, қос таразының біріне өлшенген арнайы автомашина енді бункирге тоқтайды. Күн сайын осындай 250 көлік қаланың қоқысынын алып келеді. Олардың қозғалысы таңғы 7-ден басталады.
Автомашина мен бункир қақпақтары бір мезетте қатар ашылып-жабылатындықтан жағымсыз иіс ауаға тарап үлгермейді. Бункирдің аумағы 7 мың текше метр. Ертіп жүрушіміздің айтуынша, олимпиадалық бассейннен үш есе үлкен.
Бункирдегі екі алып қысқыш қоқысты әрі-бері сапырады. Әрбірінің қышқашы 12 текше метр көлемді қамтиды. Бергі жақтағы пульттегі оператор бункир ішін әйнектен де, камерадан да қатар бақылап, бірнеше тетікті кезегімен басып отыр. Бұлай сапыратын сыры – өте үлкен заттар шығып, конверторға барар көмейді бітеп қалмауы керек. Белгілі уақытта екі қысқыш кезекпен сығымдағышқа шеңгелдегі қоқысты тастап тұр. Сығымдалған қоқыс одан әрі конверторда жануға жөнелтіледі.
Аз-кем анықтама: Қоқыс өртеу – құрамында органикалық материалдары бар тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің бір түрі. Ол үшін не арнайы зауыт салынады, не жылу-электр орталықтарында істеледі. Қоқысты өртейтін қондырғы инсинератор аталады. Өртеу арқылы жылу, газ және бу алынып, күл қалады. Инсинератор арқылы жанған қоқыс күлге айналғанда салмағы – 85 пайызға, ал көлемі – 95 пайызға азаймақ.
Конверторда өтетін одан арғысы тек компьютер арқылы қадағаланбақ. Ол жерге де келдік. Небәрі екі-үш техник қоқыстың жану, одан жылу мен электр қуаты бөліну барысын қадағалайды. Үлкенді-кішілі көп экран, жылтылдаған тетіктер. Тура ғарышкерлердің ұшу сапарын басқару орталығы сияқты. Орталықтың жұмсайтын электр қуаты өзінікі.
– Алғаш зауыт іске қосылған сәтте сырттан электр қуатын алдық. Сосын өзіміз сыртқа қуат бере бастадық, – дейді инженер Андреас Радоститс.
Иә, бұлар қаланың ортақ жүйесіне сағат сайын 8 мегаватт қуат қосып отыр. Алынған электрмен Венаның бас ауруханасы бастаған жүздеген ғимаратты қамтамасыз етеді. Бас аурухана – қаладағы ең ауқымды, еңселі ғимараттың бірі. Мына зауыттың мұнарасы сынды алыстан көрініп тұрады.
Сол сияқты газды сырттан жылына бір рет тексеруге тоқтаған соң пешті қайта іске қосарда тұтынады. Одан әрі пеш өздері қалдықтан шығарып алатын газбен жанады.
Бір бөлмеде өрт сөндіру командасы әзір тұр. Отқа жанбайтын киімдерін киіп алған. Түтін ішінде тыныс алатын тұмшалары жанында. Олар мұнда ғана емес, қаланың іргелес аудандарындағы төтенше жағдайға әзір екен.
Зауытта жылына 265 мың тонна қоқыр-соқыр жағылады. Конвертордағы қатты қызу зауытқа келетін суды буға айналдырады. Бу турбинаны айналдырып, одан қуат алынады. Сосын ыстық бу құбыр арқылы 60 мың пәтерді жылытады. Бұл – зауыттың екінші пайдасы.
Қоқысты жаққанда қалған күл мен шөккен тозаңға цемент қосып сапалы шемен жасайды. Мұны үш деңіз. Ол шеменді құрылыс нысандары мен алаңдарының тек астына құяды.
– Күлден жасалған шеменді адамдар тұратын ғимараттарға пайдаланбайды, – деді зауыттың тағы бір инженері Георг Бареш. – Біздің елде одан қоқыс сақтайтын қоймалардың қабырғаларын құяды. Ал Германия мен Швейцарияда оны жолдың астына төсеуге рұқсат етілген.
Күл де кәдеге жарапты. Енді не қалды? Түтін. Ол мұржаға бармас бұрын душтың астынан өтеді. Осы тұста түтіндегі ең қауіпті концерогенді заттар шайылады. Ол – хлор мен фтор және ауыр металдар тозаңы. Бұл қақты арнайы қапқа салып жер астында сақтау үшін Германияға жөнелтеді.
Одан әрі түтін сәнді сақина мен күмбез астына жасырған тағы екі сүзгіден өтеді.
Бір сүзгенде аммиякты тұтып қалып, одан сапалы гипс жасайтынын естігенде арзан көмір жағып, Арқаның жарты аспанын түтінге, жарты даласын күл мен тозаңға көметін біздің жылу-қуат орталықтарымыз ойға оралған. Гипс – зауыттың біз санап отырған төртінші өнімі.
Тағы бір сүзгенде күкірт газы ажыратылады. Осылайша Вена аспанына қаладағы ең таза ауа шығарылады.
Бұрын, 1987 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды буып-түйетін зауыт болып тұрғанда бұл ғимарат өртеніпті. Сосын кәсіпорынды қоқыс жинау емес, оны жағу зауыты ретінде қайта жабдықтау ұйғарылады.
Жаңа ғимараттың іші-сыртын безендіру үшін Хундертвассер деген суретші-сәулетшіні қолқалапты. Ол – Австрия үшін аса беделді тұлға. Жанармай атаулыны жақтырмаған. Қайығына желкен қойып, ашық жеріне күн панельдерін орнатып сонау Жаңа Зеландияға барған. Онда жартысы жерге шөгіп, төбесіне қалың бұта өскен үйді таңдап тұрды. Оның алдында Венада дөңгелек төбесі мен сан қилы балконына ағаш егілген көп қабатты тұрғын үй салғызып, сонда тұрған.
Аз-кем анықтама: Фриденсрайх Хундертвассер атымен танылған австриялық суретшінің шын аты – Фридерик Стовассер. Сурет пен сәулет өнерінен басқа Інжілді өз көзқарасымен қайта жазып жер жүзін шулатқан. Ол кезінде "әлем азаматы" деп танылған. Беріде американдық тележүргізуші Опра Уинфри, АҚШ Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден, АҚШ-тың 44-Президенті Барак Обама, Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин "әлем азаматы" құжатын алған.
Хош, өзіне ұсыныс айтылғанда Хундертвассер "қоқысты жаққан не сұмдық, оны көму керек қой" деп безендіруден бас тартады. Сол тұстағы бургомистер, біздіңше қала әкімі Гельмут Цилька қоқыстан жылу мен қуат алынатыны, ал түтін әлденеше рет тазартылатыны туралы айтып, зорға көндіріпті.
Ақыры Хундертвессердің ең танымал туындысы болып сырты армансыз өрнектелген, мұржасы айшықты күмбезге айналған зауыт қалды. Күніне бірнеше жүздеген турист оның қабырғаларды былай қойғанда дәретханасын қалай безендіргеніне таңдай қағады. Ерлер дәретханасындағы айнаны әлгі шал "осы төртбұрыш дегенді қашан қоясыңдар" деп балғамен бір ұрғаны аңызға айналған. Қазір шеті шытынаған сол айна дөңгелек өрнекті кәсекке салынып, баяғы орнында тұр.
Жалпы, Хундертвассер ғимарат безендірсе терезеге ерекше мән берген. "Үй қабырғалардан емес, терезелерден тұрады" деген ұстанымы болған. Оның да төртбұрышты әрі бір қатарда ретпен тұруын мысқылдаған. Өзінің нақылы: "Көңілің қай тұстан қаласа, сол тұстан терезе шығару керек". Зауыт ғимараты салынған, тек безендіруге келген суретші шынылардың орын өзгерте алмайды. Соның өзінде сыртынан әрқилы көрінетіндей етіп безендірген.
Аспанға бой созған алтын түстес күмбезге сұңқар ұя салыпты. Бұл мұржадан таза ауа шығып жатқанының даусыз дәлелі. Қыран құстардың түтінді жерге жоламайтынын, одан өліп те қалатынын біз – бүркіт баптаған ауылдың баласы, ежелден білетінбіз.
Зауыт қажет суды іргедегі Вена каналынан алады. Жалпы Вена каналының өз тарихы бар. Бұрын қала Дунай дариясының тасуынан қатты зардап шегетін. Сосын Дунайдың қала ішіндегі арнасын түзулеп, сосын қосарласып жататын үлкен канал тартқан. Өзен мен канал Вена телемұнарасынан қарасаңыз, домбыраның қос ішегі сияқты қаланың өн-бойына созылып жатыр. Арасы жасыл бақ. Жасанды ұзын арал нағыз сейіл құратын жерге айналған.
Зауыт қоқысты жаққан кезде су буға айналып, турбинаны айналдырып шыққан соң әрі қарай қаланы жылытуға кетеді. Ал, түтінді жуған және басқа қажеттікке жараған су сосын үш мәрте сүзгіден етеді. "Бізге каналдан келіп жатқанынан гөрі кері шыққан су таза" дейді мамандар. Оның қызығын форель, біз жақта "патша-балық" дейтін, көріп жатса керек. Форелің де қыран құс сияқты, судың тұнығында жүзеді.
Айтпақшы, кәсіпорын ішінде сурет көрмелері, ауласында фольклор фестивалі өтеді. Біз саяси карикатуралар көрмесіне тап болыппыз. Елизавета ІІ патшайымның карикатурасынан бастап, Путин, тіпті Трампқа дейін тізіліп тұр. "Жетілік" пе, "сегіздік" пе, әйтеуір саяси клубқа қатысушы мемлекет басшыларын күлкі шақыратындай келістіріп салған-ақ. Солтүстік Кореяның көсемін, неміс ханымын, түрік Ердоғанын жазбай танисыз.
Зауытқа күніне жүздеген оқушылар, мыңдаған туристер келіп, экологиялық білімдерін арттырады. Бірнеше топ оқушылар біздің алды-артымызда шулап жүрді. Олар үшін адамның дене күшін электр қуатына пайдаланудың ноу-хоу технологиялы ойындары мен құралдары әзір.
Әлгі балалар асқан қызығушылықпен әрбірін топ болып та, жекелей де ойнап, электр қуатын мұнай, газ, көмір, ағашсыз қалай алуға боларын ұғып жатты. Мектепте ток қалай пайда болатыны туралы физика пәніне арналған жалғыз көрнекі құралдан басқа ештеңе көрмеген басымыз осы ойындарға қатты құмарттық.
Аз-кем анықтама: Вена қаласының барлық мектебінде арнайы сабақ бар. Аты – "Қоқысты қалай бөліп жинау керек?" Оқушылардың алдына түрлі қоқыс араласқан шелек қойылады. Қолғап киген балалар енді сол қоқыстан қағазды, пластикті, металл сынығын, шыныны, тамақ қалдығын, ағаш пен киім қиындыларын бөлек-бөлек сұрыптайды. Сабақта түрлі қалдықтардың құрамында қандай зиянды нәрсе бары оқытылады. Оның жер мен ауаға жағымсыз әсері бары түсіндіріледі. Күл мен түтіннен қоршаған орта қалай зардап шегетіні айтылады.
Сол оқушылар кезек-кезегімен осында келеді. Кесте бойынша мамандар қарсы алып экология мен энергетиканы сәтті ұштастырған ойын залдарына алып барады.
Зауыттың шыға беріс тұсында электронды тақта тұр. Үлкендігі мектеп тақтасындай. Ол өтіп бара жатқандарды бейнелейді. Еш камера жоқ, алдына келген адамның жылуын сезіп, соны экранға шығарады.
Денеңіздің қызулы тұсы қызыл, содан сарғыш, одан жасыл, көк түстермен сұлбаңыз пайда болады. Біздің қолтығымыз шабымыз қызылға боялып, көзәйнегіміз ағарып көрініп тұрды. Демек әйнектен еш жылу бөлінбеген.
Ғылым мен өнер, техника жетістігі мен дизайнер қиялы қатар ұштасқанда керемет әсерленеді екенсің. Көрме емес, музей емес, қоқыс жағатын зауыт бізді мұншалықты ынтазар етер деп үш ұйықтасақ түсімізде ойлаппыз ба?!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5560
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2497
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2526
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2312
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2191
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2181
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2246
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2293
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2219
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2205
- 0
- 6