Прямой эфир Новости спорта

Айда жүрген арбалар

ramiacademy.com сайтынан алынды
ramiacademy.com сайтынан алынды
Биылғы ғарышты зерттеу саласының ірі жетістігі бар елдің бірі – сөз жоқ, Қытай. Олардың ай арбасы Жердің табиғи серігінің бізге ешқашан көрінбейтін жерінде жүр.

Айдың арғы беті

Жердің табиғи серігінің бізге ешқашан көрінбейтін жағына сәтімен түсірілген ай арбасына "Юйту-2" деген ат қойылған екен. "Жасыл, феруза түсті қоян" дегенді білдіреді.


Қытайдың "Юйту-2" ай арбасының көрмедегі үлгісі

Қытайдың "Юйту-2" ай арбасының көрмедегі үлгісі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын ғана "Ұлы жорық" атты тұңғыш зымыранын жасаған, 2003 жылы бірінші ғарышкерін ұшырған ел енді қазақтың сөзімен айтқанда "айды аспанға шығарды".

Күн батареяларын жайып, жеткілікті қуат алған ай арбасы зерттеу жұмысына кірісті. Бұл оқиғаның ерекшелігі – Айдың арғы бетінің зерттелуінде. Оған дейін тек үстінен суретке түсірген. Алғаш рет кеңестік "Луна-3" аппараты 1959 жылы фотосын жолдапты. Сол оқиға туралы қазақтың бір ақыны өлең жазған. Авторын ұмыттық, ал мәтіні әлі есте:

Ай ұялшақ баладай,

Жерге тура қарамай.

Бұрып алып бір бетін,

Көрсетпейтін келбетін.

Айдың арғы бетіне

Ракета барды да.

Көк тұманды ысырып,

Суретке келді түсіріп.

Енді суретке түсірген не, Айдың арғы бетінде жүріп зерттеу жасау мүмкін болды. Тек келмеске кеткен кеңестік емес, дамып, дәуірлеп жатқан қытай ғарыш саласының жетістігінің арқасында.

Айдың Жерге ешқашан көрінбейтін жағындағы ең үлкен Эйткен ойпатына "жасыл қоянның" ізі түсті. Лондан Университеттік колледжінің ғалымы Эндрю Коутстың пікірінше, бұл Эйткен ойпаты – Күн жүйесіндегі астероид соғуынан пайда болған алып шұңқырдың бірі. Ұзындығы екі жарым мың шақырым, тереңдігі 13 шақырым. Сол арқылы қытайдың ай арбасы шамамен 4 миллиард жыл бұрынғы апаттың ізін зерттеді.

Бұл жоба арқылы Қытай мемлекетінің ғарыш саласында АҚШ-пен бақталас болуға ұмтылғаны байқалады. Өйткені, американдық атақты Марс шерушісі Curijsity 2012 жылдан бері қаншама ғылыми жаңалықтар ашып тастағаны мәлім. Антропогендік қара қуысты анықтады. Бірнеше рет топырағын жіберді. Тіршілік болған ба, жоқ па деген маңызды сауалға жауап іздеді. Планетаның геологиялық шежіресін жасады. Оның алдында екі Марс арбасы 2004 жылдан бастап жұмыс істеген еді.


АҚШ-тың Марста жүрген машинасының түрі

АҚШ-тың Марста жүрген машинасының түрі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Саясат пен қару-жарақ саласын қайдам, бейбіт ғылымға бәсеке керек-ақ. Енді Қытай Айдың арғы бетінен ерекше ғылыми жаңалықтар ашуға кірісті. Алғашқы жарты айда жіберген мәліметтері Жердегі мамандарға бірнеше жылға азық болмақ.

Айдағы күннің шуағы шамамен 15 тәулікке созылады, сосын соншама уақыт түн түнеріп тұрады. Ол кезде "жасыл қоян" жансыз қалған, бірақ сосын қайтіп тірілту қиынға соғыпты. Қытай ғалымдары Айдағы күн мен түннің арасында 300 градустық айырма барын ескермесе керек. Жарты ай 127 градус ыстық, сосын жарты ай минус 173 градус.

Ай аттастар аз емес

Қазақстан Айды зерттеуге қашан үлес қосары белгісіз. Бірақ, ұлттық санада Айдың орны ерекше. Халық әні "Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай" қалай басталатын еді:

Аппақ шыңын Ай сүйген асқар Алтай,

Арайлы Күн алтын нұр шашқан Алтай.

Қазақ алдымен Айды, сосын Күнді сипаттаған. Қыздарының аттары: Айман, Айша, Айым, Айымгүл, Айғыз, Айбала, Айзере, Айбүбі, Аймекен, Айғаным, Айбарша, Айсұлу, Айсәуле, Айкүміс, Айнұр, Айгүл, Айжан, Айдана, Айсара, Айтолқын, Толғанай деп тегін қойылмаған. Айшешек деген атты Мұхтар Мағауиннің "Аласапыран" романынан оқығанбыз. Тарихи кітапта жүруіне қарағанда Айнұр мен Айгүлден бұрын қойылғаны хақ. Романның ең соңында Оразмұхамед хан әулетінен тірі қалатын құртақандай жалғыз ханша бар емес пе. Оның да аты – Айданақ.

Әріге тереңдесек, "Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда" қыздың бір жеңгесінің аты еш жалғау, жұрнақсыз түбір сөз – Ай. Екінші елеулі эпосымыздың атында Ай тұр: "Айман-Шолпан". Сол заманнан бері егіз қыз болса, аттары міндетті түрде Айман мен Шолпан қойылады. Қыздар апалы-сіңлілі келсе, ежелден – Айсұлу мен Күнсұлу. Сол қазақ қыздарының биі – "Айгөлек".


Қытайдағы қазақ өнерпаздарының "Айгөлек" биі

Қытайдағы қазақ өнерпаздарының "Айгөлек" биі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жігіттерді ренжітпес үшін бір тарихи дерек келтірейік. Жүсіп Баласағұнидың "Құдатғу білік" дастанындағы басты кейіпкерлердің есімдері – Айтолды және Күнтолды. Шамасы, кездейсоқ алынбаған.

Соншалық санада терең орны бар Айға біздің ғарышты зерттеу орталығымыз мойын бұрса деңіз.

Ай – шаруаның айнасы

Қазақ бүкіл шаруасының Айға қарап істейтін. Жыл санауын Күнге емес, Айға қарап түзелген. Бір жылда он екі Ай бар деген. Орыстың бодандығынан соң Григориан күнтізбесіне көшкенімен, арыдағы аңыздардың бәрінен айдың тізбесі аңғарылып тұрады. Арыдағы аңыздар дейміз-ау, берідегі Жұмекенді оқып көріңізші:

Айлар, айлар... көрдім жүзін көп Айдың,

Айлар өтсін санамаймын... санаймын.

Ай өткенін мен туғалы талай бір

Самайына қарап білдім ағайдың...

Күннің шығуы мен батуынан Айдың тууы мен толысуы, мүжілуі мен өліарасы анағұрлым маңызды. Әжелер жаңа туған Айға сәлем жасайтын:

Ай көрдім, аман көрдім,

Баяғыдай заман көрдім.

Ескі айды есірке,

Жаңа айды жарылқа!

Шалдар ауа райын түнгі Ай-жұлдыздың тоғысымен болжайтын. Әсте қателеспейтін. Көші-қон, отын-су, егін ору мен шөп шабу, күйек алу мен мал төлдету, қой қырқу мен қозы бөлу, тіпті құда түсу мен қыз ұзату... бәрі-бәрі табиғат амалдарын аңдап барып атқарылатын.

Беріде оның сырын білетін жалғыз адам қалды. Жас кезінде Елін сүйген ерлер партиясын, яғни "Есепті" құрғаны үшін Сібірге айдалып, сталиндік лагерьде көпті көрген қазақ қарияның қасында жүрген қарағандылық жазушы Кәмел Жүнісов. Телевизия айташыларының аспан шоғырындағы он екі жұлдыздың ежелгі атын білмей, "суқұйғыш" деп, "балық" деп лағып жүргені жанына бататын жалғыз кісі.

Айдың жасын айтсақ

Кезінде АҚШ-тың "Аполлон-16" ғарыш кемесі Айдың бергі бетінен бір шөкім, анығында 2 грамм топырақ алып келді. Оның құрамындағы үш металл: қорғасын, неодим және самарийдің изотопының қалыптасу уақыты өлшеніп, Айдың жасы есептелді. Ол жаратылғаны 4 миллиард 360 миллион жыл өткен. Соңында "3 миллион әрі-бері болуы мүмкін" деген қосымшасы бар.

Айдың өзі қалай пайда болды дегенге ең соңғы ғылыми жауап мынадай: сол жылы (4,36 миллиард жыл бұрын) Жерге қаңғалақтап келіп қалған Тейя атты планета соқтығысқан. Көлемі Марспен шамалас Тейяңыз күл-парша болып, Жер де біраз опырылып, ғарышқа күл-топырақ шашылады. Ып-ыстық сол қоламта суынып, тығыздалып, Жердің тартылыс күшін жеңіп шыға алмай, серігіне айналды.

Манағы "Айдың бір шөкім топырағы" дегеннен шығады, ХХІ ғасыр басында Голландияның мұражайында Айдың тасы тұрды. Осы елдің үкімет басшысына 1969 жылы АҚШ елшісі "Аполлон-11" ғарыш кемесі әкелген еді" деп тарту етіпті. Беріде Амстердам университетінің ғалымдары Рейксмюсеумде сақталған, әрі жарты миллион долларға қамсызданған тасты арнайы зерттейді. Нәтижесінде... ол кәдімгі жердегі тасқа айналған ағаш болып шығады. Бұның ақиқаттан гөрі "Айдан әкелінген" деген аңызы анағұрлым тәтті еді, қайтерсің.

Ал қазақ ақыны Өтежен Нұрғаливтың жұдырықтай тасыңыз не, Айды тұтас Жерге түсіреді. Және бақшаға түнетеді. "Бақшаға түнеген Ай" өлеңінде:

Шөмеле күйіпті, күрсінген екен,

Ай жатқан жерді тат басып.

Араның балынан нұр сіңген екен,

Топылайына баттасып.

Айдағы алғашқы кезбе

Қытайдың "Феруза қояны" Айдың ар жағына тыңнан түрен салса, бергі бетінде кеңестің екі ай арбасының ізі жатыр. Георгий Бабакин деген Бас конструктор 1960 жылдар ортасынан оны жасауға қызу кіріскен.

Оның жүретін бөлігін Ленинградтағы "Трансмаш" ғылыми-өндірістік бірлестігі жасады. Талай жыл құпия болған бұл өндіріс орны танктерге жыланбауыр шығаратын. Ай арбасының қалай жүргіземіз дегенде мамандар әдеттегі шынжыртабан жасаудан бас тартады. Себебі, Айдың топырағы өте сусыма, ал жыралары өте тік. Мұндай жағдайда бір-біріне тәуелсіз сегіз-сегізден он алты доңғалақ тиімді. Бір жақ қатардан бір-екі, тіпті үш-төрт дөңгелек істен шықса да жүре беруі керек. Кейін Айда жосылтқанда он алты дөңгелегінің бір де бірі істен шықпапты.

Бұл ай арбасының жүрісін сынау үшін Қырымда арнайы полигон жасалды. Оның бедерін барынша ұқсатуға тырысқан. Бірақ, ол кезде Ай туралы ақпарат аздау болды.

"Луноход-1" аталған арба аман-сау қонған соң, басқару пультінің мамандары оған дейін Кеңес Одағында болып көрмеген жаңа жұмысты атқарды. Айдағы көлікті Жерде отырып жүргізу – керемет қой. Оның штурман-бағыттаушысы болған Викентий Самаль былай еске алады: "Барлық сеанста, ауысымсыз жұмыс істедім. Топографиялық және айналаның морфологиялық құрамын тану, Ай жынысын, рентгендік сәуле шашуын зерттеулер және басқа көптеген істер жоспарланды. Соның бәрін абыроймен атқарып шықтық".


Кеңес Одағынан Айда қалған "Луноход-1"

Кеңес Одағынан Айда қалған "Луноход-1" / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жерде отырып жүргізгеннің бірі – Вячеслав Довгань. "Луноход-1" аппаратының Айға барғанына 40 жыл толуына орай 2010 жылы 17 қарашада бірқатар қызғылықты естеліктер айтқан. Ол он ай бойы Ай кестесімен өмір сүрген. Айдағы бір күн де, бір түн де Жердегі он төрт жарым тәулікке созылады. Арба Айдың беті жарық болып тұрған уақытта жүргізілгендіктен 15 тәуліктей тоқтамайды. Сосын жарты ай демалыс. Жердегі экипажы үшін.

Обалы не керек, ай арбасының Жердегі өлшеммен үш айға шамаланған қуаты он айға жетті. Он жарым шақырым жол жүріп, 80 000 шаршы метрді зерттеді. 211 рет телекамераға бейне түсірді. 25 мың рет суретке тартты. Осының бәрін Жердегі ғалымдарға шашпай-төкпей жолдап отырды. Жердегілердің 24 820 радиокомандасын орындады. 537 рет Ай жынысының физика-механикалық ерекшеліктерін анықтады. 25 нүктеде тұрып топырақтың химиялық анализін жасады. Сосын қуаты бітіп тоқтады.

Мына қызықты қараңыз, Сан-Диего университетінің физиктері "кеңестен қалған "Луноход-1" тұр" деген тұсқа 2012 жылы лазерлік түртпек жібереді. Оны Нью-Мексико штатында тау басындағы Апаче-Пойнт обсерваториясының телескопы арқылы жолданған. Кешікпей түртпек шағылысып, обсерваторияның өзіне оралған.

– Белгі соншалықты күшпен оралды. Мен бастапқыда не болып қалғанын түсінбедім. Бірінші толқынның өзінде біз "Луноход-1-ден" қуаты 2000 фотондық түрткі алдық, – деп мәлімдеген ғылыми жобаны басқарған астрофизик Том Мерфи.

Содан кейін ғалымдар ескерусіз тоқтап қалған алғашқы ай арбасын пайдаланып, Эйнштейннің салыстырмалық теориясындағы ауытқушылықты анықтады. Әрі Айдың орбитасын тура миллиметрлік дәлдікпен есептеп берді.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров