Прямой эфир Новости спорта

Қамбаш

Көңілдің тасығаны мен көлдің тартылғаны туралы хикая

Достың мақтағаны мен халықтың баптағаны

"Қамбаш көлі тартылып барады". 2020 жылдың қыркүйек айының соңында бірқатар ақпарат құралдары осындай телесюжет берді. Иә, ауылдық округ әкімі, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Арал филиалының директоры, Арал-Сырдария алабы инспекциясының басшысы міндетін атқарушының алаңдаған пікірлерін естідік. Бұл орайда біраз жиған-тергеніміз бар еді, соны ортаға салғанды жөн көрдік.

Көлдің ежелгі аты – Қамыстыбас, жергілікті тұрғындар еркелетіп Қамбаш деп кеткен, біздің Тұрмағамбет досымызды Тұрмаш дейтініміз сияқты. Алғаш Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен жылы естігенбіз. Журналистика факультетіне бізбен Арал ауданының баласы қабылданды. Досымыз, аты бүкіл Қазақстанға танымал болған журналист Әмір Оралбай.

Айтулы ақын Қадыр Мырза Әлидің "Студенттер" өлеңінде:

Бірінші жыл ауылы естен кетпей,

Бесінші жыл кимайды астананы, –

дегені айна-қатесіз рас. Оқуға түскен жылы әркім өзінің туған жерін айта беретін. Әмірде мақтанмен қатар сағыныш лебі есіп тұратын.

Өкінішке қарай, досымыз өмірден өтіп кеткенде, Арал қатты тартылып, Сырдария сарқылып, Көкарал бөгені салынған шақта ғана бұл аймақты көрдік. Дүниежүзілік банк жәрдемдесіп, донор мемлекеттер Халықаралық Арал қорына қаржы құйып, соның арқасында шегінген су баяғы жағалауға жетпесе де, жақындапты. Маңайдағы шағын көлдер қайта шалқыпты.

Оның ішінде бағы жанып, берекесі артқаны Қамбаш болып шықты. Бұған су Тәуіп жармасы арқылы келіп тұрады. Соңғы барғанымызда каналды созып, ар жақтағы Жалаңаш көліне су жеткізу қарастырылғанын естідік. Жол-жөнекей 5 мың гектар шабындықты суландыру Қызылорда облысын дамытудың бағдарламасына енгізілгенін білдік.

Оқи отырыңыз: У шығарған шу

Қамбаш – айналып шыққаны 110 шақырым болатын үлкен айдын. Жүз миллион текше метр шамасында су жиналған. Арал ауданында балық өсіру мен өңдеу қайта жанданса, соның елеулі бөлігі осыдан ауланып жүр.

Бұдан басқа, Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысын басқарып тұрғанда отандық туризмді дамытамыз деген ұран тасталғаны мәлім. Соның қызуымен Қамбаш жағасына демалыс аймағы салынды. Ол 494 гектар аймақты алып жатыр. Жазғы маусымда 100 мыңға жуық турист дем алуға келеді деген есеппен. Балаларды сауықтыратын үлкен орталықтың ашылғанын теледидардан көрсеткенбіз. Не керек, құмды жағалауға айтарлықтай инфрақұрылым жасалыпты.


Қамбаш жағалауындағы демалыс аймағы

Қамбаш жағалауындағы демалыс аймағы / Ксения Вишенинаның фотосы


Әрине, құйылған қаржы мен салынған нысанды шығыстағы Алакөлмен салыстыра алмайсыз. Бірақ, экологиясы құлдыраудың түбіне түскен аймақ үшін Қамбаш көлі жұмақ болмаса да, соған жете-қабыл мекенге айналып келе жатты.

Басқа инфрақұрылымға қоса тура осы өңірден "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық автокөлік жолының салынуы жақсылықты еселей түскен. Ұзақ сапарда келе жатқандар алдан шыққан айдынды құр жібермей, дем алатын.

Айдынның қадірін адамнан да құс жақсы бағалайтын болуы керек. Мұнда шағала, аққу, қасқалдақ және басқа жыл құстары дамылдай бастады. Біразы ұя салып, балапан ұшыруға кірісті. Не керек, Әмір досымыздың туған жеріне осылай көрік бітіп еді.

Сол Қамбаш "биыл тартылып жатыр" деген жайсыз хабар жанға батып тұр. Себебі – әлгі Тәуіп жармасы арқылы келетін су азайған. Каналдың Сырдариядан жырылып шығатынын ескерсек, биыл дарияңызды тауық жалдап өткен. Тұранның ұлан-ғайыр аймағында қуаңшылық болды.

Әрі өзендердің өр жағында басқа мемлекеттер отыр. Бірі ерте көктемде жинаған суынан қапияда айырылып қалып, өз аумағы мен қазақ даласын апатқа ұшыратқаны мәлім. Далаға жайылып, текке кеткен су Қамбашқа жетпей, бармақ шайнатты.

Егер көл тартылып қалса, Арал ауданы экологиялық әрі экономикалық зардапты қайтадан бастан кешеді. Балық аулау мен өңдеумен айналысатын кәсіпорындар тоқтайды. Қаншама қаржыға салынған демалыс орындары қаңырап қалады. Тағы жұмыссыздық белең алып, еңсесін тіктей бастаған елден береке кетеді.

Бәлкім, бұрынғыдан жоғары мансапқа жеткен Қырымбек Көшербаев суырылып шығып, көрші елдерден келер су мөлшерін көбейтуге атсалысар. Жаңа әкім Гүлшара Әбдіхалықова облыста табыстың күріштен келер бөлігін азайтып, оның есесіне туризмнен түсер бөлігін көбейтуге талпыныс жасар. Қалай десек те, дос мақтаған, халық баптаған Қамбашқа қамқорлық қажет.

Оқи отырыңыз: Жапа шеккеннің жебеушісі

Бергтің болжағаны мен Саржановтың қорғағаны

Қолымызда жинақталған деректерге қарағанда Қамбаштың және іргелес ағасы іспетті Аралдың тартылуы тарихта кездесіп тұрған. Сондықтан мұны кезекті суы аз кезеңге санау керек пе?

Бұл тақырыпты алғаш ХХ ғасыр басында Лев Семенович Берг көтерген.

Ол – Арал үшін қастерлі адам. Теңіз төрінде аты берілген "Лев Берг" зерттеу кемесі жүзіп жүрді. Балық шаруашылығы министрі болған, беріде Аралды қорғауға жанын салып жүрген Құдайберген Саржанов ақсақал қаңсыған кемені Арал қаласындағы теңіз музейінің жанына өзі сүйрегендей болып әкелген. Әйтпесе, "Лев Берг" жүздеген кеме сияқты темір-терсекке кескіленіп кетер ме еді.


Музей жанындағы қайта боялған "Лев Берг" кемесі

Музей жанындағы қайта боялған "Лев Берг" кемесі / Фото vmulder.Iivejounal. com. парақшасынан алынды


Бұл жақта заңсыз металл тонаушылар айдынсыз айдалада қалған кеме тұрмақ, алып экскаваторды жоқ қылған. Оның өзі бір хикая. Тоқсаныншы жылдар басында газетке жазылған.

Құдайберген Саржанов Одақ тарқар тұста қатты шырылдап, Аралдың суын ең болмаса іргелес Сарықамыста сақтауды ұсынған. Мәселені Мәскеуге дәлелдеп, Аманөткелден жарма қазуға рұқсат пен қаржы алған. Бөген салып, канал қазуға Одақ министрлігінің табалдырығын тоздырып, экскаватор әкелген. Ондай жылжымалы роторлы техника бүкіл Кеңес Одағында бес-алтау ғана еді. Не керек, құрылыс басталғанда Одақ тарқады. Саржанов келесі келгенде көзіне сенбейді, ат-түйедей қалап әкелген экскаватордың ізі бар да, өзі жоқ.

Осылайша бұл жоба аяқсыз қалды. Қазір көп ел естімейтін болған Сарықамыс атауы Саржановтан бұрын Аралды табанды түрде зерттеген Лев Берг еңбегінде кездеседі.

Ол – патша заманы мен кеңестік биліктің екеуінде бірдей абыройға ие болған ғалым. Бергке қатысты материалдарды жинауымызға басқа жағдай мұрындық болған. "Рухани жаңғыру" деген кезекті науқанға орай Қазақстанға арғы-бергі дәуірде еңбегі сінген басқа ұлттардың 50 тұлғасы туралы кітап дайындалыпты. Орыс тілінде. Одан қазақша аударылыпты. Бізден аударманы редакциялап, өңдеп беру сұралды.

Тәржіма тым ойқы-шойқы екен. Кейбір тұста орысша түпнұсқаның өзін жетілдіру керектігін байқадық. Сондықтан ондағы әрбір кейіпкер туралы қажетті деректерді жинақтағанбыз. Лев Берг сол тізімде тұрғандықтан патша уақытында шыққан "Арал теңізі" монографиясы мен Кеңес заманында 1922 жылы жарияланған "Климат пен өмір" кітабын парақтадық.

Сонда байқағанымыз – қазақ даласындағы көл атауды одан артық зерттеген ешкім болмаған. 1896 жылы Мәскеу университетінің студенті Берг тәжірибеден өтуге Жайық өзеніне келген. Сол жолы Дендер көлін көріп, таң қалған. Айнала құм, ортасында сарқылмайтын мөлдір су. Содан бастап ол шөлдегі көл тақырыбымен айналысуға ден қойған.

Оқи отырыңыз: Сақтағаның – сары май

Университетті бітіре сала Ертіс бойындағы тұзды көлдерді зерттеуге шығады. Оларды қазір "даудың басы – Дайрабайдың сиыры" дегізетін артемия шаяны мекен ететінін сол тұста анықтаған. Суы ащы көлдерді алғаш сипаттаған.

Содан кейін Сілеті, Теке, Қызылқақ көлдерінің физикалық құрамы мен географиялық орналасуын тексереді. Тағы үлкен есеп жариялайды. Қазіргі көпшілікті елеңдеткен Көбейтұзыңыз онда не Қызылқақтың өзі немесе соған ұқсаған көл шығар.

Ақыры ХІХ ғасыр соңында Аралға келіп, үш жыл айнала жүріп зерттейді. Ауа райына бақылау жасайды. Әдеттегідей маңайдағы құмды алқапты кезеді.

Ол 1903 жылы Балқашқа келген. Оның Аралмен байланысы болған ба, соны анықтауды мақсат етеді. Байланыс болмаған деп тұжырған. Сарыесік-Атырауды аралап, Іленің ескі арнасын тапқан.

Іленің құм арасында қалған ескі арнасын беріде көркем тілде Мұхтар Мағауин қапысыз суреттеді. "Шахан шері" романында жолбарыстың ізіне түскен аңшы ескі арнаға кез болып, көне қаланың қалдығына қайран қалады. Соны жазушыдан жетпіс жыл бұрын ғылыми тілде Берг сипаттаған.

Ғалым Іленің ескі арнасы туралы "Үзбой сияқты қаңырап жатыр" деп жазған. Үзбой – бағзы дәуірлерде Каспий мен Аралды жалғап жатқан арна. Одан Берг қайта Аралға келіп, 1906 жылға дейін зерттейді. Ақыры 1925 жылы соңғы рет айналып соққан.

Міне, Кеңес Одағы тұсында Аралда ғылыми-зерттеу жүргізген кеменің "Лев Берг" аталуы заңды еді. Осы кеме туралы деректі фильм бар. Бірақ, онда экипаждың тұманда адасып, Барсакелмес аралына жақын барғаны, содан ғалым әйелдің шешек ауруына шалдыққаны туралы айтылмаған. Құпия аралдан тарап кеткен қоздырғыш бұл әйел арқылы Арал қаласындағы он адамға жұғып, үшеуі қайтыс болған.

Құдайберген ағамыз қайта боятып, қала ортасына сүйреп әкелген кеменің осындай тарихы бар.

Оқи отырыңыз: Митинг мәдениеті

Айдынның толғаны мен айтқанның болғаны

Ғалым теңізде жүзумен бірге, айналасындағы жүздеген шақырым жерді шолып шыққан. Бәрінде топырақ құрамына, бедеріне, ескі жағалаулардың қыртысына назар аударған. Ақыры ежелгі дәуірлерде Арал мен Сарықамыс атты екі айдын Айбөгер аңғары арқылы бір-бірімен жалғасып жатқан деп тұжырады. Өзара қосылып тұрған Арал-Сарықамыс көлдері одан әрі Үзбой арқылы Каспиймен жалғасқан.

Бергтің болжамынша, Әмудариямен ілесе келетін құм мен лайдан табиғи бөген тұрып, Сарықамыс Аралдан бөлініп қалады. Деңгейі төмендеген соң Каспийден ажырайды. Ақыры құрғап қалуға мәжбүр. Бір кездегі топан су орнына енді қалың қамыс өскен алқап пайда болады.

Бұл болжамды берідегі ғарыштан және әуеден жүргізілген фотосуреттер негізіндегі зерттеулер толық растайды. Сонда спутник тұрмақ, дроны болмаған, қазақ қайықшысымен теңізді шарлаған Бергтің алғырлығына таң қаласыз.


Л. Берг пен қазақ қайықшысы Аралда

Л. Берг пен қазақ қайықшысы Аралда / В. Н. Ростовцевтің гравюрасы


Зерттеуші Арал теңізінің кезекті тартылуы мен қайта толуы арасы 90 жыл болғанын есептеген. Бір тұста Қамыстыбас көлі қатты тартылғандықтан тұзданып кеткенін, маңайдағы ел одан су ішуді қойғанын естіген. Сондықтан жағаны мекен ететін халық құнарлы жаққа көшуге мәжбүр болған. Біраз жыл өткенде Сырдарияның суы қайта Қамыстыбасқа жетеді. Арынды дария көлге қайта жетеді. Сөйтіп, 1890 жылы ол қайтадан мал мен адам ішуге жарайтын айдын болады. Құсы да, кісісі де оралады. Мұндай пікір айту үшін ғалым өзіне дейін Арал маңында болып, оны зерттеген Егор Мейендорф, Алексей Бутаков және Николай Северцовтың еңбектерімен жете танысты.

Тіпті, олардан әрідегі 1740 жылы жазылған Иван Муравин деректерін оқыды. Содан кейбір аралдардың қайта су астына кеткенін анықтады. Тіпті, кезінде адамдарға мекен болған жерлерді, сексеуіл мен жыңғыл өскен тоғайларды айдын басып қалған. Ал теңізден көш жердегі жарлауыттар, ондағы үйіріліп қалған өзгеше құм бұл араны бір кезде толқын шайып тұрғанынан хабардар етеді. Осылайша Берг ХХ ғасырдың басында-ақ "Арал толып, содан соң қайта тартылып тұрған" деген тұжырым жасайды.

Оқи отырыңыз: Қазаға қатысты наза

1905 жылы оның "Орта Азия кеуіп қала ма?" деген мақаласы шықты және ол географияға қатысы бар ғалымдар арасында үлкен ықыласпен оқылды.

"1899 жылы күзде Арал деңгейін 1849 жылы Бутаков жасаған картамен салыстырып шықтым" деп жазған Берг. Салыстыру нәтижесі Бутаков картасынан кейін көп өзгеріс болғанын байқатты. 1880 жылы Константин Шульц деген зерттеуші Көкаралды түбек, яғни құрғақ жермен жалғасып жатқан деп көрсеткен. Берг Көкарал су ортасында қалғанын көрді. Бутаков картасындағы шағын аралдар тегіс су астына кеткен.

Осының бәрі ХІХ ғасыр ортасында Арал мен маңайындағы көлдер тартылып, ғасыр соңында қайта толғанын аңғартады. Ал онда Сырдария мен Әмудария жағасында ауқымды суландыру желілері болмаған. Патша өкіметі бұл аймақта мақта егуді ғасыр соңына қарай қолға алғаны мәлім.

"Климат пен өмір" кітабында ерекше көз қуантқан жері Лев Берг біздің Әлихан Бөкейхановты атап өтеді. Ғалым қазақ даласындағы көптеген көлдің деңгейі көтеріліп жатқанына мысал келтіргенде Батыс Сібір географиялық қоғамының деректеріне сілтеме жасайды. "Бөкейхановтың зерттеген мәліметтері бойынша, Қарқаралы мен Семей уездерінің ортасындағы Борлы батпағының көлемі 1870 жылдар соңындағы картада екі шақырымнан аспаған. Ал жиырма жылдан соң 1900 жылы ол аумағы 12 шақырымға жуық көлге айналған. Бұрын ойпат, сортаң болған жерлерде жаңадан Кеңтатыр батпағы мен Елікбай көлі пайда болыпты" деп жазған.

Борлы туралы білемін десеңіз, Бөгенбай батырдың қазасын Абылай ханға естіртетін толғауды тыңдаңыз. Сонда батырдың ерлігін айта келіп:

Қалмақты қуған шулатып

Борлының тұзды көлінен,

Ақшәулінің өрінен

Батырың өлді Бөгенбай, –

демей ме!

Дала көлдерін зерттеушілер арасында өзіміздің маңдайалды ғалымдарымыз да болғаны мақтаныш. Кезінде Әлкей Марғұланның өзі Сыр бойындағы сансыз қалалардың бірталайы Арал теңізінің астында қалғанын жазып кеткен. Бұл да Тұран ойпатындағы теңдессіз су айдыны бірде толып, бірде тартылып тұрғанын байқатады. Адамдар қала салып, тіршілік етуге үлгерсе, екеуінің арасы жүздеген жылдарға созылған.

Ал біз Қамбаш әне толды, міне тартылды деп әбігер болып жүрміз!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров