Прямой эфир Новости спорта

У шығарған шу

Қарсыласты, бақталасты байқатпай улау тұрмыс пен саясатта бірдей белең алған.

Із қалмайтын іс

Баяғының ертегісінде "сіздің елдің айғыры кісінегендіктен, біздің елдің биесі құлын тастады" дейтін пайымдау жүретін. Сол сияқты орыс елінде дүрбелең болса, жаңғырығы іргедегі қазақ даласын айналып өтпейді. Шекараның ана жағы қолданған саяси тәсілдің бәрі арада көп уақыт өтпей жатып мына жағында қайталанатын. Сонау Жоғарғы кеңесті таратқан дәуірден бері. Ендеше, көрші елдегі қоғам белсендісі Алексей Навальный төңірегіндегі сұмдықты таразылау – басқа елдің ауласын аралау емес, өзіміздің бақшамыз сондай күйге түспесін дегенді ойлау.

Бақшамыздың басқадан биік бәйтерегі іспетті Абай атамыз қатты күйінгенде:

Тағы сене бастаймын,

Күнде алдағыш қуларға.

Есім шығып қашпаймын,

Мен ішпеген у бар ма? –

деп жазып кеткен. Данышпанның парасатын түсінбейтін, түсінуге өресі жетпейтін ортада өмір сүрген Абайдың күйзелісі осындай. Мұндағы у – тура мағынада емес. Ақын тән емес, жанның уы туралы өлеңдетеді. Қараңғы ортаны жарық етем деп қарманғаны өзіне таяқ болып тиген сайын тітіркенеді, жиіркенеді, түңіледі. Соны "у таттым" деп санайды.

Өткен заманда айналасынан озық туған ақынның "у іштім" деген сөзін бүгінде қайталап, онымен бұл орайда бір қатарда тұра алатындар баршылық. Олар – нақты уланғандар. Бірақ, содан өлмей тірі қалғандар.

Улау, оның соңы шулау жағынан Ресей әлемде ешкімге бәйгені бере қоймас. Онда қайбір жылы Абай хит болған. Бәлкім, сол тұста ақынның "мен ішпеген у бар ма?" дейтін өлең жолы "оккупай Абай" деп ереуілдеген жұрттың назарын аударды ма екен? Оны қайдам, ал бүкіл әлемнің назары 2020 жылдың тамыз айында Навальныйдың улану оқиғасына ауғаны талассыз.

Оқи отырыңыз: Жапа шеккеннің жебеушісі

Алексейдің Омбы ауруханасына ауыр халде түскені туралы хабар әлемді дүр еткізді. Ауруды ұшақпен алдыртқан Германия бұл оқиғаға қатысты дау-дамайда жәбір көрушінің хақысын даулаушы жаққа айналды. Елдің сыртқы істер министрі Хайко Маас шұғыл түрде Берлинге жеткізілген, ессіз жатқан оппозиция өкілінің улануы екі елдің арасында түйткіл тудырғанын мәлімдеді. Қылмыстың жан-жақты әрі бүкпесіз тергеліп, кінәлілер жазалануын күтетіндерін айтты.

Мемлекетті басқарып отырған канцлер Ангела Меркельдің пікірі де тура осындай. Жалғыз Германия емес, Еуропа Одағына біріккен елдердің ортақ көзқарасы – тағы осы. Оны Хайко Маас ескертіп өтіпті: "Егер бұл төтенше жағдай жан-жақты тексерілсе, онда Еуропа Одағы мен Ресей арасындағы қарым-қатынас жақсаруы мүмкін".

Әзірге екі арада салқындық бар. Ресей Украинадан Қырым түбегін тартып алып, Донбасс өңіріне өндіршегін созғаннан бері. Осылайша жетісіп тұрмаған қарым-қатынастың үстіне мына жағдай қосылса, Ресейдің Батыс Еуропаға қараған терезесі мүлде саңылаусыз жабылуы кәдік.

Бірақ, анау-мынауды мойындап, жалынан сипататын Ресей ме? Әдеттегі тоңмойын мінезіне басып жатыр. РФ Бас прокуратурасы "біз сонау 20 тамыз күні тексеру жүргізгенбіз, оның нәтижесінде ешқандай қылмыстық әрекеттің белгілері табылған жоқ" мәлімдеді. Оппозиционердің жақтастары болса, оны әдейі улады деп, Тергеу комитетінен РФ Қылмыстық кодексінің "мемлекет немесе қоғам қайраткерінің өміріне қастандық жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды талап еткен. Талап ескерусіз қалып, елдің хақын қорғау саласында ешкім саусағын қимылдатпады.

Есесіне Омбы қаласында Навальный дереу жатқызылған аурухана басшылығы саясаткердің денесінен улы заттардың белгісі табылмағанын айтыпты. Демек, оның уланғаны жай сөз деген тұжырым жасаған. Қатты шаршаған, шалдыққан, содан ағзасы сыр берген-мыс.

Ал қоғам қайраткері емдеуге жатқызылған Берлиннің "Шарите" клиникасында жасалған сараптама ағзада у болғанын көрсетіпті. Хлоринэстераза деген пәле деседі. Мұны анықтау үшін неміс дәрігерлері британдық Porton Down зертханасының көмегіне жүгінген.


Porton Down зертханасында

Porton Down зертханасында / Фото Itv. com. сайтынан алынды


2018 жылы ағылшын жерінде Сергей мен Юлия Скрипальды улауға орыс тыңшылары қолданған заттың "Новичок" уы екенін осы зертхана анықтап берген. Мынауы да осы. Құрамы бірдей болуымен бірге мақсаты да біреу – Ресей мүддесіне қайшы әрекет адамның көзін ың-шыңсыз құрту сияқты. Тек анда да, мында да уланғандар өлмей қалып, әңгіме жер-жаһанға жайылғаны даусыз.

Жалпы, Ресейдің арғы-бергі тарихына үңіліп қарасаңыз, мұнда ағзада із қалдырмайтын у жасау мен қолдану ежелден жолға қойылғанын байқар едіңіз. Ендігі әңгіме сол туралы.

Оқи отырыңыз: Сақтағаның – сары май

Ақталмай қалған адам

Біраз жыл Лаврентий Берия өміріне қатысты материалдарды жинақтап едік. Оны қамаған және атқан бункерді аралап, соңғы киген киімі мен отырған үстелін көргенбіз.

Қазақстан құрамындағы он бес республиканың бірі болған Кеңес одағында бұл қайраткерден қалған қанды із жеткілікті. Сол сияқты оның із қалдырмай жасаған әрекеті баршылық. Ол – уланып өлген адамның ағзасынан заһарлы заттың табылмай қоюы. Сонда "улап өлтірді" деп ешкім даулай алмайды.

1953 жылы 26 маусым күні Берия тұтқындалған. Кешікпей оны ату жазасына кесіп, сол жылы 3 желтоқсанда үкім біз көрген бункерде орындалған. Берияға ең қатал жазаның шығуына басқа әрекеттерімен бірге бірнеше жыл бұрын оның атына жолданған мына хаттың ықпалы болды:

"Адамды ұйықтататын, тіпті өлтіретін әсері бар бірқатар жаңа заттарды қолдану туралы ұсынысым бар. Оларды тамақ пен сусынға қосып беретін біздің әдісіміз ескірді. Енді тыныс алатын ауа арқылы улаудың жолдарын іздегеніміз жөн".

Берияға бұл хатты жазып отырған Григорий Моисеевич Майрановский еді. Әлбетте, өз жазбасы арқылы мемлекет қауіпсіздігі тізгінін ұстап келген мықтыға жағынуды мақсат еткен. Бірақ, осы хаты өзінің және көктегі көкесінің артын ашуға себеп болар деп ойламаған.

Майрановский үш университетте медицинаны оқыған. Мәскеудегі Биохимия институтында улы заттар бөлімін басқарған. Кеңес одағында саяси қуғын-сүргін барынша күшіне мінген 1937 жылы Бүкілодақтық тәжірибелік медицина ғылыми-зерттеу институтына шақырылып, улайтын заттар паталогиясы бөлімін басқарды.

Кешікпей НКВД қарамағындағы 7-бөлімге бастық болды. Сол уақыттан бастап тікелей Берияның бұйрығымен жұмыс істеуге көшкен. Бұл бөлім құжаттарда "Х зертхана", "Камера" сияқты құпия аттармен аталатын. Тапсырма өте жауапты. Бұлар жасаған у адамның ауруы мен өліміне себепкер деп танылмауы керек. Яғни, мүрдені қалай тексерсе де, табылмауы тиіс.

Оған үлкен зертхана бөлінді. Бес бөліктен тұратын зертхананың әрбірінің есігінде бақылайтын әйнек орнатылған. Сол арқылы қарауылдар не істеліп жатқанын сыртынан тынбай қарап тұрған.

Оқи отырыңыз: Митинг мәдениеті

Майрановский жасаған тәжірибелердің ішінде алғашқысы атышулы ипритке қатысты еді. Оның дәмі жоқ, өзі ішкен адамды сеспей қатырады. Бірақ, өлікті сойған кезде ипритті тауып алады. Берия бұған бас шайқаған соң дигиттоксин, колхицин, таллий, рицин сынды қатерлі қоспаларды араластырып, іздене береді. Әрбір жаңа улағыш жасалғанда оны сынау үшін он тұтқын берілген. Тұтқын екі аптада ана дүниеге аттанбаса, атып тастайды. Ал у жарамсыз саналады.

Тәжірибе жасалған құрбандардың жалпы саны 250-ден асыпты. Олардың арасында кеңес адамдарымен қатар неміс пен жапон әскери тұтқындары, "шпиондық етті" деп айыпталған поляк, кәріс, қытай азаматтары болды.


НКВД-ның құпия зертханасындағы жендеттер мен құрбандар

НКВД-ның құпия зертханасындағы жендеттер мен құрбандар / Фото Argumentua. сom. сайтынан алынды


Ақыры Берия талап етіп, Майрановский армандағы у жасалды. Оған "К-2" деген құпия ат берілді. Ішкен адамның денесі құрысып, тілі байланып, 15 минутта өліп кетеді.

Тәжірибе кезінде осылай уланған адамның мүрдесін "тәуелсіз зерттеу үшін" Склифосовский институтының мәйітханасына апарады. Оның "менмін" деген мықты мамандары алай-былай тексеріп, "жүрек талмасынан қайтыс болған" деген қорытынды жасапты. Берия Майрановскийді маңдайынан сипап, "К-2" бірде қосылып, бірде қайта бөлінген Ішкі істер мен Мемлекет қауіпсіздігі министрліктерінің құпия қаруының қатарына алынған. Өзі тамаққа қосу, теріге себу, денеге егу және басқа жолдармен қолдануға қолайлы.

Бұнымен поляк инженері Саметті улап, өлімі кездейсоқ жағдайға жатқызылды. Келесі жолы Майрановский мен әріптесі Судоплатов пойызда украин ұлтшылы Шумскийді улаған. Украин дінбасы да осы удан қаза тапқан. Бұларға "АҚШ коммунисі Оггинсті Кеңес одағында улап, бірақ ол міндетті түрде өз елінде өлуі керек" деген тапсырма түскен. Оны қапысыз орындаған.

"Мың асқанға – бір тосқан" демекші, Майрановскийді Берия өзі 1951 жылы тұтқындатып, "қызметке жауапсыз қарады" деген айыппен он жылға соттаған. Өйткені, оның біреулерге қатысты "тыпыр еткізбей өлтір" деген тапсырмасы ойдағыдай орындалмапты.

Бәрібір атылып кеткен Берияға қарағанда бағы бар екен, жазасын толық өтеп, 1961 жылы түрмеден шығады. "Мәскеуден табанын жалтыратсын" деген бұйрық бойынша Мақашқаладағы зертханаға жіберілген. Сонда бірнеше жылдан кейін "жүрек талмасынан" өлген. Бұл диагноз қаншалықты шындыққа жанасарын білмедік.

Оған қатысты біз білетін ең соңғы дерек мынандай: КСРО Бас прокурорының аға көмекшісі И. Илюхин 1989 жылы "Г. М. Майрановскийдің ісі қайта қарау мен ақтауға жатпайды" деп тұжырған.

Оқи отырыңыз: Қазаға қатысты наза

Арманда қалған ақын

Уды дала тұрғындары да ежелден қолданатын. Бірақ, орыс еліндегідей ағзадан табылмайтындай етіп жасауға талаптанбаса керек. Ол адам тұрмақ, түздің тағысын өлтіру үшін таптырмас зат болған. Бала кезімізде оқыған кітаптарымыздың арасында қасқырға деп өлексеге салған удан қарсақ пен түлкінің жайрап қалғаны туралы сөйлемдер бар еді. Тек, Жұмекен Нәжімеденовтің "Ақ шағыл" романындағы "қай пайғамбарым еді, бір пайғамбарым айтып еді" дейтін сияқты, кітаптың аты еске түсер емес. Оның есесіне мына өлең есте:

Жүз күрсін, мың тәубе қыл, жұмыс өтті,

Қу құлқын мұндай халге сені салған.

Қашаннан жегеніңнің бәрін құстың,

Қанеки, сол құлқыннан көрген пайдаң!

Сәбит Дөнентаев. "У жеген қасқырға" деген өлеңінің аяғы. Бұл – астарлы шығарма. Кедейдің жоғын жоқтаушы Сәбит тәргіге түскен байларды осылай келеке еткен. Бірақ, тура мағынасында уланған қасқырды да қапысыз сипаттайды.

Адамды улаудың қазақ жеріндегі бергі тарихынан хабардар емеспіз. Тек бір көрініске куә болдық. Тілшілер мен операторлар болып түкірігі жерге түспей тұрған Рахат Әлиевтің шетелдіктермен бірлесіп өткізетін баспасөз конференциясына барғанбыз. Жиын басталардан бұрын жанама есіктен кірген жігіт төрдегі үстелге келді. "Р. Әлиев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті...." деген жазудың жанындағы стаканды әрі-бері төңкерді. Су құйылған бөтелкенің тығыны ашылмағанын тексерді. Ешкім улап қоймасын деген күдігі көзге ұрып тұрды.

Анау шетелдік қонақтардың стаканы мен суын тексермей, тек өзіміздікін қарағаны күлкілі еді. Мейманның бірі тырапай асып жатса, масқараның үлкені сол емес пе! Бұрын даланың көшпелісі сусынды, тағамды алдымен өзі ұрттап, содан соң қонағына ұсынған. "У жоқ" дегеннің белгісі.

Оқи отырыңыз: Жанашыр болуға жаралған

Рахат жарықтық қайтыс болды ма, қаза тапты ма, қанша сақтанғанымен ерте кетті ғой. Ол Венада өлді деседі. Сол қалада Моцарт та қайраты мен таланты тасып тұрғанда өмірден өткен.

Венада қадам аттаған сайын аты алдан шығатын ұлы муызыкашының бәсекелесі Сальери улаған деседі. Бірақ, түрлі зерттеулер бұл тұжырымды жоққа шығаратынын оқыдық. Сөйтсе де, Қадыр Мырза Әли ағамыз:

Ақиқат бар адам айтса сенгісіз,
Анығына жете алмайсыз енді Сіз.
Қанша жанды Сальерилер улады,
Қанша Моцарт өлді осылай белгісіз! –

деп өлең жазған. Осы тақырыпты Қадекеңнің өнердегі інісі Жүрсін Ерман былай жалғастырған:

Ашындырма ақынды, ашынбасын,
Басынбасын біреулер асыл басын.
Сальеридей Моцартты маңайлаған,
Жүрген жоқ па, байқаңдар, қасыңда сұм?

Зерттеуі мен тарихты қағазға түсіріп қоюы дамыған Еуропаның өзінде Моцарт уланды ма, жоқ па, оның басы ашылмаған десек, өзіміздің арғы тарихты зерттеушілер "Білге қаған удан өлді" деп жазып жүр. Кім, қалай берді, оның анық-қанығы тасқа қашалмаған сияқты.

Бергі тарихта Шоқай датқа удан өлді деседі. Курстасымыз, айтулы журналист Мейрамбек Төлепберген ысты руының датқасының өмірін зерттеп, "Сарғайып таң атқанда" атты мақала жазды. Ол баспасөзге жарияланды, кітапқа шықты.

Оңтүстік аймақтағы халықты азат ету үшін басын бәйгеге тіккен Шоқай датқа Қоқан мен Хиуа хандары салған "қыз салығына" көнбейтінін мәлімдеген. Басқа салықты былай қойғанда, әр ауылдың қызын жинап әкетуге келген Қоқанның қоқаңдаушыларын кері қайтарған. Ақыры оны қарсыластары ер-тоқымына у жағып өлтіріпті деседі. Сол ерлігі үшін басқа датқаға бұйырмаған кесенені осы оңтүстік өңірде Шоқайға ғана орнатқан.


Шоқай датқа кесенесі

Шоқай датқа кесенесі / Фото qasietti-taraz.kz сайтынан алынды


Оқи отырыңыз: Препарат бар, парасат жоқ

Басқа Шоқайдың ұрпағы Мұстафаның да уланғаны туралы айтылады. Бірақ, фашистік Германияда бұл оқиға әлде зерттелмеді ме, зерттелгенімен оның құжаттары табылмады ма, тағы күмәнді, басы ашылмаған жәйт болып қалыпты.

Біздің тарихта уланғанын сезіп, оны өлеңге қосып кеткен адам бар. Яғни, бұл жолы даусыз шындық. Айтулы ақын Әсет Найманбайұлының жанынан тастамайтын дәрісі өзінде болмай қалып, өзгеден алдырған. Сонда шатасып әкелді ме, әлде әдейі істеді ме, қолына басқа улы нәрсе ұсыныпты. Ақынның ақырғы әрі аһ ұрған өлеңінде бұл жағдай қапысыз сипатталған:

Алмасты мүсәтір деп татып алдым,
Дерт шалып өне-бойды, жатып алдым.
Құдайдан тура келсе, арманым не,
Ажалды ақша беріп сатып алдым.

Бұл – өлеңде айтылғандай, өте өкінішті жағдай. Жалпы, улану оқиғасының бәрі өкінішті емес пе...

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров