Қарама-қарсылықтың қарасы
Бір-біріне қарама-қарсы ұғым көп. Күн мен түн. Жарық пен көлеңке. Ашу мен жабу. Кіру мен шығу. Ыстық пен суық. Бай мен кедей. От пен су. От пен су демекші, 2020 жылдың тамыз айының соңына қарай Италия жағалауына жақын тұста өртенген кеменің бейнекөрінісі тарады. Бортында 8 қазақстандық пен экипаждың 9 адамы бар серуендейтін кеме екен.
Сол кеме су үстінде апатқа ұшыраған кезінде алдымен оттың дегені болды. Байларға арналған сән-салтанатты яхта қызыл жалын мен қара түтін құрсауына түсіп, металы балқып, пластигі мен басқа да әрлеуші материалы лапылдап жанды. Ақыры шошайған тұмсығы теңіз толқынына көмілгенде түтін мен жалын да жоқ болды. Байқасаңыз, байқұс кеменің тағдырына басында от, соңында су өктемдік етті. Бір-біріне қарсы стихиялардың кезек алмасуының бір мысалы осындай.
Әлгі кеменің әл-ауқатты, қайғы-уайымсыз адамдардың сейіл құруға арналғанын, оған қалтасы жыртық жандардың қолы жетпейтінін ойласаңыз, тағы да бір өлшеммен қарауға келмейтін қайшылықты бай мен кедей ұғымдарына тап боласыз.
Одан әрі кеменің жанып, әрі суға батып кеткеніне жолаушылардың қаншалықты қайғырғаны мен өздерінің тірі қалғанына соншалықты қуанғанын ескеріңіз. Сол кезде қуаныш пен қайғы аталатын екі түрлі көңіл күйі бір-біріне қарама-қайшы болып шыға келеді.
Не керек, аптап пен аяз сияқты құбылыстар, ауыр мен жеңіл сияқты өлшемдер, жүру мен тұру сияқты әрекеттер, жанды мен жансыз сияқты нәрселер табиғатта, тұрмыста, мінез-құлықта, санада күнделікті көрініс береді. Олар әлгіндегі кемені кезекпен қаусырған от пен су сынды бір-бірімен қатар келмей, тек алмасып келеді.
Табиғатта да, санада да ақ пен қара бояу түрінде болсын, ұғым түрінде болсын, қарама-қарсы саналады. Қазақта ежелден "аққа қара жұқпайды" деген нақыл бар. Бірақ, мына күрделі, қым-қиғаш заманда талай рет аққа қараны баттитып тұрып жаққан жәйттерді байқадық. Саясатта, сотта нақақтан күйген азаматтардың тағдыры – соның мысалы. Оның талайына куә болып жүрміз. Қоғамдағы қайшылықтар күшейген, саяси дағдарыс үстіндегі Қазақстанда қараны ақ деп айта беру, ал ақты қаралап көрсету дағдыға айналып бара жатқаны бөлек әңгіме.
Ұлтымызда "ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс" деген тұрақты сөз тіркесі бар. Ол жұрттың билігін, тағдырын өз қолына ұстаған тұлғаға қатысты айтылады. Ондай тұлға кімнің немесе ненің ақ, ал қайсы қара екенін айыратындай парасатты болсын деңіз. Осы тұрақты тіркесте ақ пен қарадан басқа екінші қарама-қайшы ұғым тұрғанын байқадыңыз ба? Иә, ол – алғыс пен қарғыс.
Бір-біріне мүлде қайшы осы екі сөз "қарғыс алма, алғыс ал" деген қазақ даналығында және кездеседі. Бұл – тілек, бата түрінде айтылатын тіркес. Әсіресе енді өсіп, жетілетін жастарға қатысты арналады. Міне, тізбекті қуалай келе қарғыс деген ұғымға жеттік.
Белгілі депутаттың әлдебір журналиске арнаған, әлде жаудырған қарғысы қазақы ортаны қойып, орыс тілділер арасында пікірталас көкпарына айналды. Сондықтан қарама-қарсы ұғымның бірі алғысты қоя тұрып, екінші жағындағы қарғыс деген не екенін саралағанды жөн көрдік.
Бала кезімізде "Әліппеде" ме, басқа бір кітапта ма: "Жақсы деген немене, жаман деген немене?" деген тақырыптағы өлең болатын. Сол сияқты "қарғыс деген немене?" деген сұрақ қойып, соған жауап іздеп көрелік.
Айтпақшы, мына "жақсы мен жаман" ұғымдары тілге тиек болған қарама-қайшылықтың ең үлкені саналатын.
Оқи отырыңыз: Сақтағаның – сары май
Жамандық жасатпаудың жолы
Ертеректе ауылда Жақыбай деген жігіт ағасы болды. Атын сәл өзгертіп алып отырмыз. Өзіне, ұрпақтарына ыңғайсыздық тумауы үшін. Жақыбай кемпірдің қолында жалғыз өсті. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, әжесінің қолында қалған бала болса керек.
Жетімдіктің, жоқшылықтың салдары ма екен, Жақыбай мектептен қайтқанда жолай әрбір ауладағы жүген-ноқтаны, шелек-шәугімді, балға-балтаны көтеріп үйіне әкеледі. Кейде тіпті, жаюлы кілем мен киімді құшақтай келеді. Содан Жақыбай тамағын ішіп, достарымен ойнауға кеткенде әжесі оның жолымен кері жүріп, әкелген заттың бәрін иелеріне қайта табыстайды.
Жарықтықтың сондағы айтары:
– Жалғыздан қалған жалғызды қарғай көрмеңдерші, – деген сөз көрінеді.
Жетім баланың ісіне ашулану орнына оны қызық көретін, өйткені, ол алып кеткен затты әжесі қайтарып беретінін жақсы білетін ауылда ешкім оны қарғамаса керек. Үлкен азамат болып өскенін, үбірлі-шүбірлі ұрпағы барын көзіміз көрді. Ешкімнің қарғыс айтпағанының арқасы шығар.
Бір қызық жері, бала кезінде Жақыбай ойынын қандырып, кешке үйге келсе, әлгі алып келген дүниесінің бірі жоқ. Күнделікті заттары ғана тұр. Сонда өзі сияқты оқушы достарына:
– Шіркін, табысты табудай-ақ табамын, бірақ соны ұқсататын адам жоқ, – дейді екен.
Осы сөзі ауылға аңыз болып жайылған. Беріде ұмыт қалмаса, біздің тұсымызда екінің бірі күліп айтып жүретін. Әлгі әженің "қарғай көрмеңдерші" деген жалынышты сөзі – қарғыстың қаншалықты қуатты екенін аңғартады.
Ендігі әңгіме сол, қарғыстың қуаты жайында. Қазақ "таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді" деп қапысыз дәл айтқан. Сөздің ішіндегі ең қаһарлысы саналатын қарғыс болса, сүйегіңіз, тұтас денеңіз тұрмақ, бүкіл рухыңызды талқандап өтпек. Қазақ содан қорыққан. Қаймыққан. Қарғысқа ұшырамауға тырысқан.
Қарғыс атқан адамның ұрпағының өскені, қайта көктегені жоқ. Азып-тозып кеткен. Тұқымдары тұздай құрыған. Мыңдаған жылдар оның мысалын көрген, көкейге түйген халық қарғысқа ұшырамауға ұмтылған. Міне, өркендеген, өскен елдердің, қоғамдардың, топтардың, әулеттердің және жеке адамдардың табысының бір сыры – ешқашан қарғыс алмағандарында жатса керек. Ал азып-тозғандардың, тарих сахнасынан абыройсыз түскендердің ар жағында қарғысқа тап болған біреу бары талассыз. Ондай болмау үшін ешкімге жаманшылық жасама.
Біздің жас кезімізде мектебімізде "коммунизм адамының моралі" деген тақта ілініп тұратын. Мораль жиырма-отыз талаптан тұратын. Соны күнделікті орындап жүрсең, коммунизмді орнатуға үлес қосып, сонда өмір сүресің деп үндейтін. Сол отыз-қырық уағызды қазекем атам заманда-ақ "қарғыс алма, алғыс ал" деген төрт сөзбен түйіндеп берсе керек. Өйткені, алғыс алдағы жолыңды ашады, қарғыс болса, керісінше бүкіл болашағыңды байлайды.
Бір ғажабы, екеуі де – саған қарсы жасалатын әрекет емес, кәдімгі айтылған, ауыздан шыққан сөз ғана. Сөйте тұра, ересен қуатты. Алғыс ретінде, не қарғыс ретінде айтылса да, айна-қатесіз алдыңнан шығады.
Иә, сөз – ядролық тізбекті реакция сияқты. Одан бейбіт атом электр стансасын немесе жаппай қырып-жоятын атом қаруын жасауға болады. Мәселе қандай адамға қатысты айтылғанында. Жауызға қарсы жұмсалатыны – әрине, қарғыс!
Оқи отырыңыз: Митинг мәдениеті
Таразының теңестіретін тетігі
Негізі қарғысты жапа шеккен жан айтатын. Өзінен әлдіден жәбір көргенде және кегін қайтара алмайтынын білгенде, айналада араша түсер ешкім жоғына көзі жеткенде соңғы амалы – қарғысқа жүгінеді.
Оның соншалықты дәл тиіп, тиген тұсын ойрандап өтерін бірнеше рет көрдік. Төсектен тұра алмайтын ауру қызы бар, әрі табыс табамын деп кеткен күйеуі алыс елде ақшасыз қалған, сөйтіп тұстас отбасын жалғыз асырап жүрген әйел жазықсыз қуғынға түскен. Мекемеде одан жоғары қызметте жүрген азамат өктемдік жасап, жылағанына қарамай жұмыстан шығартты. Сонда байғұс әйелдің әлімжеттік жасаған адамды қарғағанын құлағымыз естіген. Сол қарғыс тоғыз айда тура келгенін көзіміз көрген. Жағамызды ұстағанбыз.
Демек, қарғыс – тежеуші фактор. Адам түрлі әрекеттерді ойланып істеуі шін оның қажеттігі бар. "Қайтсем қарғысқа ұшырап қалмаймын" деген теріс істен бой тарттырады. Бала кезімізде әжеміз "торғайға тиіспеңдер, ол қарғайды" деп отыратын. Тіпті, оның атынан қарғыс өлең айтып беретін:
Торғай-торғай атым бар.
Кіш-кішкентай затым бар.
Мені өлтірген балалар,
Жастайыңнан жетім қал.
Кімнің жетім қалғысы келсін, бүкіл ауылда ешбір бала торғай мен оның балапанын өлтіруге құлшынбайтын. Ал бүгін торғайдың балапанын, мысықтың марғауын өлтірген бала ертең бір отбасыны қырып кететін қаныпезер болып шығарына дау жоқ. Оның талайын көрдік, жаздық.
Демек, осындай қаныпезерлік жолға түсуден сақтауда "қарғысқа ұшырамаймын ба?" деген ойдың санада үнемі қылаң беріп тұрғаны жөн. Қазақ соны білгендіктен торғайдың аузына өлең салған. Түйсінгенге тәрбиенің төресі – осы.
Қарғыс – әлсіз жақтың ақырғы қаруы. Қорғаныш қалқаны. Жапа шеккеннің жебеушісі. Таразы басын теңестіріп беретін тетігі! Бірақ, ол себепсіз айтылмауы керек. Себепсіз болса, айналып келіп айтқан адамның өз басына тиеді.
Мұны Пайғамбар хадисінде: "Бір адам екінші адамды қарғайтын болса, алдымен қарғыс аспанға көтеріледі. Кейін жерге түсіп, лағынет айтылған адамға барады. Егер сол адам қарғысқа лайық болса, ол соған тиеді. Ал адам оған лайық болмаса, қарғыс айтқан адамның өзіне қайта оралады" деген. Сондықтан оны айту үшін мықтап ойланып алған ләзім.
Бұл – діндегі тұжырым десек, қазақ оны ислам жалпақ далаға жайылған кезге дейін түйіндеп тастаған. "Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады" деген. Иә, марқұм Қалтай Мұхамеджанов ақсақал айтып кеткендей, "Капиталдың" екі томын үш мақалға сыйғызған біздің ата-бабамыз емес пе!
Оқи отырыңыз: Қазаға қатысты наза
Ауыспалы мағынаның ауыры
Қарғыс қазақ тілі мен әдебиетінде жеке жанр ретінде қалыптасқан. Сонымен қатар басқа жанрдың ішінде жүруі де мүмкін. Айталық, "Алпамыс батыр" дастанының бір тұсында қарғыс шумақтары бар. Оны бала кезімізде жаттап алғанбыз. Дандайсыған Ұлтан хан жас Жәдігерді көкпар етіп тартыңдар деп әмір етпей ме. Қызыққа қызған, ханды қолпаштаған жұрт оны көкпар етпек болғанда Жәдігер не дейтін еді:
Енді бала зарлады,
Көзінің жасын парлады.
Мейірімі жоқ иттерді,
Отыра қалып қарғады:
"Аш бүгіліп жарағыр,
Жетім қалып жасыңнан,
Мендей болып жылағыр,
Тарта бер, жұртым, тарта бер!
Ешкі жасын жасағыр,
Аяғыңнан ақсағыр.
Ағайын кетіп қасыңнан,
Досың кетіп басыңнан,
Мендей болып қақсағыр,
Тарта бер, жұртым, тарта бер!"
Бұл қарғыс айна-қатесіз келіп, алыс жорықтан оралған Алпамыс ұлын көкпар етпек Ұлтан ханның талқанын шығарады. Анау антұрған мен қасындағылардың бәрі ешкінің жасынан аспай өледі.
Қарғыс жанр ретінде кәдімгідей зерттелген. ХХ ғасыр басында қазақты қайтсек жеке ел етеміз деп арыстандай алысқан алаш арыстары оны өз еңбектерінде талдаған. Батыс Ордадағы Алаш туын көтерушілердың бірі Халел Досмұхамедов "Бата мен алғысқа қарама-қарсы түр – қарғыс. Қарғысты дұшпанына, әкесі әбден көңілі қалған ұлы мен қызына, молда діннен безгендерге айтатынын ұғамыз" деп жазған. Бәріне мысал іздейтін емес, діннен безгеннің қарғысы өте уытты екенімен тоқталайық:
Сүйегіңді артуға көлік шықпай,
Апарып көк есекке шандырасын.Жаназаңды оқуға молда шықпай,
Тұсыңнан орыс келіп былдырласын!
ХХІ ғасырдағы депутаттың қарғысы қандай мәтінде болғанын білмейміз, ал мынау ХХ ғасыр басындағы қазақ үшін ең сұмдық қарғыс болғаны сөзсіз. Ауыз әдебиетіне жетік, жырауларды жатқа білетін депутатымыздың қарғысы да көркем, әрі уытты шығар, шамасы.
Ақыр аяғында айтарымыз, қарғыс тура немесе ауыспалы мағынада айтылады. Тура мағынасы бары – бала Жәдігердің қарғысы: "Аш бүгіліп жарағыр... Ешкі жасын жасағыр..."
Ауыспалы мағынадағысы бір естігенге оң ниеттегі сөздер сыңайлы. Қазақ пен қалмақтың арасында айтылған делінетін "күлің шашылмасын, шөбің жапырылмасын, түндігің ашылмасын" деген қарғыс сақталған. Түпкі мәнін ұқпағанға тілек іспетті ғой. Күл шашылмаса, үй таза тұратын сияқты. Шөп жапырылмаса, дала әдемі дегендей. Түндігі ашылмаса, үй-іші тыныштықта. Ал арғы мәнінде бұл – "ұрпағың болмасын, бағар малың қалмасын, отбасың түгел қырылсын" дегенді білдіреді.
Ал қазақ: "Өзің білме, білгеннің тілін алма" дегенді қарғыстың ең ауыры санайды. Қазір дінде, тілде, тұрмыста, тәрбиеде адасқандарды осындай қарғысқа ұшыраған-ау деп топшылайсың!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5465
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2480
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2447
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2298
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2177
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2168
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2224
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2273
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2198
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2182
- 0
- 6