Қыс мезгілінде жылыжайда өсірілген қызанақ пен қияр сұранысты өтеуі тиіс. Өкініштісі, еліміздің барлық өңірінде жылыжай шаруашылығы көркейіп, елді өніммен қамтып отыр деп айтуға келіңкіремейді.
Жылыжайлар салынып жатқанымен, дамытатын тұстары көп. Ол туралы Ауыл шаруашылық министрлігінің егіншілік департаментінің сарапшысы Сағынтай Жұмажанов айтты.
– Соңғы бес жылда елімізде жылыжай шаруашылығы 746 га өсті. Олардың 89 пайызы ОҚО орналасқан. Жабық жерде ерте пісетін көкөністер өнімі 132 мың тоннаға жетті. 1062 га жылыжайдың 1035 га көкөніс, 25 га гүл өсіріледі, – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Кәсіп ашқыңыз келсе... Шағын несиеге қалай қол жеткізуге болады?
Неге дамымай тұр деген сұрақты қоя салу жеңіл. Байқағаныңыздай даму жағы баяу болса да, бар әйтеуір. Тек оны одан әрі дамыту үшін неге басымдық беруіміз керек? Мәселе сонда.
Ақшаң болса қалтаңда...
– Польшада жылыжай шаруашылықтарының алқабы 6 000 га асады, Голландияда – 10 000, Түркияда – 41 000, ал Қытайда – шамамен 1,5 млн га жерді алып жатыр. Олардың көлемі үлкен, әрі жаңа технологиямен жабдықталған. Сондықтан едәуір дамып тұр. Жылыжай кешенін салуға керек бір гектар жердің құны 1,5-2 млн еуроға дейін жетеді екен. Олардың құрылымында қуатты өте көп тұтынатын қосымша жарықтандыру, жылыту секілді ерекше жүйелер бар, – дейді Сағынтай Жұмажанов.
Оқи отырыңыз: Алматыда көпбалалы аналар қалай тегін кәсіп үйрене алады?
Егер сіз Голландияда 10 га жерге жылыжай салғыңыз келсе, онда қаржы қорыңызда кем дегенде 10 млн еуро болу керек. Голландықтар құнарлы, әрі сапалы өнім алған соң ғана жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтайтындықтан тәуекелге барады.
Ондай жетістікке жету үшін барлық технологиялық процесті мұқият қадағалап отырады. Жылыжай іргетасының қадасы қағылғаннан бастап, алғашқы өнімді бергенше білікті мамандардың кеңестеріне назар аударады.
Біздің елде болса мұндай кешенді салуды жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Әрбір қадамың қымбат тұрғаны былай, өнімді өсірудің өзінің қиындығы өте көп.
Оқи отырыңыз: 1,5 млн адам жұмыс тауып, 40 мың несие рәсімделген. "Еңбек" бағдарламасы аясында қалай кәсіп бастауға болады?
Көкөністі оңтүстікте өсіріп, тасыған пайдалы
– Еліміздің Солтүстік, Орталық, Шығыс аймақтарда көкөніс дақылдарын жабық жерде өсіру қиынға соғып тұр. Неге десеңіз, ауа-райы суық, жылытуға және электр энергиясына жұмсалатын шығындар көп. Осыған байланысты жылыжай Оңтүстік өңірде дамып келеді, – дейді бас сарапшы.
Шығын демекші, бір гектар жердегі жылыжайға шамамен 1МВт электр қуаты мен 10 мың гекакалория жылу қажет. Енді жұмсалған қаржы еселеп ақталса, кәнекей!
Солтүстік аудандарда газ бен электр энергиясына шығынданғанша, мамандар өсірілген тауарды оңтүстіктен солтүстікке тасыған пайдалы деп санайды.
Оқи отырыңыз: Өз бизнесімді ашқым келеді. Кәсіпті көк тиынсыз қалай бастауға болады?
Бірақ, тасымалдау кезінде тауар бұзылып, қосымша шығын артады. Соның салдарынан өнімнің өзіндік құны өседі. Осыдан кейін онсыз да саны жағынан аз өндірілетін отандық өнім үлкен партиямен әкелініп, нарықты жаулаған, химикатпен өңделген көрші елдердің өніміне қарағанда бәсекеге төтеп бере алмай жатады.
Жылыжайлар халықты көкөніспен қаншалықты қамтамасыз етіп отыр?
– 2017 жылдың қорытындысы енді белгілі болады. 2016 жылдың көрсеткішіне жүгінсек, 408 га жерге егілген қиярдан 56 тонна, 615 гектардағы қызанақтан 112 тонна өнім алдық. Ерте пісетін көкөніспен қала тұрғындарының 91 пайызы қамтамасыз етіліп отыр. Яғни, толықтай шешілмей отырғанын байқап отырсыздар. Ауылдағылардың көбісінің жеке егіс алқаптары мен жылыжайлары болғандықтан, көкөніс тапшылығы сезілмейді, – дейді егіншілік шаруашылығының сарапшысы.
Астананың базарлары мен дүкендеріне қияр мен қызанақтың қайдан келетінін анықтап көрдік
"Шапағат" сауда орталығындағы көкөністер Қытайдан əкелінеді. Сол себептен де бір келі қиярдың бағасы 450 теңге болса, қызанақ 500-ақ теңге. Ал, "Астаналық базарда" қияр мен қызанақ Өзбек елінен тасымалданып, 550 теңгеге сатылады. "Еуразия" сауда орталығына да Өзбекстаннан əкелініп жатыр. Бұл жерде қияр 1000 теңгеден, қызанақ 800 теңгеден сатылады.
Сонда "Астана Эко Стандарттың" көкөністері қайда сатылып жатыр? Директоры Жеңіс Досмұғанбетовтың айтуынша, "Шарын" мен "Galmart" дүкендерінің сөрелерінде екен. Қияр 920 теңгеден, қызанақ 560 теңгеден. Мұнда Өзбекстанның да, өзіміздің жылыжайдың да көкөністері бар.
Аңғарып қарасаңыз, екеуінің бағасы екі түрлі. Өзбек елінен келетін қызанақтың бағасы 800, қияр 1550 теңге. Салыстырып қарағанда "Астана Эко Стандарттың" өнімі арзанырақ. Бұл жерде қызанақ 780 болса, қияр 1180 теңге.
Енді арзандау болған соң, сұраныстың көлемі де көбеюі керек емес пе? "Астана Эко Стандарт" аз өндіргеннен халықтың бəріне толыққанды жетпей тұр. Сол себепті көрші елдің көкөністеріне тәуелді болып отырмыз.
Астанада жыл бойы климаты өзгермейтін жалғыз кешен бар
Агроном мамандар Астана қаласына жақын жерде жылыжай кешенін салудың тиімділігіне талдау жасаған. Көкөністі тұтыну көлемінің халық санының өсуіне қарай үздіксіз өсіп отыратыны анықтаған.
Ал осы сұранысты шешу үшін қысы суық және ұзақ солтүстік өңірлерде өндірістік жылажайлар салу қажет. Яғни, "Астана Эко Стандарт" жылыжайларына ұқсас кешендердің санын арттыру керек.
Мұнда он екі ай бойы темпаратура тұрақты
Үш гектарды алып жатқан жылыжай жоғары технологиямен жабдықталған.
– Қызанақ пен қияр гидропоника әдісімен өсіріледі. Өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада, қоректік заттардың судағы ертіндісінде өсіру әдісін гидропоника дейміз. Осы тәсілді қолдану арқылы суды үнемдейміз. Екіншіден, өнім таза болады. Мысалы, бір қияр қандай да бір өсімдік ауруына шалдықса, оны жұлып, тазалап тастап, ары қарай басқалары ауруға шалдықпайтындай етіп өңдеп, жұмыс істей береміз. Топырақта өсетіндері тамшылатып суарылады. Осы жүйенің көмегімен әрбір өсімдіктің тамырына су жетеді. Топырақтың үнемі ылғал болып тұруына да үлесі зор. Жердің бетінде топырақтың нығыздалған беткі қабаты (қабығы) пайда болмайды, – дейді директор Жеңіс Досмағамбетов.
Желдеткіш арқылы ауа айналымы автоматты түрде басқарылады
– Желкөздерді ашу бұрышы 46º құрайды. "Пушпульді" желкөздерді ашу жүйесінде энергия үнемдейтін және жарық шығаратын шымылдықты экран жүйесі бар. Көктем-жазғы кезеңінде жылыжайларға түсетін күн сәулесінің радиациясы (шамадан тыс) болса, көлеңкелеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге түнде және сырттағы температура төмен болған кездерде, жылуды жоғарылатады, – дейді Жеңіс Ерназарұлы.
Көшет кәсібінен нәсіпті көргендер ғана бананды өсіре алады
Жеміс-жидек, жүзім көшеттерін, субтропикалық және декоративтік көшеттерді жерсіндірген "Сарыағаш жер сыйы" шаруа қожалығымен байланысқа шықтық. Жердің қыр-сырын, тілін, өсімдіктердің бабын білетін Танабай Шынтасов 94,5 га бау-бақшаны игеріп отыр.
Оның 65 га жеріне тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Компьютерлік бағдарлама суарумен қоса бір уақытта минералды тыңайтқыштар беруді реттеп, өзі бақылап отырады. Бұл су мен минералды тыңайтқыш шығынын 3 есе азайтады.
Биолог, селекция маманы Иван Мичуриннің ізбасарының айтуынша, алма, өрік, алқоры, шабдалы, қызыл шие, жүзім көшеттері өсіріледі. Жалпы бір миллионға жуық көшет дайындалса, соның 70 пайыздайы жүзім екен.
– Қыркүйек, тамыз айларында көшеттер будандастырылады. Ал, желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында тікелей будандастырылу жұмыстары жүргізіледі. Бір жылда тапсырыс беріп, дайын көшет алуға болады. Бұтақтың қай жерінен, қай мерзімде кесу және оны сақтау құпиясы бар. Бүгінгі күні шаруалардың басым бөлігі субтропикалық көшеттерге сұраныс беріп жатыр. Атап айтар болсақ, анар, лимон, инжир, киви, банан, құрма сынды жемістер, – дейді.
Аграном-ғалым бананды қолайлы аймаққа еккенді дұрыс деп санайды. Оның пайымдауынша, аумағы кіші, биіктігі 5-8 метр жылыжайларда банан өсіру тиімсіз.
Лимондар тек жылыжайда ғана өседі
– Көшет алу технологиясы өзгеше болғандықтан, агротехникалық шараларды сақтай отырып, лимин қаламшаларынан өсіріледі. Елімізде тек жылыжай жағдайында ғана өседі. Ол – бір-екі градус температураға шыдауы мүмкін. Лимон – жылудыөте жақсы көретін өсімдік. Жарық жеткіліксіз болса, фотосинтез процессі азаяды. Сондықтан, жапырақтары сарғайып түсе бастайды, тіпті жемісі де түсуі мүмкін. Вегетация процессі 10-12 градуста жүріп, қазан, қараша айларында жемістер көгергеннен кейін сарғайып пісе бастайды. Бізде лимонның "Мерей" сорты өсіріледі. Әр түп лимоннан 100-120 данаға дейін өнім алуға болады. Көшеттерді контейнерлерге отырғызып өсіреміз. Агротехникалық шаралар толық сақталынатын болса, егілген соң, 2-3 жылдан бастап көшеттер өнім бере бастайды, – дейді Танабай Шынтасов.
Көшеттер негізінен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облысы, Қырғызстан бақшашыларынан алынады.
Жылыжайды ұршықтай иірем десеңіз...
Мемлекеттен қарастырылып жатқан көмектер бар. Субсидияның түрлерін Сағынтай Жұмажанов жілік-майын ажыратып, түсіндіріп берді.
– Біріншіден, жылыжайды салуға кеткен шығынның 30 пайызы мемлекеттен өтеледі. Бұл қаржы– несие емес, тегін беріледі. 2014 жылдан бастап осы бағыт бойынша 1,3 млрд теңге жұмсалған. 30,8 га жерде жылыжай салыныпты.
Екіншіден, көкөністерді сақтау шығынының 20 пайызы субсидияланады. Биылдан бастап кооперация мәселесіне назар аударып жатырмыз. Жиналған өнімді өткізу жағы қарастырылып, техника сатып алуға кепілдік беру көзделіп отыр.
Үшіншіден, көкөністі бір жылда екі айналымда өсіреді. Біріншісін жинап алып, қайтадан егеді. Сонда алты ай сайын өсіру шығынына 500 мың теңгеден 5,5 млн теңгеге дейін мемлекеттен қолдау көрсетіледі.
Төртіншіден, тыңайтқыш, әр түрлі аурулармен күресетін биогенттерге, арам шөптермен күресетін гербицидтерге де субсидия бөлінеді, – дейді ол.
Мемлекеттен бөлінетін қаржыға қалай қол жеткізуге болады?
Агроөнеркәсіпке жауапты"КазАгро Холдингіне" хабарласып, тереңінен білсеңіздер болады. Біз де бас менеджері Ғалия Төрежановадан мән-жайды сұрастырдық.
Оның айтуынша, 2017 жылдан бастап инвестициялық жобаларды қаржыландыру жүйесінде де өзгерістер болған. Барлық өтініштерді "ҚазАгро" ұлттық холдингінің басқа еншілес компаниясы – "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ қабылдайды. Толығырақ білу үшін мына сілтемеге өту арқылы біле аласыз.
Сондай-ақ, "Даму" қорының бас менеджері Асқар Жүсіпов те "Жол картасы бизнесі – 2020" бағдарламасы аясында өз ұсыныстары бар екендігін айта кетті. Кәсібін енді ғана бастаған 29 жасқа дейінгі мамандарға 20 млн-ға дейін несие алуларына болады. Мұндай жағдайда субсидияның 10 пайызын иеленуге мүмкіндіктері бар.
Ал, кешенді кеңейту мақсатында несие керек болса, 750 млн теңгеге дейін беріледі. Бұл– облыстағы көрсеткіштер. Қалада субсидия жеті пайыз ғана бөлінеді. Есесіне екінші сатыдағылар 4,5 млрд теңгеге дейін несиені иеленеді.
Ескеретін тұс, 5-6 пайыздық несиені банктер кепілдікке қарап береді. Белгілі мөлшерге жетпеген жағдайда осы кәсіпорындар көмектесе алады. Қала мен облыста екі түрлі бағада, субсидияның мөлшері сияқты, кепілдік бере алады.
Жылыжай кешенін салғаннан кейін арнайы комиссия жасағы жан-жақты тексереді. Кәсіпті дөңгелетуге негіз барына көз жеткенде ғана алынған несие субсидия есебінен шегеріледі.
Қызанақ көшетін отырғызу ерекшелігін назарларыңызға ұсынамыз
Сырт көзге оңай болғанымен, көшетті отырғызудың өзінің құпиясы бар, ол бірнеше кезеңнен тұрады.
1. Әдетте жылыжай топырақтарының құрамы бақылауда болады.
- жеңіл құмды немесе суқұмды топырақтар – 20...30%;
- торф – 50...60%;
- көң компост – 20...30% көлемінде қолданылады.
2. Өсіруді бастамас бұрын бактериялар мен саңырауқұлақтардан залалсыздандырылады.
3. Тұқымдарды биологиялық препарат фитолавинмен (тұқымды себуден бұрын 0,2%-ға 2 сағат суландыру) өңдейді.
4. Түбірін отырғызу кезінде үштен біріне қысқартады. Содан кейін ғана тез тармақтала бастайды. Осыдан кейін ғана көшеттер арнайы құтыларға отырғызылады.
18-20 күн өткен соң, көшеттер таратып отырғызылады. Егер көшет тығыз орналасып, күн тек төбесінен ғана түссе, онда жоғары бойлай өсуі байқалады екен. Көшет ұзарып, әлсіз бола бастайды. Сондықтан, ара қашықтықты қадалаған дұрыс. Бір шаршы метрге 20-28 көшет орналастырылады.
Енді қиярды қалай дұрыс отырғызу керек?
Қияр – асқабақ тұқымдас бір жылдық жапырақты өсімдік. Жылуды, жарықты, ылғалды жақсы көреді. Қалыпты өсуі үшін жылыжай ішіндегі температура +15°С-тан кем болмауы тиіс. Осының бәрін ескеріп, жылыжайдың жылуын реттеп отыру керек.
Әсіресе, алғашқы отырғызған күндері, гүлденіп, тұқым байлана бастаған кезде ерекше күтімді қажет етеді. Тозаңдандыру үшін даладағыдай ара болмағандықтан, арнайы дәрілерді әрбір гүлге егіп шығады.
Бір гектар жылыжайға 15-16 мың дана қиярдың көшетін отырғыза аласыз. 2-3 см тереңдікте сеуіп, 8х8 см құтыда өсіріледі. Өскін пайда болған кезде электр жарық жүйесін қосады.
- Өскіндер – 240 Вт/м2, 2-3 күн тәулігіне – 24 сағат, одан кейін 10-12 күн тәулігіне – 16 сағат;
- Көшеттерді таратып орналастырғаннан кейін – 120 Вт/м2, 10-12 күн тәулігіне – 14 сағат, одан кейін 10-12 күн тәулігіне – 12 сағат.
Температуралық режим:
- Өскін болғанға дейін +27 °С,
- Өскін пайда болған +21…23 °С күн түсіп тұрған күні, +19…20 °С бұлтты күні және түнде +18…19 °С.
Ауаның ылғалдығы 70-75% құрауы тиіс.
Көшетті жылы сумен (+25…28 °С), топырақтың ылғалдылығын 75-80 %НВ дейін жеткізе отырып жаудыру жүйесі арқылы суарады.
Өскін топырақ бетіне шыққаннан 12-14 күн өткен соң, өсімдіктер қатары бір-біріне жанасқанға дейін көшеттер бөлектеліп отырғызылады (бір-бірінен 20...28 өскіннен).
Көшеттерді 30 күннен кейін тұрақты орындарына отырғызады. Осыдан кейін өскін тез өседі және сапасы төмендейді. Өскінді отырғызар кезде оның 5-6 жапырағы, дамыған тамыр жүйесі, 25-30 см биіктігі, жер үстіндегі салмағы 35-40 г болуы тиіс.