Тікелей эфир

Жемқорлық коронавирустен де қауіпті дерт. Оған қарсы вакцина табыла ма?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Transparency International халықаралық ұйымының есебі бойынша, Қазақстан жемқорлық жайлаған 180 елдің ішінде 113-орында.

Парақорлық қанымызға сіңіп кеткен

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері жемқорлықпен күресіп келеді. 1998 жылы "Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы" заң қабылданып, кейін оған талай мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2015 жылы бұл заңның орнын "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң басты.

Бұдан қалды, мемлекет "коррупцияның тамырына балта шабамыз" деген ұранмен түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Бірақ, билік басында жүріп, білгенін істегендердің қарасы азайған жоқ. Күрес қанша күшейсе де, Қазақстан жемқорлық жайлаған 180 елдің ішінде 113-орында келе жатыр. Қоғам белсендісі Гүлбану Әбенованың пікірінше, бұл рейтинг көрсеткішіне сенуге болады.

"Нәтижесімен келісемін. Баспасөзден күн сайын әр саладағы лауазымды қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін ұсталғанын оқимыз. Менің ойымша, Қазақстанда жағдай шынымен де қорқынышты", – деді ол.

Елімізде пара беру, тіпті, балабақша мен мектепте де асқынып тұрғаны жасырын емес. Ал билік басындағы жемқорлар қазынаның миллиардтарын жымқыруда. Қазақстанды бұл дерт неге жайлап кетті? Пара беру мен алу неліктен тыйылмай тұр? Белгілі заңгер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Айман Омарова оның себебін парақорлық әбден қанға сіңіп кетуімен байланыстырады.


"Парақорлық біздің қанымызға сіңіп кеткен. Біреу көмек берсе, оған міндетті түрде рахмет айту керек. Мен бір елшіліктің өкілімен осы мәселе бойынша сөйлескен едім. Ол маған "Біздің Еуропада үйленген жігіттің бар міндеті өзі мен отбасын асырау саналады. Ал сіздерде жігіт үйленсе, оған бұдан әлдеқайда көп міндет жүктеледі" деген еді. Расымен, бізде тізім әлдеқайда үлкен: өзі, отбасы, қайын жұрты, туған-туыс, құда-жекжаты... Егер қызметі көтерілсе, тізім одан сайын көбейеді. Содан ана туысқа көмектесіп, мына туыстың жағдайын жасау қажет деген тұста жемқорлыққа жол ашылады. "Бір азамат таққа отырса, қалғаны атқа отырады" деген осы", – деді Айман Омарова.

Оқи отырыңыз: Жемқорлық дерегі туралы хабарлаған адамға пара сомасының 10 пайызы көлемінде сыйақы беріледі

"Nur Otan"-ның 96 мүшесі жемқорлық үшін партиядан шығарылған

Билік партиясы "Nur Otan" мүшелері жемқорлық деректерімен жиі істі болды. Өткен жылдың екінші жартыжылдығында партиядан осы себепті 96 адам шығарылған. Десе де, "Nur Otan" партиясы Алматы филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Барыс Жапаров "бұл көрсеткіш партия мүшелерінің барлығы бірдей парақор деген cөз емес" деп ақталды.

"Nur Otan" билік партиясы. Сондықтан, мемлекеттік қызметтегі азаматтардың көпшілігінің "Nur Otan" партиясына қатысы бар. Бірақ, партия өз кезегінде Қазақстанның 1 миллионға жуық азаматының басын біріктіреді. Сол миллион ішінде қарапайым қызметкерлер, жұмысшылар, ұстаздар, дәрігерлер, өзге де мамандар бар. Партия мүшелерінің 2,5 пайызы ғана мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ, соның барлығы бірдей парақор дегенге ешкім келіспейді және бұл шындыққа жанаспайды", – деді Барыс Жапаров.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбайдың пікірінше, 96 адамның жемқорлық жасауы саяси ұйым үшін сын көтермейтін жағдай.

"Партияның 96 мүшесінің жемқорлыққа қатысы болуы саяси ұйым үшін тым көп көрсеткіш. Билікті толықтай узурпациялап алып басқарып отырған жағдайда, жауапкершілік сол саяси институттың мойнына жүктеледі. Жалпы, жемқорлық біздің қоғам үшін ең бірінші кезектегі қауіп. Ол қауіп қазір ұлт қауіпсіздігіне төніп тұр. Жемқорлықтың кесірінен көптеген мемлекеттер жойылып кеткен. Жемқорлыққа нақты жауаптылар – қазіргі басқару жүйесі мен басқарушы партия. Жоғарыдағы статистикалық көрсеткіштерді алып қарайтын болсақ, бүгінде билеуші партия өзін толықтай дискредитациялады. Жемқорлықпен күресеміз деп 10-нан астам ірі науқан жариялады. Алайда ол бағдарламалардың бәрі өз тиімсіздігін көрсетті. Өкінішке қарай, қазіргі басқару жүйесі жемқорлықтың синониміне айналғандай", – деді Тазабек Сәмбетбай.

Оқи отырыңыз: "Әрбір бесінші кәсіпкер пара беруге дайын". Зерттеу қорытындысы

Жемқорлықты жоятын механизм – барлық деңгейдегі сайлау енгізу

Тазабек Сәмбетбайдың ойынша, Қазақстанда дендеп кеткен жемқорлықтың тамырына балта шабуға әбден болады. Ол үшін жалпыұлттық, барлық деңгейдегі сайлауды енгізу қажет. Яғни, учаскелік полицейден бастап, әкімге дейінгі қызметке адамдар халықтың сайлауы бойынша тағайындалуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттік қызметкер халық алдындағы жауапкершілігін мықтап түсінеді.

"Әкімдерді қазіргідей "Nur Otan" басшылығы тағайындамауы керек. Оларды халық сайлауы тиіс. Сол сияқты судья, полиция қызметкері, учаскелік инспектор, ЖОО ректорын да сайлау қажет. Яғни, халықтың алдындағы нақты жауапкершілік жемқорлықтың түбіне балта шаба алады", – деді ол.

Жазаны қатаңдату қажет

2016 жылдан бері елімізде Қылмыстық кодексті ізгілендіру науқаны басталды. Соның нәтижесінде колонияда жазасын өтеп жатқандардың жауапқа тартылу мерзімі қысқарып, бостандыққа шыққандары көп. Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбайдың пікірінше, жемқорлық пен парақорлыққа қатысты қылмыстарды ізгілендіруге тыйым салу керек. Ол әсіресе қазына қаржысына қол салғандарға жазаны барынша қатаңдату қажет дегенді ала тартты.



"Біз Қылмыстық кодексті ізгілендіруді қолдаймыз. Бірақ, жемқорлыққа, парақорлыққа қатысты қылмыстарды ізгілендіруге болмайды. Керісінше, жазаны қатаңдату керек. Көптеген жемқорлар, мәселен, Бишімбаев пен Ахметовтер жазасын толық өтемей, бостандыққа мерзімінен бұрын шықты. Қорғас дауы кезінде оның басшысы миллион доллар алғаны үшін нақты қылмыстық жауапқа тартылудың орнына бір күн де түрмеде отырған жоқ. Жауапкершіліктен оңай құтылып кетті. Сондықтан, жемқорлық пен парақорлыққа қатысты қылмыстардан гуманизацияны мүлдем алып тастап, қатаңдату керек", – деді Тазабек Сәмбетбай.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек

Пара алмау мен бермеуді балаға мектептен бастап үйреткен дұрыс

Заңгер Айман Омарова жемқорлықтың жолын кесу үшін жазаны қатаңдату шешім емес екенін айтты. Оның пікірінше, коррупцияның салдары қандай боларын балаға мектеп қабырғасынан бастап мықтап түсіндіру қажет. Тіпті оқушыларға жемқорлыққа қарсы күреске негізделген арнайы пән енгізсе де артық емес. Әрі ата-ана баласына үйінде дұрыс тәрбие беруі керек.

"Жемқорларға жазаны қатаңдату керек немесе ату жазасын қолдану қажет" деген пікір көп. Меніңше, бұл дұрыс емес. Себебі, сіз бір жемқорды соттап жатқанда істі жүргізіп отырған судьяның өзі жемқорлықпен айналысып жатады. Сол үшін адамдарға жемқорлықтың зияны туралы бала кезінен тәрбиелеп үйрету керек. Мектепте жемқорлыққа қарсы арнайы сабақ болу қажет. Жақсы баға алу үшін кәмпит беру дұрыс еместігін бала түсінуі керек. Оқушыға Қылмыстық кодексті көрсетіп, мына қылмыс үшін келесідей жаза бар деп үйреткен жөн. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру керек", – деді Айман Омарова.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік қызметкерлер мұқтаждықтың кесірінен пара алады. Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 2 есе өсіру тәсілін атады

Мемқызметкер пара алмауы үшін жалақыны көбейту қажет

Барыс Жапаровтың айтуынша, тек заңды негіздерге сүйеніп, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Алдымен "Мемлекеттік қызметкер неге пара алады? Ол бұған неге мүдделі?" деген мәселені алға қою қажет. Оның айтуынша, шенеуніктер тек ашкөздіктен емес, мұқтаждықтан да пара алады. Сондықтан, "жемқорлықты азайтудың тағы бір жолы – мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттыру" дейді маман.



"Мысалы, жетпісінші жылдары Швецияда мемлекеттік қызметте парақорлықты жою үшін мемлекеттік қызметкердің жалақысын мемлекет бойынша орта жалақыдан 12-15%-ға көтерген екен. Мемлекеттік қызметкердің қолына мемлекеттің атынан үлкен мүмкіндіктер берген. Қаржы бөлу, рұқсат беру керек деген сияқты. Егер қызметкер сол мүмкіндігін пайдаланып, жемқорлықпен айналысса, ол жерден көп ақша табады. Сондықтан, коррупцияға бармас үшін оны материалды түрде мүдделі қылмау керек. Егер ол қызметінен айырылса, ұтылатыны өте көп болатындай жағдай жасаған жөн", – деді "Nur Otan" партиясы Алматы филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Барыс Жапаров.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы мемлекеттік қызметкерлердің саны 25 пайызға қысқаратынын және сол арқылы қалғандарының жалақысы көтерілетінін хабарлаған болатын. Алайда, қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова төмен жалақы жемқорлықтың басты себебі емес екенін айтты. Ол мемлекеттік қызметкерлердің жағдайын қанша жерден жақсартқанмен, ашкөздері бәрібір тоймайтынын мәлімдеді.

"Олар тоймайды. Менің ойымша, мемлекеттік қызметкердің жалақысын қанша көтерсе де, бізде жемқорлық жойылмайды. Мәселен, полицияның жалақысын көтерді. Бірақ, олар пара алудан бас тартпайды ғой? Сосын бізде қызметкерді жұмыстан жемқорлық үшін шығарады да, біраз уақыттан кейін басқа мемлекеттік органға лауазымды қызметке тағайындайды. Бұл дұрыс емес", – деді қоғам белсендісі.

Оқи отырыңыз: Ел беделін түсірген Борат па, өзіміз бе? Сараптама

Қазақстан неге парақор мемлекетке айналды?

Қазақстанда жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 10 пайызға жуық қаржысы ұрланады. Жемқорлыққа ең көп батқаны мемлекеттік тапсырыс саласы. "Еліміз неге парақор мемлекетке айналды? Жемқорлықты қалай жеңеміз?" деген сауалға сарапшылар бірауыздан "қай салада болмасын, ашықтық және цифрландыру қажет" дегенді алға тартты. Мамандардың айтуынша, тіпті мемлекеттік қызметтегі қарапайым маманнан бастап, басшылыққа дейін жалақысы ашық көрсетілуі тиіс. Ол сонда тапқан табысы мен жалақысы сай келмейтін тұлғалар бірден анықталады деген пікірде.

"Бұрын бізде БТИ деген парақорлықтың ұясы бар болатын. Оған адам кіруге қорқатын. Қазір барлығы реттелді, еш қорқыныш жоқ. Соңғы бірнеше жылдың ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды. Бұл халықты көптеген мәселеден құтқарды. Жылдан жылға мемлекеттің халыққа көрсететін қызмет саны автоматтандырылған жүйеде өсіп келе жатыр. Жуық арада 90 пайызға жетеді. Сондықтан, "елімізді жемқорлық жайлап кетті, оны жою үшін түк жасалып жатқан жоқ" деген пікірлермен келіспеймін", – деді Барыс Жапаров.

Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты бір күн ішінде жою мүмкін емес. Ол терінің бетіне біткен жай ғана жара емес, тамырын тереңге жайған қоғамдық дерт. Сондықтан, онымен мемлекет болып, ұлт болып бірігіп күрескен жөн.

Оқи отырыңыз: Халықтың түрлі-түсті революция жасауына биліктің өзі кінәлі ме? Сараптама

Ішкі істер саласындағы жемқорлықты жою үшін не істеу керек?

Жемқорлық жайлаған тағы бір сала – ішкі істер органдары. Пара алған құзырлы орган қызметкерлері жыл сайын жұмысынан қуылып, шендерінен айырылып, істі болып жатса да, бұл салада коррупция тыйылмай тұр. Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбайдың пікірінше, полиция қазіргі билік жүйесінің тірегі, қолшоқпары болып отыр. Тәртіп сақшыларының құзыреттілігі мүлдем сын көтермейді. Ал Айман Омарова полицияға түбегейлі реформа қажет екенін айтты.

"Полиция қызметіне реформа керектігін баяғыдан айтып келеміз. Реформа жасаймыз деп, біресе формасын ауыстырады, біресе кеудесіне камералар қояды. Бұл шешім емес. Біріншіден, кадрлық реформа жасау қажет. Мысалы, полицияға тергеуші болып қабылданған маман түк білмейді. Жұмысқа құр дипломын алып келеді. Ал істі қалай жүргізу қажеттігінен бейхабар, қылмысты дәлелдей алмайды. Олардың барлығын сарапшыларды әкеліп үйрету керек. Ол дам өлімін, зорлауды, экономикалық қылмыстарды қалай тергеу керектігін білуі тиіс. Әрқайсының айырмашылығы бар. Екіншіден, оларға адамдармен сөйлесуді үйрету керек. Олар адамдармен тіл қатыса алмайды, ешкім сөздеріне сенбейді. Үшіншіден, ашық болу керек. Қазір әйнек фронт-кеңселер қойып жатыр, сондай кеңселерді барлық жерге қойып, қызметті ашық көрсету керек", – деді Айман Омарова.

Қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова да полиция ғимараттарының ит тұмсығы өтпейтіндей дуалмен қоршалатынын сынға алды. Ол да тәртіп сақшылары көзден тасаланбай, халық алдында ашық болуы тиіс деп атап өтті.



"Мен Денис Тен қайтыс болған кезде Грузияның полициясында болдым. Басшылығынан сұхбат алуға барған едім. Шынында да олар өте ашық екен. Ешкім менің бүкіл сөмкемді, телефонымды алып қойған жоқ. Тіпті тексерген де жоқ. Құжатымды қарады да, "Қазақстан азаматшасы екенсіз ғой, кіріңіз" деп қабылдады. Бізде полиция тұрмақ әкімдікке кірсеңіз де, бомбамен келгендей барлығын тексереді. Тәртіп сақшылары бізді жақтап, көмектесіп, қорған болуы керек. Ал біз керісінше, олардан көмек сұрауға қорқамыз", – деді Гүлбану Әбенова.

Оқи отырыңыз: Жері бай Қазақстанның халқы неге байымайды? Сараптама

Қазақстанда жемқорлық жойыла ма? Өзгеру үшін не істеу керек?

"Барлық салада ашықтық жариялап, оны жүзеге асыратын болсақ, жемқорлықты жеңеміз" деген сарапшылар Қазақстанда парақорлықты жою мүмкін деген пікірде. Тек бұл дертпен қоғам болып жұмыла күрескен жөн. "Әр азамат белсенділік танытып, бюджет қаржысын тексерсе, шенеуніктерден әр тиынның есебін сұрауды әдетке айналдырса, елді жемқорлық жайламас еді" дейді мамандар.

"Өзгеретініне сенемін. Сенбесем, мемлекеттік саладағы жемқорлықты ашып жазбас едім. Халық жағынан тексеру болу керек, шенеуніктерден сұраныс болу қажет. Өйткені олар біздің халықтың ақшасын алып отыр. Сондықтан, сұрайтын құқымыз бар. Халық немқұрайлы болмай ояну керек. Оянды деп ойлаймын, себебі белсенділер көбейіп жатыр. Бірақ, сол белсенділерге репрессия болмауы тиіс. Бізде қазір белсенділердің өздерін тұрмақ, балаларын да репрессияға ұшыратады", – деді қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова.

Айта кетсек, Қазақстанда карантин кезінде жемқорлықпен байланысты 900-ге жуық заңбұзушылық тіркелген екен. Яғни, бір күнде 3 адам парамен ұсталып отырған. Ірі шенеуніктерден бастап, қарапайым қызметкерлерге дейін. Ежелгі грек ойшылы Местрий Плутарх "Қоғам игілігіне арналған істен өз пайдасын көздеген жан, қабірді де тонауға қабілетті" депті. Жемқорлар үшін елді де, жерді де сату түкке тұрмайды. Тәуелсіздіктің басты жауы – жемқорлық. Яғни, жемқорлықпен күрес тәуелсіздік үшін күреспен пара-пар.

(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)

Серіктестер жаңалықтары