Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, оған орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұр. Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан:
- 2019 жылғы алғашқы 7 ай – 820;
- 2020 жылғы алғашқы 7 ай – 912.
"Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық. Олардың арасында 2 облыс әкімі бар, бұл қауіпті белгі", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: "Әрбір бесінші кәсіпкер пара беруге дайын". Зерттеу қорытындысы
Пандемия кезеңінде және мемлекет пен азаматтарымыздың табысы азайған тұста жемқорлықпен күресті одан әрі күшейту қажеттігіне тоқталған президент бөлініп жатқан қаражатты мұқият әрі тиімді жұмсауды тапсырды.
"Әсіресе, қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай мәселелерге болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жемқорлыққа қарсы күресте келесі бес бағыт бойынша жұмысқа жаңаша серпін беру қажеттігін атап өтті.
1.Сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға ерекше мән берген жөн
Осыған орай, түрлі саладағы жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау жасау керек. Заң барлық мемлекеттік органдарға түйткілді тұстарды өз бетінше анықтап, жоюға міндеттейді. Алайда, бұл жұмыс жүріп жатқан жоқ. Мұндай әрекетсіздік жақсылыққа апармайды.
Дер кезінде алдын алу және ескерту жұмысы жүргізілмесе, жемқорлық деген кесел көптеген адамның жарқын келешегіне балта шабуы әбден мүмкін.
Мемлекетте жемқорлықпен нәтижелі күрестің болмауы ел азаматтарында қарсылық көңіл-күйінің және құқықтық нигилизмнің пайда болуына әкеледі. Жемқорлық деңгейі жоғары өңірлерде қылмыстық істердің жаппай орын алуы жай ғана сәйкестік емес. Бүгінгі беріліп отырған баға министрліктердегі пара алу жағдайларының әшкереленген деректері негізінде жасалған.
Баяндамадан да соны байқаймыз. Баға жемқорлықтың қатерін азайту үшін қабылданатын шаралар мен мемлекеттік қызметті пайдалану кезіндегі кедергілерді жоюға бағытталған іс-қимыл негізінде қалыптасуы тиіс.
Басшы өз қызметкерлерінің заң бұзушылығын жасырмауы керек. Сондықтан, оны тек жазаға тартудан бөлек, ынталандыру да маңызды. Бұл алдын ала жүйелі шаралар қабылдауға айтарлықтай септігін тигізеді.
Әрбір әкім және министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапты болуға тиіс. Нақ осы тұста сыбайлас жемқорлыққа бару қатері көп болуы мүмкін. Сондықтан, әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі. Бас прокуратураға осындай бағалау жүйесін әзірлеуді тапсырамын.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың қызметіне жөнсіз араласуды доғарған жөн. Сыбайлас жемқорлық пен басқару ісіндегі олқылықтардың ара жігін нақты ажырата білу қажет.
Қылмыстық процестің шеңберіне жауапкершілікті өз мойнына ала алатын адал шенеуніктер ілінбеуі қажет. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдауға қорықпауы тиіс. Бүгінде біз мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершіліктен қашып, бастаманы өз қолына алудан бас тартатынын жиі байқап жүрміз. Мұның жарқын мысалы пандемия кезінде анық көрінді.
Жемқорлықпен белсенді күрес науқаншылдыққа айналмауы керек. Сондай-ақ, бұл процестің жауапты, өз ісін білетін мемлекеттік қызметкерлердің қызметіне кедергісі тимеуі тиіс. Қазір менің тапсырмам бойынша қызметкерді тек сыбайласының айыптауына сүйене отырып жауапқа тарту мүмкіндігі алынып тасталды. Керісінше, қылмысты арандатқаны үшін азаматты қылмыстық жауапкершілікке тарту шарасы енгізіліп жатыр.
Бұл нормалар құқық қорғау органдарындағы жүгенсіздікті тоқтатуға көмектеседі. Бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне өздерінің жарты жылдық есебінде жемқорлықпен белсенді түрде күресуге құлықсыз жетекшілер туралы ақпарат беруін тапсырамын. Бұл тапсырмам жергілікті атқарушы органдарға да бағытталады.
Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер
2.Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес
Күнделікті өмірде жемқорлық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі, әділдіктің бар екеніне сенбейді. Пандемиямен жалпы ұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек? Мысалы, Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блок бекеттен өткізу үшін үнемі пара алып отырған.
Мұндай деректер бірнеше өңірде байқалды. Тіпті, барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын. Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті.
Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек. Бұл үшін қоғамда жемқорлықтан жаппай жиренуге қол жеткізуіміз қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен бірлесіп, Тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек.
3.Мемлекттік қызметтерді цифрландыруды жеделдету
Деректер базасын одан әрі интеграциялау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Бізде бір ведомствоның шағымына жауап ретінде басқа мемлекеттік органнан анықтама алуға тура келеді. Бұл тәжірибе әлі күнге дейін жойылған жоқ. Мұндай анахронизмдерді цифрландыру жоюы керек.
Ашық бюджеттердің интерактивті картасы 7 триллион теңгеден астам бюджет ақшасын жұмсау туралы ақпараттың жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз етті (2019-2020 жылдар).
"Сергек" озық технологиялар арқылы тәртіп бұзушылықтарды тіркеу мемлекетке қандай пайда әкелетінін көрсетті. Ол жол полицейлерінің қолына түсетін жемқорлық табыстарынан айырды.
Барлық мемлекеттік орган, бірінші кезекте әкімдіктер бұл тәжірибені қолға алуы керек. Мұндай цифрлық шешімдер адами факторлларды, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін жағдайларды жояды.
4.Бизнесті қорғау
Экономикалық проблемалар аясында кәсіпкерлікті қолдау аса өзекті болып отыр. Бес жыл ішінде заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру туралы қылмыстық істер бойынша – 11, рейдерлік істер бойынша 7 адам сотталды.
Осы сандардан бизнесті қорғаудың құқық қорғау механизмдері нәтиже бермей отырғанын көруге болады.
Былтырғы жолдауымда мен заңды бизнеске кедергі жасау аса ауыр мемлекеттік қылмыс екенін айттым. Мұны барлық құқық қорғау органы, соның ішінде Бас прокуратура да есте сақтауы тиіс.
Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, бір айда барлық қозғалған мәселе бойынша нақты ұсыныстарды бекітуге енгізу тапсырылады.
Белгілі бір оң үрдістер барын айта кету кеерк. Біз енгізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу институты алғашқы жемісін беруде.
510 бизнес-жоба бойынша 2020 жылдың бірінші жартысында 114 заңсыз араласу дерегі анықталды. Бұл жұмысты жалғастыру керек.
Бас прокуратура кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тарту деректерінің тез жолын кесуі тиіс. Кәсіпкерлер, инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан қорғалғанын сезінуі керек.
Оқи отырыңыз: Transparency International: Қазақстан коррупцияны қабылдау индексінде 113-орынға жоғарылады
5.Қоғамдық бақылауды күшейту
Мемлекеттік органдар қанша тырысқанымен қоғамның қолдауынсыз табысқа жете алмайды. Азаматтарда парасаттылық идеологиясы қалыптасуы тиіс.
Қазір бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Академиялық адалдық лигасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы волонтерлік клубтар, адалдық дүкені мен өз-өзіне қызмет көрсету кассалары секілді жобалар туралы ақпарат кеңінен жариялануы тиіс.
Онымен қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық шебінде қоғамдық бақылауды күшейту керек. Азаматтық қоғам мемлекеттік органдарға көмектесуге дайын. "Адал көмек" платформасын жасағаннан кейін әлеуметтік осал топқа жататын 11 мың азамат белгілі адвокаттардың көмегін тегін алды.
Азаматтармен диалог орнату арқылы сыбайлас жемқорлық белең алып, қоғам наразылығын туғызып жүрген түйткілді салаларды анықтауға болады. Адамдар бұрынғыша жоғары оқу орны, колледж, тіпті, мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы.
Ал, кәсіпкерлер жер комитеті, Өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылықтың алаңдаушылығы жоғары. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады.
Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл, онымен ымырасыз күрес қоғамның өзекті мәселесінің біріне айналғалы көп жылдың жүзі болды.
Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды шараларға байланысты.