Тікелей эфир

Мемлекеттік қызметкерлер мұқтаждықтың кесірінен пара алады. Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 2 есе өсіру тәсілін атады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірнеше заңнамалық бастама әзірледі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді.

Көтіріліп жатқан заңнамалық бастамалар әр түрлі мәселені қамтиды.

Жемқорлық үшін алдымен басшы жауап бермек

  1. Тікелей бағынышты адамдары сыбайлас жемқорлықпен ұсталған жағдайда мемлекеттік орган басшыларының – саяси мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кетуін енгізу.
  2. Бағынышты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жұмыстары жүргізілмегені үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшыларының жеке тәртіптік жауапкершілігін енгізу.
  3. Нормативтік құқықтық актілердің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуді қалпына келтіру.

Осы үш бастама Президенттің қол қоюына жолданған заң жобасында көрсетілген.

"Табысын дәлелдей алмағандарға санкция қолданылуы керек"

Алик Шпекбаевтың айтуынша, тағы бірқатар өзгерістер тиісті мемлекеттік органдар тарапынан қаралып жатыр. Атап айтар болсақ:

Бірінші, заңсыз баю үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу.

Агенттік төрағасының мәліметінше, табысы мен жұмсаған ақшасы сәйкес келмеген жағдайда лауазымды тұлғаларға мансаптық және қаржылық санкция қолданылу ұсынылып жатыр.

Сонымен қатар, агенттік барлық мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілердің декларацияларын жариялауды міндеттеуді жөн санайды.

Жемқорлыққа бейім қызметкер жұмыстан босатылады

Екінші, құқық қорғау органдары мен бақылау-қадағалау органдарының қызметкерлеріне арналған Integrity Check парасаттылыққа тексеру институтын енгізу.

Бұл шенеуніктің сыбайлас жемқорлыққа бейімділігін анықтауға бағытталған алдын-алу құралы. Оны агенттік және құқық қорғау органдарының жеке қауіпсіздік құрылымдары құпия тәсіл арқылы соттың қатаң санкциясымен жүзеге асырады. Лауазымды тұлға тексерістен өте алмаса, қылмыстық қудалаусыз жұмыстан шығарылады.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, мұндай тәжірибе Еуропа елдері мен АҚШ-та қолданылады.

Айтып қойсаңыз, ақша береді

Үшінші, жемқорлық туралы хабарлаған адамды көтермелеудің сараланған жүйесін енгізу.

Егер пара немесе келтірілген залал сомасы 2,5 млн теңгеден көп болса, осы заң бұзушылықты құқық қорғау органдарына хабарлаған адамға аталған соманың 10%-ын сыйақы ретінде тағайындау. Алик Шпекбаевтың мәлімдемесіне сәйкес, бұл бастаманы барлық мемлекеттік органдар қолдаған және таяу арада үкіметтің тиісті қаулысына өзгертулер енгізілетін болады.

Желінген мемлекет қаржысы көбейіп барады

Алик Шпекбаевтың айтуынша, жыл басынан бері жемқорлыққа қатысты 2121 құқық бұзушылықты тіркелді, соның ішінде 1590-ы – сыбайлас жемқорлық.

Жемқорлықтың түрлеріне тоқталар болсақ, қылмыстың негізгі бөлігі – парақорлық (850), ұрлық (714) және билікті асыра пайдалану (224) фактілері. Әшкерленген 1028 тұлғаның 23-і – республикалық, 86-сы – облыстық деңгейдегі басшылар.

Келтірілген залалдың мөлшері былтырғыдан 1,7 есе көбейіп 23,2 млрд теңгеге жеткен.

Агенттік төрағасының айтуынша, жемқорлық жайлаған салалар білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық.

Халықтың шағымын тыңдауға көбірек уақыт бөлінеді

"Азаматтардың өтініштерін қарау тәсілдері қайта қаралды. Мақсатымыз – агенттікке жүгінушілердің әрқайсысын тыңдау және жүгінушілердің бәріне көмектесу", деді Алик Шпекбаев.

Осыған байланысты азаматтарды қабылдау мерзімі ай сайыннан апта сайынғы уақытқа ауыстырылды. Ал департаменттердің орынбасарлары мен басшылары азаматтарды күн сайын қабылдамақ. Ыңғайлы әрі қолжетімді болу үшін басқа қаладан хабарласқан азаматтарды қабылдау бейнеконференциялық байланыс арқылы жүргізіледі.

Агенттіктің азаматтармен кері байланысының тағы бір арнасы – "Call-орталығы 1424".

Операторлар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы хабарламаларға тәулік бойы жауап береді.

Биыл жыл басынан бері Call-орталығына жемқорлық туралы 3,5 мың хабарлама түсіп, соның ішінде расталған 44 қылмыстық іс тергелуде.

"Басшылар ашкөздіктен, қарапайым мамандар мұқтаждықтан пара алады"

Алик Шпекбаевтың айтуынша, жемқорлықты азайтудың бірден бір жолы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттыру.

"Азаматтар өмірінің сапасы мен табысын арттырудың басты факторларының бірі кәсіби, тиімді, ең бастысы сыбайлас жемқорлықтан ада мемлекеттік аппаратты қалыптастыру", дейді Алик Шпекбаев.

Оның айтуынша, 20 жылдан астам еңбек өтілі бар кей мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы республика бойынша орташа жалақыдан төмен.

"Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындылығын арттыру бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарға, кешенді алдын алу және жазалау шаралары қарамастан, мемлекеттік қызметшілер жалақысының қазіргі деңгейі сыбайлас жемқорлықты азайтуды айтарлықтай тежеуде", деді агенттік төрағасы.

Айтуынша, Гонконг, Сингапур секілді елдер мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттырудың арқасында жемқорлықты азайтқан.

Қазақстанда соңғы 5 жылда сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 75 пайызы жалақысы төмен орта және төменгі буындағы мемлекеттік қызметкерлер.

"Басшылар параны ашкөздіктен алады, ал қарапайым мамандар мұқтаждықтан алады деген қоғамдық пікір әділ көрінеді", деді Алик Шпекбаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдарда бюджеттік үстемесіз мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын кем дегенде 2 есеге арттыруға мүмкіндік бар.

"Атап айтқанда, экономикалық тергеу қызметі штаттық санын 40%-ға қысқартты, біз бұл деңгейді жыл соңына қарай 25%-ға дейін жеткіземіз. Бұдан бөлек, 2018 жылы мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларының 30%-ы қысқартылса, 2020 жылы тағы 10%-ы қысқартылады", деді Алик Шпекбаев.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары