25 мамыр күні таңғы сағат 5-те мас жүргізуші блок бекетте жантүршігерлік жол апатын жасады. Ол қатты жылдамдықпен келіп бақылау-өткізу пунктінің бетон қоршауын қақ бөліп, жолдың арғы бетінде тұрған патрульдік көлікті қиратты. Салдарынан қызметтік көлік ішінде отырған екі полицей қаза тапты. Тағы бір тәртіп сақшысы ауыр хәлде жансақтау бөліміне жеткізілді. Кейін анықталғандай, жол-көлік оқиғасына кінәлі – полиция қызметкері Азат Азаматов болып шықты. Қазір оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы – "Адам өлтіру" бойынша айып тағылды.
Әдеттегі жол-көлік апаты не себепті кісі өлтіру деп сараланды? Тәртіп сақшыларының туыстары не дейді? Полиция департаменті неге апатқа кінәлі адам туралы ақпаратты қайта-қайта бұрмалады? Informburo.kz шулы оқиғаға шолу жасады.
Оқи отырыңыз: Алматылық полицейлер мемлекетке 6 миллионға жуық теңге қарыз
Блок бекеттегі көлік апаты
Көлік апат таңғы сағат 05.26-да №4 блок бекетте болды. Ол Алматы облысы Қарасай ауданының Көксай ықшамауданында орналасқан.
"Қожабеков көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан 28-жастағы "BMW" маркалы автокөліктің жүргізушісі, қала тұрғыны А. есімді азамат Жаңа Ғасыр көшесімен қиылыста, №4 бақылау-өткізу бекетіне соқтығысты: алдымен бетон қоршауға барып тиген, содан кейін инерциямен патрульдік көлікке соғысқан, оның салонында екі полиция қызметкері болды", – деп хабарлады сол күні Алматы ПД баспасөз қызметі.
Апат салдарынан қызметтік көлік ішінде маңайды бақылап отырған 40 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза тапты. Ал оның жанындағы полиция сержанты Дастан Әбдіқанов есін жимастан ауруханада қайтыс болды. Зардап шеккен үшінші полиция қызметкері Ербұлан Сейдазым қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқи отырыңыз: Е-Polisia KZ қосымшасы Алматы ішінде кімге жүруге рұқсат екенін анықтауға көмектеседі. Нұсқаулық
Жарас Жанғазиев үйін салып бітіруді және ұлының дүниеге келуін асыға күтті
Жантүршігерлік апат орнында тілге келмей қайтыс болған марқұм Жарас Жанғазиев – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері қызмет етті.
40 жастағы патрульдік полиция қызметкері үйленген, екі қыздың әкесі еді. Марқұм Алматы облысының Әйтей ауылында ата-анасымен шағын ғана үйде тұрып жатқан. Сол тамнан алысқа ұзамай, қарама-қарсы бетке өз баспанасының іргесін қалапты. Көршілерінің айтуынша, Жарас Жанғазиев демалысқа шығып, құрылысты аяқтауды жоспарлап жүрген.
"Мен Жарасты қайғылы оқиғаның алдында ғана көрдім. Ол бүгін кезекшілігімді атқарып келемін, сосын еңбек демалысына шығамын деді. Мен оған сол күні "бір күнде тұрған ештеңе жоқ" деп, жұмысқа бармауға кеңес беріп едім", – деп еске алды қаза тапқан полицейдің көршісі.
Марқұмның туған-туыстары әзірге тілшілермен тілдесуден бас тартып отыр. Жарас Жанғазиев жұбайымен бірге үшінші сәбилерінің өмірге келуін асыға күтіп жүрген. Қаза тапқан азамат ұлды болуды арман еткен. Ол тіпті қамшы ұстары өмірге келсе, бүкіл ауылға той жасауды жоспарлаған.
"Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласы патрульдік полиция полкінің инспекторы болып жұмыс істеді. 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, мінсіз жұмысы үшін ведомстволық наградалармен марапатталған. Көптеген жас полицейлер үшін тәлімгер және еліктеуге үлгі тұтарлық азамат болған", – деді ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.
Оқи отырыңыз: Әскери міндеттілер аумақтық әскер жасақтау үшін арнаулы жиындарға шақырылады. Президент жаңа қаулыға қол қойды
Дастан Әбдіқанов тұңғышын қырқынан шығарып үлгермеді
Қанды оқиғада қайтыс болған екінші тәртіп сақшысы Дастан Әбдіқанов. Ол 1994 жылы Алматыда туған. Ішкі істер органдарында 2016 жылдан бері қызмет етті. Марқұмның осыдан бір ай бұрын ғана тұңғыш ұлы дүниеге келгені белгілі болды.
"Полиция сержанты Дастан Әбдіқанов төрт жыл ішінде өзін жауапты, принципшіл және атқарушы қызметкер ретінде көрсете білді. Ол азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық күш-жігерін жұмсай отырып, болашаққа деген үлкен жоспар құрды", – деді ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.
Сол қаралы күні Дастанның жұбайы Динара әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында жұбайымен қоштасу жариялады.
"Қымбаттым, бізді неге тастап кеттің. Сені қатты жақсы көремін және бұған сенбеймін. Сен ең керемет күйеу және әкесің. Ұлың екеуміз сені қатты жақсы көреміз және әрдайым жақсы көреміз. Сен әрдайым жүрегіміздесің, ал ұлың үшін сен әрқашан батырсың. Менің қорғанышымсың, шуағымсың. Үш жыл бақытты өміріміз үшін рақмет. Сен тым жас кеттің, біз жоспарларымызды орындап үлгермедік. Мен не істерімді, қалай өмір сүретінімді білмеймін. Сағым сынса, мені кешір, ұлыңды қорға", – деп жазды жары Динара.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап
Ербұлан Сейдазымға екі операция жасалды
Көлік апатынан зардап шеккен полиция қызметкері, аға лейтенант Ербұлан Сейдазым қазір жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатыр. Ол жабық бас сүйек-ми жарақатын алып, миы ауыр дәрежеде зақымданған. Науқасқа екі операция жасалды: бас сүйегінің резекциялы трепанациясы және бас сүйек ішіндегі гематома алынды. Дәрігерлердің айтуынша, Ербұланның жағдайы ауыр болғанымен, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Тәртіп сақшысы осы блок бекеттің түнгі ауысымы құрамында аға жедел уәкіл болып қызмет еткен. Қалалық полиция департаментінің болжамы бойынша, Ербұлан Сейдазым планшетпен өтіп жатқан көліктерді тексеріп тұрған. BMW жүргізушісі бетонға соғылғанда, плиталардың бірі ұшып кетіп, қызметкерге тиген. Тағы бір болжам бойынша, жүргізуші бірінші Ербұланды қағып, содан соң блок бекетке, кейін полиция көлігіне соқтығысқан.
26 жастағы Ербұлан Сейдазым ішкі істер органдарында 2016 жылдан бастап қызмет етеді. Осы уақыт ішінде ол есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі болып жұмыс істеген. Үйленген, бір баланың әкесі.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейінгі Алматының алғашқы күні. Фоторепортаж
Жантүршігерлік жол апатын жасаған кім?
Алматы полиция департаменті болған апат жайында бастапқыда мардымды жауап бермеді. Тек көлікті тізгіндеген А. есімді ішімдік ішкен жүргізуші екенін және оның ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Дегенмен, сол күні әлеуметтік желі қолданушылары полицейлерді қаққан жүргізушінің өзі қатардағы тәртіп сақшысы Азат Азаматов екенін және оның әкесінің де осы салада қызмет еткенін жарыса жариялады. "Кінәлі" болуы мүмкін адамның киімсіз жатқан суреті әсіресе көптің көңіліне күдік ұялатты. Желі қолданушылары, "апат жасаған полиция қызметкерінің погон таққан киімін әдейі шешіп тастауы мүмкін" екендігін алға тартып, "Сергек" камераларына түскен видеоны жариялауды талап етті.
Дегенмен, Алматы полиция департаментіндегілер сол күні бірден бұл ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарып, қауесет екенін алға тартты. Олар жантүршігерлік жол апатын жасаған "полиция қызметкері емес", деп мәлімдеді. Бірақ, 26 мамыр күні құзырлы органдағылар Азат Азаматовтың бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткенін және өз міндеттеріне немқұрайлы қарағаны үшін жұмыстан босатылғандығы туралы хабарлады.
"Жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші бұрын погон таққан. Полицияда алты жыл жұмыс істеп, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт рет тәртіптік жаза алды. Бұл оның ішкі істер органдарынан босатылуына себеп болды", – деп мәлімдеді Алматы ПД бастығы Қанат Таймерденов.
Оқи отырыңыз: Екіжүзділік пен эгоизм. Карантин кезінде қоғамда не байқадық?
Өтіріктің құйрығы бір тұтам. Дастан Әбдіқановтың жары полицияның өтірігін әшкереледі
Полиция департаменті апат жасаған Азат Азаматовтың ішкі істер органдарынан бұрын қуылғанын жариялаған соң, 26 мамыр марқұм Дастан Әбдіқановтың жары ZTB.kz паблигіне сұхбат берді. Келіншек құзырлы органның өтірігін әшкере етіп, жол апатына кінәлі – Алматы полиция департаментінің қатардағы қызметкері екенін жайып салды.
"Күдікті полицияда жұмыс істемейді деген өтірік... Ол күйеуіммен бірге түнгі ауысымға шығып жүрді. Мен оларға түнге тамақ әзірледім. Мен күйеуімнің әріптестерін танимын", – деген марқұмның жесірі.
Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу
Жалған ақпарат таратқандар жазаланды
27 мамырда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қайғылы оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізіп, жеке құрам арасында алдын алу жұмыстарын жүргізуде олқылықтар болғанын анықтады. Тәртіп бұзған қызметкерлерге қатысты дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаған. Сонымен қатар, БАҚ-қа ақпаратты бұрмалап беру фактілеріне де баға берілді.
"Әрбір басшы өзінің қарамағындағыларға жауапты. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс Алматы полиция департаментінде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде біз бірден екі қызметкерден айырылып қалдық, бір қызметкер ауыр дене жарақатын алды. Біздің барлығымыз үшін, әсіресе, туған-туысқандарымыз үшін бұл – үлкен қайғы-қасірет және орны толмас қаза. Сондықтан бұл төтенше жағдайға жол берген басшыларға тиісті шаралар қабылданды. ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызметтік тәртіпті сақтауды қатаң талап етіп, полиция қызметкерлерінің кез келген тәртіп бұзушылығына принципті баға беріп, жаңа жағдайда жұмыс істегісі келмейтін немесе жұмыс істей алмайтын адамдардан өз қатарын тазалайтын болады", – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Нәтижесінде Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен 9 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Үш адам қызметтік орынынан кетті. Олар:
- Алматы қалалық ПД патрульдік полиция полкі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі К.Е. Сатаев;
- Алматы қаласы ПД Кадр саясаты бөлімінің бастығы, полковник О.С Мырзабеков;
- Жеке құрам инспекциясының бастығы, полиция полковнигі А.О. Ақылбеков;
- Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі М.А.Саттаров;
- Алматы қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі С.О. Көкрекбаев;
- Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.А Нашарбеков.
Үш адамға қатаң сөгіс жарияланды. Олар:
- Алматы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қ.Д. Таймерденов;
- Оның бірінші орынбасары Н.С Алмасбеков;
- Баспасөз қызметінің жетекшісі С. Әзірбекке қатаң сөгіс берілді.
Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары
Полиция әдетте жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын желеу ететін
Әдетте құзырлы орган өкілдері қандай да бір жалған ақпарат таратқандарға ескерту жасап, 274-бап бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертетін. Бірақ, соған қарамастан өздері де жалған мәлімет таратты.
274-бап. Көрінеу жалған ақпарат тарату
1. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл осындай қылмысты:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
3) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасаса, – 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті
Жаппай жазаланып жатса да, әлі сабақ алмады. Адам қаққан полицейдің әкесі шындықты мойындады
Апатқа кінәлі Азамат Азаматов 2017 жылы жол-көлік оқиғасы бойынша істі болған екен. Ол кезде сот полицей кінәлі емес деп есептеп, жауапкершілікті апатқа қатысты басқа адамға жүктеген. Ал, биылғы мамыр айының басында ғана Азат Азаматов лейтенант атағын алып, полицияда жұмыс істеп жүрген. Бұл туралы күдіктінің әкесі 28 жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеген Талғат Мұқашев 31 арнаға берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді.
"Ақылға сыймайтын мәліметтерді айтып жатыр. Ол жұмысын дұрыс атқармаса, оған не үшін алғыс хат беріп, аға лейтенант шенін береді? Ұлымды нашар жұмыс істеді, алқаш деп айыптап жатыр. Оған осындай айыптар тағылып жатса, басшылық қайда қарады? Ішетін адамға неге ішкі істер органдарында жұмыс істеуге рұқсат береді?", – деді полицейдің әкесі.
Қайғырған әке, ұлының соңғы уақытта қатты шаршап, ұзақ уақыт бойы демалыссыз жұмыс істеп жүргенін айтты. Талғат Мұқашев ұлы сол күні рөлде отырып ұйықтап қалған болуы мүмкін деп болжады.
"Коронавируспен күрес үшін мүлде демалған жоқ. 18-19 күн жұмыс істеді. Жол апаты таңғы 5-те болған, сол уақытта ұйықтап кеткен болуы мүмкін деп ойлаймын. Адам демалмай жұмыс істесе, рөлде отырып ұйықтап қалуы мүмкін" - деді Талғат Мұқашев.
Оқи отырыңыз: Абай қандай қазақты көргісі келді?
Полиция апат болған жердегі "Сергектің" видеосын жарияламай отыр
Алматы полиция департаментінің ақпараты бойынша, блок бекетте орнатылған "Сергек" камерасы апат болған сәтті жазбай қалуы мүмкін.
"Мамандар бақылау камералардағы сақталған жазбаларды зерттейді. Егер сол сәттегі кадрлар табылса, біз оларды міндетті түрде жариялаймыз. Бірақ мен жол-көлік оқиғасының объективтерге түскеніне сенімді емеспін. Себебі, камералар жолдың жүру бөлігіне бағытталған, ал апат басқа жақты тіркелді", – деп түсіндірді Алматы Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.
"Сергек" камераларын блок бекетке "Көркем телеком" компаниясы орнатқан. Олардың қызметкерлері құрылғыдан дискілер шығарып алған және полицияға берген болуы мүмкін.
Ал қиылыста болған қайғылы оқиғаның видеосы жарияланбайынша, полицейлердің өтірігіне наразылық білдіргендер бұл апаттың қарапайым жол апаты екеніне күмәнданып, түрлі болжам жасары сөзсіз. Мысалы, азаматтық белсенді Антон YouTube каналында болған жәйттің өз нұсқасын сипаттады. Ол сол түні полицейлер бірге ішкен болуы мүмкін деп болжам жасады.
Оқи отырыңыз: Дәрігерлердің күйзеліске түсуіне не себеп? Психоаналитик түсіндірмесі
Азат Азаматовты не себепті "адам өлтіру" бабы бойынша соттайды?
Қос әріптесінің өлімі үшін Азамат Азаматов Алматы облысы, Қарасай аудандық сотының санкциясымен екі айға қамауға алынды. Қаулыда оның уақытша жұмыссыз екендігі айтылған. Блок бекетте басы дауға қалған Азаматовтың үстінен Қылмыстық кодекстің 99-бабы "басқа адамды қасақана қазаға ұшырату" бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бұл бап бойынша полиция қызметкеріне 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Азамат Азаматовтың әкесі ұлы қасақана қылмысқа барғанына келіспейтінін айтты.
"Иә, ол заң бойынша жол апаты үшін жауап беруі керек. Бірақ мен оның әріптестерін қасақана қағып өлтірді дегенге сенбеймін. Ол қайтыс болған азаматпен (Дастан Әбдіқановпен) араласып жүрді. Жақында баласының шілдеханасына да шақырған. Сөйтіп отырып, қалай ол қасақана қылмысқа барады? Бұл оқыс оқиға. Қасындағы жолдасына қасқыр да қастық қылмайды. Ол кісілердің ата-анасына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамын", – деді Азаттың әкесі.
Заңгер Серік Айтбаев бұл жол-көлік оқиғасын кісі өлтіру деп саралауға қоғамдық резонанс әсер етуі мүмкін деп есептейді.
"Өткен жылы Алматыда түнгі клубқа шабуыл жасаған оқиға болды. Онда көлік тізгіндеген адам, басқаларды қақты. Бұл жағдай қоғамдық дау тудырып, адамдар болған оқиғаны белсенді талқылады. Іс сотқа "адам өлтіру" бабы бойынша берілді. Сот бапты өзгертпеді. Мұндай жәйт бірінші рет болды. Содан бері осындай қоғамдық пікір-талас тудырған жағдайларды кісі өлтіру деп қарастыру тәжірибесі басталды", – деді Серік Айтбаев.
Серік Айтбаевтың пікірінше, Азат Азаматовтың үстінен ҚР ҚК-нің 345-бабы "Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік ережесін бұзу" бойынша іс қозғалуы керек еді. Санкция 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
"Факті бойынша жүргізуші алдымен бетон қоршауға, содан кейін серпінмен патрульдік машинаға соғылды ғой. Мұнда физика, әдейі адам өлтіру емес. Бірақ менің ойымша, бапты өзгертпейді. Себебі апат мемлекеттік және қоғамдық резонанс тудырды", – деді Серік Айтбаев.
Алматылық заңгерлер басқа адамдардың қылмыстық істеріне қатысты сараптамалық пікір білдіруге тыйым салынғанын сылтауратып, бұл іске қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ кей адвокаттар бұл оқиға туралы әлеуметтік желілерде жазды. Мәселен, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Асқар Қаймақовтың пікірінше, билік кезекті рет резонанс үшін қылмыс құрамын әдейі өзгертті.
"Меніңше, Денис Тен мен Руслан Күлекбаевтың жағдайында дәл осындай көрініс болды: бірінші жағдайда кісі өлтіру бойынша қылмыс құрамы болмады, ал екіншісінде террористік акт болған жоқ. Кісі өлтіру – тікелей қасақана жасалған қылмыс, яғни оның салдарын алдын-ала болжау. Полиция қызметкері өзінің әріптестерінің өлімін шынымен қалады ма? Олардың көлігін әдейі қақты ма? Егер осы сұрақтардың біріне жауап теріс болса, онда мен бұл елде тұруға қорқамын. Өйткені ертең әлеуметтік желілерде белсенді түрде талқылаған кез-келген адамды көпшіліктің көңілінен шығу үшін ғана, қатаң жазаға тартуы мүмкін" деп жазды Асқар Қаймақов Facebook парақшасында.
Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе
Блок бекетте қаза тапқан екі полицей "Айбын" орденімен марапатталды
26 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм болған екі полиция қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы қаулы қабылдады:
- Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы – II дәрежелі "Айбын" ордені;
- Әбдіқанов Дастан Маратжанұлы – ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені.
Қаза болған тәртіп сақшылары қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін марапатталды.
Орденнің дәрежесі атаққа байланысты беріледі. І және ІІ дәрежелі "Айбын" ордендерімен кіші және аға офицерлер құрамының қызметкерлері марапатталады (Жарас Жанғазиев аға лейтенант болған). ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен сарбаздар, матростар, сержанттар, старшиналар, прапорщиктер мен мичмандар марапатталады (Дастан Әбдіқанов сержант болған).
"Менің ойымша, марапаттау кезінде карантин режимінде полицейлердің 15 сағаттан жұмыс істегенін ескерген. Бірақ егер бұл қайғылы оқиғаны карантин режимінсіз қарайтын болсақ, онда алдымен істің мән-жайын анықтап, содан кейін марапаттау керек. Шын мәнінде оған лайық адамдарды марапаттау керек. Мәселен, Ғазиз Байтасов батырға тән ерлік жасады. (2011 жылы Тараз қаласында жеті адамды өлтірген террорист Мақсат Кариевті құшақтап алып, жанкештінің мойнындағы жарылғышты қосып жарылыстан қаза тапты. – Авт.). Ал егер полицейді қарапайым жүргізуші қағып кетсе? Тәртіп сақшысы ерлік жасады ма? Мұндай жағдайда марапаттаудың қажеті жоқ, бірақ отбасын қолдау маңызды, олар асыраушысыз қалды", – деп атап өтті марапаттауға қатысты пікір білдірген ІІМ ардагері Айгүл Шөпшекбаева.
27 мамырда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза тапқандардың отбасыларына пәтер берілетінін және туыстары айтатын барлық мәселеге жан-жақты қаржылай көмек көрсететінін жеткізді.