Прямой эфир Новости спорта

Абай қандай қазақты көргісі келді?

Биыл – Абайдың 175 жылдығы. Соңғы 175 жыл, бұл – оған дейінгі мыңдаған жылдарға татитын жаңалықтар өтіп жатқан дәуір.

Абай өмір сүрген заман постфеодалдық құрылыста еді. Басқаша айтқанда, бай өзі үшін ғана бай емес, ақылға бай, мінезге бай, білімге бай, тәжірибеге бай болып, бір тайпаның, рулы елдің тізгінін ұстап, жан-жағындағысын қамтып, қамқорлық жасаған уақыт еді. Қазір біз социализмнен капиталистік қоғамға көшкен нарықтық қатынастар кезеңіндеміз.

Абайдың заманы – екінші индустриалдық революция заманы еді. Ал қазір төртінші индустриалдық революцияның заманындамыз.

Абай заманында қазақ бодан болатын, қазір азатпыз. Көп нәрсе өзгерді, өзгеріп те жатыр. Тек сол кезде Абай айтқан мінез, Абай меже еткен құндылықтар, Абайдың қазаққа қойған диагнозы пәлендей өзгерді деп айта алмаймын. Енді сонда бір заңды сұрақ туады: Абай қандай қазақты көргісі келді?

Оқи отырыңыз: "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты президент мақаласындағы 10 өзекті ой

Абайдың шығармашылығына қарап отырсаңыз, жалқаулықты, арсыздықты, алаяқ-сұмдықты сынап-сынап келеді де, елді толық адам болуға шақырады. Толық адам болудың жолын кәсіп табу деп көрсетеді Абай. "Адам бол, мал тап, қуансаң, сол кезде қуан" дейді. "Есектің артын жусаң да, мал тап", өйткені "жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын" деп зарлайды Абай.

Сосын: "Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі қазақтың әулиесі – сол" дейді. Әулие дегені – адамға да, Аллаға да жаққан адам ғой, былайша айтқанда. Қолөнер деп отырғаны – қазіргі тілмен айтқанда, инженерия. Бір нәрсенің мәнін біл, нақты бір кәсіпті игер. Қолөнер – екінің бірінің еншісіне тие бермейтін ерекше өнер. Қолөнер – көбінесе отырықшы елге тән дүние ғой, осыған көшпелі қазақты тартқысы келеді. Мән берсек, "мал керек емес" демейді, "мал таппа" демейді. Бірақ, "мал жұтайды" деп ескертеді. Сонда сенің мақсатың мал болмау керек, оны табудың жолын меңгеруге тиіссің.

Абай профессионал қазақты көргісі келді

Қазір, мәселен, әлемге шыққан кезде қазақ деген сөз ешқандай артықшылық бермейді. Әлемдік тұрғыда "қазақ, төрге отыр, пәленше, сен босағаға бар" деген қағида жоқ. Ұлт туралы пікірді жекелеген адамдар қалыптастырады. Кәсібіңе, біліктілігіңе, біліміңе, профессионализміңе қарап, өзіңді құрметтейді. Сол арқылы ұлтыңды сыйлайды. "Единица болмаса, не болады өңкей нөл" дегендей, ұлттық сипатымыздың алдында, қазақ деген сөздің алдында кәсіби қазақ, білімді қазақ, ғалым қазақ деген сөз тұрса ғана қазақтықтың құны артады. Өзің үшін де, көршің үшін де, әлем алдында да. Сонда өзіңе де, өзгеге де сыйлы болудың жолы – іскер, жауапкершілігі мол, табан ізін білетін, бір сөзбен айтқанда, кәсіби адам болу. Абайдың қалаған қазағы – осы қазақ.

Абай жай қалаған жоқ. Абайдың даналығы сол – оның жолын айтады.

Мысалы, батыста адамның өз алдына мақсат қоюы, өзін жетілдіруі үшін жасақталған СМАРТ жүйесі бар. Оның негізгі қағидасы бойынша адамның мақсаты:

  • Айқын, анық болу керек. Өзіңе не қажет екенін білуің керек;
  • Сандық, сапалық тұрғыда өлшеуге келетін;
  • қолжетімді;
  • өзекті;
  • белгілі бір уақыт шеңберіне қойылған болуы керек.

Оқи отырыңыз: Абайдың 175 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды

Абай кәсіби болудың келесі жолдарын ұсынады:

Біріншісі – негіз, фундамент

Қандай да бір кәсіппен айналыссаң да, мамандық иеленсең де, оның анығына жетіп, негізін алмай болмайды. Іргетасы нашар үйдің құлап қалатыны секілді, бірінші қуаттайтын тұсымыз – негізі. Абайдың "ғылым таппай мақтанба" дейтіні – осы. "Нәтижелі болдым деп айтпас бұрын өз салаңның ұңғыл-шұңғылын біл" дейді.

Мысал келтірейін, арғы беттен, яғни Қытайдан келген ініміз бар. Есімі – Самғау Нәсіпхан. Етік тігіп жүр. Келді де, еңбегіне адал кірісті, бір орында тоқтап қалғысы келген жоқ. Ыстанбұлға барып, курсқа қатысып келді. Енді Италияға баруға ақша жинап жүр. Яғни, ол өзін дамытуға күш салып, кәсіби мықты деңгейге жеткісі келеді.

Екіншісі – орын табу

"Орын таппай баптанба" дейді Абай. Жапонның кайдзен жүйесі икигай деп жүр ғой, қазақшалап айтқанда, кәдімгі "игигай" деп алды қазақтар. Ол не? Ол – өмірден өз орныңды таба білу. "Орын таппай баптанба". Әуелі өзіңнің орныңды тауып ал. Жаңағы "игигайға" сүйенсек, өзіңнің ісіңнен ләззат алуың керек, ләззат алғаннан кейін оны құлшыныспен істейсің, нәтижелі болған соң, отбасың, қоғамың, бәрі осыдан пайда көреді. Қоғамның бір кетігі бар екен, оған бір қазақ ие болуы керек. Ие болғанда да, жай емес, "кетігін тауып, қалануы" керек. "Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан". Әсемпаз болу деген – әр нәрсенің соңында жүріп, нақты бір орныңды таппау. Анаған бір, мынаған бір қызығуды – әсемпаз болу дейді. Өнерпаз болсаң, жақсылап күшіңді жина, шабыттан, арқалан дегені. "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан."

Сосын бірдеңені бастағанда ниеттің өзі дұрыс болуын көздеу керек. Мысалы, "ұлтжандылық" дегенде, қазақта осы жетіспейді, баламды осыған қарай ыңғайлайыншы дейтін ата-ана бар ма? Абай "Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы" деп келеді де, "Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой, Я тілмаш, я адвокат, Болсам деген бәрінде ой". Осы ойдан бүгін қазақ арылды ма? Арыла қоймаған сияқты, меніңше. Абай көргісі келген қазақ – табан ізін білетін, ақырын жүріп анық басатын, еңбегі далаға кетпейтін қазақ. Дәл осы екінші мақсат орындалмайынша, "орын таппай баптанба" дейтін мақсатқа жетпейміз.

Мысалы, бүгінде Абай көргісі келген қазақ жоқ емес, бар. Сарыағашта Бақкелді дейтін жігіт бар. "Атамекеннен" бе, атаулы көмектен бе, 500 мың теңге жәрдемақы алады да, оған смартфон алмайды, той да жасамайды, кәдімгі қозықұйрық саңырауқұлағын сатып алады. Залын босатып, уақытша қонақ шақырмай қоя тұрады. Сол бос тұрған залына қозықұйрықты өсіріп, таратып, сатып, осы істің майталманы болады. Ешкімге қол жаймайды, ешкімге жалынбайды, менің әкем айтпақшы, "құлша істеп, бише асап", еңбегінің рахатын көріп, жан-жағына шапағатын жайып, бүгінде осындай тұлғаға айналды. Абайдың көргісі келген қазағы – осы Бақкелді. Ол – орнын тауып, баптанған адам деп айтар едім.

Үшіншісі – үздіксіз даму

Яғни, бір азғантай нәрсеге қолы жетсе, кісімсіп, соған сеніп қалмау. Абайдың айтатыны бар: "Қазақтың бір қуаныш, бір жұбанышы бар. Қуанышы – балуаны жеңсе, аты озып келсе қуанады, онда тұрған не бар екен?! Жүйрік ат бірде ана елден, бірде мына елден шығады. Жұбанышы – өзінен жаман адам шықса, соған мәз болады. Анау да өзін кісімін деп жүр ғой, оның қасында біз деген сәулелі кісі емеспіз бе деп. Жүз ат қатысқан бәйгеде менен 4-5 ат кейін келді деген не сөз". Сол сияқты біреуге қарап отырып тоқмейілсуді Абай сондай жек көрген. Айтайын дегенім, аз-аздан болса да, жүйелі түрде межелі мақсатқа жетуге талаптанған қазақ болуды үндейді Абай. Сол себепті де уақытыңды әр нәрсеге құртпа, "құмарланып шаттанба ойнап-босқа күлуге" дейтіні осы Абайдың.

Отыз үшінші қара сөзде не дейді?

Құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады. Әуелі – бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады. Екінші – ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, "маған мал жоқ па?" дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады.

Тағы да Самғауды мысалға алайын. "Аға, – дейді ол, – мен қытайдан ұлтарақ әкеп сатсам, қазіргі табысымнан көп табады екенмін, бірақ, менің мақсатым ол емес, менің мақсатым – Самғау деген бренд жасау, сол брендтің дүкендерін ашу" дейді. Жарты жыл жүріп сол Самғаудың логотипін жетілдіріп, өзі жасап шықты. Ол брендтің сондай танымал болғанына өзім жете алмасам да, балам жетсе деймін", – деп отыр қазір. Ата кәсіп деген бар. "Жеті атасынан наубайшы екен, жеті атасынан етікші екен" деген сөз айтылады. Кейде кәсіп ата-бабасынан сіңісті болады. Көп жағдайда ата кәсіпте, қанмен келген кәсіпте береке көбірек болады. Әсіресе, Түркияда көп кездеседі.

Баяғыда "Каспийдің жағасынан, Түркмениядан келіпті, сонда жасаған етігі" деп, бір көн болып қалған дүниені Аяз бидің шапаны сияқты фабрикасының төріне іліп қойған түрікті өз көзіммен көрдім. Өйткені, жеті атасынан келе жатқан кәсібін мақтан тұтады және оған ешқандай саясаттың да қажеті жоқ. Түлкіні қуып келе жатқан адам орта жолда қоян кездесіп бұрылып кетсе, ең соңында тазысы алқынып, өзі салпақтап, ештеңеге жете алмай қалады ғой. Қанжығасы майланбай қалады. Сол сияқты бір нәрсені бастап, аяғына дейін жеткізу деген нәрсе Абайдың өте көп айтатын дүниесі.

"Мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ" дейді Абай. "Өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ". Рас па? Ал біз түрік, өзбек ағайындар секілді елдерге барған кезде соншама үлкен мейрамхананың қожайынының өзі күтуші сияқты қызмет қылып, келген клиенттерге құрмет көрсетіп, "осымен екінші, үшінші рет келіп отырсыз, менің есебімнен шай болсын" деп, көңілінен шығып жатады. Оның бәрі – кәсіп. Кісінің көңілін аулаудағы, клиент шақырудағы бұл да бір үлкен ісмерлік қой, негізі. Солай қызмет етуден ләззат алуы да мүмкін оның. Тіпті болмағанда, даяшы болудың қиындығын сезінеді. Даяшының басындағы жағдайды сезінеді немесе оған үлгі көрсетеді. Ал бізде, жасыратыны жоқ, мейрамхана қожайыны қонаққа қызмет қылмақ түгілі, күніне келіп есеп алуға да қолы тимей, Абай айтпақшы, "құмарланып шаттанудан" қолы босамай жатады.

Төртіншісі – өз кәсібіңе ыждағат

Абай айтады: "Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, өткіздік бір нәрсеге болмай жетік. Ойлының мен де санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп". Өзін сынай отырып, жалпы қазақтың мінезін өзінің бойынан көрсетіп отыр. Жалпы, бәрімізде де бар ғой, Абайды оқып отырғанда бір ұрлығыңның үстінен түскендей боласың. Сол мінезді аласың да, көңілі қалысып жүрген ағайынның басына кигізіп қойып, сыртынан күліп отырамыз. Үңілсек, сол мінез өзімізде де жоқ емес.

Абайдың өзіне де көңілі толған кезі аз. Адам бір нәрсеге жетік болуы керек дегені ғой. Бір кәсіптің аяғына дейін жету керек дейді. Сөйтеді де, "Жан аямай кәсіп қыл!" дейді. Кәсіп етсең, жаныңды аяма деп тұр. Кәдімгі Олимптің шыңына шыққанша спортшы жан аямай еңбектенеді де, сонымен ғана нәтижеге жетеді емес пе? Сол сияқты жан аямай кәсіп істесең, нәсіп келеді. Абайдың қойып отырғаны үлкен меже емес. Не істесең де, жөнін біл, ретін тап деп отыр. Абайдың керемет сөзі бар: "Ісім өнсін десең, ретін тап". Өлеңінде айтады: "Бас жоғары жаралған, мойын төмен, Қарасаң дүние біткен ретімен". Яғни, рет – жүйе. Ал жүйе – рет-ретімен келіп отыратын жүйелі процесс.

Кәсіп деген – ол міндетті түрде бизнесмен болу деген сөз емес. Таксиссің бе, ол да кәсіп. Даяшы – ол да кәсіп. Есік сыпырсаң да, мүлтіксіз сыпыр. Ақырын жүрсең, жүр, бірақ анық бас. "Еңбегің кетпес далаға". Алла әділ. Міндетті түрде шығады алдыңнан. "Братандар жұмыс қарастырып жатыр, мынау уақытша ғой" деп Тұрсынбектің айтатын әзілі бар. Не ананы қатырмасаң, не мынаны қатырмасаң, ол братандардың тауып берген жұмысында да береке болмайды.

Біз күлмейтін нәрсеге күлеміз, негізі. Өткенде Ерлан деген бір жігіт президенттің іс басқармасының орынбасары болып, соның резюмесі тарап кетті интернетте. Жұмысын даяшылықтан бастаған екен деп бүкіл әлеуметтік желі қолданушылары күлді. Онда тұрған не бар екен? Мен ол жігітті сыртынан, бір інілерім арқылы білемін. Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыз. Рас, осыдан 15-20 жыл бұрын еңбек жолын Салтанат сарайында даяшы болып бастаған. Содан көзге түскесін, аспаздыққа ауысқан. Өз ісін жетер жеріне дейін жеткізіп істеген соң өсе бастады. Одан кейін елмен тіл табысып, елдің басын құрай алатын адам болған соң, кішкентай топтың жетекшісі қылды. Қазір өзі жұмысты тиянақты істейтін, берген тапсырманы аяғына дейін сапалы орындайтын адам табыла бермейді. Өзіне жүктелген міндеттің бәрін абыроймен атқарғаннан кейін ең соңында Елбасының іс-басқару бөлімінен бір-ақ шықты. Сол Ерлан кезінде даяшылықты жүрдім-бардым атқарса, осы қызметке жетер ме еді? Жетпейді.

Біз кейде елдің бәрі таксист боп кетті деп жатамыз. Оған адам әртүрлі себеппен келеді. Бірақ кейде, сол таксистің өзі міндетін толық орындамай, клиентке қызмет көрсетуді ар санап жататынын жиі кездестіреміз. Ең болмаса, сол міндетіңді де жақсылап атқаруға болады ғой, суын беріп, ылғал орамалды қоя салсаң да. Сонымен нәпақа таптың ба, соны жетесіне жеткізіп орында. Кәсібилік деген сол.

Абай айтады: "Байдың баласы кедей болса, ұрлық қылуға арланбайды, байға кірісуге арланатұғыны қалай?" Жетер жеріне дейін жеткізіп сал, сәл иіліп қызмет көрсете сал. Соны ар санаудың қажеті жоқ. Осы ешкімге кеудесін бастырмаған түрік ағайын бар. Отар болмаған ел. Бойында ұлттық намысы бар бір ұлт болатын болса, түрік ағайын деп айтқан болар едім. Бірақ сол түрік сервисі деген кезде, қазір әлем соған құрметпен қарайтын жағдайға жетті. Елдің бәрі жазда Анталияға қыдырып барғысы келеді. Неге десеңіз, сервисі сондай сапалы, жаныңызға жайлы, арзан, қызмет қылғанда иіліп тұрады. Бірақ, иіліп тұрғанымен солар қор немесе қорқақ, аяқ асты болған халық емес. Ал шын соғыс керек болса, шын намысқа шапқанда, олар даяшының алжапқышын былай қойып, қолына қылыш алып кете алады. Біздің ар санамайтын нәрсені ар санауымыз, қорсынбайтын нәрсені қорсынуымыз, ал нағыз қор көретін жемқорлық, ұрлық, кісі ақысын жеу деген нәрселерге ұялмай, ұялмайтын нәрсеге ұялуымыз – Абайдың өмір бойы алысып, өмір бойы сынап кеткен нәрсесі.

Сонымен, түйін не? Абай қандай қазақты көргісі келді?

Абай профессионал қазақты көргісі келді.

Абай айтқан 4 лайфхак не? Олар:

  1. Негізге, ғылымға сүйенбектік;
  2. Игигайыңды (орныңды) таппақтық;
  3. Үздіксіз алға жылжымақтық;
  4. Кәсіпке адал болмақтық.

Бар болғаны осыны ұғып алып, шамамыз жеткенше іске асырайық.


Абайдың жолы. Абай қандай қазақты көргісі келді? Бекболат Тілеухан


Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров