Тікелей эфир

Бақытжан Сағынтаев: Карантин кезінде Алматы экономикасы 9,2%-ға төмендеді

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
Алматыда коронавируспен күреске 16,4 млрд теңге бөлінді. Қала бюджеті оңтайландырылып, қажетсіз шаралар қысқартылды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу үшін қабылданатын шаралар және карантиннен кейінгі қала экономикасын қалпына келтіру жоспары туралы баяндады. Онлайн баспасөз-конференциясындағы маңызды мәселелерді назарларыңызға ұсынамыз.

Алматыда коронавируспен күреске 16,4 млрд теңге бөлінді

Қалада коронавирус инфекциясы алғаш анықталған күннен бастап аурумен күрес мықтап қолға алынды. Республикалық бюджеттен 6,9 млрд теңге бөлініп, оның 5 млрд теңгеге жуығы модульдік госпиталь құрылысына жұмсалды. Ал жергілікті бюджеттен 9,5 млрд теңге қарастырылған. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қомақты қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын шарықтатпай ұстап тұруға және індетпен күресетін қызметкерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге жұмсалған.

Оқи отырыңыз: "Болашақ педагогтер стипендиясы 42 мың теңгеге дейін өседі". ҰҚСК үшінші отырысында айтылған маңызды мәселелер

Covid-19 жұқтырғандардың 55 пайызы жазылды

Алматы індетке шалдыққандар санының көптігінен республикада көш бастап тұр. Бүгінде қалада 2 353 адам қауіпті инфекцияны жұқтырған. Олардың ішіндегі 1 286 науқас жазылып шықты. Бұл жалпы сырқаттанғандардың 55 пайызын құрайды. Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, қалада Covid-19 жұқтырғандардың дені 29 жасқа дейінгі азаматтар. Коронавирус инфекциясы тіркелгендерден:

  • 886 адам – медициналық ұйымдардан;
  • 1 101 адам – ауру жұқтырғандармен байланыста болып;
  • 75 адам – шет мемлекеттерден;
  • 224 адам – басқа жағдайда жұқтырған.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлемге шетелге көшкендер мен түрмедегілер де өтініш берген

Корнавирустың бар-жоғын анықтайтын 149 мыңнан астам тест жасалған

Бақытжан Сағынтаев қаладағы коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін жасалған жаппай тестілеу туралы айтты. Оның сөзінше, жеке кәсіпкерлердің көмегімен зертханалар саны 2-ден 6-ға дейін артқан. Қалада екі жылжымалы талдау алу пункті ашылды. Енді коронавирусты анықтайтын тест жасауды, күніне 5000-ға дейін арттыру жоспарлануда.

"Бірінші науқас анықталғалы бері біз бар күшімізді салып жұмыс істедік, күніне 150-300 тест жасадық. Ол кезде негізінен шетелден келгендерді ғана тексердік. Сәуір айынан бастап, жаппай тестілеу жасауды бастадық. Бірінші қауіп-қатер тобына кіретін медицина және полиция қызметкерлерін тексердік", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінге дейін Алматыда 149 866 тест жасалған. Оның ішінде ПТР әдісімен 123 855 адам тексерілді, жедел-тест арқылы 26 011 адамның денсаулығы бақыланды. Нәтижесінде 2 353 адамның індет жұқтырғаны белгілі болыпты. Оның 90 пайызы профилактикалық іс-шараларда, 7 пайызы жергілікті және 3 пайызы әкелінген деп түсіндірді әкім.

Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу

Карантин кезінде қала экономикасы 9,2%-ға төмендеді. Бір жылдағы салық шығыны 100 млрд теңгені құрайды

Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, Алматы экономикасы төтенше жағдай режимі мен карантинге байланысты 9,2%-ға төмендеді.

"Біз көлік жүйесінде, саудада құлдырау болғанын көріп отырмыз, осының есебінен экономиканың 9,2%-ға төмендеуі байқалады. Тиісінше, инвестициялар төмендеді. Бұл біздің экономикамыздың құрылымын көрсетеді біз саудаға өте тәуелдіміз, ал сауда көлікпен де байланысты. Карантин болып, адамдар ешқайда шақпай отырды, автокөлік іс жүзінде жұмыс істемеді. Бұл да қатты әсер етті", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнің айтуынша, Алматы экономикасының 40%-ы саудаға тиесілі. Сондықтан Бақытжан Сағынтаев бұл жағдайды өзгерту қажеттігін алға тартты.

"Бізге экономика құрылымын өзгерту керек. Біз саудаға тәуелді болмауымыз керек. Сауданың көлеңкелі тұсы басым. Жұмысшыларға жалақы қалай төленіп отырғанын, қанша қызметкер бар екенін білмейміз, әсіресе базарларда. Неге барлық базарлар әлі күнге дейін жаңғыртылмағанына қатысты сұрақ бар. Заң бойынша 2020 жылға дейін осы жұмысты аяқтау керек еді ғой. Бәрі көлеңкелі жағын ойлап, пайда тапқысы келеді. Егер қала экономикасының құрылымында сауда тіпті 15% болса, біз басқаша өмір сүрер едік және салық көбейе түсер еді, экономиканы тезірек қалпына келтірер едік", – деді әкім.

Қала басшысы атап өткендей, экономиканың кейбір салалары, мысалы, өнеркәсіп өсуде. Алматы бюджеті 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органның бюджетіне түсетін корпоративтік табыс салығы есебінен 60 млрд теңгеге толыққан. КТС-сыз ол -10,8 млрд теңгені құрайтын еді.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге тағайындалмаған азаматтардың өтініші қайта қаралады. Ол үшін не істеу керек?

Санитарлық талаптарды сақтамаған сауда орындары қайта жабылады, қоғамдық көліктерге маскасыз жолаушылар кірмейді

Бақытжан Сағынтаев брифинг барысында бетперде тағу мәселесіне де тоқталды. Ол маска тағу бүгінгі күннің талабына айналу керек екенін айтты. Енді қаладағы қоғамдық көліктерге бетпердесіз жүрген жолаушылар жіберілмейді. Немқұрайлық танытқандарды арнайы бақылаушылар анықтайды. Сондай-ақ, сақтық шараларын сақтамаған сауда орындарының басшылары да жазаланбақ.

"Үлкен сауда орындары мен қоғамдық тамақтану орындары ашылып жатыр. Егер сол мекемелердің қожайындары осы тәртіпті сақтамайтын болса, онда ол мекемелер қайтадан жабылады. Өйткені солай жасауға тура келеді. Олар санитарлық дәрігерлердің барлық талаптарын орындауы керек, бірақ байқағанымыздай немқұрайлы қарап жатыр. Сауда орындары ашылып еді, жұрттың барлығы ішінде жүр, әлеуметтік қашықтықты сақтап жатқан, маска тақ деп жатқан адам жоқ. Дүкен қызметкерлерінің өздері маска тақпаған. Бұрын ескерту жасап, айыппұл салатынбыз. Енді бүгіннен бастап айыппұл салып, бірден жауып тастаймыз. Бір басшының немқұрайлығынан сонда істеп жатқан барлық азаматтар айлықсыз қалуы мүмкін", – деді Алматы әкімі.

Сағынтаевтың айтуынша, қалада әкімдік қызметкерлерінің арасынан арнайы топтар құрылады. Олар күн сайын карантиндік шаралардың сақталуын бақылайды.

Оқи отырыңыз: "Жабылу алдындамыз". Карантин жеке меншік балабақшалар жұмысына қалай әсер етті?

Балабақшалар жұмыс істеуге дайын емес, кинотеатрлар әзір ашылмайды

Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын мазалап жүрген балабақша жайын да сөз етті. Әкім әзірге бөбекжайлардың ашылмайтынын жеткізді. Себебі, қаладағы мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың ешқайсысы балаларды қабылдауға дайын емес. Нысандарда қауіпсіздік шаралары жасалмаған.

"Мен жақында Жетісу ауданындағы балабақшаға бардым. Бөбекжайдың меңгерушісінен "Балаларды қабылдап алуға қаншалықты дайынсыз? Балабақша 160 балаға арналған, таңертең барлық бала келсе, сіз оларды қалай қабылдайсыз?" деп сұрадым. Қалай жұмыс істейтіндері туралы ешқандай түсінік жоқ. Менің ойымша, барлық балабақшалар әзір дайын емес. Оларды дайындап, үйретіп, оқытып барып іске қосу керек", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев коронавирустық пандемия жағдайында балалардың денсаулығына қауіп төндірмеу қажеттігін атап өтті. Әрі ол кинотеатрлар мен ойын-сауық кешендерін де ашуға асықпайтынын айтты.

"Кинотеатр жабық мекеме. Әр көрсетілім сайын залды дезинфекциялап отыру керек. Олардың желдеткіштері қаншалықты жақсы жұмыс істейтіні түсініксіз. Сондықтан, асықпаған жөн", – деді әкім.

Оқи отырыңыз: "Заңнама жүйесін жетілдіру қажет". Төтенше жағдай сабақтары туралы сарапшылар пікірі

Блок бекетте қаза тапқан қос полицейдің жақындарына пәтер беріледі

Алматы әкімі екі күн бұрын блок-бекетте болған қайғылы оқиғаға қатысты да пікір білдірді. Бақытжан Сағынтаев жантүршігерлік жағдайды естігенде қатты қайғырғанын жеткізіп, марқұмдардың отбасына кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

"Екі бірдей арыстай азаматымыздың отбасына қайғыларына ортақпыз дегім келеді. Шет қалмай, жұмыс жасадық. Біздің кәсіпкерлеріміздің қолдауымен екі полицейдің отбасыларына пәтер беріледі. Сондай-ақ, туыстары айтатын барлық мәселеге жан-жақты қаржылай көмек көрсетеміз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Оқи отырыңыз: Қазақстан эскалация алдында немесе Ресейдегі коронавирус қарқыны елімізде қайталана ма?

Алматыда жаңа әуежай терминалының құрылысы 1 шілдеде басталады

Алматы әкімі қалада жаңа әуежай терминалы қашан салынатынын айтты. Оның сөзінше, халықаралық талаптарға сай, заманауи үлгідегі әуежай терминалының құрылысы 1 шілдеден басталады. Жұмыстар 2 жылға созылуы мүмкін.

"Жылына 6 миллион адамды тасымалдайтын болады. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың 1 шілдесінде аяқталады. Өзіміздің заманауи терминалымыз болады. Ескі терминал тек ішкі рейстерге қызмет көрсетеді", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күрестің 4 кезеңі. Қазақстандық стратегия қандай нәтиже берді?

Метро құрылысы қиын жағдайда, BRT желісін ұзарту көзделуде

Бақытжан Сағынтаев құрылыс жұмыстары созылған "Сарыарқа" және "Достық" метро бекеттерінің мәселесіне де тоқталды. Биыл желтоқсан айында қолданысқа беріледі деп жоспарланған метроның қашан аяқталары белгісіз. Әкім қаржылық себептермен құрылыс жұмыстары қиындықпен жүріп жатқанын жасырмады.

"Метро құрылысы жалғасуда. Бірақ, өте қиын жағдайда. Қаржыландыру да қиындық туғызуда, бірақ соған қарамастан жұмыстар тоқтаған жоқ, құрылысты жалғастырамыз", – деді қала басшысы.

Қос метро станцияларының құрылысы енді 2021 жылы аяқталуы мүмкін. Есесіне BRT желісін "Алатау" инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағына дейін ұзарту жоспарлануда.

"Жобалық жұмыстар жалғасуда, желі Шығыс айналма тас жолына дейін жетуі тиіс. Егер ол мақұлданса, желіні әуежай маңындағы "Алатау" инновациялық технологиялар паркі аймағына дейін жеткіземіз. Бөлінген желілер ұлғаюда, біз BRT желісі түсетін көшелерді көбейтеміз. Қазір желілер жасау мүмкін көшелерге жобалық жұмыстар жүріп жатыр", – деді әкім.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін АҚШ-тың бизнес саласы қалай өзгереді? Сараптама

Бюджет шығындары қайта қаралды, қажетсіз іс-шаралар өткізілмейді

Қалада жұмыспен қамтудың жол картасына 104 млрд теңге бөлінді: 24 млрд – республикалық бюджеттен трансферт, қалғандары – облигациялар шығару арқылы тартылған инвестиция.

"Қала ауқатты. Қала экономикасын Fitch рейтинг агенттігі тәуелсіз рейтинг деңгейінде атап өтті. Біз KASE нарығында орналаса аламыз және өз тапшылығымызды жабуға ақша тарта аламыз. Бұл уақытша шара деп есептеймін. Біз барлық бюджеттік шығындарды қайта қарадық, барлық қажетсіз іс-шараларды жойдық, өз бюджеттік бағдарламалар секвестрін жүргіздік. Мұның барлығы ақшаны жұмыс орындарын құруға ғана және әлеуметтік инфрақұрылымды қолдауға ғана жұмсауға мүмкіндік берді. Бюджетпен байланысты барлық компаниялар, бюджеттің өнім берушілер алдындағы барлық міндеттемелерін орындайтынына сенімді болуы керек. Біз мұны бүгінгі бар түсімдер бойынша көріп отырмыз", – деді әкім.

Оқи отырыңыз: Бірінші кезеңде 54 пойыз жолға шығады. Билет бағасында өзгеріс бола ма?

Қатаң карантиндік шаралар қайта енгізілуі мүмкін

Мегаполисте күн сайын КВИ жұқтырғандар саны артып келеді. Егер жағдай әрмен қарай нашарласа, қала билігі қатаң карантиндік шараларды қайта енгізбек. Сондықтан, Бақытжан Сағынтаев қаланың әрбір тұрғынын жауапты болуға, санитарлық талаптарды сақтап, бетперде тағуға шақырды.

"Тұрғындар өткен екі айда ешқайда шықпай, үйлерінде отырды. Мұны көшелердегі көліктердің саны бойынша да көруге болады. Наурыз айынан кейін қала бойынша барлығы 35 мың көлік жүрді. Ал карантинге дейін 500 мың қалалық және 250 мың өзге облыстардың машиналары қатынаған болатын. Наурыз айынан кейін ауа да бірден тазартылды. Шыдамдылық танытып, үйде отырғандарға үлкен алғыс айту керек", – деді әкім өз сөзінде.

Алайда, Бақытжан Сағынтаев халықтың төзімі таусылып, далаға шыққанын әрі санитарлық талаптарды сақтамай жүргендігін тілге тиек етті. Сондықтан егер жағдай нашарлап, індет жұқтырғандар артса карантин қайта қатаңдатылмақ.

Серіктестер жаңалықтары