Informburo.kz Президент сұхбатындағы 11 өзекті мәселені оқырман назарына ұсынады.
Президенттік қолдау
Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды.
Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз.
Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды.
Оқи отырыңыз: Президенттің төтенше жағдай кезінде халықты әлеуметтік қолдау шаралары. Толық тізім
Теңге бағамы
Басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады. Осы және басқа да шаралар доллар тапшылығын болдырмау үшін жасалып отыр.
Әрине, нарықтық экономика жағдайында мұндай мәселені реттеу оңайға соқпайды. Оның үстіне, еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес. Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады. Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынымның азды-көптігіне қарай түзелетіні белгілі. Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы қағидатын ұстанып, Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыра береді.
Банк жүйесі
Банк жүйесі – қаржы нарығының аса маңызды бөлігі. Банктердің тұрақты жұмыс істеуіне мемлекет те, бизнес өкілдері де, қарапайым салымшылар да мүдделі. Сондықтан банктерге тегіннен-тегін қолдау көрсетілмейді. Бұл – ұлттық экономиканы көтермелеудің бір жолы.
Қазір банктердің үздіксіз қызмет көрсетуіне мүмкіндік бар. Депозиттерге кепілдік беретін қор да тұрақты жұмыс істеуде. Бұл ахуалды Ұлттық банк бақылап отыр. Сондықтан салымшылардың қаражатына ешқандай қатер төніп тұрған жоқ.
Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтануына өз үлесін қосты деп айта аламыз. Ең алдымен, банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін кейінге ауыстырды. Нақты айтқанда, несие төлемдері 3 айға шегерілді.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы
Ел бюджеті
Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті. Коронавируспен күресу үшін қомақты қаржы бөлінгенін білесіздер. Ел азаматтарына қолдау көрсету, экономикалық белсенділікті арттыру шаралары қосымша қаржыны талап етеді.
Ескерте кететін бір жайт, бюджет қаржысына қымбат көлік пен жиһаз алынбайды. Ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылды. Кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылды. Үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын және төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге жұмсалуда. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.
Ауыл шаруашылығы
Биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалады. Сонымен қатар шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін.
Қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселенің бірі. Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де тұрақты бақылауда ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн.
Білім беру жүйесі
Биылғы 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары қашықтан оқытыла бастады. Интернет жылдамдығы әртүрлі болғандықтан, қашықтан оқытудың бірнеше жолы ұсынылды. Атап айтқанда, телесабақ, интернет-платформадағы сабақ ұйымдастырылды. Интернет байланысы жоқ 57 елді мекенде тұратын оқушылар пошта қызметі арқылы оқу үдерісін жалғастырып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен, мобильді интернетпен қамтамасыз етуде. Үкімет қорынан байланыстың мүмкіндіктерін арттыру үшін қаражат қарастырылды. Осының нәтижесінде қашықтан оқыту қазір қалыпқа түсті.
Жалпы, соңғы жылдарда қашықтан оқыту тәсілі жаһандық үрдіс ретінде қалыптасты. Әлемнің көптеген жоғары оқу орындары бұл әдісті кеңінен қолданып келеді. Мұның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Әсіресе қазіргідей карантин жағдайында бұған балама жоқ. Сондықтан алдағы уақытта оны жетілдіре түскен жөн.
Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе
Денсаулық сақтау жүйесі
Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналды. Дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Пандемия денсаулық сақшыларына қолдау көрсетудің аса маңызды екенін аңғартты. Біз тәуелсіздік алғалы бері бұл салаға мән беріп келеміз. Дегенмен әлі де атқаратын жұмыстар аз емес.
Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың да өзекті екенін көрсетіп берді. Қазір бүкіл әлем осы салаға ерекше назар аударып, жұқпалы аурулармен күресті күшейтуде. Бұл – заңды құбылыс. Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені айбынды әскермен бірге мықты медицина да – мемлекеттің негізгі қалқаны. Бұдан былай оның өзектілігі арта түсетіні сөзсіз.
Сыртқы саясат
Қазір пандемиямен күрес жүргізу бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет. Осыған орай біз серіктес елдермен бірге күш жұмылдырып отырмыз. Бұл – індетке қарсы тұрудың негізгі жолы. Жалпы, сыртқы саясатымыздың сабақтастығы сақталатын болады. Өзіміздің дәстүрлі және жаңа серіктестерімізбен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыта береміз.
Сонымен қатар кез келген мемлекет үшін басқа елдерден инвестиция тартудың маңызы зор. Сондықтан біз де сыртқы саясатта экономикалық дипломатияға баса мән береміз. Бұл – Қазақстанның ұзақ мерзімге арналған стратегиясындағы басым бағыттың бірі. Алдағы кезеңде де солай болып қала береді. Сыртқы саясат сөз жүзінде емес, іс жүзінде сындарлы болуға тиіс. Дипломатия саласы да індеттің салдарынан сабақ алғаны жөн.
Оқи отырыңыз: "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты президент мақаласындағы 10 өзекті ой
Саяси реформалар
Заман талабына сай саяси реформалар жүргізілуде. Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер талқылануда. "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі" туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат болатынына күмән жоқ.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ.
Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін. Жан-жақты саяси реформалар жалғасады. Бұл – біздің стратегиялық таңдауымыз.
Сондай-ақ азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын ұсындым. Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?!
Отандық бизнес
Отандық бизнесті дамытуға арналған бірқатар бастама жүзеге асты. Менің тапсырмам бойынша шағын және микро бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды. Олардың қызметі алдағы үш жыл бойы тексерілмейді. Сол үшін мораторий жарияланғанын білесіздер. Қазіргі төтенше жағдай кезінде де кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Оны жоғарыда атап өттім.
Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған "Бақытты отбасы" бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Цифрлы технологиялар
Бүгінде цифрлы технологиялар қарқынды дамып, қоғамдық өмірдің түрлі саласына дендеп еніп келеді. Біз осы үрдіске баса мән беріп отырмыз. Бұл – қазіргі заманның басты талабы. Мұны коронавирус індетіне байланысты туындаған күрделі кезең анық аңғартты. Менің тапсырмам бойынша Үкімет "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасында анықталған кемшіліктерді ескеріп, қайта қарайды. Цифрландыру үдерісі елімізді өркендетуге тың серпін беретіні сөзсіз. Оның мән-маңызы арта бермек.