Кейде сатып алған пәтердің жоспары көңілден шықпай қалады. Өмір сүруге қолайлы болуы үшін бір бөлмелі пәтерден екі бөлмелі пәтер жасауға, кейде бөлмелерді біріктіріп, кеңейтуге тырысып жатамыз. Бұлай істеу қаншалықты заңды? Пәтерді қайта жоспарлау мен қайта жабдықтаудың айырмашылығы қандай? Оған рұқсатты қайдан алады? Информбюро порталы тиісті құжаттарға сүйене отырып, түсіндіреді.
№1. Қайта жоспарлау немесе қайта жабдықтау?
Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйдегі үй-жайлардың жоспарын өзгертудің екі түрі бар. Олар: қайта жоспарлау және қайта жабдықтау.
Қайта жоспарлау – үй-жайдың мақсатын өзгертпей, тек оның шекарасын өзгерту. Мысалы, бөлмені кеңейтіп, оларды өзара біріктіру немесе бөлу, есік ойығын ауыстыру.
Қайта жабдықтау – үй-жайдың функционалдық мақсаты өзгертіледі. Мысалы, асүйге қажетті су және электр желілерін қонақ бөлмеге көшіріп, босаған бөлмеден жатын бөлме жасағыңыз келсе, онда бұл қайта жабдықтау болады.
Өзгерістердің екі түрін де міндетті түрде бекіту және мемлекеттік органдарда тіркеу қажет.
№2. Тыйым салынған өзгерістер
Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығына сәйкес, пәтерге мынадай өзгерістер енгізуге болмайды:
- тірек қабырғаларды бұзуға немесе жұқартуға;
- пәтерлер арасындағы қабырғаларға демонтаждауға;
- вентилляция, жылу желілері, су желілері сынды барлық пәтерге ортақ коммуникацияларды өзгертуге;
- орталық жылу жүйесі арқылы еден жылытуға және орталық жылуды балконға қосуға;
- балконды, жертөлені, шатырдың бір бөлігін пәтерге қосуға;
- егер бетон тұтастырғыш құюға арналмаған үй болса, бетоннан төсеуге болмайды.
№3. Рұқсат етілген өзгерістер
Тірек емес қабырғалармен байланысты жұмыстардың рұқсат етілген түрлері:
- тірек емес қабырғаларды бөлшектеу (пәтер ішіндегі кіріктірілген шкафтарды бұзу);
- бөлме арасындағы тірек емес қабырғаларды жылжыту;
- дәретхана мен жуынатын бөлме арасындағы қабырғаны бұзу немесе орнату;
- дәліз есебінен дәретхана мен жуынатын бөлме ауданын ұлғайту;
- дәліз есебінен асүйдің, қонақ бөлмелердің ауданын ұлғайту;
- кіріктірілген гардероб немесе қойма, киіну бөлмесін орнату.
№4. Рұқсатты қайдан алады?
Қайта жабдықтау үшін тірек қабырғаларға өзгеріс енгізу керек болса, оған рұқсат алу бірнеше кезеңнен тұрады:
Дайындық. Жұмысқа кіріспес бұрын лицензиясы бар жобалау ұйымына хабарласу керек. Маман пәтерге келіп, тексергеннен кейін қайта жоспарлау немесе қайта жабдықтау мүмкін бе, жоқ па және ол үшін қандай жұмыс істелуі керек екенін бағалайды. Осыдан кейін ол жобаны дайындайды. Кейін оны меншік иесі рұқсат алу үшін мемлекеттік органдарға жібереді.
Рұқсат алу. Үй-жайларды қайта жоспарлау немесе қайта жабдықтау бойынша жұмыстарды жүргізуге рұқсат алу үшін құжаттар egov.kz порталы немесе ХҚКО арқылы сәулет және қала құрылысы органына жіберіледі. Өтінішпен бірге келесі құжаттарды тапсыру қажет:
- пәтерге құқық белгілейтін құжат (жекешелендіру шарты, сатып алу/сату, сыйға тарту және т.б.);
- пәтердің техникалық төлқұжаты;
- қайта құрудың техникалық жобасы.
Құжаттарды алғаннан кейін сәулет және қала құрылысы органының маманы жобаға сараптама жүргізу үшін пәтерге келіп, өзгертулер енгізу мүмкіндігін қарайды. Сараптама нәтижелері бойынша дәлелді бас тарту немесе рұқсат беріледі. Қызмет 15 жұмыс күні ішінде тегін көрсетіледі.
Тірек емес қабырғаларға қатысты қайта жоспарлау және қайта жабдықтаудың жеке тәртібін бар. Бұл ретте заңды тіркеу процесі жеңілдетілген.
- Тірек қабырғалар мен инженерлік жүйелерге қатысты жоқ қайта жоспарлау жұмыстарын жасау үшін лицензиясы бар тұлғалар жасаған техникалық жоба қажет. Ол үшін жергілікті сәулет және қала құрылысы, жобалау және жоба сараптамасы органынан шешім алу талап етілмейді.
- Меншік иесі салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісінің бұрын әзірленген техникалық жобаға сәйкестігін жобалаушымен дербес келіседі.
- Меншік иесі нысанды пайдалануға беру актісін және пәтердің жаңа техникалық төлқұжатын ұсынады.
Пайдалануға беру актісіне меншік иесі мен сәулетші (маман) қол қояды. Осыдан кейін акт құқық белгілейтін құжаттармен, оның ішінде ескі техникалық төлқұжатпен бірге ХҚКО немесе egov.kz порталы арқылы мемлекеттік тіркеуге және жаңа техникалық төлқұжат алуға ұсынылады. Антресольді бөлшектеу сынды пәтердің ауданына және бөлмелердің конфигурациясына әсер етпейтін шамалы өзгерістер болған жағдайда жаңа техникалық төлқұжат талап етілмейді.
№5. Пәтер ішін рұқсатсыз өзгертсе, қандай жауапкершілік көзделген?
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 322-бабына сәйкес, тұрғын үйде сәулет-құрылыс жобасыз және сәулет пен қала құрылысы жөніндегі уәкілетті органның рұқсатысыз тұрғын және тұрғын емес орынжайларды заңсыз қайта жабдықтау мен қайта жоспарлағаны үшін:
- жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде;
- заңды тұлғаларға 90 АЕК-тан бастап 300 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Егер қайта жабдықтау немесе қайта жоспарлау жұмыстары ғимараттың беріктігіне әсер етсе:
- жеке тұлғаларға – 80 АЕК мөлшерінде;
- заңды тұлғаларға 180 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Сонымен қатар заң бұзушы қираған құрылысты бастапқы қалпына келтіруге міндеттеледі.
Оқи отырыңыз: "Пәтер сатып алдым". Жөндеу жұмысын неден бастау керек?