Тікелей эфир

Ай сайын алып жүрген жәрдемақы мөлшері дұрыс болмаса, қайда жүгінуге болады? Түсіндірме

Жәрдемақы мөлшерінің заңда белгіленген деңгейден кем шығуына бірнеше себеп болуы мүмкін.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы қалай тағайындалады? Қор жәрдемақы тағайындау кезінде азаматтардың жалақысын қалай анықтайды? Неге кейде жәрдемақы мөлшері заңда белгіленген деңгейден әлдеқайда аз шығады? Жәрдемақының көлемі көңіліңізден шықпаса, қайда жүгінуге болады? Информбюро порталы тиісті заңнамаларға сүйене отырып түсіндіреді. 

№1. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың түрлерi

Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру мынадай түрлерге бөлінеді:

  • еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы;
  • асыраушысынан айырылу жағдайы;
  • жұмысынан айырылу жағдайы;
  • жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайларына арналған әлеуметтiк төлем;
  • бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы.

№2. Азаматтың орташа айлық табысы қалай есептеледі?

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жәрдемақы тағайындау кезінде азаматтың ай сайынғы табысын ескереді. Ол ай сайын қорға төленіп отыратын әлеуметтік аударымдардың көлемінен анықталады. Себебі барлық жұмыс беруші "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заңның 14-бабына сәйкес, әр қызметкерінің ай сайынғы табысының 3,5 пайызын (2025 жылдан бастап 5 пайызын) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударуға міндетті. Ай сайынғы табыс ретінде еңбекақы, жәрдемақы, сыйлықақы, 13-ші жалақы және басқа төлемдер қарастырылады.

Ай сайынғы орташа табысты есептеу формуласы:

Ай сайынғы табыс = (ай сайын қорға аударылған әлеуметтік төлем х 100) / 3,5

Мысалы: Жұмыс беруші қызметкері үшін сәуір айына 5 мың теңге, мамырға 4 мың теңге әлеуметтік аударым жасаса:

  • Сәуір айы үшін: (5 мың теңге x 100) / 3,5 = 142 857 теңге;
  • Мамыр айы үшін: (4 мың теңге x 100) / 3,5 = 114 286 теңге шығады. 

Кейін қор әртүрлі жәрдемақыны тағайындау кезінде осы табысты пайдаланады. Бірақ Үкімет әлеуметтік төлемдердің әрбір түрі бойынша өзіндік есептеу мерзімін белгілегенін ескеру қажет. Мысалы, жүктілік пен босануы бойынша берілетін жәрдемақыны есептеу кезінде соңғы 12 айдағы табыс, бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы мен асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақы үшін соңғы 24 айдағы табыс ескеріледі. 

Алайда, барлық жұмыс беруші бірдей әлеуметтік аударымдарды толық аудара бермейді. Кейбіреуі бектілген мөлшерден аз аударған болуы да, кей айларда тіпті аудармаған болуы да мүмкін. Сол себепті кейде тағайындалған жәрдемақы мөлшері азаматтың шын мәнінде алып келген еңбекақысының көлеміне сай болмай қалуы мүмкін. 

Мысалы: Жұмыс беруші 300 мың теңге жалақы алып отырған қызметкері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын 10 500 теңге аударып отыруға тиіс. (Есептеу формуласы: 300 мың х 3,5% = 10 500). Алайда ол сәуір айында тек 6 500 теңге аударған, ал мамыр айында мүлде аудармаған. Кейін осы қызметкер жұмыста қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалғаны үшін қорға жәрдемақы тағайындау туралы өтініш берсе, оның жәрдемақысы шын мәнінде алып келген еңбекақысының көлеміне сай шықпайды. 

Себебі: Қордың есептеуінше ол қызметкердің сәуір айындағы табысы (6 500 теңге х 100) / 3,5 = 185 714 теңге болып шығады. Ал мамыр айында жұмыс беруші қорға ешқандай аударым жасамағандықтан, қызметкердің мамыр айындағы табысы 0 теңге болып есептеледі. Осылайша, барлық 24 ай есептеледі. 

Яғни, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы мөлшері жұмыс берушінің ай сайын қорға төлейтін әлеуметтік аударымдардың сомасына тәуелді. 

Сол себепті жұмыс беруші:

  • әлеуметтік аударымдарды уақытылы төлеуге және сол әлеуметтік аударымдарды уақтылы немесе толық төлемегені үшін есептелетін өсімпұлдарды уақтылы және толық төлеуге;
  • мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымдар мен оны уақтылы немесе толық төлемегені үшін берілетін өсімпұлдарды дербес есептеуге;
  • қызметкерге ай сайынғы жалақысынан қанша соманы қорға аударғаны туралы ақпарат беруге міндетті.

Дегенмен, заңда қорға төленетін әлеуметтік аударымдар үшін ай сайынғы табыстың шекті мөлшері белгіленгенін естен шығармау қажет. Ол – 7 ең төменгі жалақыны құрайды. 2023 жылы ең төменгі жалақы – 70 мың теңге. Сәйкесінше, қызметкердің жалақысы 490 мың теңгеден (7 х 70 мың = 490 мың) жоғары болса да, жұмыс беруші ол үшін қорға ай сайын 17 150 теңге ғана аударып отырады (490 000 х 3,5% = 17 150 теңге). 

№3. Жәрдемақы сомасын қайта есептеуге бола ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығының 66-тармағына сәйкес, "Әлеуметтік төлем тағайындауға жүгінген күннен кейін әлеуметтік төлемді есептеу үшін қабылданған кезеңде әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда алушыға тағайындалған әлеуметтік төлемнің мөлшерін қайта есептеу жүргізілмейді".

Яғни, егер жұмыс беруші ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды толық немесе уақытылы төлемесе, оның қызметкері жұмыссыз қалған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы мөлшері қайта есептелмейді.

№4. Әлеуметтік аударымдар сомасын қалай тексеруге болады?

Ай сайын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік аударымдар сомасын тексеру жолдары:

  • Egov.kz порталы (Басты бет / Азаматтарға / Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтылу / Жұмысқа орналастыру және жұмыс іздеу / Міндетті әлеуметтік сақтандырудың әлеуметтік аударымдары туралы ақпарат);
  • ХҚКО (жеке куәлік қажет);
  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалдары (жеке куәлік қажет);
  • Жұмыс берушіден сұрауға болады.

№5. Әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне шағымдануға бола ма?

Әлеуметтік төлемдердің мөлшерінің аз болуына қор қызметкерлерінің қателіктері де себеп болуы мүмкін. Сондықтан жәрдемақы сомасына шағымдануға болады. Ол екі кезеңнен тұрады:

Бірінші. Қор филиалына немесе қордың орталық аппаратына сұрау салу. Заң бойынша МӘСҚ әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу бойынша қажетті түсініктемелер беруге міндетті. Өтінішті:

  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми сайты арқылы;
  • E-otinish ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта;
  • Қор филиалына немесе қордың бас кеңсесіне жазбаша түрде беруге болады.

Екінші. Толық мәлімет ала алмаған жағдайда немесе жәрдемақы сомасын қайта есептеуге негіз болған жағдайда, шағымдануға болады. Оны:

  • E-otinish арқылы онлайн форматта;
  • Қор филиалына немесе қордың орталық аппаратына жазбаша түрде бере аласыз.

Шағым тіркелген күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде қаралады. Егер азамат қордың жауабымен келіспесе, сотқа шағымдануға құқылы.

Серіктестер жаңалықтары