Тікелей эфир

"Сот шешімі сырттай шықты". Ата-ана құқығынан айырылған әйел қызын қайтарғысы келеді

Сурет vsednr.ru сайтынан алынды
Сурет vsednr.ru сайтынан алынды
Қызы да анасына оралуды қалайды. Қамқоршысының қолында тұратын ол қорлық көріп отырғанын айтады.

Алматы облысының сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылған тұрғыны Фаминас Мирсалова 16 жастағы қызын өзіне қайтаруға көмек сұрады. Айтуынша, қызын қамқорлығына алған әйел оған күн көрсетпейді. Үй шаруасына қинап жұмсағанынан бөлек, жаңа отбасы мүшелерінің бәріне массаж жасауға мәжбүрлейтін көрінеді. Мұндай қорлыққа шыдамаған қыз анасына күнде хабарласып, көмек сұрайды екен. Сондықтан, ол қызын өз қолына алғысы келеді. Фаминас Мирсалова соттың оны сырттай ата-ана құқығынан айырғанын да айтты. Бұл туралы Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз орталығында өткен онлайн конференцияда мәлім болды.


Ф.Мирсалова өзінің адвокаты И.Нажибовпен бірге

Ф.Мирсалова өзінің адвокаты И.Нажибовпен бірге / Онлайн конференциядан скриншот


"Қызымды өзіме алып, "тозақтан" құтқаруға көмек берулеріңізді сұраймын. Олар (қазіргі қамқоршысы – ред) қызыма қорлық көрсетіп жүр. Үйдегі барлық адамға массаж жасауға мәжбүрлейді, үй жұмысына жегеді. Отын жарып, пеш жағып, күңге айналды. Ол үйде өмір сүру мүмкін емес. Қызым күнде тығылып қоңырау шалып, бұл тозақтан құтқаруымды өтінеді. Мені сот ата-ана құқығымнан сырттай айырды. Өйткені, сотқа қатыспадым. Ешкім маған сол күні сот болатынын хабарламады", – деді Фаминас Мирсалова.

Оқиғаның мән-жайы былай болған. Фаминас Мирсалова 2007 жылы күйеуімен ажырасып, екі баласы Расул (қазір кәмелетке толған – ред) мен Гүлнараны әкелерімен бірге бұрынғы қайын әпкесінің үйінде тұруға қалдырған. Ал өзі кенже қызын алып бөлек шыққан. Мұндай шешімді бұрынғы ерлі-зайыптылар екеуара келісіп қабылдапты. Арада еш кикілжің тумай, ата-анасы балаларымен бұрынғыдай араласып жүрген. Алайда, 10 жыл өткесін, 2017 жылы Еңбекшіқазақ ауданының қорғаншылық және қамқоршылық органдары Фаминастың бұрынғы қайын әпкесінің өтініші бойынша оны ата-аналық құқығынан айыру туралы сотқа арыз берген. Шағымданушылар Фаминастың балаларын әкесіне қалдырып, олардың тәрбиесіне қатыспағанын алға тартқан.

2017 жылы 28 қарашада Алматы облысының №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қорғаншылық және қамқоршылық органдарының талабын қанағаттандырып, Фаминас Мирсалованы ата-ана құқығынан айырды.

"Осы тұста қамқоршылық органдарына сұрағым бар. Сонда балаларымның әкесі оларға ата-ана емес пе? 10 жыл ішінде не күйеуім, не қайын жұртым менен алимент өндіру бойынша арызданбады. Өйткені, үнемі балаларыма келіп, мүмкіндігімше көмектесіп тұрдым. Соттың бірінші отырысы күні жеке куәлігімді үйде қалдырып кетуіме байланысты сот отырысы 28 қарашаға тағайындалды. Кейін қайын әпкем хабарласып, өзінің арызынан бас тартқанын, мені ата-ана құқығымнан айырмайтынын айтып, сот болмайтынын хабарлады. Алайда, 28 қарашада менің қатысуымсыз және маған ескертпестен сот өтіпті. Сонда мені сырттай екі балама ата-ана құқығымнан айырған екен. Мен оны тек биыл ғана білдім", – деді Фаминас Мирсалова.

Оқи отырыңыз: "Бала – ұнамай қалса, кері өткізетін тауар емес". Бала асырап алу агенттігі бұл мәселені қалай шешеді?

Сот шешімінің заңды күшіне енгенін күткеннен кейін Фаминастың қайын әпкесі биылғы жылдың 9 ақпанында тағы да сотқа жүгініпті. Бұл жолы келіншек балалар әкелерімен бірге тұратынына қарамастан, өзін балаларға қамқоршы етіп тағайындауды сұраған. Сотқа негіз ретінде әкесінің "балаларды бағуға шамам жетпейді" деп өз қолымен жазып берген арызын ұсыныпты. Осыдан соң сот өтінішті қанағаттандырып, қос баланы қамқоршының қолына берген.

"Әкесі бар және ата-ана құқығынан айырылмағанына қарамастан, сот Фаминастың қайын әпкесін балаларға қамқоршы ретінде тағайындайды. Әпкелерінің қамқоршы болуына келісім берген сот та, қамқоршылық органдары да олардың тұрмыстық жағдайын ескермеді. Фаминастың кәмелет жасына толмаған екі баласы және қамқоршыдан бөлек, кішкентай үйде 10 адам тұрады. Яғни, балалардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жоқ. Қамқоршылық органдары осының барлығын көре тұра келісім берді. Бұл дұрыс емес. Сот шешімі шыққан соң қамқоршы, яғни Фаминастың бұрынғы қайын әпкесі балалардың аналарымен араласуына тыйым салды", – деді заңгер Имран Нажибов.

Биыл 8 қарашада Фаминастың қызы анасына қоңырау шалып, қамқоршысынан көрген қорлығын айтып, өзімен алып кетуді сұраған. Осыдан кейін Фаминас кәмелет жасына толмаған қызын ол үйден алып қашыпты. Бірақ, келесі күні полиция қызметкерлерімен келген қамқоршы Фаминастың ата-ана құқығынан айырылғанын айтып, қызды күшпен алып кеткен. Келіншек сонда ғана сот процесі өзінің қатысуынсыз өткенін білген.

"Біз Алматы облысының №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына апелляциялық шағым түсіруге өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы арыз жаздық. Кеше осы арыз бойынша сот тыңдалымы өтті. Бірақ, сот Фаминастың процесс болатыны туралы хабардар етілгенін алға тартып, өтінішін қанағаттандырмады. Қазіргі уақытта біз Фаминастың ата-ана құқығын қайтару бойынша арыз дайындап жатырмыз. Бұл жұмыстарға бір айдай уақыт кетеді. Осы уақыттың ішінде баланы қамқоршымен қалдыруға болмайды, өте қауіпті. Бізге комиссия құрылып, қамқоршыны қамқоршы құқығынан айыру бойынша тексеріс жүргізілетіні туралы хабарланды. Біз комиссия мүшелерінен объективті тексеріс жүргізуді сұраймыз. Себебі, қамқоршы өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамайды", – деді Фаминас Мирсалованың қорғаушысы Имран Нажибов.

Оқи отырыңыз: Жыл сайын 5 мың ата-ана әкімшілік жауапқа тартылып, мыңға жуығы ата-ана құқығынан айырылады

Адвокаттың айтуынша, Фаминас Мирсаловадан қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балалардың күтімі үшін алимент өндіру туралы сот шешімі шыққан екен. Алайда, 2017 жылдан бері келіншекті бір де бір сот орындаушысы іздеп, алиментке борышкер екені туралы мүлдем ескертпеген. Сондықтан, ол ата-ана құқығынан айырылғанынан бейхабар болған көрінеді.

"Фаминасқа ата-ана құқығын қайтаруға барлық негіз бар. Ата-ана құқығынан айыру бұл соңғы шектік шара болып табылады. Ал оның балаларын әкесіне қалдырғаны ата-ана құқығынан айыруға себеп емес. Өйткені, ол балаларын бөтен адамға емес, туған әкесіне қалдырып отыр. Оның үстіне әкесінің Фаминасқа бірнеше жылдан бері еш шағымы болмады. Фаминас әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, қандай да бір диспансерде есепте тұрған жоқ, тұрақты табысы, зейнетақы аударымдары, тұратын жері де бар. Бірақ, сот пен қамқоршылық органдары не себепті оған балаларын алып кетуге кедергі болып отырғаны түсініксіз", – деді Имран Нажибов.

Фаминас Мирсалова мен оның өкілі балаларды қаморшының қолынан қайтарып алу үшін барын салуда. Олар тиісті органдардың барлығына арызданып, көмек сұрады.

Іnformburo.kz Фаминас Мирсалованың не себепті сотқа шақыртылмағанына және сырттай шешім шығарылғанына байланысты жауап алу үшін Алматы облысы №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сауалхат жолдады. Сауалхатқа аталмыш соттың төрайымы Жанар Бейімбетова былай деп жауап берді:

"Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің Ф.Мирсалованы ата-аналық құқығынан айыру туралы талап арызы бойынша қозғалған №1996-17-00-2/743 азаматтық іс бойынша 2017 жылдың 14 қарашасында болған сот отырысына Ф.Мирсалова қатысқан. Ол сот барысында жүргізілген дыбыс-бейнежазба құралдарының көмегімен жазылған хаттамасымен толық дәлелденеді. Бірақ, сот отырысы кейінге қалдырылып, сол күні Ф.Мирсаловаға келесі сот мәжілісі 2017 жылдың 28 қарашасында болатыны туралы хабарланған және өз қолымен шақырту хатына қол қойған. Алайда, 28 қарашада болған сот отырысына Ф.Мирсалова қатыспады, қатыспау себебін сотқа мәлімдемеді. Сот Ф.Мирсалованың сотқа қатыспағанын себепсіз деп танып, оны ата-аналық құқығынан айыру туралы шешім шығарды".

Алматы облысы №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Фаминас Мирсалованың келесі соттың 28 қарашаға белгіленгені туралы хабарламамен танысып, оған қол қойғанына дәлел ретінде шақырту қағазының суретін ұсынды.


Сотқа шақырту қағазы

Сотқа шақырту қағазы / Суретті Алматы облысы №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсынды


Сот төрайымы, Фаминас Мирсалованың "сырттай шешім шығарылды" деген уәжімен келіспейтінін мәлімдеді. Бұған қатысты фемида өкілдері, сырттай шешім шығарылмағанын әрі шешімнің көшірмесі Мирсаловаға жолданғанын хабарлады. Сот шешімі 2017 жылдың 28 желтоқсанында заңды күшіне енген.

"Биыл 10 қараша Ф.Мирсаловадан апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші түсті. 16 қараша Алматы облысы №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ұйғарымымен аталған өтініш қанағаттандырылмады. Бұған қатысты сот ұйғарымын түсіндіру барысында, сот Ф.Мирсаловаға ата-аналық құқығын қалпына келтіру туралы талап арызымен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілді. Айта кететін жағдай, №1996-17-00-2/743 азаматтық іс материалдарымен 12 қарашада Ф.Мирсалова және оның өкілі И.Нажибов танысқан", – делінген сауалхат жауабында.

Серіктестер жаңалықтары