Тікелей эфир

"Бала – ұнамай қалса, кері өткізетін тауар емес". Бала асырап алу агенттігі бұл мәселені қалай шешеді?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Соңғы 5 жылда асырауға алынған 200-ден астам бала балалар үйіне кері қайтарылған.

Жетім балалардың тағдыры – бүгінгі күннің мәселесі емес. Дегенмен, бұл мақаланың мән-маңызы түсінікті болуы үшін алдымен статистикалық мәліметтерге көз тігейік.

  • Қазақстанда 107 балалар үйі бар;
  • Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны – 4 606;
  • Соңғы бес жылда 795 отбасы 1 153 баланы асырап алған;
  • Олардың 18 пайызы балалар үйіне кері қайтарылған.

Ата-анасынан жетім қалу бала үшін оңай емес, алайда кейін жаңа ата-ата тауып, олардан тағы да ажырап қалу – аса ауыр соққы.

Сондықтан, балалар үйі азайды, балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны кеміді, балаларды асырап алатын ата-аналар көбейді деп бөрікті аспанға атқанмен, жоғарыда сөз еткен мәселені шешпей, қуану ертерек.

Шыны керек, соңғы бірнеше жылда бірқатар үкіметтік емес ұйымдар бұл мәселені түрлі деңгейде көтеріп, аз дабыл қаққан жоқ. Дәлелді дәйектер де келтірді. Айталық, балалар үйіне кері қайтарылатын балалардың орташа үлесі Ресейде – 10 пайыз болса, Еуропа бойынша – 8 пайыз. 18 пайызбен көш бастап тұрған Қазақстан.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар үйінен қалай бала асырап алуға болады?

"Балалардың жаңа отбасы табуы, әрине, қуантады. Алайда екінші, кейде тіпті үшінші рет ата-анадан айырылу оңайға соқпайды", – дейді "Ана үйі" қоғамдық қорының атқарушы директоры Балия Әкімбекова.

Дәл осы "Ана үйі" қоғамдық қорының жанында 2019 жылы Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылды. Бұл агенттік жыл бойы мәселені заңнамалық тұрғыдан шешуге талпынған болатын. Нәтижесінде 2019 жылдың соңында "Неке және отбасы туралы" кодекске бірқатар өзгертулер енгізілді: Атап айтсақ:

  • жеке бала асырап алу агенттіктері заңдастырылды;
  • бала асырап алуға ниетті адамдардың ата-ана мектебінде оқып, сертификат алуы міндеттелді;
  • бала асырап алу агенттіктерінің тіркеуден өтуі міндеттелді.

"Неке және отбасы туралы" кодекске енгізілген өзгертулер 2020 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі бала асырап алу агенттіктерін тіркеуден өткізудің ережесін әзірлеп жатыр.

Оқи отырыңыз: Ата-ана неге қараусыз қалады?

Ата-ана мектебі қалай көмектеседі?

"Ана үйі" қоғамдық қорының жанынан ашылған ата-ана мектебі жұмыс істейді. Ата-ана мектебінің негізгі міндеттері келесілер:

  • ата-ана болуға даярлау;
  • бала асырап алу шарттары мен тәртібін түсіндіру;
  • қажетті арнаулы білім беру.

Дайындық кезеңдері:

  • үміткер бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік маманымен жеке кездеседі;
  • асырап алушы ата-аналар мектебінен өтеді;
  • қатысушылардың өтініші бойынша бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік психологтарымен және мамандарымен жеке кеңеседі.

"Ана үйі" қоғамдық қоры өкілдерінің айтуынша, кеңес алған ата-аналардың 50 пайызы ғана ата-ана мектебінен өтуге шақырылады. Сабақтың ортасына жеткенде, олардың жартысы бала асырап алу райынан қайтады. Негізгі айтатын себептері: "маған ерте шығар, өзімнің ресурстарымды дұрыс бағаламаппын" және "дайындалып, ата-анаммен сөйлесіп, содан кейін ғана ата-ана мектебіне келемін".

"Ата-аналар балаларды асырап алғанда оларды тап-таза, мейірімді, тәрбиелі, адекватты деп ойлайды. Ал шындығында олай болуы сирек кездеседі. Сол үшін де біз мектепте болашақ ата-аналарға кімді асырап алмақшы екенін, алда кездесуі мүмкін проблемалар мен жағдайлар туралы түсіндіреміз. Яғни, ата-аналар бұл мектепте үрейімен жұмыс істейді. Ресурстары жете ме, мүмкіндігі бар ма осыны түсіне бастайды", – деді Ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысы Ләззат Жүсіпова.

4 жыл ішінде қоғамдық қордың көмегімен 801 отбасы 1 178 бала асырап алған. Оның ішінде:

  • биологиялық балалары жоқ 509 отбасы – 630 баланы;
  • биологиялық балалары бар 300 отбасы – 547 баланы асырап алған.

Оқи отырыңыз: Бала асырап алу жөніндегі агенттік қаншалықты қажет?

Балия Әкімбекованың айтуынша, консультация алған 50 адамның шамамен 30 пайызы мектепті толық аяқтайды. Алайда, олардың бәрі бірдей бала асырап ала бермейді. 2018 жылы мектепті аяқтаған ата-ананың – 23 пайызы, ал 2019 жылы 53 пайызы бала асырап алған.

Ләззат Жүсіпова болса, "ауру балаларды асырап алмайды" деген мифті жоққа шығарды. Оның сөзінше 4 жылда түрлі диагнозы бар 155 бала асырап алынған. Бұл балалардың жалпы санының шамамен 13 пайыз бөлігі.

801 отбасының 75 пайызы жетімдер банкіне тіркелген. Қалған бөлігі – жесір қалғандар, азаматтық некеде тұратындар және жалғызбасты әйелдер.

Оқи отырыңыз: Қошқарбай ауылының тұрғындары 11 жетімді бірден асырап алды

"Ата-ана бала асырап алатын кезде өз пайдасын ойлайды"

Қазақстанда бала асырап алушы ата-аналарды оқытып, консультация беретін бірнеше ұйым бар. Солардың бірі – Асырап алушы ата-аналар қоғамдастығы.

Жанна Ким мен оның күйеуі бала асырап алу кезінде көптеген қиындыққа тап болған. Ақпараттың жоқтығын, оны табу оңай емес екенін түсінген. Осылайша басқа бала асырап алуға ниетті азаматтарға жол көрсететін қоғамдастықтың негізін қалаған.

"2019 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша, қоғамдастықтың көмегімен отбасылар 300 баланы асырап алды. Асырап алушы ата-аналардың мектебі мен консультация не үшін қажет? Себебі, ата-аналар баланы не үшін асырап алатынын білмейді. Қоғамдастық "әрбір адам бала асырап ала алмаса да, асырап алушы ата-аналарға көмектесе алады" деген қағиданы ұстанады", – дейді Жанна Ким.

Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?

Бала неліктен өзіне назар аудартқысы келеді?

Психолог Динара Алидарова ата-аналарға баланы неліктен балалар үйіне қайтарады деген сұрақты талдағанда "ата-тегі нашар", "иісі жағымсыз", "бантик тағып, көйлек киеді деп ойласам, машинамен ойнап, балалармен төбелеседі" деген секілді жауаптар естігенін айтты. Оның сөзінше, мәселе балада емес, ата-ананың өзінде.

"Бала не үшін түсқағазға сурет салып, ойыншық сындырып, сүйікті көйлегін жыртқысы келеді деп ойлайсыздар? Мұны анасының жанында болуы үшін, өзіне назарын аудару үшін жасайды. Біздің асыранды балалар да отбасына келгенде өзіне назар аудартатын нәрселерді жасағысы келеді. Ал ата-аналар оған теріс жауап береді. Бала дамып, отбасына, өмірге бейімделуі үшін өзіне назар аудартуы қажет", – деді Динара Алидарова.

Оқи отырыңыз: Әкелер де декретке шыға алады. Қазақстанда соңғы бес жылда 40 мыңнан астам әке декретке шыққан

Оның айтуынша, бала асырап алғысы келетін әрбір ата-ана мінсіз баланы күтеді. Бірақ ондай бала болмайды. Бала ең алдымен ата-анасы, отбасының бар болғанын қалайды. Ішінен "мен жалғызбын, көмектесіңіздер, жалғыз болғым келмейді" деп дабыл қағады. "Көмектес, маған сенім арт. Саған керек екенімді дәлелде. Мен саған ештеңе бере алмаймын. Сен көргің келетін адам бола алмаймын. Қалай бармын, солай мені жақсы көр" дейді. Асырап алушы ата-аналар мектебінде осындай жан жарақаттарымен күресуге болатын нақты әдістерді үйретеді.

Баланың биологиялық анасы келсе...

Кейде баланың биологиялық ата-анасы, туыстары іздеп келіп, ата-ана, қамқоршы құқығын қайтарып алатын кездер болады. Психолог Динара Алидарова мұндай жағдайда екі ата-ана өздерін емес, балаларын ойлау керек екенін айтып, бір оқиғаны мысалға алды. Осындай жағдайдың бірі, анасы бас бостандығынан айыру орнында болған. Құқығы шектелмеген, бірақ баласын патронатқа берген. 3 жасынан бастап асырап алушы отбасында болған бала биологияық анасы туралы білмейді. Қазір 8 жаста. Анасы баласын алып кетемін деп тұрып алды. Екі ата-ана да баласы үшін күрескісі келеді, себебі бала екі әйелге де ортақ. Қордың психологымен жұмыс істеп, ата-ана бір үстел басында баланың мүддесі мен қажеттері туралы талқылап, бір шешімге келеді.

"Біздің кеңседе бала туған ата-анасымен танысты. Бүгінде олар бір-бірімен араласады. Әзірге асыраушы отбасында тұрып жатыр. Анасы кез-келген уақытта алып кете алады, себебі заң тұрғысынан ешқандай кедергі жоқ. Бірақ балаға бұл үлкен соққы болар еді. Бала бейімделіп жатыр, туған ата-анасына қонаққа барады. Осылайша туған отбасына ақырындап ауысады", – дейді психолог.

Асырап алушы ата-ананың бірі баланың биологиялық анасы келіп, өзіне айқайлаған кезде не істерін білмегенін айтты. Алғашқыда өзін кінәлі сезінген ол кейіннен жаман нәрсе істемегенін, баланы ұрламай заңды жолмен асырап алғанын түсініп, сабасына түскен. Кейіннен бірге отырып жағдайды талқылап, ортақ шешімге келген.

Ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысы Ләззат Жүсіпова балалар үйінде 4 жасқа дейінгі балалар уақытша тұратынын айтты. Әйел қиын жағдайда болса, өтініш жазып, тұрақты келіп тұру шартымен баласын уақытша алты айға не бір жылға қалдырады. Әйелдердің көп бөлігі алғашқы кезде балаларына келіп тұрады, содан кейін ұмытып, баласына келмей қояды немесе бас тартады. Сот оның ата-ана құқығын шектеу туралы шешім шығарады. Ата-ана құқығынан айырса да, баланы сот шешімі күшіне енгеннен кейін алты ай өткен соң асырап алуға болады.

Оқи отырыңыз: "Балалар үйінен бала асырап алғым келеді". Бала асырап алушылар қандай жәрдемақы алады?

Құжаттарының толық пакеті бар балаларды ғана бірден асырап алуға болады. Ал қамқоршылық, патронат, қабылдап алушы отбасы формаларында басымдық баланың туған ата-анасына беріледі.

"Заң туған ата-анасының жағында. Олар ата-ана құқығынан айырылса да, бала асырап алу формасында ғана құқық қорғалған. Құпиялық сақталады. Қамқоршылық, патронат, қабылдап алушы отбасында, тіпті бес жылдан кейін туған ата-анасы құқықтарын сот арқылы қалпына келтіріп, баланы өзіне алуды талап ете алады. Әр баланың, ата-ананың себебі әртүрлі. Әрбір жағдайды жеке-жеке бөлек қарастыру керек.Статистикаға сүйенсек, шамамен 800 бала – қамқоршылық пен патронатта, 140 бала – асырап алынған, 147 бала – қабылдаушы отбасында", – деді Ләззат Жүсіпова.

Балия Әкімбекованың сөзінше, балада туыстарына деген жақындық болатынын, тегін жоғалтып алам ба деген үреймен өмір сүреді.

"Мен оларға тәнтімін, себебі оларда әрі қарай өмір сүруге ресурсы мен күші бар. Кешіруге күш табады. Балада кешіретін ресурс болмаса оған көмектесейік. Оны әлеуметтік бейміделген, дені сау, нормативті, табысты тұлға ретінде дамытайық. Біз өзгерсек, балалар да өзгереді. Қоғам өзгерсе, түсінік те өзгереді. Қазақстанда балалар үйі болмағанын, әр бала отбасында өмір сүргенін қалаймын", – деді психолог.

Баланың отбасында бейімделуінің 4 сатысы:

Бал айы

Екі тарап та үмітке толы: олар бір-біріне ұнауға тырысады. Иллюзия мен кейбір эйфория, барлық кедергілер мен қиындықтарды жеңуге жеткілікті күш болады деген сенім көп ата-анаға тән. Бала үлкеннің айтқанының барлығын орындайды. Балалардың көпшілігі үлкендерді бірден әке, ана деп атап кетеді. Алайда бұл жаңа ата-ананы бірден жақсы көріп кетті деген сөз емес, бұл жаңа ата-ананы жақсы көргілері келе бастағанының белгісі.

Бала отбасының барына қуанышты, бірақ сол уақытта оның бойында үрей мен мазасыздық та болады. Осы кезеңде балаға оның асырап алған отбасындағы орны мен рөлі түсініксіз болғандықтан, алаң күй кешеді. Сондықтан, ересектерден балаға оның болашағы туралы түсіндіру талап етіледі.

Енді қонақ емес

Бұл кезеңде асырап алған отбасындағы қарым-қатынас дағдарысы тән. Бала күрт өзгереді, оның тәртібі нашарлайды. Алайда бұл баланың асырап алған отбасына үйрену кезеңінде болатын заңды құбылыс. Бала "бал айы" кезеңінде барынша үлкендерге ұнауға, айналасындағыларға ұнамауы мүмкін деген қылықтарын көрсетпеуге тырысты. Алайда ұзақ уақыт бойы өзін бұлай ұстай алмайды. Отбасы оны қабылдап, қамқорлық танытса балаға эмоционалды шиеленісті "босатуға", оған ерік беруге мүмкіндік береді.

Неғұрлым бала өзін еркін сезінсе, ол соғұрлым отбасына тез бейімделеді. Сайып келгенде оның дамуы үшін жақсы жағдай жасалады. Бұл кезеңде балаа ұрлық жасап, айналасындағыларды және үйіндегілерді ренжітуі, оқуды доғаруы, үйден қашып кетуі мүмкін. Осы кезде сабырлы болып, түсіністік танытқан жөн. Ата-аналарға баламен көрген және сезінген нәрселері туралы сөйлесу ұсынылады.

Сіңісу, үйренісу

Қарым-қатынастың жаңа кезңінде дағдарыс кезеңінің қиындықтарынан өтіп, ересектер баланың проблемасын әлдеқайда жақсы түсінеді. Бұл кезеңде отбасындағы өмір сапасы тұрақсыз, ауыспалы болуы мүмкін. Туған балалар мен асырап алынған балалардың арасында түсінпеушілік пен қызғаныш сезімі пайда болуы мүмкін. Баланың туған туыстарына қатысты мәселелер көтеріледі. Балаға өмір бойы оның туыстарымен қарым-қатынасы қажет. Оның өз туыстарын қабылдауын құптаған жөн. Бұл оның жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуы үшін өте маңызды.

Қарым-қатынастың тұрақталуы

Бейімделудің қорытынды кезеңі. Бұл кезеңде отбасылық өмірде ризашылықтың болуымен сипатталады. Бала отбасында ғана емес, қоғамнан да өз орнын табады. Ол өзін еркін және тыныш сезінеді. Отбасы өміріне белсенді қатыса бастайды. Асырап алған ата-анаға деген бауыр басушылық пайда болады. Танып-білу белсенділігі артады. Балалар бұл кезеңде ата-аналар тарапынан берілген махаббатты қабылдай біледі.

Серіктестер жаңалықтары