Тікелей эфир

Жыл сайын 5 мың ата-ана әкімшілік жауапқа тартылып, мыңға жуығы ата-ана құқығынан айырылады

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Мәжілісте өткен сарапшылар кездесуінде балалар арасындағы құқық бұзушылық мәселелері сөз болды.

Отырыста өткен жылдың сәуір айында "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес ұсынылған балаларды қорғаудың жаңа механизмі талқыланды. Өзгерістерге сәйкес, бұдан былай жергілікті атқарушы билік өкілдері медициналық-әлеуметтік есеп жүргізеді. Осы есеп бойынша қиын жағдайға тап болған балаларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмек пен бейімдеу және оңалту қызметтері ұсынылмақ.

"Нұр Отан" партиясы жанындағы құқықтық кеңес төрағасы Нұрлан Әбдіров Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға қатысты негізгі 4 бағытты атап өтті:

  1. Бала құқығын қорғау саласындағы ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыру;
  2. Бала құқығын қорғау саласындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру;
  3. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің жасөспірімдерге қатысты жұмысын дамыту (Осы мақсатта заңға кәмелетке толмаған балалардың ісін қарайтын комиссияның жұмысын күшейту туралы нормалар енгізілді);
  4. Бала құқығы мен бостандығына қатысты қосымша кепілдіктерді ойластыру.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар үйінен қалай бала асырап алуға болады?

ІІМ жанындағы ювеналдық полиция және әйелдерді зорлықтан қорғау басқармасы басшысының орынбасары Вадим Яценконың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 5 мыңнан астам ата-ана бала тәрбиелеудегі міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал, мыңға жуығы ата-ана құқығынан айырылады.

"Осылайша, еліміздегі әлеуметтік жетімдер санын арттырып отырмыз. Біз дер кезінде жұмыспен қамту, тұрмыстық мәселелерді шешу, уақытында медициналық және әлеуметтік көмек беру арқылы тұрмыс төмен отбасыдан шыққан, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің тезірек аяқтан тұруына көмектесе аламыз", – дейді Вадим Яценко.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан әлеуметтік көмек беру мәселесінде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Скандинавия елдерінің тәжірибесінен үлгі ала алады. Ол Германияда қиын балалар ісімен тек полиция емес, жастар ісі жөніндегі комиссия да айналысып, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсететінін мысал ретінде келтірді.

Оқи отырыңыз: Бала асырап алу жөніндегі агенттік қаншалықты қажет?

"Өткен жылы "Нұр Отан" партиясының арнайы жұмыс тобы аймақтардағы жасөспірімдер құқығын қорғау саласына жауапты органдардың жұмысын тексерген болатын. Бұл мониторингтің нәтижесі жасөспірімдермен жасалған жұмыстың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетті", – деді Яценко.

Медициналық-әлеуметтік есепке ІІМ есебінде тұрған балалар кіреді. Полиция есепте тұрған балалардың тізімін әкімдіктерге жібереді. Медициналық-әлеуметтік есеп жасөспірім қиын жағдайдан шыққанша жүргізіледі.

Бүгінде полиция тізімінде 8 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасы, 6 мыңнан астам оңалту тізімінде тұрған балалар және 5 мыңға жуық есепте тұрған балалар бар.

Серіктестер жаңалықтары