Тікелей эфир

Роман Протасевич кім? NEXTA Telegram арнасы жайлы 10 дерек

Романның Twitter желісіндегі профилінде: "Тарихтағы тұңғыш журналист-террорист" деп жазылған.

Екі күн бұрын Ryanair әуе компаниясы Минскте мәжбүрлі түрде қонды. Себеп – жолаушылар арасында Nexta Telegram арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич бар болатын. Ол қазір 26 жаста. Өткен жылы билікке қарсы бас көтерулердің символына айналған. 

Роман Протасевичтің Twitter желісіндегі профилінде: "Тарихтағы тұңғыш журналист-террорист" деп жазылған. Ол – Беларусь тарихында террористік қызметке қатысы болуы мүмкін адамдардың ресми тізіміне енген алғашқы Беларусь азаматы. 

Роман мемлекет басшысы Александр Лукашенкоға қарсы баскөтерулерге мектеп жасынан араласа бастаған. Ол сонау 2010 жылдар болатын. Мұндай шараларға алғашқы қатысқанынан кейін оны Ұлттық техникалық университет жанындағы лицейден оқудан шығарып, ол білім алуды қарапайым мектепте жалғастырған болатын. Кейін Беларусь мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскенімен, оны бұл жерден де оқудан шығарып жібереді. 

Атышулы Nexta Telegram арнасын Роман Протасевич бастапқыда Степан Путиломен бірге құрған. Арна 2020 жылы көктемде елде билікке қарсы баскөтерулер болған уақытта ерекше танымалдылыққа ие болып, күзе қарай президент сайлауы өткен шақта оның оқырмандарының саны 1,8 миллион адамға дейін жеткен.

Беларусь билігі арнаны неге экстремистік медиа деп санайды? Factcheck.kz сайты Nexta арнасы жайлы 10 өзекті деректі тізіп шықты. 

  1. 2015 жылы Беларусьтегі мектеп оқушысы Степан Путило NEXTA жобасының негізін қалады. Бес жыл ішінде Беларусьтегі митиң туралы хабар тарататын танымал ресурсқа айналды. Бастапқыда қоғамдағы проблемалар мен өлең арқылы саяси мәселелер көтерілген.
  2. 2018 жылдың ақпанында Беларусь билігі 19 жастағы Степан Путилоға белгісіз азаматтың шағымынан кейін "президентті қорлау" бойынша қылмыстық іс қозғауға тырысты. Белгісіз азамат Лукашенкоға қатысты қорлайтын мәлімдемелерге шағымданған. Атап айтқанда, YouTube желісінде жарияланған видеода президент Лукашенконы "Лукашерлок" деп атағаны ұнамаған. Степан Путило ол кезде Польшада оқуда болған. Кейін Беларусь билігі бұл істің тоқтағанын хабарлады.
  3. NEXTA атауы "не́хта" деп айтылады. Жоба атауында ойын сөзі қолданылған — next буыны (ағылш. – келесі). Степан Путило жоба атын өзі секілді ойлайтын адамдардың жасырын бейнесі деп түсіндірген.
  4. 2021 жылдың мамыр айындағы есеп бойынша, YouTube арнасында 638 мың, ал Telegram арналарында шамамен 1,8 млн оқырман бар.
  5. NEXTA – Беларусьтегі оқырманы ең көп телеграм арна. Редакция жарнама арқылы табыс табады.
  6. 2020 жылы қыркүйекте Степан Путило "вДудь" арнасына NEXTA және Беларусь билігі жайлы сұхбат берді. Қазіргі уақытта шамамен 9 млн рет қаралған.
  7. 2020 жылы тамызда Nexta Telegram арнасы 1 млрд 48 млн 649 мың 183 қаралым жинады.
  8. NEXTA және NEXTA Live телеграм арналары Беларусьтегі наразылық акциялар туралы ақпараттың негізгі көзі болды. Мұнда эксклюзив пен инсайдтар жарияланды. Әлемдегі танымал медиалар Беларусьтегі митиң туралы фото мен видеоны осы каналдан жиі пайдаланды.
  9. 2019 жылы қазанда NEXTA арнасында "Лукашенко. Уголовные материалы" деректі фильмі жарияланды. Қазіргі уақытта шамамен 3 млн 400 мың қаралым жинады. Кейін деректі фильмді түсіруге көмектескен журналист Владимир Чуденцовты қылмыстық кодекстің 343-бабының 2-бөлігі (кәмелетке толмағандарға порнографиялық материалдарды тарату), 328-бабының 1-бөлігі (есірткі сақтау) және 328-бабының 1-бөлігі 14-бабы 1-бөлігі (есірткіні шекара арқылы заңсыз тасымалдау) бойынша "кінәлі" деп таныды.
  10. Беларусь билігі NEXTAны экстремистік медиа деп санайды. Билік Протасевичке халықаралық іздеу жариялап, оны "террористер тізіміне" қосқан. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздігі үшін Беларусьтен кетіп қалған.
Серіктестер жаңалықтары