Бір жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып, қоғамның қызу талқысына түскен, тіпті депутаттар арасында үлкен дау тудырған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" заң ақыры қабылданды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Жаңа заң бойынша қайтыс болған адамның ағзасын донорлыққа алу, дәрігер жасаған заң бұзушылықтар, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға қатысты тың өзгерістер бар. Сондай-ақ, елде вакцинация жасаудың жаңа талаптары енгізілген. Informburo.kz заңдағы екпеге қатысты мәселелерді ұсынады.
Оқи отырыңыз: Елдің батысы екпеге қарсы. Вакцинацияны міндеттеу кімнің құқығын шектейді?
Екпені заңмен міндеттеу не үшін қажет болды?
Елімізде вакцинациямен қамту 95 пайызды құрайтынына қарамастан, жыл сайын ата-аналардың екпеден бас тартуының өсімі тіркеліп отыр. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда 17 мыңға жуық адам профилактикалық вакцинаға қарсылық танытқан. Бұл үш жыл бұрынғы статистикадан бес мыңға көп. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстанда 31 адам қызылша ауруынан қайтыс болса, олардың 29-ы балалар. Марқұмдардың көбісі бұрын тиісті екпе жасатпағандар. Вакцинациядан бас тартатындар тек екпемен басқарылатын инфекцияларға сезімтал контингентті өсіреді. Салдарынан екпе алмағандар жұқпалы ауруға шалдыққан кезде соңы ауыр асқынуларға, соның ішінде мүгедектікке және өлімге ұшыратады деп дабыл қаққан ДСМ вакцинациялауды заңмен бекітуге тырысты. Жаңа кодекстің жобасында екпеге медициналық қарсы көрсетілімдері болмаса, вакцина салынбаған балаларды ұйымдасқан топтарға жіберуден бас тарту түріндегі ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуді көздеу ұсынылды:
- екпе жасалмаған балаларды балабақшаға қабылдауға тыйым салу;
- екпе жасалмаған балаларды қабылдағаны үшін балабақшаларға айыппұл салу 15 АЕК (41 670 теңге айыппұл);
- вакцинациядан бас тартқаны үшін ата-аналарға айыппұл салу;
- балалары вакцинацияланбаған вируспен ауырған ата-аналарға айыппұл салу;
- вакцинацияланбаған балалардың ата-аналарына балаларын өз қаражаттарымен емдеуге міндеттеу.
Қазақстанда тұрғындарды вакцинациялауға жыл сайын 28,5 миллиард теңге жұмсалады. Оған 20 жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық егу жұмыстары жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі соның ішіндегі 11 екпені әр балаға жасатуды заңмен міндеттеуді көздеді.
"Вакцинация – ол тек әр адамның ауруының алдын алу емес, вакцинация – қоғамдық иммунитет құру. Міндетті вакцинация болмаса, екпе туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Мысалы, түбіркүлезден халықтың 30 пайызы екпе алып, 70 пайызына вакцина жасалмаса, эпидемия болады. Өйткені, вакцинация толық коллективтік иммунитет болғанда ғана әсер етеді. Аурудың өршуі тек вакцинамен тоқтайтын инфекциялар болады, сондай 11 инфекцияға екпе міндетті болу қажет", – деген болатын бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Оқи отырыңыз: Вакцинацияға қарсылардың саны 17 мыңға жуықтады. Бас тарту себептері қандай?
Ел екпеге неге қарсы болды? Петиция жариялау себебі не?
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, тұрғындардың вакцина салдырмауының негізгі себептері мынандай:
- жеке бас себебі – 50,2%;
- діни көзқарас – 34,2%;
- вакциналардың сапасына сенімсіздік – 10%;
- БАҚ-тағы және интернет-ресурстардағы жағымсыз ақпаратқа байланысты бас тарту – 5,4%.
Діни себептер бойынша профилактикалық егулерден бас тарту әсіресе батыс өңірлері үшін өзекті, онда бас тартқандардың жалпы санынан діни сенімдер бойынша бас тартқандардың үлесі 60 пайыздан асады. Дегенмен, көпшіліктің алаңдауының негізгі себебі – вакцина сапасының төмендігі және екпеден кейін баланың бойында болатын ауытқулар. Вакцинаның кесірінен 9 айлық қызымнан айырылдым деген қазақстандық Марина Шаймаханова міндетті екпеге қарсы "Бас тарту құқығы" петициясын жариялады. Құжатқа 170 мың адам қол қойып, кодекске қарсылық танытты.
"Кез келген отбасының баласы қайтыс болса, бүкіл отбасы өлгендей болады. Бұл жағдай өз басымнан өтті. Ата-аналардың екпенің кесірінен балаларынан көз жазып қалғанын қаламаймын. Медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі комитет қызымның өлімі неден болғанын анықтамай жатып, бұл вакцинациядан болған өлім емес деп кесімді пікір білдірді", – деді петиция авторы.
Дәл осындай пікірге М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актриасы Светлана Фортуна да қосылады. Ол Денсаулық сақтау министрлігі вакцинадан кейінгі баланың денсаулығындағы өзгерістер мен ауытқуларды бақылайтын комиссия құру қажет деп есептейді.
"Үлкен қызым екпе алған соң, жағдайы қиындады. Бірақ оны әлі дәлелдей алмай келемін. Вакцина алмаған кішкентай қызымның денсаулығы жақсы. Менің білуімше, вакцина баланың ағзасында барлық ауруларды қоздыратын зат. Қазақстанның вакцинация күнтізбесіне сәйкес, бала 18 айда 21 түрлі ауруды бастан өткереді. Баланы вакцинациялау арқылы ата-ана үлкен тәуекелге бел буады. Себебі, бала екпе құрамындағы улы заттарды көтере алмауы мүмкін. Мүгедек болуы да, өліп кетуі де мүмкін. Ата-ана екпеден кейінгі баланың жағдайы қиындағанын дәлелдей алмайды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі вакцинадан кейінгі жағдайды бақылайтын комиссия құрып, органдарды тартуы қажет. Неге осы күнге дейін комиссия жоқ?!" – деді Светлана Фортуна.
Светлана Фортуна екпе туралы арнайы үкіметтік сайт ашу қажет деп санайды. Актриса қазір екпе туралы жан-жақты ақпараттардың тым аздығын, салдарынан балалар зардап шегетінін алға тартты.
"Бізде вакцинация туралы толыққанды сенімді ақпарат көздері жоқ. Ол туралы өздігімізден оқып уақыт жоғалтамыз. Мемлекет екпе, екпенің құрамы және жанама әсерлері жайлы неге дұрыстап түсіндірмейді? Вакцина туралы арнайы үкіметтік сайт ашу керек. Онда екпе туралы барлық мәліметтер, қарсы көрсетілімдері, вакцинаның пайдасы туралы ғылыми тұжырымдар болуы тиіс", – деп пікір білдірді актриса Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген онлайн конференцияда.
Оқи отырыңыз: Мектепте тарих пәнін медицина тарихын оқытудан бастау керек
Екпеден бала расымен мүгедек бола ма? Вакцинадан келер қауіп қандай?
"Quantum Mind Leap" ЖШС директоры, халықтық емшісі Виктория Лидің айтуынша, вакциналар кеңестік кезеңде ғана пайдалы болған, содан кейін сау адамды науқасқа айналдыра бастаған. Сондықтан, ол екпеден адам денсаулығына қауіп көп деген пікірде.
"Вакцинаның құрамы туралы ақпарат түсініксіз. Формальдегид консерванты вакциналардың құрамында да қолданылады. Ол канцероген болып табылады, яғни обырдың одан әрі дамуына ықпал ете алады", – деді Виктория Ли.
Ал Елжан Біртанов "екпеден соң баламыз сал ауруына шалдығып, мүгедек болды" деп шырылдаған отбасылардың да, вакцинаның кесірінен "баламнан айырылдым" деп өзегін өкініш өртеген аналардың да шағымын жоққа шығарды. Бұрынғы министрдің сөзінше, осы уақытқа дейін шетелден келген вакцинадан елде әлі бір де бір бала көз жұмған жоқ.
"Екпеден соң балам сал болып қалды деген ата-аналардың сөзін естиміз. Бірақ ол тек пікір ғана. Әр жағдайға жеке сараптама жасату керек. Мысалы, көптеген аналар вакцинадан баласының церебралды паралич болғанын айтады. Көп жағдайда церебралды паралич симптомдарын бала туған кезде біз көрмейміз. Үш ай, алты ай не тіпті бір жылдан кейін ғана байқап жатамыз. Ол дәл вакцина жасайтын мерзімдер. Яғни, ауруы қатар жүрген деген сөз. Осы кезде баланың денсаулығында көрінген ауытқу вакцинаның кесірінен емес. Біз балаларға дүкеннен түрлі қант, қоспасы бар сусындар алып береміз. Алайда, оның зардабын ойламаймыз. Сол сусындардан қаншама бала созылмалы ауруға шалдығып, қайтыс болып жатыр. Яғни кішкентайлардың денсаулығына 100 есе қауіпті. Оған мән бермейміз, ал "шетелден келген екпе сондай әсер етеді" деген сөзден қорқып, вакцинадан қашамыз. Өйткені, психология сондай, өкінішке орай", – деді бұрынғы денсаулық министрі.
Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, акушер-гинеколог Вячеслав Локшин де екпенің салдары баланы мүгедек қылады деген қауесеттерді жоққа шығарды.
"Бірде церебралды сал ауруымен ауыратын 100 баланың ағзасын зерттедік. Ұзақ зерттеп, вакцинаның салдары жоқ екендігін анықтадық. Көбіне анасының денсаулығына, күтіміне байланысты болып шығады. Былтыр 6 003 адам ғана бас тартқан", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Бұл ауру туралы не білу керек
Вакцинаның сапасына алаңдауға негіз бар ма?
Қазақстандықтарға салынатын профилактикалық вакциналардың барлығы дерлік шетелден тасымалданады. Олар Үндістан, Жапония, Ресей, Еуропа елдерінен және АҚШ-тан жеткізіледі. Ал өз елімізде тек обаға қарсы екпе дайындалады. Отандастарымыз осы екпелердің сапасына сынмен қарайтыны жасырын емес. Десе де Елжан Біртанов екпелердің қауіпсіздігін зерттеу үнемі жүргізілетініне және вакциналар зертханаларда еуропалық сапа стандарттарына сәйкес тексерілетініне сендірді. Министрдің мәліметінше, былтыр елімізде 4 841 334 балаға екпе салынса, оның ішінде тек 143-інен температураның көтерілуі, ісіну, терінің қызаруы сияқты жағымсыз белгілер байқалыпты.
"Бір дәрі-дәрмек, ол отандық болсын, шетелдік болсын елімізге кіріп тіркелу үшін 18 ай тексеруден өтеді. Сосын дәрінің партиясы келгеннен кейін, әр партияға да мұқият зерттеу жүргіземіз. Мысалы, Үндістан ол вакцинаны тек арнайы Қазақстан үшін жасамайды, ол дүниежүзіне арнап жасайды. Сондықтан, бір елге сапалы, бір мемлекетке сапасызын ұсынбайды. Біз екпесін тасымалдап жүрген елдер препараттарды өте жоғары деңгейде әзірлейді. Оларды шетелдік халықаралық ұйымдар сертификаттан өткізіп барып ұсынады. ДДСҰ оларды тексерістен өткізген соң, өздерінің сертификатын береді. Біз вакцинаны ДДСҰ тізіміне енген мемлекеттерден қауіпсіз болғаны үшін аламыз", – деді Елжан Біртанов.
Оқи отырыңыз: Дүниеге сәби келгенде қандай заттар тегін беріледі? Жас аналарға кеңес
Жаңа заң екпеге ешкімді мәжбүрлемейді. Ата-анаға таңдау құқы берілді
Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолованың сөзінше, қоғамның саулығына қатысты маңызды заң жобасы қабылданбас бұрын 3000-ға жуық ұсыныс түскен. 717 түзету енгізіліп, кодекстің 80 пайызы өзгерді. Вакцинацияға қарсылардың да пікірі ескеріліп, екпені міндеттеуге қатысты дауға нүкте қойылды. Жаңа кодексе сәйкес, ата-аналардың вакцинация бойынша дербес және саналы шешім қабылдау құқығы берілді. Енді екпеге қарсылық танытқандар күнтізбедегі өзі қаламаған вакцинадан бас тарта алады. Бірақ бұрынғыдай балаға екпе жасатудан бас тарту қағазына қол қоюға міндетті. Осы тұста "бұл міндетті екпеге қарсылардың санын көбейтіп жібермей ме?" деген заңды сауал туындары сөзсіз. "Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі" Қазақстандық медицина университетінің бас ғылыми кеңесшісі Мақсұт Құлжанов оған алаңдауға негіз жоқ дейді.
"Ата-ананың екпеден бас тарту статистикасы жарты пайыздан көп емес. Жарты пайыз түгел халыққа еш қауіп төндірмейді. Ұжымдық иммунитет деген болады, әр ұжымда 95%-дан артық бала егілсе, ол балалардың ұжымы жұқпалы вирустардан аман болады. Алайда әр ата-ана екпе салудың маңыздылығын түсінуі керек. Жұқпалы ауруларды таратпау, балаларды сақтау. Кішкентай кезінде ауырмай, жұқпалы ауруға қарсы екпе алмаған бала өсе келе қатты ауырады. Тіпті өлім де болып жатады. Өйткені, ересек адамның организмі бөлек, олар ондай жұқпалы ауруларға төтеп бере алмайды", – деді Мақсұт Құлжанов.
Оқи отырыңыз: Обыр жастарды обып барады
Екпе алмаған балалар да балабақшаға қабылданады, бірақ оның саны 5%-дан аспау керек
Біртановтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 6 мың бала профилактикалық жоспарлы екпе алмайды. Оның 90%-ы созылмалы ауруларының бар себебінен дәрігерлердің тыйым салуына байланысты егілмейді. Осындай санаттағы балалардан айналасындағы балаларға инфекциялық аурулар жұқтырудың алдын алу мақсатында, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұжымдық иммунитет қалыптастыруға көңіл бөлінеді.
"Біз әр инфекцияның өзінің деңгейін бекітеміз. Соған сәйкес, ұжымдық иммунитет қалыптастырамыз. Мысалы топтағы 95% балаға екпе жасалған болса, ол топқа вакцина жасалмаған 5% баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Себебі қауіп өте төмен, 95%-ы қорғалған, ұжымдық иммунитеті бар деген сөз", – деді Елжан Біртанов.
Жоспарлы профилактикалық екпелерді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу заңнамада айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады. Балабақша ұжымы соларды қатаң қадағалап, топтағы екпе алмаған балалардың санын 5%-дан асырмауы тиіс. Екпе жасауға медициналық қарсы көрсетілімдердің бар немесе жоқтығы туралы анықтаманы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызмет көрсету үшін бала бекітілген жердегі медициналық ұйым береді.
Айта кетсек, шет мемлекеттерде медициналық қарсы көрсетілімдерсіз балаларын егуден бас тартатын ата-аналарға қатысты айыппұл санкциясы түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырады. Ал бірқатар еуропа елдерінде балалар ұйымдасқан ұжымдарға жіберілмейді.
"Еуропа елдерінің әрқайсында вакцинацияға қатысты заңдары бар. Сол заң бойынша белгіленген ауруларға қарсы екпе жүргізеледі. Ол міндетті. Егер сіз басқа мемлекеттен келіп, балаңызды балабақшаға беремін десеңіз, бірақ балаға екпе салдырмаған болсаңыз оны қабылдамайды. Олар неге мұндай шешім қабылдады? Себебі, балалардың денсаулығын сақтау, жұқпалы аурулардың эпидемиясын болдырмауды маңызды санайды. Санасы, есі бар елдер вакцинацияны міндетті түрде жүргізеді", – деп пікір білдірді "Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі" Қазақстандық медицина университетінің бас ғылыми кеңесшісі Мақсұт Құлжанов.
Оқи отырыңыз: Дәрігердің қатесін қай кезде кешіруге болады?
Сапасыз вакцинаны ұсынғандар, екпені дұрыс сақтамағандар заң алдында жауапқа тартылады
Қазақстандықтардың 65%-ы екпеден сапасынан қорыққандықтан бас тартады. Осыған байланысты Әкімшілік кодекстің 426-бабына толықтырулар енгізіліп, сапасыз вакцинацияға жол бергендерге қатысты қатаң жаза қарастырылатын болды. Яғни, екпені өндіруші, оны тасымалдаушыларға, сақтаушыларға жауапкершілік күшейеді. Сондай-ақ, вакцинаны салудағы медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі де заңмен шегеленеді. Балаға екпе жасауда кәсіби міндетін дұрыс орындамай, немқұрайлы қараса дәрігер де заң алдында жауап береді. Мұның барлығы кодексте қарастырылған.
Адамның денсаулығына жеңіл зиян келтіруге алып келген, вакциналарды әкелу, сатып алу, тасымалдау, сақтау қағидаларын бұзғандарға:
- лауазымды адамдарға – 100 АЕК (277 800 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130 АЕК (361 140 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (555 600 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000 АЕК (2 778 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізу кезінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы жүргізетін дәрілік заттарға сараптама жүргізу тәртібін бұзу:
- лауазымды адамдарға – 200 АЕК (555 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Вакцинаны өндірушіден бастап, оны балаға салатын адамға дейін заң алдында жауапкершілік жүктеу, екпеге қарсы азаматтардың санын азайтады дейді сарапшылар.
"Вакцина тасымалдаушыларға жауапкершілікті заңмен жүктегені өте дұрыс шешім. Вакцинациялауда ең маңыздысы – салқын жағдайда сақтау. Өйткені вакцинаны тасығанда салқындықты сақтамаса ол бұзылып кетеді. Сонымен біздің көп вакциналар дұрыс сақталмағандықтан немесе дұрыс екпегеннен денсаулыққа кері әсерін тигізіп жатады. Салқындықты сақтауға ДДСҰ-да көп көңіл бөледі", – деді Мақсұт Құлжанов.