Ғарыштан ғайыпқа кеткен

Жерден тірі аттанып, өлік болып оралған оқиғаға жарты ғасыр

Жылатқан жағдай

Иә, елу жыл өтіпті. Біз бір мүшелге енді толып, айналаға жіті қарай бастаған кез еді. Онда батырдың батыры – ғарышкер. Арманның шегі – ғарышқа ұшу. Өйткені, "Әліппенің" өзінде кеңестік ғарышкерлердің суреттері күлімсіреп тұратын.

Сол ғарышкерлердің суретіне жарты ғасыр бұрын жылап қарап едік. Бір емес, бақандай үш ғарышкердің суреті болатын. Біз ғана емес, күллі Кеңес Одағының тұрғындары жылаған. Кеңес Одағы ғана емес, әлемнің қаралы хабарды естіген тұрғындарының бәрінің қабырғасы қайысқан. Сол шақта нөмірі бірінші дұшпан саналатын АҚШ-тың президентінен бастап.

Жылатқан жағдай – кеңестің ғарышқа аттанған үш азаматының қаза тапқаны. Георгий Добровольский, Владислав Волков және Виктор Пацаев. Бұлар – кеңестің "Союз-11" ғарыш кемесінің экипаж мүшелері.

Ғарышкерлер Георгий Добровольский, Владислав Волков, Виктор Пацаев Мемлекеттік комиссия алдында. Сурет Циолковский атындағы ғарыш музейінің сайтынан алынды

1971 жылғы 1 шілде күнгі газеттерде қайғылы қаза туралы хабар жарияланып, осы үшеуінің қалың рамкамен қоршаулы фотолары газеттерге шықты. Ол газеттер Тарбағатайдың бір қуысындағы біздің бөлімшеге жеткенше және бірнеше күн өткен. Соған, міне, тура жарты ғасыр.

Айтпақшы, Кеңес Одағына қарсылас болса да, азаматтардың қазасына қайғырған президенттің атын ұмытып кетпейік. АҚШ басшысы Ричард Никсон. Ол Добровольскийдің қызы Маринаға: "Ержүрек адам өзінің ісін жалғайтын ержүрек қыз тәрбиелеп кеткені анық. Осынау қайғылы уақытта ержүрек қалпыңыздан танбаңыз" деп жеделхат жолдаған.

Бұл көңіл айту хаты дер кезінде газеттерге шықпады. Беріде ғана, бүкіл архивтер ашылған шақта білдік.


Оқи отырыңыз: Ғарышқа киім таңдау қиын


Үрейлі үнсіздік

Ол кезде әрине, апаттың бүге-шігесі жазылмайды. Қаралы хабарда тек "Жерге оралатын аппарат ішінде ауа қалмағандықтан" деп көрсетілді. Демек, тұншығып өлген. Аппарат тесік болған. "Неге тесік?" деген сұрақ әр көкейде қалғанымен, оған ресми жауап берілмеген.

Ауа сыртқа сытылып кеткен тесіктің сыры АҚШ президентінің жұбату хаты сияқты беріде белгілі болды. Ал оны жазудың реті енді түсті. Қайғылы оқиғаның 50 жылдығына орай. 

Ғарышта 23 тәулікті өткізіп келген экипаж зор құрметпен қарсы алынуы тиіс еді. Өйткені, олар Жер төңірегіндегі орбитада болудан әлемдік рекорд жасаған. Кеңес Одағы Айға бару жарысында Америка Құрама Штаттарынан қалып қойған соң бар күшті ғарыш стансасына салған.

Алғаш "ғарыштағы үй" деуге толық келмесе де, "лашық" болуға жарайтын "Салют-1" орбиталық стансасын үш апта мекен еткен ғарышкерлер кері оралып келеді. Жоспар бойынша Жезқазған қаласынан шығысқа қарай 100 шақырым аймаққа қонуы керек. Қатты жел жоқ. Аспан бұлтсыз. Ғарыш сапарын басқару орталығында бәріне команда беріп тұрған генерал Николай Каманин ғарышкерлерге қысқа және өте қысқа толқындар арқылы жиі тіл қатып тұруды тапсырған. Әрі "құлдилау аппараты Жерге түскен кезде қақпақты өз беттеріңше ашпай, іздеу тобын күтіп отырасыңдар" деген.   

Экипаж командирі Добровольский "Қонуға қолайлы жағдай бар. Экипаждың көңіл күйі тамаша. Қамқорлықтарыңыз бен тілектеріңізге рақмет!" деп жауап береді. Зерттеуші инженер Пацаев "Жердің ең жиегі көріне бастады" дейді. Ұшу сапарын басқару орталығы келесі байланысқа дейін қоштасады. Ешкім экипажбен мәңгілікке қоштасып тұрғанын білмеген. 

Стансадан бөлінген ғарыш кемесінің тежегіші іске қосылды. Одан құлдилау аппараты бөлініп шықты. Осыны мәлімдеген рапорт келуі керек еді. Бірақ, экипаждан ешкім эфирге шықпаған.

Арада жиырма минут өтті. Ұшу сапарын басқару орталығындағы мамандарды айтпағанда, осында арнайы келген Жалпы машина жасау министрі Сергей Афанасьев, Қорғаныс техникасы мемлекеттік комитетінің мүшесі генерал Яков Трегуб, Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскері Бас ғарыш басқармасының бастығы генерел Андрей Карась және басқа кілең ығай мен сығай бір хабар күтіп тағатсызданады.

Бірақ эфир үнсіз. Бұл өте үрейлі үнсіздік еді.


Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс


Тағдырдың таңдауы

Сырғып жатқан секундтар кезінде Ұшу сапарын басқару орталығында тұрғандар түрлі ойларға берілген. Мынау әлдебір жағдайға ұшырап, эфирге шығуды тоқтатқан экипаж елеулі тапсырманы орындап қайтып келе жатқан. Олар бұған дейін ұшырылып, алғаш орбиталық стансаға айналған "Салют-1"-ді жөндеген. Оның ғылыми бөлігінің ашылмай қалған қақпағын ашқан. Сегіз желдеткіштің бұзылып тұрған алтауын жөндеген. Бұларға дейін осы жұмыстарды істеу үшін аттанған Шаталов бастаған экипаж өздері ұшқан "Союз-10" ғарыш кемесін "Салют-1" стансасымен түйістіре алмай, Жерге суыт оралған.    

Шаталов бастаған үш ғарышкер орындай алмаған істерді атқару үшін "Союз-11" ұшырылған. Дайындық бойынша оның командирі Алексей Леонов, борт инженері Валерий Кубасов, инженер-зерттеушісі Петр Колодин болуы керек еді. Добровольский, Волков пен Пацаев қосалқы құрам болған.

Тура ұшу алдындағы дәрігерлік тексеруде Кубасовтың өкпесінде дақ бары анықталады. Бұл құрт ауруының алғашқы белгісі деп табылып, оған ұшуға тыйым салынады. Леоновқа борт инженер болып Волков бекітіледі. Өзі сияқты өте пысық Волковты Леонов бірден ұнатпайды. Волков та Леоновтың экипажы емес, Добровольскийдің экипажымен ғана ұшарын министрдің өзіне мәлімдейді.

Бұған дейін Гагарин бастаған тізімде он бірінші болып ұшқан Леонов енді 11-нөмірлі "Союзбен" ұшуға қатты дайындалған. Осы ғарыш кемесі жасалып жатқан кезден зауытқа барып, атын жемдеген батыр сияқты дайындығын тексеретін. Бірақ, борт инженерінің денсаулығына күдік келіп, оны ауыстыратын Волковқтың кандидатурасына өзі келіспеген соң атақты ғарышкердің кезекті сапарға шығуы күмәнді болды. 

Бұл дау асқынғаны соншалық, кімдер ұшады деген мәселеге бұрын бас ауырта қоймайтын жоғары басшылық іске араласты. Өйткені, Леоновты әскерилер, Добровольскийді азаматтық мамандар қолдап, ғарыш саласы көкпар тартысып кетті. Ақыры Мемлекеттік комиссия "ғарышқа "Союз-11" кемесімен Добровольскийдің экипажы өз құрамында ұшады" деген шешім шығарды.     

Осы шешім Леонов пен оның экипажының өмірін сақтап қалғаны кейін белгілі болмақ. Айтпақшы, Кубасовтың өкпесі құрт ауруынан таза екен. Әлгі уақытша дақ Байқоңырдағы шағын паркте ағашты құрттан қорғайтын дәрі шашылған кезде серуендегеннен пайда болыпты.


Оқи отырыңыз: Аспанның шегінен мұхиттың түбіне


Қайғылы құлшыныс

Бұған дейін Кеңес Одағында ғарыштан қайтқан кезде бір рет қайғылы оқиға болған. 1967 жыл. Таңғы сағат 6.00. Орынбор облысы Адамов ауданының аспанында кенет жолақты жарық пайда болды. Оны байқағандар метеорит құлап келеді деп ойлаған. Бұл ғарыш кемесінің құлдилау бөлігі еді. Ішінде ғарышкер Владимир Комаров отырған.

Ол да ғарышқа ұшу үшін жанын салған. Қызы Иринаның еске алуынша, кейінгі екі айда тамағын қарлықтырып алмау үшін суық су мен сүт те ішпейтін. Оны бірінші "Союзбен" ұшуға дайындаған. Бірақ, енді жасалған ғарыш кемесінде шикілік көп еді. Бұдан хабардар Юрий Гагариннің өзі сапарды кейінге шегеруді, кемені жетілдіруді талап еткен.

Комаров болса, қайткенде ғарышқа ұшуға талпынды. Егер бұған сәл суық тиіп қалса, онда дублерді ұшырады. Ал бұл сапарға дублер ретінде Гагаринді дайындаған. Кейбір зерттеушілер "Комаров өзінің құрбан боларын сезген, бірақ, сол арқылы алғашқы ғарышкерді, халықтың сүйіктісін сақтағысы келген" деп топшылайды. Қалай десек те, ол жаңадан жасалған ғарыш кемесімен ұшуға құлшынды, жауапкершіліктен сытылуды мүлде ойламады.

Бұл кезде мұхиттың арғы жағындағы саяси қарсылас, әскери саладағы теке-тіресуші Америка Құрама Штаттары "Аполлон" атты жаңа ғарыш кемесін әзірлеп жатты. Жоғары басшылық содан қалып қоймауды қатаң талап ететін.

Кеңестік жаңа ғарыш кемесін ұшырар күн жақындаған сайын бір ақаудан келесі ақау байқалып жатты. Беріде құпия есептер жарияға жеткенде білдік, сол "Союздан" бақандай екі жүз кемшілік табылыпты. Соның бәрі асығыс түрде жөнделді. Зымыран мен ғарыш кемесінің айналасында жүргендерден маза кетті. Мүлде көңіл күйі болмады.

1967 жылы 23 сәуірде Байқоңырдан Комаров ұшып шықты. Жер төңірегіндегі орбитаға шығысымен тосын жәйттерге тап болды. Алдымен күн батареяларының бірі ашылмады. Содан злектр қуаты жетімсіз болып, бірқатар өлшеу аспаптары істемей тұрды. Қысқа тоқындағы байланыс іске қосылмады. Телеметрия жүйесінің қосалқы антеннасы шықпай қалды. Ғарыш кемесін Күн мен жұлдыздарға қарап дұрыс бағыттайтын аппараттар қосылмады. 

Ең смұдығы – ғарыш кемесі шыр айналып тұрып алды. Оны жөндеймін деген әрекет бір орындағы айналуды үдете түсті. Бұл кезде Жерден "Союз-2" ұшпақшы еді. Ол ғарышта "Союз-1" кемесімен түйісіп, Кеңес Одағының саладағы жетекшілігін әлемге көрсетуі керек. Өздігінен ұршық сияқты айналып тұрған бірінші ғарыш кемесінің жағдайын білген Ұшу сапарын басқару орталығы екінші стартты күрт тоқтатты. 

Ал Комаровқа Жерге шұғыл оралу тапсырылды. Ғарыш кемесінің тежегіші іске қосылды. Құлдилау аппараты бөлінді. Африканың үстіне келгенде оны ғарышпен байланыс стансалары байқайды. Біртіндеп Кеңес Одағының шекарасына жақындай берді. Жерге небәрі 7 шақырым қалған кезде контейнердегі үлкен парашютті алып шығуға шағын парашюттің шамасы жетпеген. Мұны ешкім есептеп, ескермеген болып шықты.

Осылай кеменің Жерге оралатын бөлігін қалықтатып түсірмесе де, құйғытып келіп соғылудан сақтайтын әрекет іске аспады. Ғарышкер отырған бөлік әлі ұршықтай үйіріліп келе жатқан соң шағын парашюттің өзінің керме жіптері бір-біріне ширатыла берді.

Не керек, тежеусіз зымырап келіп, ақыры Орынбордың түбінде жерге соғылды. Екіге жарылған құлдилау аппараты өртене бастады. Комаровтың мертіккен, одан отқа күйген денесін іздестіру тобы алып шыққан. 


Оқи отырыңыз: Кезбеден келген кесір


Сорақылықтың соңы

Онда құрбандық бір адаммен шектелген. Бұл жолы құтқарушылар ғарыштан қонған құлдилау аппаратының қақпағын ашқанда үш бірдей ғарышкердің өліп қалғанын көрді. Люкті ашпас бұрын сырттан қаққылайды. Оған іштен ешқандай жауап болмайды. Сол баяғы үрейлі үнсіздік.

Құтқарушылар ғарышкерлердің әлі суый қоймаған денелерін алып шыға бастайды. Құлақ пен мұрыннан қан кетіпті. Бет пен мойынның әр тұсын көгеріп қалған.

Қорытынды біреу: бәрі ауа жоқтықтан тұншығып өлген.  Сот медициналық сарапшылар "ажал "Союз 11" кемесінің құлдилау аппараты бөлініп шыққан соң 2 минутта болған" деп тұжырған.

Дереу оған не себеп болғаны қарастырылды. Құлдилау аппаратындағы екі желдеткіш тығынның бірі өздігінен ашылып кетіпті.

Мұндай желдеткіштер егер құлдилау аппараты жерге қонғанда қақпағы төмен қарап, басылып қалған немесе суға қонған жағдайда керек делінетін. Қашан қарсы алушылар оңдап алғанша ауа кіріп тұруы ойластырылған. Бірақ, желдеткіш ішінен тығындалып тұрады. Оны тек ғарышкерлер өздері аша алатын. Қондырғылар Жер бетіне қонғанша ашылып, сөйтіп іштегі ауаны сырттағы ауасыз кеңістік сорып кетеді-ау деп ешкім ойламапты.

Соны ойламағандықтан бұл ғарышкерлер скафандрсыз ұшырылған. Екі ғарышкер ұшатын кемеге скафандрды үнемдеу есебінен үшеу етіп ұшырудың соңы осындай сорақылыққа соқтырды. 

Қайғылы апаттан соңғы тексеру барысында желдеткіштің тығыны Жерге дейінгі 150 шақырымда ашылғаны анықталды. Ғарышкерлер кабинадағы ауа қысымы төмендей бастағанын сезген. Дереу иықтан басқан белдікті ағытып, радио байланыс құралын өшіріп, ауаның қай тұстан шығып жатқанын ысылы арқылы тапқан. Командир мен инженер-зерттеуші тығынды қайта айналдырып жабуға тырысқан. Бірақ, бұл кезде іштегі ауа бітіп, әрбірі өз орынына құлаған.

Бұдан кейін тергеушілер тәжірибе жасаттырды. Денсаулығы мықты, ешқандай тұншықпай тұрған адамның өзі әлгі тығынды 55 секундта жаба алады екен. Ал ғарышкерлерде небәрі 20 секундтық мүмкіндік болыпты. Оған, әрине, үлгермеген.

Бұдан соң ғарыш кемесін жасаған кәсіпорындар мен сынақ алаңдарында тығын неге өздігінен ашылып кеткенін анықтауға қатысты жүздеген тәжірибелер жасалды. Оның бірде бірінде ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан бұл жұмбақтың сыры белгісіз.

Бұл тәжірибелерге және "Союз" кемесін жетілдіруге екі жыл үш ай кетті. Осыншама уақыттан соң "Союз-12" ұшырылғанда экипаж қайтадан екі адамнан құралды. Әрі сол апаттан кейін ғарышкерлер қайтадан скафандрмен ұшатын болды. 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары