Екеуінің атасы екі басқа
Алдымен астероид пен метеоритті ажырата білу керек. Иә, астрономдар олардың тегі мен қозғалысы екі басқа дейді.
Метеориттер – Құс жолындағы жұлдыздардың сынығы, ғарыш кезбелері. Саны жоқ. Күн жүйесіне қашан, қалай кіреді және шығады ешкімге мәлім емес.
Жерге негізінен метеориттер құлап жатады. Олар түрлі музейлерде тұр. Кейбірі кәдімгі тас сияқты, кейбірі темірге ұқсайды.
Ал астероидтердің Күн жүйесінде өз орны бар. Әрбірі сары алыпты өз орбитасымен айналып жүреді. Бұлар ірі планета жарылғанда пайда болған. Сондықтан кейде оларды "шағын планета" деп атайды. Марс, Шолпанмен салыстырғанда қуыршақтай ғана. Ең ірі астероид Церераның көлемі көлденеңінен 770 шақырым екен.
Астероидтердің бәрі тізімде. Жерге қайсының қашан жақындап,телескоппен табылмас алысқа қай кезде кетеді, оның есебі шығарылған. Мамандар қауіптілерінің орбитасын қалай өзгертуге боларына дейін ойлап қойған.
Ал "ғарыш кезбелері" атанған метеориттер тосыннан тап болмақ. Жиі-жиі келіп жатады. Қазақтың "аққан жұлдыз" дейтіні – осылар. Көбі атмосфераға іліккен кезде жанып кетеді. Жанбағаны Жерге құлап, қай тұсқа түссе, соның атымен аталып, тарихта қалады.
Қонаққа келген "хондриттер"
2019 жылдың алғашқы тоқсанында метеоритке қатысты екі ақпарат естідік. Біріншісі былтыр 18 желтоқсанда Қазақстан жұрты тәуелсіздік тойын тойлап жатқанда Камчатка түбегінен әріректе жарылғанын дер кезінде білмеппіз. Оны естімегенімізге мерекенің еш қатысы жоқ, адамзаттың көп бөлігі бейхабар қалыпты.
Оқыс оқиғаны Америка Құрама Штаттарының Ұлттық ғарыш агенттігі – НАСА тіркеген. Үш ай анық-қанығына жету үшін жасырын ұстаған. Таза метеорит екені анықталған соң, тағы да Қазақстанда той болып жатқан (бұл жолы дәстүрлі Наурыз) тұста жария етті.
Әлгі пәле Жер атмосферасына секундына 32 шақырым жылдамдықпен киліккен. Сөйтіп Беринг теңізі үстінде 23,6 шақырым биікте жарылған. Оны АҚШ-тың жасанды Жер серіктері фотоға түсірген. Сосын Жапонияның Химавари аппараты тіркеген. Есептеп көрсе, жарылыс күші 173 килотонна көрінеді, бұл дегеніңіз – Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 10 есе қуатты.
Осы ақпаратты естіген ресейлік ғалымдар жер тепкілеп жатыр. "Біздің аумағымызға жақын тұста қуатты жарылыс болып, көктен метеорит түседі, соны ешкім естімейді, бұл қалай?" деген сыңайда. Демек, бұл ел әскери барлау саласында АҚШ-тан қалып қойғанын мойындайтын шығар.
Мұның алдында тағы бір ақпарат жетті. Оқиға Камчатка метеоритінен кейін болды, бірақ дер кезінде бүкіл адамзат құлағдар етілді. 2019 жылдың ақпан айында Кубаның төбесіне күтпеген аспан қонағы жарылды. Алақандай аралға көктің тасы бұршақтай жауды.
Бұл елдің геофизика институты метеорит құлаған тұстағы қалдықтарды жинаған. Ең үлкенінің ұзындығы – 11 сантиметр ғана. Құрамында темір, никель, және магний силикаты бар. Мұндай құрамды ғалымдар "хондрит" деп атайды.
Метеориттің ең көбі – хондриттер. Кубаға құлағаны бір заманда қазақ даласына түскен аспан қонағынан әлдеқайда кіші ғой.
Таскескенге түскен тас
Таскескен өңірінің қырандар мекен еткен Ақшәулі тауының баурайына 1840 жылы 9 мамыр күні топ етіп көктен тас түседі. "Топ етті" деуіміз жай сөз, ысқырып-пысқырып, қайнап-түтіндетіп құлаған. Мал бағып, жер жыртып жүрген момын қазақтар қатты шошыпты.
Ол кезде зымыран, ұшақ жасалмаған. Жергілікті қазақтар алдымен Аллаға сыйынады. Сосын түтіндеп құлаған пәленің ақырын күтеді. Анада енді қимыл, қозғалыс жоқ. Жарты сағаттан соң жиылған жұрт тас құлаған жерге баспалап жақындаса, ошақ орнындай шұқыр қалыпты. Тәуекелге бел буып, оны қазғанда жарты құлаш тереңдіктен тас шығады. Көктен түскендіктен салмағы жердегіден ауыр екен. Бойы әлі суымапты.
О тоба, орыстың да араласпайтын тұсы жоқ, сол уақытта семейлік көпес Самсонов айна-тарақты, шай-шақпақты ел ішіндегі жүн-жұрқа, тері-терсекке айырбастауға келіпті. Қазақ қашан тастың қадірін білген, көктен түскенін көре тұра оны көпеске ұстатып жіберген. Ол тұста әрбір көпес – жай саудагер емес, алыстағы ақ патшаның тыңшысы, көзі мен құлағы. Самсонов дереу құнды затты құндақтап, алыстағы Петерборға жібереді. Ондағы ғалымдар алдымен "Қарақол метеориті" деп атайды. Тұрқын өлшеп, құрамын анықтайды. Салмағы 2 келі 765 грамм тартады. Айналдыра өлшесе сыртынан 45 сантиметр.
Құрамы никель араласқан темірден тұрады. Сол баяғы "хондриттің" өзі. Салмағының жай тастан ауырлығы содан. Жерге ұшып келген жағы үшкір көрінеді.
Сонымен "Қарақол метеориті" Ресейдің ғылыми олжасына айналды. Әдепкі көрініс. Ақсақ Темір қашатқан, Сәтбаев тапқан тас солай әкетілген. 1924 жылы Географиялық қоғамның Семейдегі бөлімшесі соңынан сұрау салған екен. Ленинград бір жағынан біздің ғалымдарды ренжітпеуді, әрі метеориттен айрылмауды ойлап, оның көшірмесін жасап жіберіпті. Тоқсан жыл бұрынғы көшірме тастың қайда тұрғаны бізге белгісіз.
Енді жоқтап жүрген ешкім байқалмайды. Қаншама жыл бұрын жазылған Сағи Жиенбаевтың өлеңі ғана Қарақолдың көк тасын іздейтіндей:
Қарайды аспан жұлдыздарын жоғалтқан,
Ертелі-кеш көк жүзінен көп аққан.
Қарайды көл аспан жаққа елеңдеп,
Қарайды өзен толқындарын тонатқан.
Аспаннан ағып түскен жұлдызымыздың жоғалып, толқынымыздың тоналып келгені өтірік пе?
Біздің даламыздағы жылт еткенге жармасатын Ресей өзіне түскен көк тасын таппай сенделетіні тағы рас. Мына Камчаткадағы аспан қонағын көзден тас етіп алғаны бөлек әңгіме, олар атақты Тұңғыс тұрмақ, берідегі Челябі метеоритін құйрығынан ұстай алмай қапы қалған.
Шұбаркөлдегі көктің шортаны
2013 жылғы 15 ақпанда жергілікті уақыт таңғы 9 сағат 20 минутта Қостанай аспанынан құлдилап, Ресейдің Челябі облысына метеорит құлады. Құлардан бұрын Америка Құрама Штаттары Ұлттық ғарыш агенттігінің есебінше 20 шақырым биіктікте жарылды. Жарылыс болған жер мен аспан өзінікі дейтін Ресей Ғалым академиясы "жоқ, 10 шақырымнан жоғарыда болды" депті. Не қылса да Жерге жақындағанда тұрқы 17 метр, салмағы 10 мың тонна екен. Аспанда жарылғаны абырой болған. Мына салмақ, ана жойқын жылдамдықпен Жерді соққанда, Челябіңіз не, Қостанайдың өзі селкілдеп кетер ме еді?!
Жарылғандағы сынықтардың үлкені Шұбаркөл атты көлдің үстіне құлады. Қалың мұздың киіз үйдей аумағын ойып жіберген. Оны сүңгуірлер іздеп таппады.
Жарылыс салдарынан Челябі қаласы мен облысына айтарлықтай шығын келді. Үйлердің мыңдаған терезесі шағылған, бірқатар ғимарат шатынап, бірер жерде қабырғалары құлады. Әйнек жараланған, қабырғаға соғылған, есікке қысылған жүздеген адам ауруханаға түсті.
Сол тұста аспан әлемін қас қақпай аңдитын ғалымдардың күткені басқа еді: 2013 жылғы ақпанның 16-сында "2012 DA14" атаулы астероид Жерден 34 мың шақырымда өтіп кетуі керек. Ғарыш өлшемінен өте жақын. Бір-біріне тимей, жанасып қана өтетін автокөліктер сияқты. Жердің жүрісі шабандау, анау басып озуы керек. Салмағы 130 мың тонна, ауқымы 40 метрдей. Сөйтіп, "2012 DA14" атты астериодтан аман құтылуды ойлап отырғанда метеорит келіп соғысты. Абырой болғанда, бұл кішірек көрінеді.
Аққан жұлдыздың жылдамдығы – егер, ол Жерді соңынан қуып жетсе секундына 10-11 шақырым. Ал егер Жердің айналуына қарсы жақтан ұшып келсе, жылдамдығы секундына 60-70 шақырым болмақ. Шұбатылған түтіні Қостанай даласына анық көрінген мына метеориттің Жерді қуа жеткендегі жылдамдығы секундына 15 шақырым екен. "Мынау" деп нұсқап жату да артық, аспан денелерін зерттеушілер оған "Шұбаркөл метеориті" деген ресми ат қойды.
Урал федералды университетінің профессоры, Ресей Ғылым академиясы метеориттер жөніндегі комитетінің мүшесі Виктор Гроховскийдің пікірінше, Камчатка үстінде жарылған метеорит – алты жыл бұрынғы Челябіден кейінгі қуаттысы. Күші шамамен алғашқысының 40 пайызына тең.
– Ауқымы он метрге дейін жететін аспан денелерінен қорықпау керек. Бұл – жиі болатын құбылыс, – дейді профессор. – Жер үлкен ғой, үнемі біздің басымызға түсе бермейді. Ал Камчаткадағы метеоритті неге аңдамай қалдық десек, жасанды Жер серіктеріміз ол кезде жағалаудан алыста тұрды. Әрі аспанды қалың бұлт торлаған екен.
Иә, профессор айтқандай, Жер үлкен. Содан ба, берідегі метеорит соққысынан қазақ даласы аман. Бірақ бір замандарда мұнда дәу аспан денесі құлаған. Қазір ол жер – қазына іздеушілердің қызығатын нүктесі.
Шалғай таудағы шашыранды
Қазақ даласындағы "Ырғыз" метеориті туралы ауыз әдебиетінен еш дерек таппайсыз. Қазағыңыз не, әлі адамзат жаратылмаған кезде, осыдан миллион жыл бұрын құлаған ғой. Қазақтың қолынан келгені – жапан даладағы жаңғыз тауды Жаманшың атағаны. Бірақ, соның баурайында қандай ғажайып оқиға болғанын білмеген.
1937-39 жылдары Кеңес Одағы алдағы соғысқа дайындалғанда қазақ жерінің әр түпкірін шұқылап, кен көздерін іздестірген. Сонда А. Яншин, В. Вахрамеев бастаған геологтар Жаманшыңның астында керек металл жоқ, ал бетінде ғылымға түсініксіз құбылыстар өткенін анықтайды. Соғысқа дайындалып, қорғасын, мырыш, темір, марганец және басқа керек металдарды іздеген елде бұл ақпаратқа ешкім көңіл бөлмеген.
Тек жеңістен кейін мәскеулік ғалымдар Жаманшың өңіріне айналып соқты. Мұнда ерекше түсті тас пен әйнек кездеседі. Оны Петр Флоренский деген ғалым зерттеді. Ол Жаманшыңның түбіндегі ойпат метеорит құлағандағы жарылыстан пайда болғанын дәлелдеді. Әлгі ерекше тасқа "жаманшит", әйнекке "иргизит" деген атау берді.
1989 жылы КСРО Ғылым академиясы АҚШ пен Канада, Германия мен Франция ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырды. Жаманшың аты алғаш әлемге естілді. Оны ғылыми айналысқа түсіруге бір сапар аздық етті. Одан Кеңес Одағы ыдырады. Қазақстан болса ғылымға емес, саудаға бет бұрған. Бұл өңір осылай түпкілікті зерттеуді күтіп қала берді.
"Ырғыз" метеоритінің балқыған сынықтары ұзындығы мен ені бірдей жеті шақырымдық шаршы алапқа шашыраған. Негізгі денесі жер астына кіріп кеткен. Содан пайда болған ойпат ұшақ арқылы қарағанда анық байқалады. Бір шетінен келесі шеті жарты шақырымдық бұл шұңғымаға қандай үлкен метеорит түскенін көзге елестетуге болар.
Көктің тасы түскендегі жарылыс Семейде сыналған атом бомбаларынан миллион есе қуатты болған. Айналаға ұсақ ұшқындар шашыраған. Кейін суығанда "жаманшит", "иргизит" аталатын тасқа айналды. Көркі ерекше. Даңқы Мәскеу асып, Еуропаға жетті. Әдемілігінен басқа, түрлі ауруларға ем. Литотерапия үшін сатылады.
Ғалымдар назарынан әлі де тыс қалғанымен бұл өңірден миллион жыл бұрынғы жарылыста пайда болған ұшқындардың жасуын іздеген пысықайлар жаз айларында жеткілікті.
Әр аймақтағы әжімдер
Жерге қаншама метеорит құлағанын ешкім санай алмайды. Ал табылғандардың арасындағы ең үлкені Гоба деп аталған. Салмағы 66 тонна, көлемі 9 текшеметр. Бұл метеорит Африкадағы Намибия аумағына бұған 80 мың жыл бұрын түскен. Оны 1920 жылы жер өңдеп жүрген бір шаруа тапты.
Кәдімгі кісінің үстіне құлаған көк тасы да бар. Ол оқиға 1954 жылы АҚШ-тың Алабама аймағында тіркелді. Салмағы 4 келі болатын меетеорит үйдің шатыры мен төбесін тесіп, есі шыққан әйелдің қолы мен жамбасын жанап өткен.
Сол Америкаға барғанымызда үндістердің тұтас тайпасын бір метеориттің жоқ қылғаны жайында естігенбіз. Солтүстік Каролина университетінің ғалымдары 13 мың жыл бұрын осында үлкен аспан денесі жарылған деп тұжырған. Содан аймақты мекендейтін жануарлар мен үндістер қырылыпты. Кейін "Кловис" аталатын мәдениет осы аспан кезбесінің кесірінен жоқ болды.
Айтпақшы, "Аризон метеориті" ше? Ол құлағанда пайда болған шұңқырдың аумағы ат шаптырым. Ғалымдар есептегенде диаметрі 1, 2 шақырым болған. Оған металл тектес метеорит 49 мың жыл бұрын түскен. Дэниэл Берринджер деген геолог ұсақ шашырандыларын тапқан да, ең үлкені жер астына кіріп кетті деп тұжырған. Оны қазып шығу үшін бар ақшасын шашып Аризон кратерін сатып алыпты. Бәрібір қымбат металл табылмады, есесіне Берринджер отбасы оған түрлі әткеншектер орнатып, туристік орталыққа айналдырды.
Осы ХХІ ғасырда Перудің Боливиямен шектес Титикака көлінің жағасына құлаған метеориттің дауы көп болды. Одан 600-дей адам зардап шеккен. 15 метрлік шұқанақ пайда болған. Жақындап барғандардың бастары ауырып, құса бастаған. Содан барып "бұл – метеорит емес, АҚШ-тың құлаған ядролық зымыраны" деген сөз тарайды.
Дереу ғалымдар зерттеуге келеді. Беттерін тұмшалап, қолдарына қолғап кигенмен, олардың да кеңсіріктері күйіп, тамақтары қарлығады. Шұқанаққа толып қалған суды ішкен бұқа арам қатады. Ақыр-аяғында Перу геофизика институтының ғалымдары "бұл – аумағы бір метрдей тас метеорит" деп тұжырған.
Жерден табылған аспан денесінен біреу зардап шексе, біреу пайда түсіреді. Чилидің Йен Хатчион деген кәсіпкері ішіне 7 сантиметрлік метеорит салып, бір бөшке шарап ашытқан. Бабына келгенде бөтелкелерге құйған. Онда метеориттің Юпитер мен Марстың арасындағы астероидтер белдеуінен қаңғырып келіп Жерге тап болғанын жазып қойған. Бағасы содан аспандап тұр.
Арақ-шарапқа зауқы жоқ Түркіменстанға 1998 жылғы 20 маусымда метеорит түсті. Көне Үргеніш ауданындағы Заман ауылының іргесіне. Алдымен Ташауыз қаласының тұрғындары байқаған. Оған дейін Жезқазған, Арал қалаларының үстінен өткен. Сол баяғы қатты ысқырық. Ауаны қақ айырған жарылыс.
Дереу әскери адамдар хабардар етілді. Азаматтық қорғаныс қызметі өлшегенде радиациялық ахуал қалыпты екен. Мина іздегішті іске қосқанда үш жарым метр тереңдікте бір заттың жатқаны анықталды. Алдымен әлдеқалай түсе қалған бомба ма деп қорқады. Сосын шұқырды қазғанда метеорит шығады. Ұзындығы – 72, ені – 81, биіктігі – 48 сантиметр болыпты. Бірақ өте ауыр, 820 келі тартады. Айналадан ұсақ шашырандылар шығады. Олардың жиынтық салмағы 40 келіден асады. Ашғабад ғалымдары жарыды да қалды. Бас аман, әрі үлкен ғылыми олжаға кенелді.
Қарақол метеориті сияқты қолды болған жоқ. Жаманшың сияқты негізгі кесегі таптырмай тұрған жоқ. Тәуелсіз Түркіменнің тағы бір салада бізден озып шыққаны талассыз.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5729
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2540
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2652
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2351
- 2
- 28
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2231
- 2
- 10
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2223
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2292
- 0
- 12
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2344
- 3
- 15
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2272
- 2
- 48
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2262
- 0
- 6