Екі жүйенің елесі
2021 жылғы 12 сәуірде адамзаттың алғаш Жердің тартылыс күшінен әрі қарай шыққанына 60 жыл болды. Ғарыш. Құламайсыз. Қалқып тұра бересіз. Бірақ, ауа жоқ. Әрі сұрапыл радиация қоршаған.
Қорған біреу. Бұрын ғарыш кемесі болса, қазіргісі Халықаралық ғарыш стансасы. Іші үй сияқты. Ол үйге зымыранның ұшындағы кемемен жетесіз. Кемеге мінерде арнайы киім киесіз. Анығында кигізеді. Скафандр деп аталады.
Алғаш ғарышқа арналған скафандрды екі ел жасаған. Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттары. Жер үстіндегі бәсеке аз болғандай екі империя ғарыш арқылы өз өктемдігін танытуға тырысты. Ғарыштағы жарыста бәрі ескерілді. Кімдікі озық, кімдікі қалыңқы дегендей. Бұл орайда екі елде жасалған алғашқы скафандрды салыстыруға болады.
АҚШ-тың астанасы Вашингтонның ортасында Әуе және ғарыш ұлттық музейі бар. Сонда бұл елдің Жерді орбитадан алғаш айналып шыққан ғарышкері Джон Гленн мен КСРО-ның, жалпы күллі адамзаттың алғашқы ғарышкері Юрий Гагариннің скафандры қатар қойылған.
Кеңес Одағының мамандары жасаған ғарышкер киімі қызғылт-сары. Қызыл тулы елдікі екені бірден аңғарылады. Әрі мұндай түстің таңдалуы құтқару қызметін жеделдетуге қатысты. Алыстан мен-мұндалап көрініп тұрмақ.
АҚШ-тың алғашқы ғарышкері киген скафандр сұрғылт түсті. Алдыңғы жағы жалтырақ. Музейдегі жарықтың өзіне жалт-жұлт етеді. Сол замандағы америкалық атақты әнші Элвис Преслидің сахналық киімін еске салады.
Сонымен екі елдің сырттай бәсекесі ғарышкер киімінің түсінен-ақ аңғарылған. Біріншісі қызыл тудың елесімен жүрсе, екіншісі сәнқойлыққа мән бергендей. Киіміне қарап елін тануға болатын жағдай.
Айтпақшы, ол музейдегі Гагариннің ғарышқа киген скафандры емес. Оған дейін жаттығу барысында кигені. Бірақ түр-түсі, материалы және басқа асай-мүсейі ғарышқа ұшқандағысымен бірдей. Ал бірінші ғарышкердің алты қат аспанның ар жағына киіп барған скафандры қайда тұрғанын сәлден соң айтармыз.
Оқи отырыңыз: Қарабақ аспанындағы қазақ
Екі мамандықтың арасы
Ғарышкер киімін көргенде қой бағып жүрген кезіміз еске түскен. Сол жылдары жас шопандарға су өткізбейтін синтетикалық матадан тігілген комбинезон берген. Бастағы күлпарасына дейін бар. Атқа мінгенге де, жаяу жүргенге де ыңғайлы. Жауын мен желден ықпайсың.
Соны киіп шыққанымызда басқалар бізге – шопан жастар бригадасының мүшелеріне – қарап "космонавт болып кетіпсіңдер ғой" дейтін. Бәрібір жас шопандарға арналған киім қаншалықты ыңғайлы да сәнді болғанымен, ғарышкердікіне қайдан жетсін?
Жер төңірегіндегі орбитаға аттанатындарға скафандр – тірі қалуының басты кепілі. Біріншіден: шар тәріздес бас киім – шлемнің ішіне үнемі оттегі келіп тұрады. Орбитадағы ауасыз кеңістікте ғарыш кемесі әлдебір жағдаймен тесіле қалса немесе кеме ішінде әлдебір газ пайда болса ғарышкер тұншығып қалмауы керек. Екіншіден: ғарышкер онымен құмға түссе күймеуі, мұзға түссе тоңбауы қарастырылған. Тіпті, суға түссе скафандр қалқып жүреді. Әрі ғарышкердің басы су бетінен жоғары тұруы үшін тек шалқалап жүзуді қамтамасыз етеді. Осының бәрін ескерген мамандарға қалай риза болмассыз!
Шлемнің қорғаныш шынысы екі қабаттан тұрған. Толық жабылғанда іштен сыртқа ауа өткізбейді. Ғарышкер түтік арқылы баллоннан келетін оттегімен тыныстайды. Жерде, жалпы ауа бар тұста шыныны көтеріп қоюға болатын. Шлемнің ішінде құлаққап бар. Жердегі басқару пунктінің командасын естіп тұруға арналған.
Осы мақаланы жазу барысында қазақтың алғашқы ғарышкері және теңдессіз сынаушы ұшқышы Тоқтар Әубәкіровке хабарласып, ұшақ пен ғарыш кемесіндегі шлемнің қайсы мықты деп сұрадық.
– Сынаушы-ұшқыштың шлемі ғарышкердікінен мықты және күрделі, – деген ағамыз.
Сөйтсек, сынаушы-ұшқыштың шлемі апатты жағдайда парашютпен секіргендегі қауіпсіздікке арналған. Ал ғарышкер не көрсе де, құлдилау аппаратының ішінде болады.
Скафандрдың құрамына шлемнен басқа тұтас тігілген комбинезон, қолғап пен етік кіреді. Шлем мойынға дейін жетіп, сол тұста оны комбинезонның жағасы жауып қалады. Жағаның желке жағында ішіне ауа толтырылған жастықша бар. Егер ғарышкер судың үстіне түссе, жастықша оны батырмайды.
Гагарин киген скафандрдың қызғылт комбинезоны бірнеше қабатты. Ең сыртқысын анау-мынау пышақ кесе алмайды. Екінші қабаты ауа өткізбейді. Ішінен үрлесең доптың камерасы сияқты қысымға жарыла қоймайды. Одан кейін және бір қабат бар. Ол дененің қызуын бір қалыпта ұстайды. Терлетпейді.
Скафандрдың құрамына қолғап кіреді. Оның түсі мен материалы сырт киіммен бірдей. Аяқтағы етік тірсекті түгел жауып тұрады. Етіктің ерекшелігі: құлдилау аппараты Жерге соғылғанда ғарышкердің жіліншігі сынбақ тұрмақ, жарқышақтанбауы тиіс.
Скафандрдың оң жақ жеңінде шағын айна бар. Оны ғарышкер өзіне қарасын деп орнатпаған. Айна жарықты шағылыстыратыны белгілі. Алда-жалда ғарышкер аспаннан айдалаға ессіз күйде түссе, іздеу жұмысын бұл да жеңілдетеді.
Сол жақ тізеден жоғарыға қалта тігілген. Онда не болады дейсіз бе? Пистолет пен бәкі салынады. Шопан кезімізде біз де бәкіні жанымыздан тастамайтынбыз. Пистолетіміз болған жоқ, оны қойшыға емес, офицерге беретін. Ол заманның бүкіл ғарышкері әскери адам санатында еді.
Бұл қалтада шағын радиостанса бар. Содан кейін радиация мөлшерін өлшейтін құрал болады.
Ондай дозиметр жетпісінші жылдары Семей өңірінде қой баққан бізге де керек еді. Өйткені, ара-тұра ядролық полигондағы жер астындағы жарылыстан соң адуын газ саңылау тауып сыртқа шығып кететін. Ондай кезде бүкіл даланы қоңырсық, күйген иіс басып, көзіміз жасаурап, тамағымыз қарлығып қалатын.
Хош, осымен скафандрды толық сипаттап шықсақ керек.
Оқи отырыңыз: Байқаңдар, көкте "Байрақтар"!
Екі көзқарастың ерекшелігі
Ғарышкердің алғашқы скафандры Юрий Гагариннің сапарынан үш жыл бұрын жасала бастаған. Тапсырма Москваның түбіндегі нөмірі 918 зауытқа түседі. Ол заманда құпия кәсіпорындар "пошта жәшігі" нөмірімен айтылатын. Кімнің немен айналысатыны осылай құпияланған.
Кеңес Одағы құлар шақта кәсіпорын "Звезда" ғылыми-өндірістік бірлестігі аталды. Бірақ, әлі әскери өндіріс орны ретінде сырттан ешкімді жолатпайды.
Бұл зауыт скафандрмен қатар ғарышкердің орындығына жауапты еді. Орындыққа қатысты бұйрық өзгермей ойдағыдай жасалды. Ал екі жыл бойы ғарышкердің киімі тігілетін материал қандай болмағын сан рет зерттеп, ақыры үлгісі жасалған кезде жоғарыдан басқаша нұсқау түседі. "Скафандр қажет емес" деген.
Зауыт басшылары себебін сұраса, "ғарышкер отырған кемені Жер төңірегіндегі орбитаға шығаратын зымыранның жүгі тым ауыр" депті. Сондықтан салмақты азайту көзделіпті. Иә, скафандрдың салмағы 30 келі шамасында. Бұған оттегі баллонын қосыңыз. Сөйтіп тыңғылықты істеліп жатқан жұмыс тоқтайды.
Енді 1960 жылдың күзінде зауытқа ғарыш кемесінің бас конструкторы Сергей Королев келеді. Жағдаймен танысып, "скафандр жасалады" деп түпкілікті шешім қабылдайды. Бәрінен ғарышкердің өмірі қымбат екенін айтыпты.
Осы тұста бірі ғарыш кемесінің, екіншісі зымыран қозғағышының бас конструкторы болған Королев пен Глушко арасындағы қақтығыс байқалмай қалмаған. Ғарышқа шығатын жүкті барынша азайту – Глушконың ұстанымы. Ол қозғағыштың тарту күшін ойлайды. Сол себепті скафандрдан бас тартқызған. Бірақ, түпкілікті шешім Королевтің қолында еді.
Сонымен скафандр жасалатын болды. Енді бес айдың ішінде бітіру керек. Тоқтап қалған тірлік қайта қызыпты.
Тұңғыш скафандр Гагариннің бойына шақтап жасалған. Демек, алдын ала тапсырыс осылай болған, таңдау ертеректен оған түскен. Одан соң дублерлерге жасала бастайды.
Гагариннің скафандры бірнешеу еді. Жаттығу кезінде пайдаланғаны АҚШ-қа сатылып, музейде тұрған сол екенін айттық. Ал ғарышта болып қайтқан киімі "Звезда" кәсіпорнында сақтаулы.
Біздің Тоқтар Әубәкіровке екі скафандр тігілген. Алғашқы ғарышкеріміз киіп ұшқан скафандрды Қазақстан Республикасының Орталық музейінен көруге болады. Ол ғарышкерлерге арналған ең үлкен киімнің бірі болғаны даусыз.
Алғашқы ғарышкерлер отрядына бойы 170 сантиметрден биікті қабылдамаған. Кеменің ішіне сыймайтын. Беріде "Союз" ғарыш кемесі жасалған соң бой мен салмаққа қатысты талап өзгерді. Бәрібір бойы 2 метрге жуықтайтындарға әлі аспанның арғы жағына жол жабық.
Оқи отырыңыз: Қораң қайда, "Боран"?
Екі саланың сәнқойы
Кеңестік ғарышкерлер бастапқыда қызғыл-сары киіммен ұшса, беріде скафандр ақ материалдан тігіле бастады. Оның үстіне скафандрдың күрделі түрі де жасалды. Ол ашық ғарышқа шығуға арналған. Кеңестік ғарышкерлер арасында бірінші рет Леонов киіп, кемеден бос кеңістікке шыққан. Бірақ, қайта кірерде скафандры люкке сыймай қалып біраз әуреге түсірген.
Ең сәнді скафандрды әлем көрермендері АҚШ-та "Драгон" кемесі самғағандағы тікелей эфирде тамашалады. Мұнда шлем 3D-принтер арқылы жасалғанын ғарыш саласындағы соңғы жаңалықтың қатарына қосу керек.
Ал қолғап болса кемедегі сенсорлық экран беттерін қатесіз басып, тачскриндерді еркін әрі қатесіз пайдалануға мүмкіндік береді. Мұны тікелей эфир кезінде америкалық ғарышкердің саусақтары қалай қимылдап тұрғанынан аңғардық.
Бұл жаңа скафандр "Стармаг" деп аталады. Оның үлгісін астронавтарға арнап дизайнер Хосе Фернандес жасапты. Шебер бұрын фантастикалық фильмдер кейіпкерлеріне арнап костюм тігетін. Енді киноның кейіпкерін емес, ғарышкерлерді киіндіруге тапсырыс алған. Қазақ мұндайды "іздеген жетер мұратқа" десе керек.
Жаңа скафандр ашық ғарышқа шығуға арналмаған. Тек ғарыш кемесінің ішінде кию керек. Отқа жанбайды және анау-мынау соққыны сездірмейді. Дене қызуын бір қалыпта сақтайтын қондырғысы бар.
Басты ерекшелігі: ғарышкер орындыққа отырғанда скафандр ғарыш кемесінің бір бөлігіне айналады. Электроника мен бағдарламамен жабдықтаудың ең соңғы үлгілері енгізілген. Радио байланыс пен микрофонның сапасы жақсарған. Таза ауа мен электр қуаты бір кабельмен келеді.
Ғарыш кемесін аттандырған, жер жүзін интернетпен толық қамтуға ниеттенген "SpaceX" компаниясының иесі Илон Маск бұл скафандрды жасауға төрт жыл кеткенін айтыпты. Әрі сәнді, әрі жұмысқа қолайлы болуы қатар ескерілген. Баяғыда біздің аталарымыз киімге қаратып "сұлуынан – жылуы" дейтін. Шамасы, ол заман өткен сияқты.
– Біздің бүгінгі ұрпағымыз осы киімді киюге қызықсын да, ғарышкер болуға ұмтылсын, – депті әлгі Маск. Марста қала салуға құлшынып жүрген өнертапқышқа, әрине, мыңдаған ғарышкер қажет қой. Болашақты ойлау деген – осы.
Америкалықтардың ғарышкер киіміне қатысты ізденісі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Алдағы уақытта ғарышқа зымыран емес, ұшақпен шығуды ойластырып, соны басқаратындарға арнап "Боинг Блю" атты скафандр жасалуда. Ол бұрынғылардан 40 пайыз жеңіл болмақ. Әрі еркін қимылдауға қолайлы. Шлеміне поликарбонат қолданылған. Айналаны жіті шолуға керемет мүмкіндік береді.
Оларда Айға тағы бір барып, адам ізін тастау ниеті бар. Сондықтан Америка әуе және ғарыш агенттігінің тапсырысымен соған арналған скафандр жасалып жатыр. Онысы баяғы Армстронг дәуіріндегіден анағұрлым икемді әрі сәнді болмақ.
Не керек, америкалықтардың ғарыш киімін музейлерге тағы да басқа елдердің үлгілерімен қатар қойса, сән жағынан мерейі үстем болмақ. Өйткені, онымен құпия зауыттар емес, киноның кейіпкерлеріне киім тігетін дизейнерлер айналысады ғой.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.