"Балам телефоннан бас көтермейді". Лудоманияның алғашқы белгісі қандай?

Жасөспірімдер киімнің қалтасынан ақша алып жатыр. Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Жасөспірімдер киімнің қалтасынан ақша алып жатыр. Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Психолог теріс тәуелділіктен арылуға спорт көмектесетінін айтты.

Баланың телефонға телміріп, құмар ойынның батпағына қалай батып бара жатқанын ата-ана қалай аңғара алады? Бұл қауіпті дерттің түпкі төркіні неде, жасырын қарыздардан қалай құтыламыз және балаға психологиялық тұрғыдан қалай дұрыс көмектесе аламыз? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға спорт психологиясының магистрі Гульден Сатемирова жауап берді.

– Көп ата-ана баланың бәс тігетінін немесе құмар ойын ойнайтынын тек қарызға батқанда немесе үйден заттар жоғалғанда ғана кеш біліп жатады. Жасөспірімнің тәуелділікке ұшырай бастағанын бастапқы кезеңдерде қалай байқауға болады?

– Ең алдымен, ата-ана баланың күнделікті мінез-құлқындағы кенет болатын өзгерістерге ерекше мұқият болуы тиіс. Кеше ғана ашық, жарқын жүретін бала кенет тұйықталып, тіпті қарапайым сұрақтарға ашулана бастаса, бұл – үлкен белгісі. Бала үнемі күйгелектенеді, мазасыз күйде жүреді, ақшаны бұрынғыдан әлдеқайда жиі сұрайды немесе оқуға, спортқа, бұрынғы жақын достары мен сүйікті хоббилеріне деген қызығушылығын толығымен жоғалтады.

Сонымен қатар, цифрлық гигиенаның бұзылуы айқын көрінеді: бала тәулік бойы телефоннан көз алмайтын болады, хат алмасуларын, әлеуметтік желілердегі парақшалары мен қаржылық шығындарын ата-анасынан жасыра бастайды. Оның көңіл-күйінің өзі тікелей ұтысқа немесе ұтылысқа тәуелді болып қалады – мұны да байқамау мүмкін емес. Мұндай мінез-құлықтың артында баланың ата-анаға немесе ересектерге айтуға қорқатын, іштей булығып жүрген үлкен бір ауыр мәселесі жатуы мүмкін. Сондықтан ең бастысы – баланы бірден айыптауға немесе ұрысуға асықпай, "оның ішкі әлемінде не болып жатыр?" деген сұраққа жауап іздеп, сабырмен түсінуге тырысу қажет.

– Жасөспірім шақ – психология тұрғысынан өте осал уақыт. Жалпы, жастардың осы шытырманға батып кетуіне қандай факторлар себеп болады?

– Бұл мәселенің түбі бір ғана себеппен шектелмейді, олардың астарында әлеуметтік, психологиялық және ішкі мотивациялық бірнеше фактор қатар жатады. Біреулер үшін бұл – еңбек етпей, оңай жолмен тез ақша табудың "жеңіл" жолы болып көрінсе, екінші біреулері құрбы-құрдастарының немесе қоршаған ортаның теріс ықпалына түсіп қалады. Ал үшіншілері осы арқылы өздерінің ішкі эмоционалдық қажеттіліктерін өтегісі келеді, яғни жаңа эмоциялар іздейді немесе күнделікті өмірдегі шешілмеген проблемаларынан, стрестен осылайша қашуға тырысады.

 "Тыйым салу мен ұрыс мәселені шешпейді"

– Ата-аналардың көбі бұл жағдайды көрген бойда қатаң тыйым салып, ұрыса бастайды. Бұл әдіс қаншалықты тиімді?

– Қатаң тыйым салу және ұзақ мораль оқу – баламен қарым-қатынастағы ең тиімсіз әрі қате әдіс. Ондай кезде бала бұғып қалады, ал ата-ана тарапынан болатын агрессия оны тек одан ары тереңге – жасырын түрде ойнауға қарай итермелейді. Баламен биіктен төмен қарап емес, оның түсінікті тілінде, достық пен шынайы сенім аясында ашық сөйлесу керек.

Ойынның механикасы қалай жұмыс істейтінін өмірлік нақты мысалдармен түсіндірген жөн. Мысалы, неліктен адам ұтылып қалған соң қайта ойнап, "есе қайтаруға" тырысатынын, неліктен математикалық тұрғыдан жүйе әрқашан ұтыста болатынын, ал ойыншы барлық қаржысынан айырылса да неге тоқтай алмайтынын логикалық түрде жеткізу маңызды. Сонымен қатар, баланы тек сынай бермей, оны стресспен күресуге, өмірдегі сәтсіздіктерді қабылдай білуге, өз эмоциясын тежеуге және кез келген қиындықтарды оңай, жылдам жолмен шешуге тырыспау керектігін үйрету қажет. Бұл ретте тек отбасы емес, мектеп ортасы мен спорттық секциялар немесе салауатты орта да шешуші рөл атқарады.


Оқи отырыңыз: Құмар ойынға бұрын ақшалы адамдар әуес болса, енді лудоман жасөспірімдер де көбейді – психолог 


– Ата-ана баланың қаржыға деген көзқарасын қалай қалыптастыруы керек?

– Бұл жерде ең бастысы – ата-ана мен бала арасындағы сенім мен бақылаудың арасындағы алтын балансты таба білу. Балаға бала кезінен бастап қаржымен жұмыс істеу мәдениетін сіңіру керек: ақшаның қайдан келетінін, шығындар, жинақтар және ата-ананың еңбегі мен жауапкершілігі туралы ашық айту маңызды. Мысалы, банктік картаны қолданудың нақты ережелерін өзара келісіп, мезгіл-мезгіл баламен бірге шығындарын қарап шығуға болады. Бірақ ең маңызды нәрсе – бұл үрдісті аңдуға, тыңшылыққа немесе үздіксіз күдік пен бақылауға айналдырып жібермеу. Бала ата-анасының оны жазалау үшін емес, керісінше қауіп-қатерден қорғау үшін қасында екенін сезінуі тиіс. Әрине, егер бала тарапынан тәуелділіктің алғашқы белгілері байқала бастаса, онда ата-ананың тарапынан бақылау да анағұрлым қатаң, жүйелі болуы керек. Алайда бұл қатаңдық зорлық-зомбылыққа немесе қысымға емес, баланың қауіпсіздігін қорғауға негізделуі тиіс.

– Егер ата-ана баласының бәс тігетінін немесе үлкен қарызға батқанын біліп қойса, алғашқы қадам қандай болуы керек? 

– Ең бірінші ереже – айқай шығармау, айыптамау және дүрбелеңге түспеу! Сол сәтте баланың өзі де шектен тыс қорқынышты, масқара болдым деген сезім мен ұятты, кінәні бастан кешіріп жатады. Егер ата-ана үстінен басып, айқайласа, бала тұйыққа тіреліп, мүлде жабылып қалады немесе үйден қашуға дейін барады. Сабырлы түрде қасына отырып сөйлесіп, нақты не болғанын, қанша ақша жоғалғанын, қандай да бір қарыздардың бар-жоғын, оған сырттан біреулер қысым көрсетіп немесе қорқытып жатпағанын анықтау қажет. Балаға қандай үлкен қателік жіберсе де, ата-анасы әрқашан оның жанында болатынын, кез келген қиындықтан бірге шыға алатынын сезіндіру аса маңызды.

Егер балада қандай да бір қорқыту, бопсалау немесе өзіне қол жұмсау туралы ойлар байқалса, уақыт жоғалтпай, бұл салада тікелей жұмыс істейтін тәжірибелі мамандардың шұғыл көмегіне жүгіну ауадай қажет.

"Спорт – көмекші құрал"

– Бұл тығырықтан шыққан соң балаға қайтадан қалыпты өмірге оралуға қалай көмектесу керек?

– Ең басты қателік – балаға өткен қателіктерін күн сайын бетіне басып, кінәлау, оны ұятқа қалдыру және оған "сенен адам шықпайды" дегендей сөздер айту. Бұл оның қайтадан реніш пен күйзеліске түсіп, ескі әдетіне оралуына түрткі болады. Оны бірте-бірте қалыпты өмірге, достармен араласуға, оқуға, спортқа және сүйікті істеріне қайта қайтару керек.

Өз тәжірибемде спорттың осындай жағдайлардағы ерекше маңызын атап өткім келеді. Спорт балаға тәртіпті, шыдамдылықты, жеңілісті қадірлеуді, қателіктерді мойындай отырып алға ұмтылуды үйретеді. Дегенмен, спорт тәуелділіктің орнын толық басатын жалғыз құрал емес екенін түсіну маңызды – ол тек қосымша көмекші құрал. Ең бастысы – баланың кез келген жетістікке кездейсоқ ұтыспен емес, өз маңдай терімен, адал еңбегімен қол жеткізе алатынын сезіндіріп, өзіне деген сенімділігін қайта ояту.


Оқи отырыңыз: "Әкім болғандар да бар": Танымал психолог тәуелділікке ұшыраған адамдар жайлы айтты


– Қазіргі ата-аналарға қандай маңызды кеңес берер едіңіз?

– Бүгінгі таңда біз балаларымыздың тек академиялық жетістіктеріне, мектептегі бағаларына, үйірмелердегі табыстарына ғана көбірек көңіл бөліп кеттік. "Бүгінгі жаттығу қалай өтті?", "Мектепте қандай баға алдың?", "Жарыста жеңдің бе?" деп үнемі нәтиже сұраймыз. Бірақ баламыздың ішкі жағдайы қалай, оның көңіл-күйі қандай, нені уайымдап жүр, неден қорқады деп жиі сұрай бермейміз. Кейде дәл осы қолдаудың, шынайы түсіністік пен жылудың жетіспеушілігі жасөспірімді өз бетінше эмоция мен мойындалуды басқа жақтан – қауіпті жерден іздеуге мәжбүр етеді. Сондықтан біздің басты міндетіміз – баланың қасында болу, оны шынайы тыңдай білу және қиындықтармен дұрыс, салауатты жолмен күресуге үйрету. Ата-ана мен бала арасындағы ашық әңгіме – кез келген дерттің ең басты дауасы.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау