
Қазақстанда тәуелділік дертіне ұшырағандар саны күн санап артып келеді. Олардың қатарында құмар ойындарына, алкогольге, есірткіге тағдыры байланған жандар өте көп. Стастистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда 440 мың адам лудоманияға ұшыраған. Ал 18 мыңнан аса адам есірткіге тәуелділік бойынша есепте тұр.
Психолог Әлияш Омарбекова тәуелді адамдарды ұзақ жылдар бойы зерттеп, бүгінде олардың жалпы сипаттамасын жасап шығарды. Маманның айтуынша, елімізде ең көп тараған тәуелділік дерті – алкоголизм.
Әлияш Есенмұратқызы біршама уақыттан бері тәуелділік дертін зерттеп жүрген санаулы мамандардың бірі. Бүгінде ол қоғамның басты сырқатына қатысты маңызды мәлімделер жасауда.
"Тәуелділіктің ең көп тараған түрі – алкоголизм. Себебі, бұл тәуелділіктің әлеумет ашық қабылдаған және "қолдайтын" түр. Алкоголь өнімдері кез-келген жерде ашық сатылуда. Кафеге барсаңыз да, дүкенге кірсеңіз де, ала аласыз. Қонаққа барсаңыз да, дастарханда тұрады. Сізге алкоголь ішті деп ешкім ренжімейді, қолмен шұқып көрсетпейді. Сондықтан, тәуелділіктің бұл түрі елімізде кеңінен таралған деп сеніммен айта аламын", – дейді маман.

Әлияш ханымның алдынан өткен "тәуелді" адамдар өте көп. Олардың қатарында, беделді қызметте болғандар да бар.
"Бүгінге дейін мен талай адаммен жұмыс істедім. Әрқайсысының тағдыры әрқилы. Десе де, олардың психолог алдына келгенінің өзі үлкен ерлік деп айтар едім. Өйткені, тәуелділік – бұл ауру. Одан құтыудың сан түрлі жолын іздесе де, шырмауынан шыға алмайтындар көп. Тәуелділік талай отбасының ойранын шығарды, талай адамның тағдырын тас-талқан етті. Тіпті, әкімдер де, күш құрылымында істейтін азаматтар да болды қабылдауымда. Оларға барынша жол көрсеттім. Жоғарыда айтқанымдай, тәуелділік – бұл ауру. Сондықтан, оны жүйелі, кешенді түрде емдеу керек", – дейді Әлияш Есенмұратқызы.
Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?
Психологтың айтуынша, тәуелді адамның сипатын жасау қиын емес.
"Тәуелділікке ұшыраған адамдарды негізгі 5 белгісіне қарап анықтауға болады. Олар – эмоциялық белгілер (ішкі уайым, мазасыздық, жалғыздықты сезіну), мінез-құлықтық белгілер (өтірік айту, жауапкершіліктен қашу, отбасындағы тұрақсыздық, тәуелділікті ақтап алу), әлеуметтік белгілер (айналамен, отбасымен қарым-қатынастың бұзылуы, оқшаулану), физикалық белгілер, әсіресе, химиялық тәуелділікте (көзінің көгеруі, арықтау немесе толықтау, ұйқының бұзылуы) және психологиялық белгілер (ішкі тыныштығы жоқ, өзін-өзі төмен санайды) бар. Негізінен, тәуелділікке ұшыраған адамдарды осы сипаттардың бірі арқылы бірден танимыз. Қазір әлем бойынша тәуелділікке ұшырағандарды оңалту орталықтары бар. Қазақстанда да жұмыс істейді. Өкінішке қарай, қанша адамның толық жазылып келгені жайлы ресми мәлімет жоқ", – дейді Әлияш Омарбекова.