Ерлан Нұрғалиевтің мүсіні дайын. Әзірге, тек пластилиннен

Табиғатты қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиевті халық өлгеннен кейін таныды. Ол 13 қаңтар күні браконьерлерге қарсы шығып, соққыға жығылған. 14 қаңтарда есін жимастан, Астанадағы ауруханада көз жұмды. Тек қазақстандық қана емес, әлемдік БАҚ бұл оқиғаны жарыса жазып, қатты назар аударды.

Бүкіл ақпарат көзінде марқұмның бөкен лағын жоғары көтере, мейірленіп қарап тұрған суреті қоса жүрді. Бірнеше күн бұрын қорықшының пластилиннен жасалған мүсінінің суреті желіде жарияланды. Интернеттегі аудитория қатты әсер алып, суретті бір-біріне тез таратты. Сатып алғысы келгендер де шықты. Ал, көпшілік осы сұлба негізінде марқұмға үлкен ескерткіш орнату керек дейді.

Қостанай түбінен шыққан талант

Пластилин мүсіннің авторы – Әсел Тілеулен. Аты айтыла бермейтін, атағы жоқ суретші қазақтың байырғы тұрмысы мен мәдениетіне заманауи реңк беріп жүр. Жас қыз қазақ этнографиясын зерттеуге құмар.


Ерлан Нұрғалиевке арналған мүсін. Материал - пластилин

Ерлан Нұрғалиевке арналған мүсін. Материал – пластилин / Авторы – Әсел Тілеулен

– Мен – Әсел Тілеулен, Қостанай облысы Лисаковск қаласында туып, өстім. Қостанай педагогикалық университетінде сызу және бейнелеу өнері мамандығы бойынша білім алдым. Қазір мектепалды білім беру ұйымында "бейнелеу өнері мен модельдеу" үйірмесінен сабақ беремін. Туған халқымның этнографиясын қатты жақсы көремін. Қазақтың тұрмысы, тарихы, мәдениеті мен ұлттық киімі, ұлттық ойыны шабыт береді, – дейді Әсел.


Ауыл баласы

Ауыл баласы / Сурет Әсел Тілеуленнің жеке архивінен

"Қалыңдық" образы баурап алды". Әсел Тілеуленнің бүкіл жұмысы неге ұлттық нақышта?

Әселдің картиналарын Қостанай облысының галереясынан көруге болады. Бірнеше суреті іріктеліп, Ресей көрмесіне қойылған. Ал, атақты суретші Ерболат Төлебай Әселдің "Қалыңдық" картинасына қатты қызығып, сатып та алған.


"Қалыңдық" картинасы

"Қалыңдық" картинасы / Сурет Әсел Тілеуленнің жеке архивінен

– Бала шағымнан көз алдымнан кетпейтін бірнеше образ бар. Үйімізде қалыңдықтың суреті салынған плакат ілініп тұратын. Астында "Жар-Жар" жырының сөзі бар. Ұлттық киімдегі сол сәукелелі қалыңдықтың сұлулығы мені баурап алды.


Атасы мен немересі

Атасы мен немересі / Сурет Әсел Тілеуленнің жеке архивінен алынды

Бұл плакаттан басқа үйімізде "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" эпосының иллюстрацияланған кітабы бар еді. Әлгі жырдағы батырлар мен ғашықтардың бейнесі мені қызықтыратын. Содан бергі бір арманым – қазақ жазушылары шығармаларының иллюстрациясын жасап, кітап қылып шығарғым келеді. Ол мақсатыма әлі жеткен жоқпын, – дейді жас суретші.

"Қорықшының өлімі жаныма батты"

"Жер бетінде ең соңғы ағаш күреліп, ең соңғы балық ауланғанда, ең соңғы өзен былғанып, ең соңғы құс атылғанда – кеш те болса байлық пен ақшаның тамақ болмайтынын түсінесіңдер".

Әсел Тілеулен марқұм Ерлан Нұрғалиевтің мүсінін жасап, суреттің астына атақты режиссер Аланис Обомсавиннің осы цитатасын жазған. Бұл адам – абенаки деген үнді тайпасының өкілі және бұл сөздерді үнділердің даналығынан алған.


Кереге құрып тұрған балалар

Кереге құрып тұрған балалар / Сурет Әсел Тілеуленнің жеке архивінен

Осылайша пластилиннен жасалса да, шын жүргенінен шыққан туындысына Әсел бір мағына бергісі келген.

Бұл жағдайға дейін қорықшы Ерлан Нұрғалиев туралы ештеңе естімегенмін.. Қайғылы оқиға туралы жаңалықтардан білдім. Табиғат қорғаушысының аянышты өлімі жаныма қатты батты. Жылай да алмадым,өмірдегі әділетсіздікке деген іштегі наразалықты осылай ғана шығара алдым.

Әселдің айтуынша, мүсіні халыққа ұнаған. Осы нобаймен ескерткіш орнатайық деген билік өкілдері хабарласқан жоқ дейді. Бірақ, "мүсіндеуді енді үйреніп жүрмін. Білетінімнен білмейтінім көп. Үлкен жоба жасаған тәжірибем де жоқ. Ерлан ағаның бейнесі – шын жүректен шыққан туынды", деп кішіпейілділік танытты.


Суретші Әсел Тілеулен

Суретші Әсел Тілеулен / Сурет Әселдің жеке архивінен алынды

"Табиғатқа деген адамзат сүйіспеншілігінің символы". Жарқын бейнені кадрға түсірген кім?

Әсел Тілеулен жасаған мүсінге негіх болған суреттің авторы – фотограф Әли Оспан. "Сәбиін еркелеткен анадай тұра қалып еді", – дейді марқұмның осы бір әсерлі де әдемі бейнесін кадрға түсірген Әли.

– Парижде жеке көрмемді өткізіп келген соң, табиғаттан шабыт іздеп, туған жерімізді насихаттағым келді. Ауыл шаруашылығы минимтрлігі баспасөз қызметіне өзім хабарласып, мен іздеген тақырыпта шаралар өтсе, шақырыңыздаршы деп, аты-жөнімді қалдырғам. Содан, киік төлдеп жатқан кезде өзімізше айтсақ, құралайдың салқынында Қорғалжыңдағы ұлттық қорықта пресс-тур болады дегенді естіп, бірден келістім, – дейді 2018 жылдың 19 мамырында түсірген суретінің тарихын баяндай келе.

"Пресс-турда киік туралы бұрын естімеген жайттармен таныстым. Оның бәрін осы марқұм Ерлан аға айтып беріп еді. Ол кісінің киік туралы көп білетіні таң қалдырды, әсер етті. Мысалы, киікте жетім болмайды дегені мен үшін жаңалық болды. Яғни, төлдеген бөкен өліп қалса, басқа киіктер әлгі құралайды өз лағымен бірге емізіп, ертіп кетеді екен. Ерлан ағаның "қазақ неге киікті киелі санаған? Себебі, бұларда жетім лақ болмайды" дегені есімде қалыпты".

"Жиырма шақты инспектордың арасынан Ерлан ағаны таңдадым"

Әли Оспан – Қазақстанда, басқа мемлекеттерде көрмелері өткен талантты суретші. Болашақтағы көрмелеріне Ерлан Нұрғалиевтің де осы суретін қоямын дейді. Оның пікірінше, қазір әлемді, фотографтарды, жалпы адамдарды суреттің техникалық бояуымен таң қалдыру мүмкін емес.

Тек әрбір халықтың колориті басым суреті, қандай да бір кейіпкер немесе оқиғаның шынайы жағдайы бейнеленген суреттер ғана әсерлі. Сондықтан да фотографтың ішкі интуициясы Ерлан ағаны таңдапты. "Ол кісі киіктерді жанындай жақсы көрді. Сурет адамзаттың табиғатқа деген сүйіспеншілігінің символына айналып тұрғаны да сондықтан", – дейді Әли Оспан.


Қорықшы Ерлан Нұрғалиев

Қорықшы Ерлан Нұрғалиев / Суретті түсірген Әли Оспан

"Ерлан ағаның жүзі сондай жарқын, өзі сондай шынайы еді. Жанымда тұрған басқа жиырма шақты инспекторлардың арасынан Ерлан Нұрғалиев ерекшеленді. Негізі, сол суретті түсірер алдында Ерлан аға менің қолыма киіктің лағын ұстатты. Ал, мен лақтың бір жерін ауыртып аламын ба деп, құдды бір жаңа туған сәбиді көтеріп тұрғандай, қорықтым. Бөкеннің лағын суретке түсіргім келді. Сосын, Ерлан ағаға "сіз ұстап тұрыңызшы" деп едім, сәбиіне мейірленген анадай лақты еркелете аспанға көтерді. Марқұмның жарқын бейнесі осылайша кадрға ілікті..."

"Біреудің өлімінен кейін ғана мәселеге назар аударамыз"

Әли Оспан пресс-турда Ерлан Нұрғалиевтің журналистерге өршіп тұрған мәселенің бірі – браконьерлік деп айтқанын еске алды.

– Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлердің қолынан қаза тапқанын оқығанда және жаңалықтарда өзім түсірген суретті көргенде абдырап қалдым. Марқұм сол браконьерлердің көбейіп бара жатқанын, олардың қауіпті екенін бізге айтты ғой... Бірақ, өкініштісі, біз мәселеге біреу өлгеннен кейін ғана назар аударамыз. Денис Теннің өлімі де сол ғой, – дейді пікірін білдірген фотограф.

Ерлан Нұрғалиев 2012 жылдан бері "Охотзоопром" жануарлар әлемін қорғау мекемесінің инспекторы болып жұмыс істеген. Оған дейін құқық қорғау органдарына қызмет етіп, зейнетке шыққан.

Ресми орган ақпаратына сүйенсек, 13 қаңтар күні екі инспектор (тірі қалған Петр Ницык) Қарағанды облысындағы Теңіз өзенінің жанын тексеріп жүріп, көлік іздерін байқайды. Әрине, қорықшылар машина браконьерлердікі екенін бірден түсініп, әлгі ізді қуа бастайды. Браконьерлерді қуып жеткен Нұрғалиев пен Ницык оларға ескерту жасап, ауаға оқ атқан. Оған да пысқырмаған екі қымбат көлікті Нұрғалиевтер тек алдынан орап қана тоқтатқан. Сол кезде тірі қалған Ницыктың айтуынша, көліктен үш жігіт шығып, қорықшыларды соққыға жыққан. Ес-түссіз жатқан Нұрғалиев пен жаралы Ницыктың GPS құралдары мен көліктерінің кілтін алып, қашып кеткен.

Қазір күдікті үш адам ұсталып, қамауға алынды. Браконьердің өлімі қоғамда қатты талқыланып, Ерлан Нұрғалиев "Ерлігі үшін" медаліне ұсынылды. Оның артында баласы мен үш немересі қалды. Әйелі осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter