Бұл жыртқыш қазақ үшін тотемдік ұғымға ие. Бабаларымыз барысты құрмет тұтып, оның мүсінін тасқа қашап салған. Сырдарияның төменгі тұсындағы Үйғарақ пен Түгіскен, Алматы облысындағы Қарашоқы-1 обаларынан барыстың мүсіні қашалған бұйымдар табылған.
Қар барысы Қазақстанның қай жерлерін мекен етеді?
Жыртқыш Орталық Азияның таулы қыраттарында көп кездеседі. Оның денесі тығыршықтай, шымыр, табандары күректей емес, қысқа, тұрқы биік, ал құйрығы ұзын болып келеді. Құйрығымен қоса алғанда ұзындығы 230-240 см шамасында, ал салмағы 60 келіге жуықтайды. Адам аяғы баса бермейтін қолайсыз жерлерді мекен ететіндіктен, сирек кездеседі. Сол себепті, көп зерттеле қоймаған. Басқа жануарлармен салыстырғанда барыстың биологиясы мен тіршілік ету аспектілері жұмбақ.
Қазақстаннан бөлек қар барысы Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Пәкістан, Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Бутан елдерінде кездеседі. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының дерегінше, жер бетіндегі қар барысының саны 3500-ден 7500-ге дейін есептеледі. Тағы екі мыңға жуығы әлемнің әр түкпіріндегі зообақтарда тұр.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір еліміздегі ілбіс саны 120-130 басты құрайды.
Олар Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы тауларында, Тарбағатай мен Оңтүстік Алтай өңірінде өмір сүреді.
Қар барысын таудың биік шыңдарынан ғана емес, қалаға жақын нүктелерден де кезіктіруге болады. Зоологтардың айтуынша, Көлсай көлі, Өтпелі, Аюсай, Бутаковка және Кімасар шатқалдарында, сондай-ақ, Құмбел жотасында да барыстар жиі жортады.
Қар барысы туралы деректер:
- 6 метр ұзақтыққа және 3 метр биіктікке дейін еркін секіре алады;
- Қар барысы жүретін ең жоғарғы нүкте – теңіз деңгейінен 6 шақырым биіктікті құрайды;
- Аса қатты жылдамдықпен жүгіру және секіру кезінде құйрықтары арқылы бағыттарын анықтап отырады;
- Үүнемі мың шаршы шақырым қашықтыққа дейін көшіп жүреді;
- Көмей құрылымының ерекшелігіне байланысты олар ырылдау, ұлу, мияулау сияқты әрекеттерді жасамайды.
Аппарат көп болса – ақпарат көп
Қазір Қазақстан қар барыстарын зерттеудің барлық мүмкіндігін қарастыруда. Соның өзінде тауға шыға сала жыртқышты кезіктіру оңай емес. Соңғы жылдары нақты саны мен өмір сүру салтын анықтау мақсатында фототұзақтар қойылған.
Ресми дерек бойынша, Қазақстандағы қар барысының ең көп популяциясы Алматы қорығы, Іле Алатауы ұлттық бағы, Жоңғар Алатауында. БҰҰ Даму бағдарламасының офисі 2019 жылы Алматы қорығына 40 фототұзақ сыйлаған.
"2018 жылы Snow Leopard Foundation қоры құрылып, 2019 жылы Іле Алатауының бөктеріне бірнеше фототұзақ қойылды. Алексей Грачев деген зоолог екеуміз жыл соңында зерттеу жүргіздік. Тұзақтарды құрмай тұрып Алматы қорығында барыстар көп деп ойлағанбыз. Бірақ ол жақтағы барыстар Іле Алатау ұлттық паркіндегі барыстарға қарағанда әлдеқайда аз болып шықты. Көп жағдайда барыстар Алматы қорығында туып, сосын есейген соң Іле Алатауы жаққа қарай кетіп қалады", – дейді Алматы қорығының аға ғылыми қызметкері Салтөре Сапарбаев.
Салтөренің айтуынша, 2014 жылы Көлсайға 25 аппарат қойылған. Қоюын қойса да, ол жерден барыстар нысанаға ілігеді деген сенім болмапты. Бірақ нәтижесі керемет болып шықты: бір жыл ішінде 13 әртүрлі қар барысы камера объективіне түскен. Жалғыз жүргендер де, күшіктерін ерткендер де көп екен.
Фототұзақтың мүмкіндіктері қандай?
- БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы офисі былтыр 300 фототұзақ сатып алып, оларды қорықтар мен ұлттық табиғи парктер меншігіне грант ретінде берген;
- Мамандар соның арқасында жабайы мысықтардың жай-күйін, санын, азықтану мүмкіндігін, оларға төнетін қауіп пен қатер көлемін анықтай алады;
- Аппарат камерасы жыртқышты қос қапталдан да суретке түсіреді;
- Құрылғы кез-келген ауа-райы жағдайында және тәуліктің қай уақытында да жұмыс істей береді;
- Құрылғының қуаты 2 жылға еркін жетеді.
2019 жылы қараша, желтоқсан айларында барыстар Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары орнатқан камераға түсті.
Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің Фейсбуктегі парақшасында жариялады:
2020 жылы қар барысы алғаш рет қаңтар айының басында тағы да назарға ілікті. Бұл жолы кадрдан Алматы қорығындағы үш барысты көруге болады.
"Соңғы уақытта біз оларды камераға жиі түсіре бастадық. Бұл олардың популяциясын және көшіп-қону бағыттарын зерттеуге мүмкіндік береді" деп жазды Сәкен Ділдахмет.
Қар барысы қалай қоректенеді?
Фототұзақ мәліметтерінен қар барыстарының өмір салтын толық анықтау мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, олар көбіне жеке жүреді.
"Оны көзбен көру мүмкін емес. Мүмкін болған күнде де өте қиын. Биік жартас пен құздың төбесінен адамдарға қарап жата береді. Терісі де ала-ала. Сол себепті, таудың түсімен үйлесіп, адамның көзіне ілінбейді. Тау-тас тұрмақ, ақ қардың үстінен көрудің өзі оңайға түспейді", – дейді Салтөре.
Қар барысының басты қорегі – таутеке, елік, марал сияқты жануарлар. Ал адамдардың ормандар мен таулы жерлерді иемдене бастауы аталған жануарлардың басқа жерлерге көшуіне әсер етеді. Соған орай жемтігінің ізінен қуалап, қар барыстары да мекенін ауыстырады.
Іле Алатау ұлттық табиғи паркі ғылыми бөлімінің басшысы Салтанат Өсербаеваның айтуынша, инспекторлар жаз айларында қар барысының жемтіктері үшін қорек дайындайды екен.
"Таутеке, елік, марал, қабан сияқты тұяқтыларға қыс кезінде қосымша азық ретінде тұздалған сыпыртқы дайындалады. Ол қайың бұтақтарынан және қызыл миядан жасалады. Оны инспекторлар жаз кезінде даярлап қояды. Одан бөлек шөп дайындап, оған тұз себіледі. Мұның бәрі қар барысын қоректендіру үшін әзірленеді", – дейді Салтанат Өсербаева.
Қар барысы адамға шабуылдай ма?
Жоқ. Көзбен көргендердің айтуынша, қар барысы адамды көрген кезде ешқандай ашу-ыза танытпайды. 2005 жылдан бері Алматы қорығында жұмыс істейтін ғылыми қызметкер әрі фотограф Салтөре жыртқышты 2012 жылы алғаш рет жақыннан кезіктірген.
"Одан кейін 2018 жылы ақпан айының ортасында 3 метр жерден суретке тарттым. Талғар шатқалының екінші кордонында инспектордың үйі бар еді. Олар 2-3 бас сиыр асырайтын. Барыс соларға шабуыл жасапты. Кейін адамды көрген кезде қашып кеткен. Бірақ қайта айналып келді. Сол келген кезінде фотоға түсіріп үлгердім. Алдына қойдың ішек-қарнын тастадық. Соны жеп алған соң, қайта кетіп қалды", – дейді фотограф.
Оның сөзінше, барыс адамға бірнеше секунд қарап тұрып, сосын лезде бұрылып кетіп қалады екен. Салтөре 2019 жылы 3 барысты суретке түсірген. Жалпы, 15 жылдың ішінде 5 рет қана жыртқышты жақын жерден суретке түсіру мүмкін болыпты.
Қар барысы жайлы деректер:
- Барыстар қыстың соңында немесе көктемнің басында туады. Олар екі жылда бір рет күшіктейді. Бір туғанда екі-үш барысты өмірге әкеледі;
- Жаңа туған барыс алғашқы 6 апта анасының сүтімен қоректеніп, одан кейін жемтік іздеуге шыға бастайды. Бірақ өз бетінше өмір сүруге 2 жасында толық дайын болады;
- Қар барысының аталығы 45-55 келі тартса, ұрғашысы 22-40 келі шамасында. Негізінен қар барыстары 13 жыл өмір сүреді. Арагідік кейбіреулері ғана 20 жылға дейін өмір сүреді екен;
- Оның терісі қымбат тұрады. Бір терінің құны шамамен 10 мың доллар;
- Біздің елде қар барысына мылтық кезегендерге 2000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қылмыстық жаза тағайындалса 7 жылға бас бостандығынан айрылады. Дегенмен, соңғы 10-15 жыл көлемінде Қазақстанда қар барысына оқ ату оқиғасы тіркелмеген.
Қар барысын қалай қорғап, көбейтеміз?
Қар барысын сақтап қалу үшін адам бәрібір тікелей араласып, жабайы аңды қолға үйретпек. Әрине, онысын тау тағысына байқатпайды.
2013 жылы Бішкекте қар барысын және оның экожүйесін қорғаудың жаһандық бағдарламасы қабылданған. Бұған Қазақстан да қосылған.
Тағы сол Бішкекте, бірнеше күн бұрын "Бугу-Эне" атты қоғамдық қордың зообағына Талас облысынан бір барысты алып келген. Барыс – жаралы. Оны сол жерде тамақтандырып, жағдайын оңалтпақ. Әзірге жабайы табиғатқа жібермейді. Өйткені денсаулық жағдайы, көзінің көру мүмкіндігі өте әлсіз.
Өткен ғасырдың орта шенінде әйгілі ағылшын натуралисі, жазушы Джеральд Даррелл жабайы табиғат паркін ашқан. Ол паркте сирек кездесетін және құрып кетуге таяу жануарларға қызмет көрсетеді және жасанды жолмен өсіреді. Ол жердегі заңдылық бойынша жануарлар құдды дала төсінде еркін жортып жүргендей әсерде жайылуы тиіс. Жыртқыштар мен жануарлар мұның бәрі адам қолымен іске асып жатқанын байқамай да қалуы керек. Осы арқылы аса күрмеулі зоологиялық мәселелерді шешпек.
Келешекте мұндай тәжірибе Қазақстанда да қолға алынуы мүмкін. Іле Алатауы ұлттық паркі аумағында реабилитациялық орталық ашылады деп жоспар құрылған. Нақтырақ айтсақ, Snow Leopard Foundation қоры Аюсай шатқалында арнайы орталық салмақшы. Мақсаты – барыстың қорегін көбейту (таутеке, елік, марал). Олар көбейген сайын барыстар да көбейеді. Сөйтіп, барыстарды қолға түсіреді. Бірақ оларға адам қамқорлық жасамайды. Яғни, барыстар бұрынғысынша жемтігін аулап, еркін жайылып жүре береді.
"Тек бақылауда болады. Ол жерде кәдімгідей күзет жұмыс істейді. Ғылыми орталық құрылады. Аталған орталықтың құрылуы, жұмыс істеуі осы жылдан басталуы керек. Орталық территориясы түгелдей қоршалып, қар барыстары тек белгіленген аумақ шегінде ғана жайылады. Орталықтың басты мақсаты – қар барыстарын көбейту", – дейді Салтөре Сапарбаев.
Қар барысы туралы деректер:
- БҰҰ мәліметінше, 20 жылдан соң қар барысының түрлері 10 пайызға азаяды;
- Бүкіл әлемде 23 қазан қар барыстарының күні деп белгіленген;
- 1978 жылы Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілді;
- Жыртқыш Халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне және мекен ететін 12 елдің қызыл кітаптарына енгізілген;
- Олар 2000-6000 метр биіктікте өмір сүреді. Жазда таудың ең биік шыңдарына, жоталарына көтеріліп, ал қыс айларында қайтадан төмен түседі.
Қар барысы – біздің басты бейнеміз
Қазақстан қар барысын ерекше құрмет тұтады. Содан болар, оның бейнесі мен аты көп жерде қолданылады.
Азия барысы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан-2030" жолдауында қар барысын Қазақстанның ресми белгісі деп тану туралы ұсыныс жасаған болатын. "Қазақстан 2030 жылға таман Азия барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін" деген еді Назарбаев өз сөзінде.
Спорт
Қар барысы бірнеше рет халықаралық спорттық шаралардың бет-бейнесіне де айналды. Мәселен, 2019 жылы қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатының ресми талисманы осы қар барысы болды. Оған "Намыс" деген ат қойылған.
2011 жылы да елімізде өткен қысқы Азия ойындарының да ресми талисманы ретінде барыс бейнесі таңдап алынған болатын. Сонымен қатар елордада "Барыс" хоккей клубы және "Барыс-Арена" атты спорт кешені бар. "Барыс" пен "Витязь" арасындағы кезекті матч кезінде "Қар барысын сақтайық!" атты экологиялық акция да ұйымдастырылған.
Елімізде жыл сайын қазақ күресінен "Қазақстан барысы" және "Әлем барысы" турнирлері де өткізіледі.
Орден
Дәл осылай аталатын орден де бар. 1999 жылдан бастап "Барыс" ордені беріліп келе жатыр. 3 деңгейден тұратын марапат Қазақстанның мемлекеттілігін және егемендігін нығайтуға үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Барыс Алматы қаласының елтаңбасында да бейнеленген.
Қар барысын қалай үркітіп ала жаздадық?
2013 жылы Алматы әкімдігі Іле Алатау ұлттық табиғи паркінде орналасқан Көкжайлау шатқалында тау-шаңғы курортын салу жобасын қолға алған. Жоба жүзеге асса шатқалдың жер бедері мен экожүйесіне елеулі зиян келетін. Басқасын былай қойғанда, шатқалда Сиверс жабайы алмасының өсетінін және қар барысы мекен етінін айтудың өзі жеткілікті. Алайда мұны әкімдік "туризмді дамыту мақсатында осылай жасаймыз" деп түсіндірді.
Кейінірек шатқалда тау-шаңғы курортынан бөлек, қонақүй, мейрамхана, мұз айдыны, көңіл көтеру алаңдары салынатыны хабарланды. Сол кезде "Көкжайлауды қорғайық" қозғалысы да құрылған. Қозғалыс белсендісі Ержан Оралбеков: "Көкжайлауда табиғи байлық өте мол. Оны бұзбау керек. Бір жағынан Алматыда қар барысы мекен етеді. Мысалы, араб елдерінде шейхтер эколандшафт жасау үшін топырақты өзге елден тасиды. Ал біз табиғи құндылықты қолдан құртқымыз келеді" деген болатын.
Кейін бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев біржола нүкте қойды.
"Алматыда тағы бір проблема бар. Ол – "Көкжайлау" тау-шаңғы курортының құрылысы. Бұл мәселеге қайта-қайта оралмас үшін осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Қалаға "Көкжайлау" курорты қажет емес. Жобаға кәсіби экологтар мен жұртшылық та қарсы болып отыр" деген еді Тоқаев Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте.
Қазір сол Іле Алатауы табиғи бағында барыстар еркін жайылып жүр. Тіпті біразына сырттай ен де тағылған.
Қазақстанда қар барысын қорғау бойынша қандай ұйымлар әрекет етеді?"Паркте қар барыстары ерекше қорғалады. Күзетті парктің инспекторлары және жедел топтар жүргізеді. Қазіргі таңда 130-ға жуық инспектор мен бірнеше топ бар. Сондай-ақ, 60-қа жуық фототұзақ құрылған. Сол арқылы зерттеу жүргізіледі. Қар барысын зерттеу бойынша Зоология институтымен келісімшарт жасалған. Соның арқасында 2018 жылы қар барыстарының сәйкестендіру нөмірлерін анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 13 барыстың сондай сәйкестендіру нөмірлері анықталды", – дейді Салтанат Өсербаева.
- Carlsberg Kazakhstan компаниясы;
- Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (ҚБСА);
- Қазақстан Зоология институты;
- Қазақстанда БҰҰ даму бағдарламасы;
- Ғаламдық экологиялық қор;
- Қазақ географиялық қауымдастығы;
- Дүниежүзілік табиғатты қорғау қоры;
- Қар барысын сақтау бойынша Нұрәлі Әлиевтің Snow Leopard Foundation қоры;
- WWF Орталық Азия бағдарламасы;
- Экожүйені сақтау бойынша халықаралық ынтымақтастық қоры;
- Халықаралық жабайы табиғат қоры.