Тікелей эфир

Браконьерлер басқа шықты: киікті қорғаймын деп тағы бір қорықшы қаза тапты. Жаңалықтарға шолу

10 мың доллар пара алу кезінде ұсталған судья ақталып шықты. Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды.

Алматыда тауда демалғандарды тонаумен айналысқан қарақшы ұсталды

Зардап шегушілердің айтуынша, Бутаковка ауданында демалуға барғандарды белгісіз біреу пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Ұялы телефондарын тартып алған. Арыз түскен аумақтан полицейлер оқиғаның ізін суытпай 37 жастағы адамды ұстаған. Медеу аудандық полиция басқармасының басшысы Б.Тотыбаевтың хабарлауынша, күдікті бірқатар қылмыс жасағаны үшін бұған дейін істі болған. Қалада тұратын жері болмаған соң, лашық салып алып, тауда тұрған. Өзін асырау үшін қылмысқа барған. Демалушыларды канцеляриялық пышақпен қорқытып, ақшасын, құнды заттарын алып кетіп отырған. Жапа шеккен азаматтың біреуіне тіпті пышақ та сұғып алған. Абырой болғанда денсаулығына айтарлықтай қауіп төнбепті.

Зардап шегушілер күдіктінің қасында өзінен үлкен сыбайласы болғанын айтып, шағымданған.Тәртіп сақшылары оның да жеке тұлғасын анықтапты, әзірге іздестіру үстінде. Полицейлер нақ осы адамның әрекетінен зардап шеккендерге 8 (7272) 54-48-00, 8 (7272) 54-48-01 и 8 (7272) 54-48-02 нөмірлеріне қоңырау шалуға болатынын хабарлады.

Жерді сату мәселесі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қаралады

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ж.Қасымбек мәлім етті. Айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алу және жалға беруге жарияланған мараторий мәселесіне қатысты заң жобасының тұжырымдамасы таныстырылған.

Жер мәселесі аймақтарда жан-жақты талқылану үшін өңірлерге сапарлау кестесі бекітілгені белгілі болды. Бұл ретте Үкімет басшысының орынбасары аталған мәселенің Мемлекет басшысының жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қарастыруға 2019 жылдың соңына қарай ұсынылатынын атап өтті.

Ақмола облысында "Охотзоопром" инспекторларына оқ атылды, біреуі көз жұмды

Оқыс оқиға бүгін күндізгі сағат 11.00 шамасында болған. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы С.Ділдахметтің Facebоok парақшасына жариялаған ақпаратына сүйенсек, инспекторлар Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізіп, киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде Қостанай облысына тиесілі, ақ түсті "Нива" маркалы автокөліктен оқ атылып, екі инспектор жарақат алған.

Державинск қаласының аудандық ауруханасына жеткізілген инспекторлардың біреуі жарақатынан есін жия алмай, көз жұмған. "Екінші инспекторға сол ауруханада ота жасалып жатыр", деп хабарлады С.Ділдахмет.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев киікті қорғаймын деп браконьерлер қолынан қаза тапқан "Охотзоопром" кәсіпорнының инспекторы Қаныш Нұртазиновтың қазасына байланысты марқұмның отбасына көңіл айтты.

– Браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, жауапқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет. Қаза тапқан Қ.Нұртазинов марапатталатын болады. Егерь С.Оспановтың сауығып кетуін тілеймін, –деп жазды Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Жұмағалиев қауіпсіздік сертификаты арқылы жеке мағлұматтардың ұрланатынын жоққа шығарды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев телефонға ұлттық қауіпсіздік сертификаттарын орнату мәселесіне қатысты пікір білдірді. Министр сертификатты орнату кезінде азаматтардың жеке мәліметтері жария болмайтынына сенімді. "Мұндай мүмкіндік жоқ. Егер бола қалған жағдайда бұл қылмыстық жауапкершілік. Сайып келгенде бәрі заңнама аясында жасалады" деп қысқа қайырды.

Десе де Министр өзінің құрылғысына қауіпсіздік сертфикатын әлі орнатпапты. Ұялы телефонына байланыс операторынан смс-хабарлама келмеген. Ал, ұлттық сертификатты орнатудың артықшылықтары ретінде ақпараттық қауіпсіздік пен балаларды қажетсіз контенттен қорғауды атап отыр. Бұл ретте сала басшысы сертификаттың жеке тұлғаға тіркелгеніне қатысты сұраққа жөнді жауап бере алмады.

Ағаштарды жылжымайтын мүлікке теңестіру керек

Қырғыз депутаттары осындай бастама көтерді. Жасыл желектерді қорғауға арналған жаңа заң жобасында әрбір ағашты есепке алып, заңмен қорғау мәселесі қарастырылған. Ағаштарды кескендерге, қоршаған ортаға зиян келтіргендерге айыппұлдар салу да тыс қалмайды.

Құжат қабылданса көп жылдық көшеттердің әрқайсысы бір-бір жылжымайтын мүлікпен теңестіріледі. Депутат Айсұлу Мамашева заң жобасымен аймақтарды көгалдандыруға кәсіпкерлер де міндеттелетінін мәлім етті.

Қазақстанда экспорттаушылар үшін бірыңғай терезе құрылады

Қаржы министрі Ә.Смайылов осылай деп хабарлады. "Qaz Trade аталатын бірыңғай терезе аясында экспорттаушыларды қолдаудың барлық шаралары бір жерге шоғырланады" дейді Министр.

Еуразиялық экономикалық одақ ауқымында мемлекеттің келіссөз позициясын нығайту мақсатында да бірқатар бағыттарға ерекше назар аударылмақ. Осы орайда Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс органдарында Қазақстанның өкілдігін күшейту ескерілген. Серіктес елдердің нарықтарына қазақстандық тауарларды ілгерілетуге кедергі болатын себептер қаралып жатыр.

10 мың доллар пара алу кезінде ұсталған судья ақталып шықты

Алматы қаласының Әуезов аудандық №2 сотының судьясы Андрей Штейнке 2019 жылы 2 ақпанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен ҚР Жоғарғы Сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бірлескен іс-шаралары нәтижесінде 10 мың АҚШ долларын алу кезінде ұсталған. Алматы қалалық сотының төрағасы Н.Әбдіқанов бүгін оның ақталып шыққаны туралы ақпарат таратты. "Маған бүгін үкім шыққаны туралы хабарлады. Ол кінәсі дәлелденбегендіктен ақталып шықты" деді сот төрағасы.

Андрей Штейнке судья этикасына қарсы қылық жасағаны үшін жұмысынан босатылған. Аймақтың бас судьясы жарты жылда Алматыда заңды өрескел бұзған 3 бірдей судья қызметінен кеткенін жария етті.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. 24-25 шілдеде Маңғыстау облысының кей жерлерінде 43 градус өте қатты ыстық сақталады. 24 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде найзағай, дауыл. Күндіз кей жерлерде бұршақ. Солтүстік-батыстан соғатын желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с жетеді. Өскемен қаласында найзағай, бұршақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соққан желдің күші 15-20 м/с дейін жетеді. Семей қаласында 24 шілде күні найзағай, бұршақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соққан желдің күші 15-20 м/с дейін жетеді. Таңертең және күндіз 24 шілдеде Қостанай облысында кей жерлеріңде найзағай күтіледі. Солтүстік-батыстан, солтүстіктен жел соғады, күші күндіз кей жерлерінде 18 м/с күтіледі.

Baq.kz: Арыстағы жөндеу жұмыстары бір айда аяқталады. "Қазір Арыста 10 мыңнан астам құрылысшы жұмыс істейді. Жұмыстың сапасы жақсы. Белгіленген мерзімде – бір айдың ішінде жұмыстар толығымен аяқталады. Біріншіден, ол – тұрғын үйлер. Тек қана тұрғын үй емес, бизнес объектілері, әлеуметтік нысандар - ауруханалар, мектептер, балабақшалар, жолдар, инфрақұрылым бар" деді Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек.

24.kz: 1$= 384,06 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 384,06 теңге болды.

Серіктестер жаңалықтары