Тікелей эфир

Қазақстанға табиғи тән жәндіктер азайып бара жатыр

pikabu.ru сайтынан алынды
pikabu.ru сайтынан алынды
Осылай деп энтомологтар дабыл қағып жатыр. Кейбір түрлері күрт кемігенінен қызыл кітапқа еніпті. Бұл қауіпті ме? Жәндіктер жойылып кетсе, не болады?

Жәндік дегенде көбіміз пайдасынан гөрі зиянды жағын айтамыз. Тіпті көргенде денеміз түршігіп, бойымызды үрей билейтін түрлері бар.

35 жыл бұрын америкалық биолог Терри Ирвин жәндіктерді санау мақсатында бір эксперимент жасаған. Ирвин тоғайлардағы жәндік түрлерінің ормандағыдан екі есе аз болатынын есептеген. Осылайша ол жер бетінде жәндіктердің кемінде 30 миллион түрі бар деген қорытындыға келеді.

Бұл жөнінде ғалымдар әлі күнге дейін дауласып келеді. Осы көрсеткіштен төмендеген жағдайда табиғат апатқа ұшырайды екен.

Неге десеңіз...

Қанқызы қоңызын бақшаға жіберсеңіз, өсімдік биттерін тазалап шығады

Профессор, доктор Крыстю Тулешковтың қазақша нұсқаға аударылған "Жәндіктер тіршілігі" кітабына сүйенсек, олар 350 млн жылдай бұрын, палеозой дәуірінің ортасында, яғни девон кезеңінде пайда болған.

35 жыл бойы жәндіктерді зерттеп жүрген Перизат Есенбекованың айтуынша, қанқызы тіпті жылыжай көкөністеріне қауіпті болып табылатын зиянкес сымырларды (щитовки) да құртып жібереді. Дернәсілдері де (личинка), ересектері де өсімдік биттерін, кокцид, тіпті өрмектор кенелерді де жояды. Қолайсыз жағдайда да қанқыз саны тез өсіп, зиянды жәндіктерді жейді.


Әлем халықта ежелден шіркейлердің, аққанаттылардың, құрттардың, сымырлардың және өрмекшілердің бітіспес жаулары екенін біледі

Әлем халықтары ежелден шіркейлердің, аққанаттылардың, құрттардың, сымырлардың және өрмекшілердің бітіспес жаулары екенін біледі / beetlestop.ru сайтынан алынды


Кофе, кокос және цитрус тұқымдастары плантацияларын және тұт ағаштарын сымырлардан қорғап қалу үшін қанқызыны пайдаланады. Бұл үшін оларды бір құрлықтан екіншісіне тасып та жеткізген. Кішкентай ғана қанқызы – табанды жауынгер. Өйткені, ол өзі тіршілік ететін мерзім ішінде 6 мыңға дейін өсімдік биті мен сымырларды жеп жояды. Кейбір бақша қанқызының, картоп қанқызының егілген өсімдіктерді жеп, зиян келтіретін кездері де болады екен.


Жетідақты қанқыз бір тәулікте 80-ге дейін алма битін жояды

Жетідақты қанқыз бір тәулікте 80-ге дейін алма битін жояды / httpdroidboom.ru сайтынан алынды


Жылан дәуіттен қорқады

"Қарлығаш пен дәуіт" ертегісі естеріңізде болар. Балапандарына нәпақасын тауып бермек болып кетіп қалғанда, қарлығаштың ұясына жылан өрмелеп шығып бара жатады. Мұны көрген қарлығаш шырылдап, балапандарына араша іздейді. Сол кезде дәуіт көмекке келіп, екі аяғымен жыланның көзін ағызып жібереді.

"Дәуіт бар жерде жылан жүрмейді", "Дәуітке көзінен айырылар жылан кездеседі", "Жылан дәуіттен қорқады", "Дәуітке тәу еткен құр қалмас", "Дәуітті жер тәуір жер", "Дәуіт үйге келсе, пәле-жала есіктен кетіп, құт-береке төбеден келеді" дегеннен-ақ бұл жәндікке деген құрметтің өлшемін шамалай беріңіздер.

Бұдан бөлек темір ұстаның пірі – Дәуіт пайғамбар туралы аңыз-әфсананы білетін шығарсыздар. Мысалы, Дәуіт пайғамбардың тұсында Ғайдуна деген қалаға ордалы жылан қаптап кетеді, тіпті оның көптігі сонша аяқ басар жер қалмайды. Жыланмен күресуге шамасы келмеген патша елінің ақсақалдарын жиып алып, олардан қалай құтылудың жолын сұрайды.

Сонда қариялардың бірі Дәуіт пайғамбардан көмек сұрауды өтінеді. Дәуіт пайғамбардың негізгі кәсібі – ұсталық екен. Ол кеудесіндегі жейдесінен бір түймені үзіп алып, төске қойып үш рет ұрғанда түйменің ұсақ бөлшектерінің бәрі де дәуітке айналып кетіпті.

Осы жәндікті Дәуіт пайғамбар келген хабаршыға бере отырып, оларды қалаға кіргенде босатып жібер депті. Солай істеген кезде дәуіттер тез арада жыландардың көздерін алдыңғы аяқтарымен ойып, қаланы ордалы жыланнан тазартқан.

Дәуіт ауыл шаруашылығына зиянды жәндіктермен қоректенеді

Дүниежүзінің түрлі аймақтарында дәуіттің 2 мыңнан астам түрі кездессе, ал Қазақстан аумағында 20-ға жуық түрі таралған екен. Соның ішінде ағаш дәуіт (ақтеңбіл дәуіт) пен қысқақанатты дәуіт омыртқасыз жануарларға арналған Қызыл кітабының 2006 жылғы соңғы үшінші басылымында тіркеліпті.

Ал, ағаш дәуіті еліміздің тек Оңтүстік Қазақстан облысының шағын тораңғы және жиде ағаштары өсетін тоғайлы алқабында ғана таралған. Дәуіттің өз қорегін аңдып отырған бейнесі Құдайға құлшылық етіп отырған көрінісіне сәйкес болғандықтан орыстар «богомол» деп атаған.

Бір қызығы, жемтігінің басы мен аяқтарын жемейді. Шегіртке тек жақыннан көретін болғандықтан, көбіне дәуітті жеуге болатын көк шөп деп ойлап қалады екен. Сөйтіп, шегіртке денесінен 40 есеге дейін ұзын қашықтыққа секіргенімен дәуіттің қысқышына ілініп қалады.

Дәуіт көп қорек талғамайды, әрі ол өте қомағай жәндік. Кейде ағзасына нәруыз жетіспеген кезде аналығы аталығымен, ұрпақтарымен де қоректене беретіндігі дәлелденген.

Ал, дәуітпен нелер қоректенеді?

Жабайы ара дәуітті арқасымен жылжытып, оның кеудесін қанаттарының үстінен орап алады. Сол кезде дәуіт қозғала алмай қалады. Оның кесіртке, құрбақа, құстардың да жемтігі екенін жәндіктерді зерттеуші Перизат Есенбекова айтады.


Дәуіт ауыл шаруашылығына зиянды жәндіктермен қоректенеді.

Дәуіт – мойнын төрт құбылаға, яғни 360 градусқа оп-оңай бұратын жер бетіндегі жалғыз жәндік / yaplakal.com сайтынан алынды


500 гр бал үшін аралар 2 миллионнан аса гүлден балшырын жинауы керек

Бір маусымда ара ұясы 100-200 келі бал жинайды. Яғни, жұмысшы ересек ара аптасына 6-7 келі балды қорға қосады. Ауыз қуысындағы шырындар бірте-бірте балға айналады. Ұядағы жас аралар сірнені тор көзшелерге салып, желдетіп, артық ылғалын жояды.

Көзшелер балға толған соң, оны балауыз қақпақшамен жабады. Зер салсаңыз, бал құйылатын ұя керегесі аса жоғары геометриялық дәлдікпен жасалынады. Алты бұрышты, әрбір қабырғасы мен бұрыштарының өлшемі үйлесімділікпен салынған.

– Жәндіктер өсімдіктерді тозаңдандырады. Сондықтан, оларға жағдай жасау керек. Соңғы кездері ауыл шаруашылығы дақылдарын тозаңдандыру үшін жасанды ұялар жасалынып жатыр. Тозаңдандырғыш жәндіктерді еліктіру арқылы дақылдардың өнімін көбейту жұмыстары қолға алынуда. Бұл тек бастамасы ғана, – дейді Перизат Есенбекова.

Ара мен құмырсқалар еңбек етпейтіндерін талап өлтіреді

Былай қарасаңыз, ара – басында бір шөкім миы жоқ жәндік. Бірақ олардың ұясында тепе-теңдік қатаң сақталады.

Әлемде аралардың 20 мыңға жуық түрі бар. Бір жүйеден ауытқымай 5-6 ай ғана тіршілік етеді. Бір ұяда бір аналық ара, бірнеше жүз еркек ара және ондаған мың (100 мыңға дейін) "жұмысшы" ара болады. Ал, сол ұяда екінші аналық пайда болса, ұрғашы ара енші алуға асығады. Әрқайсысы өзінің қызметін мүлтіксіз атқарады.

Еркек аралар аналығын ұрықтандырғаннан басқа ештеңе бітірмейді. Көбейіп кеткен еркек аралардың кейбірін қысқышпен ақырын алып тастайды. Ұяның аузында екі күзетші ара тұрады. Ұшып келіп жатқан араларды тексеріп, әкелген шырыны болмаса, кіргізбестен қайта ұшырып жібереді. Тәртіпке бағынбағандарының желкесі қиылады. Неткен жүйе, қатал тәртіп!


Дұшпанын шаншып алғаннан кейін бізгегі жараның ішінде қалғандықтан,олардың көпшілігі өлім құшады.

Ара жанкешті. Дұшпанын шаншып алғаннан кейін бізгегі жараның ішінде қалатындықтан, олардың бәрі өлім құшады / collective-evolution.com сайтынан алынды


Табиғатта әр жәндіктің өз орны бар

Сенесіздер ме? Масаның басында 100 көз, аузында 48 тіс, үш жүрегі болады екен. Тұмсығында 6 кескіші бар. Оның әрқайсысы әртүрлі қызмет атқарады. Қараңғыда адамның терісін анықтап, оған сия түсті түс беретін арнайы мүшесі болады.

Олар қанның құрамын, тобын оңай ажыратады. Сол себепті кез-келген түрін сорып ала бермейді. Сізді маса көп шағатын болса, демек I-II топтағы тәтті қанның иесісіз.

Масалардың иісті де жақсы сезеді. Адамның терлеген" иісін 60 км қашықтықта біледі екен.

– Маса судағы өсімдіктерге, шалшық суға дернәсілдерін шашады. Олар құрт тәрізді, аяқтары болмайды. Су қоңыздары, инеліктің дернәсілдері масаның дернәсілдерімен қоректенсе, ал балық шабақтары соларды азық етеді. Көрдіңіз бе? Егер табиғатта тіршілік тізбегінің бір жері үзілсе, ары қарай табиғат апатқа ұшырайды. Сондықтан, табиғатта ешнәрсені түбегейлі жоюға болмайды. Табиғаттағы әрбір тірі ағзаның өз орны бар, – дейді Перизат Есенбекова.

Масаның бәрі адамның қанын ішпейді

– Аналығы адамның қанымен қоректенгенде ғана суға жұмыртқасын шашады. Егер су температурасы жоғары болған жағдайда, дернәсілдері көптеп таралады. Ақпайтын шалшық суларда жақсы дамиды, – дейді ол.

Масалар ұзын сирақты, беріш, қансорғыш шіркейлер, ызылдауық болып бөлінеді. Соның ішіндегі ұзын сирақты масалар дернәсілдері сияқты қара шірікпен, өсімдік тамыры, балдырмен қоректенеді. Олар адамға безгек, лейшманиоз ауруын таратады. Сол себепті белгілі мөлшерден асып кеткен жағдайда, оларды жою қарастырылады. Сонымен қатар еліміздің "Қызыл кітабына" масалардың бес түрі тіркелген.


Маса дернәсілінің басы жақсы жетіледі

Маса дернәсілінің басы жақсы жетіледі / tvc.ru сайтынан алынды


Құстар азайса – қорегі жәндіктердің таусылғандығы

– Құстар кейде тіршілік етіп жүрген жерінде азайып, не мүлдем жоқ болып кетеді. Демек, олар азығын іздеп, басқа қолайлы ортаға қоныс аударды деген сөз. Олар да адам сияқты. Бір кездері майна құсы пайда болып, шымшықтардың көзін құртқаннан кейін өздеріне қолайлы жерге ұшып кетіп еді, – дейді ғалым Перизат Есенбекова. Айта кету керек, Қорғалжын қорығында қоқиқаздардың саны азайып келеді. Орнитолог мамандар олардың қорегі болатын құрттың мұнда азайып кеткенімен түсіндіреді.

1970 жылдан бері Британияда көптеген жәндіктердің жоғалып кетуі егістік жерлерді мекендейтін құстардың екі есе азаюына әкелді. Кей құстарға қатысты мұны "азаю" емес, апат деуге болады. Мысалы, балапандары жүгері өсетін жерлердегі жәндіктерді жейтін сұр қырғауылдар мен ұшатын жәндіктермен қоректенетін алашұбар шыбыншы торғайдың саны 95%-ға азайса, ірі қоңыздарды жейтін қызылқанат суық торғайлар мүлдем жойылып кеткен.

Кейбір жәндіктер өзінен у шығаратындықтан, құстар оларға тиіспейді

– Ала көбелекке жыртқыш жәндіктер де, құстар да тиіспейді. Өйткені, өміріне қауіп төнген жағдайда дәмі аса жағымсыз сары тамшылар бөледі. Барылдауық қоңыз да өзінен у шашады. Осының бәрін білетін құстар оларды көргенде жанынан ұшып кете береді. Қанқызын кесіртке немесе қандай да бір құс жейге оқталса, аяғының бүгілген жерінде қызғылт-сары түсті тамшылар, "сүт" пайда болады. Есесіне оның дәмі де, исі де жағымсыз болады. Тіпті сиыр, ешкі, қойлар шөпті жер алдында жәндіктерге мән береді, – деп қызықты дерек келтірді Перизат Есенбекова.

Аполлон, махаон көбелектері Қызыл кітапқа енген

– Көбелектердің көпшілігінің қанаты 50-130 мм жетеді. Аполлон мен махаондардың қанат құлашы 28 см-ге дейін жететін түрлері де бар. 1400-2100 м қашықтықта ұшатындықтан көбіне Тянь-Шань шатқалында кездеседі, – делінген Перизат Есенбекованың ғылыми мақаласында.

Көбелектердің дернәсілдері кәдімгі алма, алмұрт ағаштарының жапырақтарын кеміретін жұлтдызқұрттар. Бұл кезде олар зиянкес болып табылады. Қанатын қатайтқаннан кейін ғана өзінің нағыз пайдалы әрекетіне көшеді.


Аполлон көбелекке айналмай тұрғанда жұлдызқұрттары топтасып тіршілік етеді

Аполлон көбелегі шілде мен тамыздың ортасына қарай ұшады / animalworld.com.ua сайтынан алынды


Өсімдіктің ұрық салуы үшін бір гүлдің тозаңын екінші гүлге көшіру қажет. Міне, аралар, шырынның тәтті тамшысына бола ұшып келген көбелек осыны жүзеге асырады. Сол сәтте оған тозаң да жабыса қалады. Көбелек келесі өсімдікке көшеді, ал оның аяқтарына ілесе келген тозаң да көрші гүлге қонып үлгіреді.

Бал арасы ең сезімтал жәндік болғандықтан, сынақ жүргізіледі

Зиянкестерді де жаппай құрта беруге болмайды. Тек олардың саны экономикалық белгілі бір шектен асқанда ғана. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің бас сарапшысы Қуаныш Сейтқазин түсіндіріп берді.

– Пайдасы орасан зор жәндіктерге улы химикаттардың кері әсері болмас үшін арнайы сынақ ұйымдастырылады. Кәдімгі бал арасына пестицидтердің зияны тимеген жағдайда ғана тәжірибе жасалады. Қорғалатын аймақтарда, өзен-көлдердің жағасында және бал аралары мекендейтін жерлерде төртінші санаттағы дәрілерді пайдаланылады, – дейді ол. – Арнайы тіркелген химикалық қоспаларды ғана пайдалануға рұқсат беріледі. Өңдеу жұмыстары жүргізілген кезде алдын ала ауыл шаруашылығындағы өндірушілер мен тұрғындарға хабарлама беріледі. Сонымен қатар шектеулі зиянкестермен күресу жолында мемлекеттен субсидия бөлінеді. Оған аймақтағы ауылшаруашылық басқармалары арқылы қол жеткізуге болады.

Тізімдегі зиянкестер көбейіп кеткенде ғана субсидия беріледі

Олар:

  1. Үйірлі шегіртке тектестер (азиялық, мароккалық және итальяндық прус);
  2. Зиянды бақашық;
  3. Астықтың сұр көбелегі;
  4. Гессен шыбыны;
  5. Астық қоңыздары;
  6. Мақта көбелегі;
  7. Өрмекші кене;
  8. Саршұнақтар;
  9. Тышқан тәрізді кеміргіштер;
  10. Колорадо қоңызы.

Биологиялық жолмен күресу дегеніміз не?

Жоғарыда жәндіктердің кез-келгенінің немен қоректеніп, неден қорқатыны жөнінде мысал келтірдік. Бұл – табиғат заңдылығы. Осы экологиялық тепе-теңдікті бұзбас үшін арнайы шаралар қарастырылып жатыр.

– 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламада өсімдіктерді қорғау барысында биологиялық заттарға көшу қарастырылыпты. Алдағы жылда мақта дақылдарының аса қауіпті зиянкестерімен күресу үшін биотәсілге жүгінбекпіз. Мысалы, Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты ЖШС-ның "Оңтүстік Биофабрикасы" филиалына тиесілі Мақтарал ауданындағы биофабрика. Жыл бойы биоагенттердің (зиянкестерді жоюшы) аналығы сақталып, көбейтіледі, – дейді Қуаныш Сейітқазин.

Түсіндіре кетер болсақ, зиянкесті өзі қорқатын жәндік арқылы азайту шаралары. Мысалы, шегіртке қаптап кеткен кезде, егіншілікке зияны тигізетіні сөзсіз.

– Бір шаршы метрге бес шегірткеден асып кеткен жағдайда, оларға қарсы күрес жолдары қарастырыла бастайды. Әсіресе мароккандық шегірткеге қолайлы ауа райы болса, 4-5 күннің ішінде тез таралып үлгереді. Оның санын кәдімгі ала торғай арқылы шектеуге болады. 2015 жылы Ресейден қорек іздеп, біздің елге шегірткелер жаппай ұшып келгенін білеміз. Соңғы жылдары осы тектес оқиға тіркелген жоқ. Басқа мемлекеттерге ұшу фактілері де, – дейді Қуаныш Сейітқазин.


Егістіктерге зиян келтірмеу мақсатында республикалық бюджет есебінен үш жылға алдын ала бюджет құрылады

Егістіктерге зиян келтірмеу мақсатында республикалық бюджет есебінен үш жылға алдын ала бюджет құрылады, – дейді Қуаныш Сейтқазин / inform.kz сайтынан алынды


Жәндіктерді зерттейтін энтомологтар жетіспейді

– Жәндіктерді түбегейлі дұрыстап зерттейтін болса, ғылыми жаңалықтар ашуға болады. Ол үшін жәндіктермен ерте көктемде бірге тұрып, олар ұйқыға кеткенше бірге тіршілік ету керек. Сонда ғана олардың тіршілігі жайлы толық мағлұмат алып, көптеген сұрақтарға жауап табуға болады. Мысалы, досыңызбен, туысыңызбен, тіпті көршіңізбен араласу үшін де олардың мінез-құлқын "беске" білуіңіз керек қой. Тура сол сияқты әрбір ғылымның қатпарына тереңірек үңіле білу керек, – дейді энтомолог Перизат Есенбекова.

Ұшатын жәндіктердің Германияда 1989 жылдан бері 25 пайызға азайғанын натуралист, жазушы Майкл Маккарти The Guardian газетіндегі мақаласында айтады. Ал біздің елде ше?

Жәндіктермен айналысатын зертхана жабылып қалған

Біздің елде қандай жәндіктердің жоғалып кеткені жөнінде ғылыми зерттелген толық ақпарат жоқ екен.

– Оған жәндіктің әрбір тобымен айналысатын маман жеке-жеке жауап беру керек. Мысалы, бір топ жартылай қатты қанаттыларды алатын болсақ, оның 40 мыңнан астам түрі бар. Онымен түбегейлі айналысып, толыққанды ақпаратты білуге бір ғана маманның өмірі жетпейді. Егер іргелі ғылымға көңіл бөлініп, қаржы берілетін болса, онда толық ақпаратты беруге болатын еді. Қазіргі күнде зоология ғылыми-зерттеу институтында жәндіктермен айналысатын зертхана жабылып, маман қалмады. Сондықтан, бұл сұраққа біржақты жауап беру мүмкін емес, – дейді Перизат Есенбекова.


Жәндіктердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бірі жойылса, екіншісінің де саны азаяды

Жәндіктердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бірі жойылса, екіншісінің де саны азаяды / wallbox.ru сайтынан алынды


"Жәндік екеш жәндік те баласын тастамайды"

– Кейбір аналардың балаларын қоқысқа тастап кеткенін естігенімде, жәндік құрлы болмағанына қынжыламын. Олар дернәсілдерін үстіне арқалап, астына басып отырады. Кейбірі әрқайсысына тамақ салып, інінің аузын қымтап кетеді. Осылардан үлгі алса екен деймін, – деп түйіндеді ойын Перизат Есенбекова.

Иә, жәндікті көрсе, аяғымен мыжып кететіндер олардың да тіршілік үшін жанталасып жүргенін білсе ғой. Адам өміріне қауіп төніп, егін алқаптарына зияны тиген жағдайда ғана шектеулі мөлшермен ғана санын азайтқаны дұрысырақ. Осы тұста Фирдоусидің "Дән көтерген құмырсқаға тимеңдерші, алысқаны өмір ғой" деген сөзі еске түседі.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары