Тікелей эфир

НОД-тың Қазақстандағы офисі ҰҚК-нің қасында ма?

Factcheck редакциясы Евгений Федоров басшылық ететін "Ұлт-азаттық қозғалыс" ұйымының штабы елордада бар-жоғына зерттеу жасады.

Factcheck тілшісі Медет Есімханов ресейлік НОД қозғалысының қызметіне шолу әзірледі.


2020 жылғы желтоқсанның ортасында "Единая Россия" партиясының депутаты Евгений Федоров өзінің әріптесі Вячеслав Никоновты қолдай отырып, "Ресей Қазақстаннан кейбір жерлерді беруді талап етуі керек" деп мәлімдеді. Никонов пен Федоровтың мұндай мәлімдемелері әлеуметтік желідегі дау-дамайға ұласып, тіпті түрлі фейктің пайда болуына себепші болды.

Осыған қоса жақында әлеуметтік желіде тағы бір ақпарат жаппай тарала бастады, оған сәйкес жоғарыда аты аталған Евгений Федоров басшылық ететін "Ұлт-азаттық қозғалыс" ұйымының Астанада өз штабы бар және ол дәл ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратының жанында орналасқан екен.

Ескерту: Оқырманға түсінікті болу үшін "ҰАҚ" деген қысқартуды орыс тіліндегі "НОД" қысқартуы күйінде қалдырдық. "ҰАҚ" және "НОД" қысқартулары бір мағынада қолданылады. "ҰАҚ ұйымы Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігіне ашық түрде қауіп төндіріп тұр, ол мемлекеттік жүйе мен шекараны бұзуға, еліміздің кей аймақтарын Ресей құрамына қосуға, Ресей президентіне бірден Қазақстанның уәкілетті басқарушысы мәртебесін беруге шақырады, сондай-ақ КСРО-ның бұрынғы шекарасын қалпына келтіруді талап етеді", делінген тарап жатқан хабарламада.

Сонымен қатар Қазақстанда ҰАҚ-тың 7 мыңнан астам мүшесі бар екені айтылады. Біраз оқырманымыздың өтініші бойынша біз бұл ақпаратты тексеріп көрдік, қорытындымыз – бұл жалған. Бізге ақпаратты таратқан автордың мұны нақты не үшін істегені белгісіз, мүмкін осындай резонанс тудыратын тақырыпты қозғау арқылы өзіне қаралым жинап, трафигін көтергісі келген болар. Төменде бәріне толығырақ тоқталайық.

Қысқаша қорытынды

  • Расымен, ҰАҚ-тың ұстанатын басты мақсаты – КСРО-ның 1945-1991 жылдардағы аумағын қалпына келтіру. Бұл туралы ұйымның сайтында жазылған. Сондай-ақ, олар Ресейді АҚШ отаршылдығынан босатуға, Ресейден "отаршылдық БАҚ-ты" алып тастауға және Ресей Федерациясының Орталық банкін мемлекетке қайтаруға жұмыс істеп жүр.
  • Қазақстанда ҰАҚ-ты, шынымен, 7 мың адам қолдай ма, жоқ па белгісіз. Сондай-ақ олар өткізген түрлі акциялардың өткен-өтпегені де нақты емес. Ұйымның ТМД және КСРО-ға бұрын мүше болған елдерде штабтары және жеке сайттары бар. Бір айта кетерлігі, ол сайттың барлығы негізгі сайттың көшірмесі ғана, себебі әр сайтта көрсетілген сандар барлығында бірдей. Сайттардағы жалғыз айырмашылық – сайт доменіне ұйым жұмыс істейтін мемлекеттің немесе сол елдің астанасының атының болуы.
  • ҰАҚ сайтында көрсетілген мекенжайда көпқабатты тұрғын үй орналасқан, ал осы ғимараттағы ұйымдар арасында ҰАҚ жоқ. ҚР ІІМ қызметкерлері мәліметтерді тексеріп, ешқандай "ҰАҚ кеңсесін" таппаған.

НОД дегеніміз не?

Ұйым ұсынған мәлімет бойынша, "Ұлт-азаттық қозғалыс" – 2012 жылы Ресейде құрылған саяси бірлестік. ҰАҚ белсенділерінің айтуынша, 1991 жылғы қырғи қабақ соғыстағы жеңілістен кейін посткеңестік елдер АҚШ-тың отарына айналды. Олардың пікірінше, Ресейдің отаршылдық және құлдық мәртебесі Ресей Федерациясының Конституциясындағы 13.2 және 15.4 баптардың болуымен дәлелденеді. Ұйым мүшелері дәл осы баптарды жоюды көздейді.

Анықтама үшін: 13.2-бап бойынша: "Ешқандай идеологияны мемлекеттік немесе міндетті деп белгілеуге болмайды". 15.4-бапта бойынша: "Халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары және Ресей Федерациясының халықаралық шарттары оның құқықтық жүйесінің ажырамас бөлігі. Егер Ресей Федерациясының халықаралық шартында заңнамада көзделмеген өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады".

ҰАҚ-тың пікірінше, Ресейдің қазіргі Конституциясын АҚШ жазып берген, жекешелендіру АҚШ-қа салық төлеу үшін жасалды, ал елдегі БАҚ АҚШ-қа жұмыс істейді. Жалпы алғанда, 1991 жылдан кейін Ресейде болған көптеген өзгерістерге, мейлі жақсы болсын, жаман болсын (ҰАҚ белсенділерінің пікірінше, бәрі жаман) АҚШ-тың тікелей әсері бар. Ондағы мақсат – славян халқының көзін құрту.

ҰАҚ белсенділері Ресей президенті Владимир Путинді қолдайды және Ресей Федерациясының Конституциясына енгізілетін түзетулерге дауыс беруге белсенді қатысқан. Енді ол түзетулерге сәйкес Путин мемлекет басшысы лауазымына тағы екі рет ұсыныла алады. ҰАҚ Путиннің саяси қарсыласы Алексей Навальныйды ОББ (ЦРУ) агенті деп санайды.

ҰАҚ әлеуметтік желіде айтарлықтай белсенді, оның Facebook-те (2,4 мың жазылушы), Одноклассники-де (1,8 мың жазылушы), ВК-да (200 жазылушы) топтары және Instagram-да парақшасы бар (22,8 мың жазылушы). Сондай-ақ ҰАҚ-тың посткеңестік елдердің барлығында жеке сайттары бар: Украина, Беларусь, Қазақстан, Латвия, Литва, Эстония, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан.

Қазақстанда НОД-тың 7 мың мүшесі бар ма?

Егер астанадағы "ҰАҚ штабының" сайтын қарайтын болсақ, онда ұйымның сондай белсенділігі еліміздің ақпарат алаңында қалайша байқалмай қалды деген сұрақ туындайды. Сайттың басында "+7051 адам" деп көрсетілген, ақпарат таратқан авторлар бұл Қазақстандағы белсенділердің саны деп ұқса керек. Алайда сайт бойынша төмен түсе берсеңіз, басқа да сандарға тап боласыз. Сайтта "қазірдің өзінде қатарымызда 194 537 адам бар" деп жазылған және бүкіл Қазақстан бойынша 28 мыңнан астам іс-шара өткізілген-мыс.

Бұл жазылған сандарға мән бермеуге де болады. Себебі дәл осындай ақпарат ҰАҚ-тың барлық қосалқы сайттарында қайталанып жазылған. Сайттарда тек елдің атауы өзгеріп отырады, қалған ақпарат бір-бірінен аумайды, тіпті сөйлемдеріндегі қателер сол күйінде қайталанып жүр.

Бұдан бөлек, барлық сайттың ішіндегі қалған ақпарат та бір-бірінен аумайды. Негізі нақты жұмыс істеп тұрған бір-ақ қана сайт бар, қалғаны соның көшірмесі. Мәселен сайт бойынша тағы төмен түсе берсеңіз, штабта жұмыс істейтін қызметкерлер туралы ақпаратқа тап боласыз, сонда штабтар әртүрлі болғанымен жұмыс істейтіндер бір адам екенін байқайсыз. Шамасы, бұл – қозғалыстың Ресейдегі өкілдері.

Бір қызығы, біз сайттардың скриншотын жасағаннан кейін астаналық штабтың сайтындағы адам саны бірден 4 қатысушыға артты, ал басқа сайттарда қатысушылар 7-ге "көбейді". Қалай болса да бұл сандар белгілі бір елдердегі (Ресейден басқа) ҰАҚ мүшелерінің санын көрсетеді дегенге келмейді. Себебі барлық сайттардың бір-бірінен айнымайтыны тым күдікті, ал оған "тіркелу" үшін ештеңені қажет етпейді, кез келген адам кіріп, әртүрлі деректерді жүктей алады.

Біз ҰАҚ-қа, шынымен, 195 мыңға жуық адам мүше ме, жоқ па білмейміз. Олардың сайттағы мәліметтеріне емес, әлеуметтік желідегі топтардағы жазылушылардың санына қарайтын болсақ, бірлестікті қолдайтындар аса көп емес екенін болжауға болады. Екінші жағынан, ҰАҚ-тың негізін қалаушы Евгений Федоровтың "Одноклассники" сайтындағы бейресми парақшасына 47 мың адам жазылған. Ол жерде қозғалыс идеалдары белсенді түрде насихатталады.

ҰАҚ-тың негізгі сайты жақында, яғни 2018 жылғы наурызда тіркелген. Демек қалған сайттар да шамамен сол уақытта немесе кейінірек ашылған. Facebook-тағы топ 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Ал ВК-дағы топ биыл мамырда ғана ашылған, сондықтан онда жазылушылардың саны көп емес, нақты айтсақ, осы мақала жазылған кезде 204 жазылушы болды.

НОД Қазақстанда 28 мың шара өткізгені рас па?

Бұл статистика тұрғысынан мүмкін емес. ҰАҚ 2012 жылы пайда болды. Егер олар осы уақытқа дейін Қазақстанда 28 мың акция өткізді дегенге сенсек, онда ҰАҚ елімізде күніне 10 іс-шара өткізуі тиіс еді. Ал сіз осыған дейін олар туралы бірдеңе естідіңіз бе?

ҚР ҰҚК-мен көрші болуы

Астаналық ҰАҚ-тың сайтында штабтың мекенжайы "Сығанақ көшесі, 19 үй" деп көрсетілген. Мұқият адамдар штабтың Сығанақ көшесі, 20 үйде орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының жанында екенін байқаған. Алайда бұл екі ғимарат бір-біріне жақын орналаспаған, олардың арасында шамамен 1 шақырым жер бар. Дегенмен бұл бір қызық жайт болды, Қазақстанның тұтастығына көз алартып, кей аймағын Ресейге қайтаруды жақтайтын ұйымның кеңсесі ҰҚК-ның дәл жанында орналасқан. Олар расымен сол жерде ме?

Мәселе мынада, ҰАҚ заңды тұлға емес. Сондықтан оның Сығанақ көшесі, 19 үй мекенжайы бойынша тіркелгенін не тіркелмегенін ашық деректер арқылы тексеру мүмкін емес. Бұл мекенжайда көп пәтерлі тұрғын үй орналасқан. 2GIS қосымшасы бойынша бұл үйде 9 ұйым бар, алайда олардың арасында ҰАҚ жоқ. Дегенмен ҚР ІІМ қызметкерлері де бар деректерді тексеріп көріп, бұл мекенжай бойынша ешқандай "ҰАҚ кеңсесін" таппаған.

Сайтта бұдан басқа байланыс ақпараты жоқ. Ресейдегі штабты есептемегенде барлығының электрондық поштасы бірдей. Телефон нөмірі тек Мәскеу кеңсесінде бар. Осыған қоса ұйымның кез келген сайтына кіретін болсаңыз, арнайы терезе пайда болады, оған нөміріңізді қалдырсаңыз, сізге қайта қоңырау шалады. Біз де қалдырдық, бірақ ешкім хабарласпады.

2014 жылғы "басқа" НОД

Еске салсақ, 2014 жылғы сәуірде қазақстандық БАҚ Алматыда өткен антифашистік акция туралы жазған еді. Ол кезде әскери киімдегі бірнеше ер адам Гитлер туралы жазған "Аңыз адам" журналының данасын ескі мылтықтың пышағымен кесіп-тесіп, өртеп жіберген еді.

Сол кезде ер адамдар өздерін "ҰАҚ қозғалысының мүшелері" деп таныстырды, алайда олардың ұйымы Ауған ардагерлерінің одағының бастамасымен құрылған. Қазақстандық ҰАҚ жетекшілерінің сөзінше, олар құрған ұйымның Ресейдегі қозғалысқа еш қатысы жоқ. Жергілікті ҰАҚ үйлестірушісі Бақытжан Пірімбетовтің айтуынша, олар ресейлік әріптестерінен тек Қазақстан аумағындағы ақпараттық соғыс жүргізудің технологиясын алған.

ҰАҚ-тың Қазақстанның ДСҰ-ға және Еуразиялық Одақтың бірыңғай экономикалық кеңістігіне кіруіне қарсы екені хабарланды. БАҚ-та олардың сайты бар екендігі айтылғанымен, қазір ол жоқ сияқты. Негізі содан бері ҰАҚ және оның өкілдері туралы ештеңе естілмеді. Оған себеп те бар. 2014 жылғы мамырдың соңында, яғни жоғарыда айтылған акциядан бірнеше апта өткен соң, қазақстандық ҰАҚ қаржының жоқтығына байланысты жабылып қалған.

Осылайша сол ҰАҚ-тың Евгений Федоровтың қазіргі "Ұлт-азаттық қозғалысына" және Астанадағы ҰАҚ-тың қазіргі штабына қатысы бар ма, жоқ па белгісіз.

Қорытынды

  • ҰАҚ қозғалысы, шынымен де, КСРО аумағын қайтарғысы келеді және посткеңестік аймақта өзінің радикалды көзқарастарын белсенді түрде насихаттап жүр.
  • Дегенмен, Қазақстандағы ҰАҚ-тың жұмысы мен ұйымның ықпалы туралы айту қиын. "Астана штабының" да, басқа елдердегі "штабтардың" сайты да, басты сайттың көшірмесі ғана. Сондықтан онда көрсетілген барлық сандар Ресейдегі ҰАҚ мүшелеріне қатысты болуы керек (егер оның өзі рас болса). Алайда жергілікті сайтқа кірген адам бұл сандар Қазақстанға қатысты және КСРО-ны қайтарғысы келіп жүрген мыңдаған адам бар деп ойлап қалуы мүмкін. Қозғалыс жетекшілерінің көздегені де осы болар, яғни "Ресейден басқа жерде де оларды көптеген адам қолдайды" деген түсінік қалыптастыру.
  • Сонда да тиісті органдар Қазақстандағы ҰАҚ-тың жұмысын бір тексеруі қажет сияқты, себебі қозғалыстың идеологиясы ҚР Конституциясына қарама-қайшы.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары