Тікелей эфир

Жамбыл облысында жұмысшылар Қытай компаниясынан жалақыны көтеруді талап етті

Қазір жұмысшылардың айлығы 60-120 мың теңге арасында.

Жамбыл облысында республикалық маңызы бар тасжолды жөндеп жатқан жүзге жуық жұмысшы ереулге шығып, жалақысын көтеруді талап етті. Талаптары орындалмаған жағдайда елдің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстартын жолды жауып тастамақ. Сондай-ақ, олар Қытай компаниясының үш жылдан бері дұрыс жалақы мен киім бермегенін айтып, президенттен көмек сұрады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

"Меркі-Бурыл Байтал" тасжолын салып жатқан жұмысшылар үш жылдан бері жалақысының көтерілмегенін айтып, наразылық білдірді. Айтуларынша, нысанда техникалық талаптар да сақталмаған. 

Республикалық маңызы бар тасжолдың бұл бөлігін қытайлық "Синьсин" компаниясы салып жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2019 жылы бастап, 220 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыған. Компания өкілі жұмысшылардың айлығы 60 мың теңгеден басталып, 120 мың теңгеге дейін баратынын айтады.

"Біз жобаны 2017 жылғы бағамен алдық. Қазір өзіміз де шығынға батып жатырмыз. Құрылыс заттары да еселеп өсті. Сол себепті жалақыны көтере алмаймыз", – деді "Синьсин құрылыс және дамыту компаниясы" ЖШС бас инженері Цюань Ицюань.


Оқи отырыңыз: Елде ең көп орташа жалақыны 35-44 жас аралығындағылар алады. Айына – 247,8 мың теңге


Ал әкімдік өкілдері "компанияға мүмкіндік берейік" деп елді сабырға шақырды.

"Бұлар да, астанасы да шешпейді. Мұны Қытай шешетінін білемін. Қытай тарапы үш күн ішінде шешеміз десе күтейік", – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров. 

Ақыры екі тарап та айтқанынан қайтпады. Келісімге келе алмай тарқасты. Құрылысшылар жалақысы көтерілмесе, жұмысқа шықпайтынын айтып отыр. Ал "Синьсин" өкілдері басшылықпен ақылдасып, 3 күн ішінде жалақы мәселесін қарастырып көрмек.


Оқи отырыңыз: Экономист ең төменгі жалақыны есептеу тәртібі ескіргенін айтты


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары