Тікелей эфир

Экономист ең төменгі жалақыны есептеу тәртібі ескіргенін айтты

Мақсат Халықтың есебінше, ең төменгі жалақы 78 500 теңгені құрауы тиіс.

Экономист Мақсат Халық Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке елде өзгерістер жасау үшін берген нақты тапсырмаларының бірі – жұмыссыздықты жою мен халық табысын көтеруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Бізде жұмыспен қамтылған азаматтардың ішінде "өзін-өзін қамтамасыз еткендер" дейтін категория бар. Екі миллионнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен деп осы уақытқа дейін айтылып келді. Шын мәнінде, бұл статистиканың қате екені түсінікті. Олардың жартысына жуығы өзін-өзі нақты нәтижелі түрде жұмыспен қамтамасыз ете алмай жүр. Олар үйге әкелетін табысы жоқ азаматтар", – деді экономист.

Мақсат Халық табысты арттыру үшін ең алдымен ең төменгі күнкөріс шегі мен ең төменгі жалақыны дұрыс есептеу керек екенін айтты.

"Бүгінге дейінгі жасалған есептемелердің барлығы ескірген, сонау Кеңес заманынан келе жатқан есептемелер. Нәтижесінде ең төменгі күнкөріс шегі биыл 36 мың теңге деп айтылды. Елімізде бір азамат осыншама сомаға өмір сүре алады деп көрсетіледі. Шын мәнінде халықаралық нақты стандарттарға сүйенсек, бұл сан әлдеқайда төмен. Сондықтан да орташа медиандық жалақыға қарап есептеуіміз керек. Тұтынушылық арқылы есептеудің дәуірі өтті деп есептеймін. Орташа медиандық жалақы қазір – 157 мың теңге, оның тең жартысы 78 500 теңге ең төменгі жалақы болуы керек", – деді сарапшы.

Ол халықты жұмыспен қамту орталықтарына келіп "жұмыссызбын" деп өтініш берген азаматтар ғана жұмыссыз деп танылатынын, алайда жұмыссыздар саны одан да көп екенін атап өтті.

"Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен екі миллионнан астам адам дедік. Еңбек министрлігінің өкілдерінең осыншама халықтың қаншасы өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын білесіздер ме деп сұрадым. Министрлік соңғы есептеме жүргізгенде 200 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етпегенін айқындаған. Меніңше, бұл өте жақсы жасалған көрсеткіш. Осылай болған күннің өзінде неге оларды  жұмыссыз жүрген 500 000 азаматтың қатарына қосып есептемейді? Демек, бес пайыздық жұмыссыздық дегені өтірік болып тұр. Шын мәнінде ол 7%-дың үстінде болуы керек", – деді Мақсат Халық.

Серіктестер жаңалықтары